ҚЫЗҒЫШТАР

 Зейнел-Ғаби Иманбаев

          Елжас тағы қырға бармақ еді. Әкесі жұмыс киімін киіп жатып: «Мен түнде жүрем,  суық  болады, тоңасың!» – деп ақыл  айтты. Сөйтті де  жап-жаңа тракторды оталғызып, жүріп кетті. Ол ұзарыңқыраған кезде баласы соңынан жүгірді. Осы өткенде оны бір рет амалсыздан мінгізіп әкеткен. Елжас жерді қалай жыртқанын көріп қайтқан. Бүгін де солай  жолы болар деп ойлады. Бірақ әкесі трактордың жүрісін шапшаңдатып, көлді жағалай қырдан асып, көрінбей кетті.

          Бала отыра қалып, долдана жылай берді. Көктем күні тас төбеде тұр. Жап-жасыл қырдың үстінде сағым ойнайды. Баланың жасқа толы көзі де бұлдырайды. Елжасты табалағандай ала қанат қызғыштар түйіліп өтеді. «Тю-уит» деген шіңкілдек дауыстарымен көлдегі бар құстарға жар салады. «Мына тыңдаусыз тентек баланы қараңдар!» – деп мазақтағандай болады.

          Бала қызғыштың кетік-кетік қара қанаттарын талдап жұлып тастағысы келеді. Тақиясын  лақтырды, тимей кетті. Оған тоқталған қызғыштар жоқ, үшеу-төртеу болып көбейіп алды. Олар көл басын шуға толтырып, алды-артын орады. Баланың аяқ астындағы сарғылт селеу қыбыр ете қалды. Шекесінде айдары бар қоңыр құс шөптей жіңішке аяқтарымен қаздаңдап жүгіре жөнелді. Елжас бас салып ұстап алды, қуанды, үйіне апармақшы болды. Балапан Елжастың қолын тырнады, біздей тұмсығымен шұқылады, жанұшыра шиқылдады. Жүрегі тарс-тұрс ұрды, қалш-қалш етті.

Осы кезде ана қызғыш Елжастың басын тырнап өтті, басқалары да түйілді. Елжас қызғышты да, оның ши аяқ балапанын да аяп кетті. Босатып қоя берді. Балапан сүріне-қабына жүгіріп барады. Бала күліп жіберді. «Құстың балапанына тиме» деген әжесінің ақылы есіне түсіп, «осылай еткенім дұрыс болар»  деді ол қуанып.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here