Зейнел-Ғаби Иманбаев
Зейін қар басқан бақта жүр. Қарақат бұталарының сыртына мойнын созып қарап қояды. Бұқпантайлап ілгері жылжиды да, кіп-кішкентай денесімен бүрісіп отыра қалады. Бұтаның арғы бетінде әдемі, қызыл төс торғайлар жеміс ағаштарының жел қағып түсірген бүршіктерін шоқып жүрген. Өздері қандай әдемі, жерді шұқыған сайын құйрықтары шошаң-шошаң етеді. Жақындап барып ұстап алмақ еді, торғайлар пыр етіп ұша жөнелді. Әрірек барып, алма ағашының бұтағына тізіліп отырды. Көпті көрген кәрі торғай балаға мойнын созып, «шиқ-шиқ» деп үн қатты.
– Зейін, сен не істеп жүрсің? – деген даусыма балам жалт қарады да:
– Торғайлардың екеу-үшеуін үйге апарайын деп едім, ұстатпады, – деді. Мен күлдім де:
– Олар ұстатпайды, қолға үйретудің басқа жолы бар, – дедім.
– Қалай?
– Көремісің, торғайлар сенен жем сұрап тұр. Олар аш. Күн сайын өз қолыңмен жем беріп тұрсаң қашпайтын болады.
Зейін қуанып кетті. Екеуміз ағаштың төменгі жағына жем шашатын тақтай орнаттық. Айтқандай-ақ торғайлар үйреніп алды. Шашқан бидайды тақтайдың үстіне қонып жей бастады. Кейін алақандағы дәнді шоқудан да қорықпайтын болды.