Ұлттық өнердің хас шебері,

 Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиева

          Шалғайда жатқан қазақ елінің тұнба дарын иелерін  насихаттау мақсатымен  іссапармен  жолға шыққан  мен Семей қаласына келіп, қонақүйге жайғастым. 

Күн жексенбі еді, түстен кейінгі уақытымды бос өткізбейін деп  бұрын сырттай  таныс  әнші апамыздың үйіне  телефон шалдым. Күләш апай кешеден мен келеді деп  алаңдап отыр екен. Содан такси ұстап, апайдың үйіне келдім.  Абай көшесіндегі ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тұсында апайдың жіберген қызын күтіп тұрмын. Күн салқын, қара суық. Бір кезде  жас қыз жүгіріп келіп, Күләш апайдың үйіне ертіп апарды. Есікті қыз ашқанда апай асүйден бері келді де  қол алысып, амандық сұрасқаннан кейін төрге шығып, шәй іштік, әңгіме өнер төңірегінде өрбіді. Бұл Қазақстанның халық әртісі Күләш Сырымбетқызы Сәкиеваның үйі еді.

          Күләш апай  «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дегендей,  ажарлы жан екен. Әр сөзінен  ішкі жан-дүниесінің  қуаты, өмірге, өнерге құштарлығы  байқалады.

          Мен шәй ішіп болғаннан  кейін  диктофонымды алып,  сахнаның хас шеберін сөзге  тарттым. Әңгіме қаз-қалпында қағазға түсірілді.

Алтын: Күләш апа, сіз жайлы біз Қазақ радиосы арқылы бірер жыл бұрын жақсы бір хабар ұйымдастырған едік. Ол жолы алтын қорымыздағы сіз орындаған тамаша әндер орындалды. Сол әндердің көбін сіз ел аузынан жазып алып тыңдаушыға жеткіздіңіз. Мәтінін өңдеу барысында  қанша әннің ғұмыры ұзарды?

Күләш: Мен қазақтың халық әнін театрмен гастрольда жүргенде жинадым. Әнді үйренгеннен кейін мәтіні басқаша жазғым келді. Әрине, әннің ыңғайына қарай. Қазақтың күлдіргі әндері бар. Өзімнің жүрек қалауым бойынша осы лайықты-ау деп жөндеген кездерім болды. «Жетіарал жерім-ай» әні негізі Зайсанның әні.  Осы әнге сөз жаздым. «Қос жеңгей сылқым-ай» деген Ақсуат жағының әні. Оған да сөз жаздым.

          Радиокомитеттің алтын қорына  1955 жылдан бастап ән жаздым. Ол кездері мен Жоғарғы Советтің  депутаты болатынмын. Сессияға барған сайын екі-үш әннен жазып, «Алтын қорға» өткізіп отырдым.

          Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының театрында Рахила Көлбаева деген гармоншы, әнші «Аулың сенің іргелі» әнін алғаш маған үйреткен. Бұл әнді ең алғаш үнтаспаға мен жазғам, кейін менің орындауымда елге кеңінен тарап кетті.

Алтын:  Қазақ радиосының алтын қорында Елубай Өмірзақовтың орындауында бірнеше халық әні бар. Көбісінің мәтінін қайта жазған ақиық ақын Иса Байзақов еді ғой. Одан кейін  халық әніне әр беріп, құлпыртып жеткізген  сіз бе деп отырмын. 

          Сіз жетпіс жылдан астам  театрда еңбек еттіңіз. Өзіңіздің сомдаған рольдеріңізде қандай ән орындадыңыз? Қай роль сәтті шықты?

Күләш: Қазақстанның халық әртісі Бәйтен Омаров бізде режиссер болды. Ол кісі маған Майраның ролін  сеніп тапсырды. Бұл роль менің даңқымды асырды, дәрежемді көтерді. Жүрегімде сақталған ән –Майра бейнесін сомдағандағы Майра Уәлиқызының «Майра» әні. Майраның образын ашу үшін Бәйтенмен ақылдаса отырып, халықтың «Ахау арман», Біржанның «Жалғыз арша» әндерін қостық.

          Біз «Майра» спектаклін  Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы драма театрына қоюға апарғанда үлкен табысқа жеттік. Осы Майра ролінің арқасында Қазақстанның халық әртісі атағын және «Құрмет белгісі» орденін алдым.

