Әнші Байғабыл

                                                 /1896-1977/

           Кереку өңірін ән – думанға бөлеген  сал-серілердің соңынан ерген өнер иесі,  тыңдағанда құлаққа жағымды үні бар әншілеріміздің бірі әрі бірегейі  Байғабыл Жылқыбаев еді.

           Байғабыл 1896 жылы бұрынғы Кереку уезі, Ақсу болысы төртінші  ауылда дүниеге келген.

Байғабыл әкесі Жылқыбайдың отбасындағы сегіз баланың сүт кенжесі. «Жоққа жүйрік жетпейді» дегендей, көп уақыт байдың есігінде жалшы болған Жылқыбай мандытып ештеңе таба алмаған соң Керекуге көшіп барады.

         Қазақ даласына әншілік өнерімен танымал Майраның әкесі Уәлидің  үйінің  бір бөлмесін бөліп беріп, алты жылдай тату-тәтті өмір сүреді. Жылқыбай қолайлы жұмыс тапқан соң еңбектің қандайынан болсын жиіркенбей тер төгеді. Ес білгелі ән десе елеңдеп тұратын. Байғабылға Майраның әнін тыңдау бір ғанибет еді. Ұстазы өз үйінен  табылған жас әнші Майраға  еліктеп  сырнай да тартып көрді. Ол көбіне домбыраға қосылып ән айтқанды ұнататын. Сондағы үйренген алғашқы әні Майраның «Толқымасы» еді.

    Майра жиын-тойға барса Байғабыл бірге ере жүріп ән салатын. Он бесінде әншілігімен танылған балаң жігіт сол елдің ақындары Темірболат Арынбаев пен Ғазиз Файзоллаұлының шешендік сөздері мен әсем әндерін тыңдап қанаттанды.

           «Түсі игіден түңілме» дегендей, Майра көз тартатын сұлулығымен қоса аса  мейірімді жан еді. Білгенін ерінбей үйретіп, қамқор бола білетіндігіне Байғабыл риза болатын.

   Әншілік өнердің даңғыл жолына түсіп, ән айту шеберлігін шыңдаған жігіт мың құбылта шырқағанда тыңдаушы ерекше ұйып тыңдайтын.

             Жылқыбай қарт тағдыр тауқыметімен жұмыс іздеп, Алтай өңіріндегі Слагвард қаласының маңындағы «Кең жазық» деген жерге бала-шағасымен көшіп барады. Алыс сапарға аттанарда Майра Уәлиқызы:

«Бауырым, қайда жүрсең де аман бол, әншілігіңді тастама, арасында бізді де еске ала жүргейсің» дегені есінде. Байғабыл жат жерде бұрынғыдай болмайтынына көзі жетіп, Керекуге оралады.   Келе қоғам жұмысына, халқына қызмет етеді.

   1936 жылы Бесқарағай  аудандық  халық театрының ашылуына септігін тигізіп, Байғабыл шағын сахнада Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек», Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібегінде» Шеге, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпанда» Әлібектің  ролін ойнап, спектакль барысында ән салып, үлкен бейнелерді сомдайды.

           Байғабыл ел аузынан үйренген халық композиторларының әндерін ерекше шеберлікпен орындауға машықтанады. Ертіс бойының атақты әншілері Естай мен Исадан ән үйреніп, ойын-сауықта шырқаған әнші әннің шығу тарихына да аса мән береді. Мысалға, Естайдың «Назқоңыр» әнін алайық. Естай өзінің дарындылығымен ел арасында беделді болғанмен тұрмыс тауқыметін көп көрген жан. Ол бір жылы өзінің жамағайыны Әйтім Райысовтан соғым сұрай барғанда арнайы ән шығарады. Естай бұйымтайының бар екенін білдіре отырып наздана айтқан әні  «Назқоңырды» кейін  Байғабыл үйреніп алып,  жиын-тойда нақышына келтіре орындап жүрді.

