Күтіп жүрем бір хабар   

 

 

Аға қалың жақсы ма деп сұраған

Жұрттан бөлек сөзің еді ұнаған.

Сол сөзіңнен періштелер қуанып

Ешкім білмес естіліп бір тұрады ән.

 

Күле қарап деймін мен де қал жақсы

Ертең қалқам бұдан да артық болмақшы.

Көңілімде бір кілтипан бар болса

Ағаң оны сенен сұрап алмақшы.

 

Хал сұрардай ашық жарқын қабақпен

Айта жүрер ағалыққа жарап па ем.

Өкпелеткен бауырымды көргендей

Сонда саған тұрам ылғи қарап мен.

 

Ұшып келген біздер туған өлкеден

Сен де қалқам аққудың бір көркемі ең.

Жүйрік мініп, көкпар тартқан аймақтан

Жастық қылып кетіп қаппын ерте мен.

 

Сезбесін деп сен көрмеген халымды

Көңіл үшін салып бағам барымды.

Қауіптенем біреу ұрлап кетердей

Шүберекке түйіп жүрген жанымды.

 

Көп керемет елден жұрттан көріп біз

Ақиқаттың гүлін сыйға теріппіз.

Өлең-жырдың өлкесінен ерте ұшып

Алматыға айдын іздеп келіппіз.

 

Жүрміз енді аққу жүзген сол маңда

Тебіреніп көңілге күй толғанда.

Аягөздің жиі аңсаймыз қайтсақ деп

Алматының ызғарына тоңғанда.

 

Жылжиды өмір бірді-бірге көшіріп

Өкініштің отын ойдан өшіріп.

Жылы хабар күтіп жүрем сен жақтан

Жақсылыққа қалмайын деп кешігіп.

                                       28.11.2012

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here