Алтын:  Әлі де ойналмаған роліңіз бар ма?  Өмір бойы алға қойған мақсатыңызға жете алдыңыз ба? Осы жайлы айта отырсаңыз!

Күләш: Мен Қазақстанның халық әртісі, белгілі режиссер Асқар Тоқпановтың алғашқы шәкірттерінің бірімін. Мен театр училищесінде оқыдым, менен кейін бұл оқу орнына Бикен Римова мен Шолпан Жандарбекова  келіп түсті. Асқар өз кезінде мерейтойына шақыру қағазын жібергенде: «Менің алғашқы қарлығашым» деп  ерекше бағалап жазған еді. Театр училищесін мен жақсы бітіріп шықтым. Ең алғашқы ролім Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектакліндегі  Луиза  ролі болатын. Сахнадағы бағымды ашқан Майра ролі болды,оның арасында үлкенді-кішілі үш жүзге жуық рольдерді сомдаппын.

          Жалпы  адам баласының арманы таусылмайды ғой. Кеудеде шыбын жан болғаннан кейін  сахнада жүрсем екен деп ойлайсың. Жақында ғана Мұхтар Әуезовтың «Қаракөзінде» Мөржанның әжесінің ролін ойнадым.

          80 жылдық мерейтойымда «Келіндер көтерілісі» спектаклінде ойнадым.  Осы жасқа келсем де күндіз-түні ойнаған рольдерімнің мәтіні есіме түседі. Бар ойым, театр бүгін не қойып жатыр екен? Таң атпай қолым телефон тұтқасына жүгіріп тұрғаны. Телефон шалып: «Кеше қандай спектакль өтті, халық жиналды ма?» – деп әркез сұрап жатқаным. Мен ақтық демім біткенше осы өнермен болатыныма сенімдімін. Әлі де ойнамаған рольдерім баршылық.

Алтын: Сіз үлкендерден үйрендіңіз. Өзіңіздің де шәкіртіңіз болды. Ұстаздан шәкірт озған кездер болатын шығар?

Күләш: Ақыл сұраған жастарға білгенімді аямаймын. Болмаса жас актерлардың жетпей жатқан жерлері болса, көрермен ретінде соларға ақылымды айтамын. Біз қанша жыл сахнада жүрдік, өмірден үлгі алдық, соны жастарға үйретуге міндеттіміз ғой.

Алтын: Ақансерінің «Ақсаусақ» әнінің ырғағына спектакль барысында өз жаныңыздан өлең қосыпсыз. Ол ой  қай   кезде келді?

Күләш: Бекен Имаханов Ақанды ойнады. Сол кезде Ақанға сері жігіт Ақтоқтының сыйын әкеледі. Ол сыйлық бас киім. Ақан әшекейлі бас киімді  қарап отырады да «мынау кімнің қолынан шыққан?-дейді. Сонда Ақанның серілері – Ән еркесі Ақсаусақ та, қыз еркесі Ақтоқты емес пе?-дейді. Осы сөзді естігеннен кейін  Ақанның «Ақсаусақ» деген әні есіме түсті. Соған мен мынандай сөз жаздым, ақырындап айтып берейін:/осы жерде әнімен орындайды/

     … Толықсып туған айдай Ақсаусағым,

        Ойласам өзіңді мен от боп жандым,

        Ақсаусақ, бұраң бел,

        Сағынсаң сәулем  мұнда кел.

        Жолдаған бар арманым әнге қосып,

        Бір саған бақыт тілеп жүрген жанмын,

        Ақсаусақ бұраң бел, іздесең сәулем мұнда  кел.

        Ақсаусақ толқып айтар әнім сенсің,

        Ақсаусақ аяулы ерке жаным сенсің,

        Ақсаусақ бұраң бел,

        Сағындым сәулем жақын кел.

        Аруым айналайын бұл жалғанда,

        Алдымнан шығар аппақ таңым сенсің,

        Ақсаусақ бұраң  бел,

        Жаныма жақын, жақын кел,- дейді апамыз.

Алтын: Бұрынғының адамдары ауылды жерге барғанда спектакльден кейін концерт қояды. Оны Күләш, Қанабек жайлы жазған кітаптардан көп оқыдық. Сіздер не істеуші едіңіздер?