 Байғабылдың ерекше орындаған әндерінің бірі – Біржанның «Теміртасы» еді. Бұл әнді дәл осындай жеріне жеткізіп әлі ешкім орындаған жоқ десем қателеспеген болар едім. Қартайған шағында «жынданды» деп лақап таратып, қол-аяғын байлап тастағандағы  Біржанның жан күйзелісін  автордың өзіндей жеткізе білген де  Байғабыл еді.

   Өз кезінде Қазақ радиосының алтын қорына арнайы әндерін жаздырып, Байғабылға қамқорлық жасаған өнер жанашыры Мақсұтбек Майшекин болатын. Ол кісі Керекулік әнші Байғабыл Жылқыбаевтың жүрек қылын шерткен әсем  әндерін ерекше бағалап, әуе толқыны арқылы сан рет насихаттаған. Мақсұтбек шау тартып қалған  Байғабыл қарияның ән айтқанда көзінен ұшқын атып, нұрланып кететініндігін деп еске ала отырып, зор денелі, селдір мұртты ақсары қарияның дауыс мүмкіндігіне қайран қалғанын ерекше атап көрсеткен еді.

            Байғабыл аса кішіпейіл де елгезек жан еді. Ол бала-шаға демей кез келген жерде ән сұраса орындай беретін. Әуелетіп салған екпінді әні қай қазақтың да жүрегіне үміт ұялатып,  көңіл сергітетін.

  Байғабыл Жылқыбаев Алматыда өткен халық өнерінің байқауына Естай Беркімбайұлымен бірге келеді. Сол сапарында екінші орын алып, елге қуанып қайтқанын көнекөз қариялар айтып отыратын.

   Байғабыл халық әндерімен қоса татар әндерін де шебер орындайтын. Саналы ғұмырын өнер жолына арнап Ақан сері, Біржан Сал, Естай, Шашубай, Ғазиз бен Майра әндерін шебер орындап, ұрпаққа жеткізген біртуар дарын иесі   кейінгіге асыл мұра қалдыра білді. Өзінен өрбіген Шәкәр, Еренғайып және Шорман атты ұлдары ауыл арасында ән салғанмен киелі өнерді кәсіп етпеді.

  Өзі  ізбасарым деп үміт күткен Шолпаны  халқымызға танымал өнер адамы. Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы  театрында көп жыл бойы актриса болып еңбек етіп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атанған Шолпан Байғабылқызы «Тамаша» ойын-сауық отауының белді мүшесі ретінде көпшілікке танымал. Шолпан  Байғабылқызы көп жыл Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарса,  соңғы кезде осы  ұжымда дикторлық қызметін қайта жалғастырды. «Ат тұяғын тай басар» демекші, ән тарихына ерекше үлес қосып, тамаша әндерді келешекке асыл мұра етіп қалдырған Байғабыл өз жанынан бірер ауыз ән шығарып, өзінің асыл қасиетін Шолпанына өсиет етіп қалдырғаны «Домбырам» әнінде әсерлі айтылады.

   Саф алтындай таза өнерді мөлдіретіп ұрпағына жеткізген Кереку өңірінің серісі Байғабыл Жылқыбаев өмір мектебінде тәрбиеленіп, сахна төрінде шыңдалған, алаш аспанын әнмен өрнектеген арқалы да аяулы әншілеріміздің бірі еді. «Орнында бар оңалар» демекші, әке шыққан өнер биігінен қызы  Шолпан көрінді. Әкенің  қанымен келген өнерді өмірінің мәніне айналдырған  жаны нәзік те дархан, өз ісінің шебері бүгін толысқан шағында. Шолпан қолына домбыра алып, тебіреніп ән салғанда тыңдаушысының жүрек қылын шертеді. Бұл әкеден қалған аманаттың әсері де болар. Шолпанның қызы Шынарды «Перекресток» сериалынан көпшілік жақсы біледі.  Байғабылдың  немересі Ардақ та өнер институтын бітіріп, осы салада еңбек етеді. Ұрпақ жалғастығы деген осы да….

Авторы-Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here