Зейнел-Ғаби Иманбаев

– Жәкі-іш!

– Бәйке-ен!

– Бізді іздеп жүр. Қашып кетейік, сабап тастайды, – деді Бәйкен. Жәкіш жылап жіберді.

– Жүр деймін, жүр!

Бәйкен тартқылап еді, қолын сілкіп тастады…

– Сабасын, қайта онымен құтыла алмаймыз. Ертең мектепке барғанда балалар тағы күледі, мұғалімдер кейиді! – деді Жәкіш өксіп.

– Мен бір ақыл таптым. Екеуміз тығылып қалайық, олар іздей берсін. Бізді суға батты деп естері шығып әбігер болады. Тіпті тірлігімізден күдер үзеді. Сол кезде ап-аман, сап-cay үйге жетіп барамыз. Бізді бала­лар да, үлкендер де нағыз батырлар дейді, қызық болады.

– Менің апамның жүрегі ауырады, – деді Жәкіш.

– Сөзді қой, жүр тығылайық, аз ғана уақытқа тасалана тұрайық.

Жәкіш ықылассыздау ерді, екеуі бақша шетіндегі алаботаның арасына жасырынды. Көл жақта бұлардың атын атап айғайлаған дауыстар естіледі.

– Сен отыра тұр, мен барлап келейін, жарай ма?

Жәкіш басын изеді. Ұзақ тосып отырды. Дауыстар азайып, ауыл тыныштала бастады. Аспан ашылып, жұлдыздар самсап тұр. Қурай басы ақырын ырғалады. Балауса көк пен шіріген көң иісі бар. Жәкіш зерігіп кетті. Үйіне барғысы келеді. Уәдеден таюға болмайды. Қайта отырды. Тізесінен су өтіп қалтырап барады.

Бір кезде ту сыртынан ит болып абалап Бәйкен шыға келді. Жәкіш ыршып түсті. Анау шегі қата күлді.

– Отыр, міне мыналарды әкелдім, – деп, бір етек жасыл қиярды ақтара салды.

– Ұрлап алдың ба?

– Жоға.

– Енді қайдан?

– Ойбай, өзіміздің үйдің бақшасынан алдым, же! – Бәйкен бір үлкенін көйлегінің етегіне сүрте салып  Жәкішке ұстатты.

Жәкіш ұртын бұлтаңдатып қиярды кеміріп отыр. Екеуін жеп, үшіншісін бастағанда, қара бала тағы тыйымсыз күлкісіне басты.

– Өтірік айтам, өзіміздікі емес. Рысбай шалдың бақшасынан қағып кеттім. Кик-кик, ха-ха-а!

Қиярды қапсыра тістеген бойы Жәкіш отырып қалды. Көзі шарасынан шығып барады. Бірде көктемде қарттың осы қиярды егіп жүргенін көрді. Суалыңқы жағына қаптай өскен ақ сақалынан тер тамшылайды. Атайдың сондағы ыстық теріне өскен қиярды түкіріп тастады. Аузы тер татып кетті. Жүрегі  лоблып барады.

Жәкіш алаботаны жапырып жүгіре жөнелді.

– Әй, тұра тұр, тоқта-а!

 

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here