Күләш:  Ол кезде даланы күреп тастап, бидайдың арасына спектакль қоямыз. Одан кейін бір жарым сағат концерт қоямыз.

          Мен Жамбыл театрында он екі жыл еңбек еттім. Ол жақта сексеуіл жағады ғой, жұқа көйлекпен далада  халықтың көңілін көтеру үшін  рольдерімізді ойнаймыз. Соғыс кезінде жылап отырған елдің көңілін көтереміз.

          Үш айлық Айгүлімді көтеріп,  сексен шақырым жаяу жүріп, өнер көрсеткен кездеріміз болды. Қолым талса  басқа әртістер кезекпе-кезек көтереді. Есек жеккен арбамызда сахна декарациясы, киім-кешегіміз болады. Сонда алдымыздан шыққан Жамбыл облысының басшысы Елібай Еділбаев деген кісі  бізді аяп: «Айналайындар, жақын қалды, соғыс бітеді, бұл қиындықтан да көздерің ашылып, жақсы күнге жетесіңдер, шыдаңдар!»- деп  шаршап келе жатқан бізге рух беретін.

Алтын: Сіздің алған атақтарыңыз көп бейнеттің зейнеті ғой. Бірталай саяси өзгерістердің куәсі де болдыңыз. Енді бір сәт балалық шағыңызға оралсақ:

Күләш: Мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан өңірінің қызымын. Нағашым Алматыда болды да, шешем қайтыс болғаннан кейін үш інісімен бірге мені  сол жерге алып келді. Ағайым «мұғалім боласың» деп, мені ҚазПИ-дің рабфагына оқуға түсірді. Ол осы облыстың  Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қаракемер  аулында болатын. Сонда жарты жылдай оқыдым, ұстаздарым менің ән айтатынымды біліп алған соң концерттерге қатыстырып жүрді. Бірде  сол жерге Еңбекшіқазақ театры келіп өнер көрсетті. Құрбымыз екеуміз сондай қызықтық. Содан бір түнде екеуміз сол театрға келіп орналастық. Түскен оқуымыз жайына қалды. Бір жылдай театрда еңбек еттік. Содан «қой, оқымасақ болмас» деп, Алматыдағы  театр училищесіне оқуға түстік.

          1941 жылы оқу бітірген соң мені Алматыдағы қазақ драма тетрына алып қалғысы келді, бірақ өз ықыласыммен сұранып, Жамбыл облыстық театрына орналастым. Ондағы ойым- күйзеліп отырған халықтың бел ортасында өнер көрсетіп, көрермендерге рух беру еді. Енді ойласам, сол еңбегім ақталыпты.

Алтын: «Бас екеу болмай мал екеу болмайды» дейді ғой, сіздің кімге тұрмысқа шықтыңыз? Соны да білгіміз келеді.

Күләш: Мен Жамбыл театрының әртісі Шәріпбай Сәкиевкпен бас қостым. Айгүл, Айкүміс деген перзенттерімді дүниеге әкелдім.  Екінші қызым бір жарым жасқа келгенде кереуеттен құлап, басына зақым келіп, шетінеп кетті.

Алтын: Сіз өлеңді бала кезден жазасыз ба әлде сахнада жүргенде ойдан ой туып, осыған  ыңғайландыңыз ба?

Күләш:  Мен жасымнан өлең-жырға құмар болдым. Екі ағайым да мандолинмен, домбырамен ойнайтын. Ол кезде Зайсанның ән айтатындары ауылға келіп, концерт қойып тұратын. Мен сонда есіктен сығалап тыңдап тұратынмын. Кішкене кезімде әжем «есіктің алдындағы ағаштың басына шығып, бұтасын құшақтап көрісу айтатынсың» деуші еді. Сөйтсем, кеудемді ән кернейді екен ғой. Сол кезден әннің ұшығы бар екен. «Мені аллатағала осы өнерге итермелегені екен–ау»- деп ойлаймын  осы уақытта….

Алтын: Сахна киесі жайлы көңілге тоқыған ойларыңызды аша отырсаңыз!

