Саф өнердің саңлағы         

                      /1877-1966 / 

            Көргем жоқ Бүркітбайды, Жарылғапты,

            Аққудай даусы олардың аңырапты.

            Керілген кер даланың кеудесінде,

            Төгілген көмейінде әні қапты.

            Ән тынса ,шіркін, көңіл ариды екен.

            Ән туса жүрек жырға жариды екен.

           «Ардақпен»  арқа бойын күмбірлеткен,

            Кім десем, ән дауылы Қали екен.

            Көргем жоқ ән құдайы Біржансалды,

            Көргем жоқ Ақан менен Ғазиздарды,

            Онымда Қали әнін естіп едім,

            Даусынан дөң тербеліп, үй қозғалды,- деп ақын Дихан Әбілов жырлағандай, қазақ өнеріне айшықты із қалдырып, Сарыарқаны ән-думанға айналдырған  халқымыздың  біртуар дарын  иесі  Қали Байжанов.

             Өткенді еске алып, ой тербегенде зерттей отырып жазбасаң жалаң дүние болып шығары сөзсіз. Мен Қали атамыздың өнері мен өмірі жайлы білгім кеп іссапармен Қарағанды қаласында болған едім. Ойымда «анық деректер табыла ма?» деген  қобалжу да бар-тын. Жолым болғанда сол өңірдің белгілі әншісі, тележурналист  Ерлан Төлеутаев жолыға кеткені. Келген мақсатымды айтып едім: «мен көптен Қали атамның өнері жайлы зерттеп жүрмін, қажет десеңіз, көмектесуге дайынмын» дегені. Сөйтіп, алғашқы сұхбатымыз осылай басталды:

 Алтын:  Ерлан, өзіңіз Қали атамыздың өнері мен өмірі жайлы көптен зерттеп жүрсіз.  Ата жайлы әңгімемізді жалғастырсақ.

Ерлан: Қалидың өмірінің көбі осы жерде өткен ғой. Ол кісі Павлодар облысы, Баянауыл ауданына қарасты «Қайыңкөл» деген жерде дүниеге келген. Ең кереметі өлеңді он жасынан айтқан. Содан бұл кісі Жарылғапбердіге шәкірт болып, «Ардақ», «Топайгөк», «Жалғыз арша» әндерін үйренген екен. Біржан Сал мен Жаяу Мұсаны өз көзімен көріп, асқақтаған әндерін тыңдаған да Қали атамыз.  Бұл кісі алғаш Қоянды жәрмеңкесіне барғанда  жиын-тойды қызықтап жүріп, қымызшының үйінде шырқата салған дауысты естиді. Содан кім десе, Біржан салдың өзі екен.  Нұрлан деген адаммен  сапарлас болып, Абайдың өзімен жолыққан екен. Семейде жүргенде Әміремен жолығады.

             1922 жылы Қарқаралы жерінде той болады. Семейден губеркомнан Мұхтар Әуезов келеді. Сонда  Қали әншілер байқауында атақты Ғаббас Айтбаев екеуі бас бәйгені жеңіп алады.

             Затаевич сол жолы Қалидан  он үш  әнді жазып алған.

Алтын:  Қали бала кезінен әнге құмартқанмен өмір еркелете қойған жоқ. Ол алғаш Екібастұз өндірісінде кенші, «Көктас» деген жерде тас қалаушы болып еңбек етті.Соған қарамай болашақ әнші еңбекті әркез өнермен ұштастыра білді.

             1924 жылы  Семейде өткен өнерпаздардың мәжілісінде атақты Әміремен ән сайысына түсіп, халық қалауымен бәйге екеуіне тең түскен кезі болды. Ал  1927 жылы  Қали Мәскеуде  Ғаббас, Әміре, Иса, Құрманбек сынды өнер тарландарымен бірге концерт береді.

