Зейнел-Ғаби Иманбаев 

 

Шіл ормандағы құстардың ең ұсағының бірі. Кішкентай  ғана қоңыр жағал балапандарын ертіп, қалың шөптің арасында күн ұзақ шыбын қуумен жүреді. Балапандар шиқылдап, дымқыл көгалға сүңги жүгіріп, дамыл көрмейді. Бытырап бара жатса, ана шіл қоңыр айдарын сілкіп, қорылдап дыбыс береді. Онысы – байқа, қауіп бар дегені.

Ие, қауіп дегеніңіз аяқ астында. Өте көп. Шілдің қоңыр балапандарына сауысқан да құмар. Шіл қайда жайылса, ол да сол маңайда жүреді. Орман ұрысы  ала қарға да әркез назарын салады. Қаршыға мен қырғиы тағы бар. Барлығының айналдыратыны шіл. Балапандарының бейқамдығы, бағусыз кезі. Қапылыста іліп кетсе, арашалауға шілде дәрмен жоқ. Сақтық үшін ана шіл балапандарын қанаттанғанша орман арасындағы көгал  ішінен шығармайды.

Көгал – қанаттылардан қорғағанымен, аяқтылардан қорғай алмайды. Орман кезген қу түлкінің мұрны сезбейтін иіс жоқ. Жауының жақындап қалғанын мекиен шіл бірден сезеді де  балапандарын жасырып, өзі түлкінің алдына көлденеңдей қалады. Қанаты сынған жаралы құс болып көрінеді де, түлкіні соңынан ертіп, аулаққа алып кетеді. Мұндайда ол қауіптен қорықпай, жауының алдында таяқ тастам жерде жорғалап бара жатады. Түлкіні ұзатып салып, шіл ұша жөнеледі. Алданып қалған қу аңырып аз тұрады да,  жөніне кете барады.

Шіл балапандарын ертіп, дағдылы тірлігіне кірісіп еді. Қанат суылын естіп, бұға қойды. Семсердей жарқылдаған сұр қаршыға жайқап өтті. Екінші рет зулап ұшты. Әлгінде жосып жүрген көп балапан жер жұтқандай жоқ болды. Қаршыға айналып келіп, көлденең бұтаққа қонып отырды. Ең қырағы деген жыртқыштың өзі аңғарар емес. Балапандар болса қол созым жерде ғана, шөп арасында бұғып жатқан. Қозғалса бас салуғa аңдып қаршыға отыр. Мекиен шіл тарғыл қауырсындарын кірпідей тікірейтіп соншалық қаһарлы дауыспен шаңқ етті де  көздері от болып жанған қатерлі жауына атылды. Атылған бетте қаршығаны топшымен соғып өтті. Ана шілдің қайратына шыдамай, сұр жыртқыш биік қайыңдардың төбесінен асып жоғалды. Шіл байғұс жерге құлап түсті де, топшылары қалтырап көп жатты. Сонан соң есін жиып, балапандарын шақыра бастады.

Қам-қарекеті көп жаз да бітіп, салқын күз келді. Орман жапырақтары түсіп, жұтап қалды. Жыл құстары жылы жаққа қайта бастады. Шіл ғана балапандарымен туған жерде қалды.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here