Күләш: Мен сахнаның киесін сезінген адаммын. Сондықтан кейінгі жастарға айтарым, өнерді сүйген қауым бір келіп, бір кетпесе екен деп ойлаймын. Тұрақты болса екен деп тілек қосам.

          Жалпы, өнерді сүю үшін жүрекпен сезу керек, халқын сүю керек. Автордың, режиссердың  ойын ұғуға ұмтылу керек. Жастарымыздың бәріне айтар ақылым,  сендер театрға өнерді сүйіп кіріңдер, сүймесеңдер өнер болмайды. Өнерге шын берілу, күш-қайраты біткенше сахнада болу  керек. Менің айтатыным осы!

Алтын: Жас актерлердің өнерінің дамуына өз ынтасынан бөлек  жақсы режиссер керек, осы  тұрғыда режиссердың атқаратын ролі ерекше ме деп ойлаймын.

Күләш: Жақсы режиссер тәжірибелі ұстаз болады. Ол үлкен-кішіні үйретеді. Бірін-бірі тыңдай білсе режиссер өзі де тәрбиеленеді, актерды да тәрбиелейді.

          Ал өнер адамдарына көрсетілетін  тұрмыстық-әлеуметтік ахуал сын көтермейді. Мысалға, дарынды режиссер, актерлар келе қалса тұратын үй-жайы болмай кетіп қалады. Осы жағдайды қолға алатын уақыт әбден жетті. Дарынға қамқорлық болмаса, өзі де алатын жалақысы  кәрілердің  жәрдемақысындай ғана өнер иесі алғанын пәтерге төлей ме, бала-шағасын асырай ма? Сонымен күйі келмеген адам  кетпегенде қайтеді? Алдағы уақытта  өнер иелеріне ерекше қамқорлық болса деп ойлаймын.

Алтын:  Осы уақыт аралығында  театрдың бағын ашқан режиссер дегенде кімдердің есімін атар едіңіз?

Күләш: Жамбыл театрында соғыс уақытында Украинадан көшіп келген Борис Антонович Лурий деген   білімді режиссер болды. Мен «Қобыландыда» Қобыландының қарындасының ролін ойнадым. Мұхтар Әуезов өзі келіп рахметін айтты.

          Семей театрына ауысқан себебім, мұнда қазақ, орыс театры болды. Орыс театрынан үлгі алғым келді. Сол арманыма жеттім де…

          Белгілі режисеерлар Бәйтен Омаров пен Есмұқан Обаев бізді жетектеп шығарды. Олар Семей театрының шаңырағын көтерді.

Алтын: Сіз  осы театрдың тілекшісіз. Қазірдің өзінде сахнаға шыққанда бәрін ұмытып жайнап кетесіз. Соның сыры неде?

Күләш: Сахнаға шықпас бұрын екі-үш күн менің ұйқым шала болады. Қалай ойнау керектігін ойлап көз алдымнан өткізем. Балалар менен үлгі алады. Спектакль барысында оларды мен жетектеуім керек қой. Сахнаға шықсам соған  күш-жігерімді салам. Ондайда ауырып тұрғаныңды да ұмытып кетесің.

Алтын: Сіз қазір сахнаға сирек шығасыз, көрермен сағынып қалатын шығар?

Күләш: Мен ойнайды дегенде халық көп келеді, шын көңілмен қарсы алады. Ұзақ қол соғады. Осындай  сәтте кәрілігіңді бір сәт ұмытып кетесің. Жасарып кеткендей әсерде болсаың…

Алтын: Театр актерісіз, кинода ойнап көрдіңіз бе?

Күләш: Киноға талпынбайтын, мен сахнаны ғана жақсы көрем. Менің жүрек қалауым басқаша, сондықтан киноға шақырғанда бармадым. Теледидарға түсуге де аса қызықпаймын. Сахнада ойнасам мен өз мүмкіндігімді толық көрсете  аламын. Бұл қандай әдет екенін өзім де білмеймін…

Алтын: Сіз халықтың көңілінен шығуға, рольдің мағынасын ашуға тырысасыз. Көрермен  мен актердің  өзара байланысы жайлы айта отырсаңыз!