            1936 жылғы Мәскеу сапары табысты болып, Қали орындаған әсерлі әндер көпшілік көңілінен шығады. Көп ұзамай Қали Республикаға еңбек сіңірген әртіс атағын, 1945 жылы Қазақстанның халық әртісі  атағына ие болады.

             Мен хабар жасау барысында Қали атамыз жайлы айтылған әнші Кенжегүл Сыздықованың дауысын тауып алдым. Қашан да көзкөрген адам қымбат қой. Осы орайда Кенжегүлдің Қали Байжанов жайлы айтқан ойына көп мағлұматтардан хабар береді.

Кенжегүл:

           Атақты Қали Байжанұлы теңдес жоқ әнші еді ғой. Бұл кісінің даусындай дауыс сирек. Қали атамыз Қарқаралы, Егіндібұлақ өңірін аралап жүріп біздің үйге жиі келетін. Әкем Сыздық  өнерді қатты бағалайтын адам еді. Бір келген сапарында әкем  «менің қызым әнші болады, ақ батаңызды беріңіз»  деген екен.  Аты алысқа жайылған әншіден бата алған мен мектеп бітірген соң Қарағандыға Қали атамды әдейі іздеп келіп филармонияға орналасып, атаммен бірге атарбасына отырып, ел аралап ән салғаным әлі есімде» деген  еді өз естелігінде.

             Қазақтың мақтанышына айналған белгілі режиссер, халық әртісі Шәкен Айманов Қали жездесін жанындай жақсы көретін. Оның жас  баладай сенгіш, аңқаулығын айтып әркез рахаттанып күлетін-ді. Енді Шәкен ағамыздың інісі Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаевпен болған сұхбатымызға кезек берелік:

Алтын: Ал, аға, біздің алтын қорымызда Қали Байжанов жайлы жазылған деректі хабарлар жоқ. Сол себепті Қали атамыздың өмірі мен өнері жайлы әңгімелеп берсеңіз:

Кәукен:  Қали Байжанов менің аса құрметтейтін, жақсы көретін, сүйіп тыңдайтын ұлы әнші. Жас кезімізден жезде деп кеткенбіз. Ол әкем Кенжетаймен дос болды. Біздің аталас ағамыз Мұсырманның Қапан деген қызына ғашық болған. Қыз «мен Қалиды қайтем, сүйген адамыма барам» деп айтқанмен үлкендер көндіріп,  Қалиға алып береді.

Алтын:    Қали атамыздың  дос-жаранға, туған-туысқа деген  ықыласы қалай еді?

Кәукен:  Қали өте қызық адам еді. Өте аңқау, қарапайым. Біреудің айтқанына сенгіш. Отырғандарға «сен маған әңгіме айтқызба, сен маған  өлең айтқыз» дейтін. Қолына домбырасын алып, өлең айтқанда Қалидың дауысын естіп халық жиналып қалатын. Біз «Алтыбасар», «Қаракесек» әндерін Қалидан үйрендік. Бала кезімізде  Шәкен екеуміз Қалидың қолтығына кіріп алып жататынбыз.   «Кәке, ананы айт, Кәке, мынаны айт» деп мазасын алатынбыз. Бір күні Қали Кенжебекке: «Кенжебек, Кенжебек! Мына екі балаға домбыра жасап бер, екеуіне де өлең айтқыз, онда қапы жоқ, екеуі де әнші болады. Шәкен әртіс болады, әнді жақсы  айтады» деген.

    Қалидың арқасында біз әнші болдық.

Алтын:    Қали атаның бірден бір шәкірті Жүсіпбек Елебеков болған деседі. Сол рас па?

Кәукен:   Қалидың әнін тыңдамаған, Қалидың әнін сүймеген адам жоқ. Өз кезінде Қалидан жақсы айтам деген әншіні көрмедім. Ол кезде әншілер бірін-бірі қолдап отыратын. Қали болса: «одан асқан әнші жоқ, онда қапы жоқ» деп әншілердің қай-қайсысын болсын, мақтауын асырып отыратын. Көп әндерді Қалидан үйрендік қой. Жүсекеңнің өзі де сол кісіден біраз әндерді алған.

