Зейнел-Ғаби Иманбаев                                        

Ермек пен Елдос аулаға шықты. Оқудан келген беттері. Екеуі неден бастауды ойлап отыр.  Бидайлы даланы қақ жарған үлкен жолдың бойы ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар. Көшені бойлап үлкен жүк машина жүйткіп өтті.

– Әлгі әскерлердің машинасы болды ғой, әскери адам  жүргізіп барады, – деп үн  қатты Ермек. Елдос үндемеді. Ол әкесінің жанына отырып, комбайнмен егін орғандарын көз алдына келтіріп тұр еді.

–  Әй, Елдос, әлгі машина  тұрып қалды! – деп  Ермек абыржып айғайға басты.

Екі бала шарбақтың үстіне шықты. Сұр киімді арықша келген әскери адам  мотордың жабуын көтеріп қарады, біраз айналшықтап жүріп алды.

  • Жүр, Ермек, барып көрейік.
  • Жүр.

Екеуі  шапқылап жетіп келді. Бұл кезде жүргізуші  дәу машинаның астына кіріп, бірдеңелерді бұрап жатқан. Әскери адам  тұрып үстін қақты да:

  • Жігіттер, сендер қайдан келе қалдыңдар? – деп сұрады.
  • Ауылдан.
  • Сендерге тапсырма берсем, орындар ма едіңдер?
  • Орындаймыз, – деп екі бала қабаттаса үн қатты.  Жүргізуші қойын дәптерін тізесіне қойып, бірдеңелерді жазды да:
  • Осыны кеңседегі біздің бастыққа беріңдер, жарай ма?– деді.

Ермек қағазды алып,  жүгіре жөнелмек еді:

–   Тоқтай тұр, мұны  жауынгерлік тапсырма дейді. Сондықтан біріңді командир етіп тағайындаймын, командир мына бала болсын! – деп, кішірек бойлы  Елдосты  көрсетті. – Оның айтқанын екі  етпей орындауың керек.

Екі бала қайыра жүгіріп  жетті. Ентігіп тұрып тапсырманы орындағандарын  мәлімдеді. Өтініш бойынша жеткен көшпелі шеберхана бұзылған көлікті әп-сәтте  жөндеп берді.

  • Рақмет, балақайлар! – деп әскери адам жүруге бет алды. Ермектің бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын іштей сезіп:
  • Айта ғой, балақай! – деді  сәл күлімсіреп.
  • Командирлікке мені емес, Елдості сайлағаныңыз не? – деп сұрады бала.
  • Елдостың мойнында қызыл галстук бар екен, сондай бала ғана командир болуға лайық, –  деп жауап қатты әскери адам.

Ермек ойланып қалды.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here