Күләш:  Сахнаға шыққанда көрерменге тесірейіп қараған адам емеспін.  Жалпы актер ойын бұзбау керек. Мен қасымдағы роль ойнаушының сұрағына қарай жауап беруім керек. Дауыс көлеміне ішкі жан-дүниемді қосып ойлы,  кейде ойнақы жауап беру үшін  өзіңнің әр сөзіңді, қимылыңды жіті бақылай білу керек. Қысқасы, өзіңмен өзің болып, рольдің мағынасын ашу қажет.

          Мен «Келіндер көтерілісінде» мынаны байқадым. Шам жанғаннан  кейін өзбектің Фармон бәйбішесі сахнада билеп жүреді. Осы кезде көрермен де биге қосылады, кейде тіпті сахнаға да шығып кететін кездері болады. Немесе сахнаның алдында қосылып билеп тұрады. Бұл спектакльдің әсерінен болатыны  айқын…»

Алтын:  Күләш Сырымбетқызы осыны айтып болды да терезе алдында тұрған өлең дәптерін алып, орнына  қайта отырды да жүректі тербеп  шыққан  өткен күннің белгісіндей бір жырды тебірене оқи бастады:

Күләш:    Шіркін, жастық, қайта оралып келер ме,

                  Егделікті қуат бітіп жеңер ме,

                  Әлсіреген әліме бір күш бітсе,

                  Сонда менің әріптесім сенер ме?

                  Қайда менің ән салатын күндерім,

                  Айға қарап армандайтын түндерім,

                  Міне, қазір қызығамын жастарға,

                  Жайнап тұрған балбұл жанып жүздері…

Алтын:  Әрине, ұлғайған жан  өткен күнді аңсайды, жауқазындай жастық шақтың қас қағымда алыстап кеткеніне өкінеді. Бірақ әр жастың өз  әдемілігі болады  ғой.  Сіз көп әндердің мәтінін өзім жаздым дедіңіз, солардың атын атасаңыз!

Күләш: Халықтың «Жетіарал жерім-ай», «Ахау арман», «Қос жеңгей сылқым-ай», «Жайнашы құрбым», «Жанай бұлбұл», «Ой жаным», «Ай, ай,көкем» әндеріне сөз жаздым, өйткені халық әнденрі ұйқасқа шығара салған, әннің мағынасын аша алмайтын мәтіннен құралатын кездері болады. Мен айтқан әнім әсерлі болсын деп әдемі сөздеріммен әрлеп, жаңа мән бере білдім деп ойлаймын.

Алтын: Театр сахнасында кей кезде кездейсоқ оқиға болады, сонда не істеуші едіңіздер?

Күләш: Кейде шымылдықты жабуға тура келеді. Кейде актердың киіп жүрген шалбары  жерге түсіп кетеді. Кейде айтайын деген сөзіңді ұмытып қалып, басқа сөз қосылып кетеді. Спектакльден кейін сөз тауып кеткеніңе қуанып та қайтатын кез болады..

Алтын:  Күләш  Сәкиева   сахнада роль ойнау үшін сол тектес кейіпкерді іздеп, тыныс-тіршігін зерттеу дегенге мүлде қарсы. Алайда өзінің актерлық жолын айқындап, атақ-даңққа бөлеген Әбділда Тәжібаевтың «Майра» спектакліне көп дайындықпен келгені рас. Тіптен Майраның жүріп өткен жолдарымен сонау Омбыға дейін  Ертіс бойымен  барып-қайтуында да бір сыр бар. Ол «Майра осы жолмен жүргенде қандай ойда болды екен, оның шығарған, орындаған әндеріне Ертістің асау толқындарының  әсері болды ма екен? Майраны  толғандырған  қандай ой?- деген сұрақтар оны көп мазалайтын.  Тіптен таң біліне Ертіс жағасына барып,  Майра өмірін көз алдына елестетті, жағаға ұрған  ерке толқыннан сыр ұқты.

          Күләш әр спектакльдегі рольге  ұйқы-күлкісіз жан-тәнімен, аса ыждаҺаттылықпен дайындалатын. Ол Мұхтар Әуезовтың   «Еңлік -Кебегіндегі» Еңлік, «Қарақыпшақ Қобыландысындағы» Күнікей, «Қозы Көрпеш- Баян сұлуда» Баян сұлу», «Айман-Шолпанда» Айман, «Қаракөзде» Маржан, «Ақансері-Ақтоқтыда» Ақтоқты, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында Ақжүніс, «Қыз Жібекте» Жібек, Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында» Луизаның,  Қасым Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Биғаным рольдерін шебер ойнады. Спектакль барысында өзінің қабілетін халық әндерімен әрлеген әнші көпшілік көңілінен шығып, зор қошеметке бөленді.