Алтын:  Қали атамыз ән салып отырғанда түрлендіріп отырады, келесі жолы дәл осы орындаған әнді мүлде басқа иірімдермен  орындайды деген рас  па?

Кәукен:   Ән айт дегенде Қалида бөгет болмайды. Домбыраны алады да сарт-сұрт  әнге басып жібереді. Жұрт қызығып: «Кәке, мынау әнің керемет екен, тағы да айтшы»  деп қоймайды. Сонда сол әнді басқаша түрлендіріп айтар еді.

 Алтын: Жүсекең ән үйреніп жүрген кезде атамыз құбылтып айтқанда келтіре алмай қиналған кездері де болыпты ғой.

 Кәукен.: Менің әкем «Сенің осы әнді айтып отырғанда бүлдіретінің бар. Басқа әнге салып жібересің, қайдан аласың соны?» деп  оған ұрсатын.Ол әнді әр айтқан сайын түрлендіріп отыратын. Қали жүрген жерде ән де, күлкі де, айтыс та, неше түрлі қызықтар да болатын. Осында Шәкеннің үйінде жатып күндіз-түні ән айтқызатынбыз. Сонда Қалидың  тоқсанға жақындаған кезі.

Алтын:  Қали атамыз Қазақ радиосының алтын қорына сексенге жақындағанда әндерін жазды деген әңгіме бар. Жас кезіндегі дауыс мүмкіндігі қалай еді?

Кәукен:   Оның дауыс мүмкіндігі ерекше болатын. Кезінде Әмірені Парижге шақырды ғой. Сонда Қалиды да бірге шақырған. Қали Мәскеуде әлдебір себеппен  поездан қалып қойып, Францияға Әміре жалғыз кеткен.

Алтын:    Қали атамыз сол кездің өнер адамдарымен қоян-қолтық араласқан ғой. Ең жақын досы кім еді?

Кәукен:    Қали әйелі Қапан екеуі Қарағандының облыстық радиосында әншілік етті. Ол кезде Қалиды білмейтін адам жоқ. Қажымұқанның інісі Қайдармен дос еді…

             Қали Байжановтың баласы  Болат бір естелігінде: «Жарылғапбердінің «Шамасын» Жүсіпбек те,  Ғарекең де, Манарбек те,  Қайрат та айтты.Соның ішінде Бекболат сәл келтіретін секілді.

             Әкем бас, баритон, тенор деген үш дауыстың үшеуін де қиналмай ала беретін. Ол кісі күйді де шебер ойнайтын» деген еді.

             Бірде Жабай Тоғандықов, күйші Мұхит Құттыбаевпен бірге Қалекең Қарқаралы мен Егіндібұлақ жерін аралайды. Әр концерт екі-үш сағатқа созылады. Бір жолы көрермендердің бірі айғайлап:

  • Қалеке, орыстың бір әншісі ән айтқанда шам сөндіреді екен. Ал сіз сөндіре аласыз ба?- десе, әнші «көрейік» деген екен. Жарылғапбердінің «Шамасын» екпіндете дауысын көтергенде шам өшіп қалады.

     Ел ду қол шапалақтайды.Сол кезде Қали  алпыс екі  жаста екен деседі.

   Шындығында да ешкімге ұқсамайтын дауысы бар әнші саф алтындай өнеімен  қазақ даласын әнге бөледі. Қалидай саңлақ әншінің өнері келер ұрпаққа рухани азық.

              Қазақстанның халық әртісі Қали Байжанов жайлы аз әңгімеде қайталанбас тұлғаның өнері мен өмірі жайлы бір әңгіме аясында жеріне жеткізе айту мүмкін емес. Кезінде ән дауылы атанған әйгілі әншіміздің өнері келер ұрпаққа әні арқылы жаңғырып жетеді деген сенімдеміз.

      Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева      


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here