           Күләш Сәкиева алғаш Семей облыстық драма театрында өткен күндерін әркез сағынышпен еске алады: – Қазақстанның халық  әртісі  Исламбек Қыдыралин, Гүлсім Әбдірахманова, Қазақстанның  еңбек сіңірген әртісі  Жұмаш Сәкенова, Хасен Байырманов, Қазақстанның  халық әртісі, режиссер Нүридден Атаханов сынды сахна майталмандары театрдың  даңқын  асырып, сахна шеберлігінің қыр-сырымен бөліскен аяулы жандар еді. Ал майталман режиссерларымыз Бәйтен  Омаров пен Есмұқан Обаевтың театрға сіңірген  еңбектері өлшеусіз ғой- дейді апамыз.

Осы орайда әншілікті драма актері өнерімен ұштастырған тамаша сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың лебізін білсек деймін:

«Күләш Сәкиева 90-нан асқанға дейін сахнадан қалған жоқ. Әншілігінің өзі ерекше. Шахан Мусинмен бірге сахнада өнер көрсеткен. Ол кісінің сахнаға шығармаған ролі жоқ десе де болғандай.  Ертеректе бәріміз жаз бойы гастрольде жүреміз.  Үлкен-кіші демей, сыпайы қалжыңдасып жүреміз. Театр актерларының барлығы  ол кісінің шәкірті десек артық айтпаған болар едік»- дейді ол.

          Қазақстанның халық әртісі Күләш Сәкиеваның 80 жасқа толған мерейтойында режиссер Шоқан Кәрібаевтың «Келіндер көтерілісі» спектаклі сахнада қойылды. Саид Ахметовтың бұл спектаклі бір  кезде «Шығыс келіндері» деп аталатын. Осы жолы Күләш Фарман әженің ролін шебер ойнады. Ал актрисаның  85 жасқа толуына орай әзірленген Сәкен Жүнісовтың «Қысылғаннан  қыз болдық» спектаклінде сауыншы әженің ролінде асқан шеберлікпен ойнағаны үшін Күләш Сәкиева «Парасат» орденімен  марапатталды.

          Халық қалаулысы, сахна шебері Күләш өмірін әнмен әрлеп, сахналық бейнелерін сәтті сомдаған өнер қайраткері.

          Ана сүтімен дарыған ән өнері  Күләштің бағын ашты. Тумысынан қиындыққа мойымай,  асқақ ән құшағында жүрген жаны жайсаң өнер иесінің орындаған әндері ойнақылығымен, әзілімен әсерлі.

         Өнерім ән соңында неше жылдай,

         Әр күнім,  әр сағатым  тартқан сымдай,

         Сырымды әркез әнмен ұқтыруға,

         Тулайды кеудемдегі жүрек тынбай,- деп  көңілдің кейбір сәттерінде бірер ауыз өлең шығаратын өнер иесі  бүгінде кемелді шағында.  

          Отбасында ана бақытын көріп, өнер шыңынан көтерілген ел еркесі  Қазақстанның халық әртісі үш орденді  Күләш Сәкиеваның жуырда Семейдің өлкетану музейінде 95 жасқа толған мерейтойы аталып өтті.

          Қазақстанның халық әртісі Күләш Сырымбетқызы екі дүркін «Құрмет  белгісі» орденінің, сонымен қатар «Парасат» орденінің иегері.

          Қазақстанның халық әртіс Асқар Тоқпановтан сахна шеберлігін үйреніп, өнер жолына түскен, дала сахнасынан  сыр ұққан, кәсіби сахнада  шынығып,  өнер тарланына айналған  Күләш Сәкиеваның жүріп өткен өмір жолы кейінгіге үлгі-өнеге. 

          Иә, бұл менің Күләш апамыздың көзі тірісінде жазып алған сұхбатым еді. Күләш Сәкиева 100-жасқа жақындағанда өмірден озды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері                 Алтын Иманбаева


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here