ОРМАН ТҰРҒЫНЫ

Айсыз түн. Орманның іші. Үлкен қара дене мүйізі тармақ- тармақ болып, баяу қозғалып келеді. Бұл — орман тұрғыны тағы бұлан еді.

Ол тоқтады да әлуетті мойнын жуан қайыңға үйкелеп ұзақ тұрды. Сөйтіп ілгері бір аттады… Ілгері бір аттауы-ақ мұң екен, сырғанай жөнелді. Атқып кетпек еді үлгере алмады. Ауыр денесі солқ етіп төмен қарай түсіп кетті. Тар үңгірге барып, кептеліп қалды.

Ағашы шіріп, аузы опырайған соқыр құдықтың ішіндегі бей­қам құрбақаларды шошытып жіберді. Олар құдық түбіндегі зеңгіл тартқан сасық суды мекендеп, зерігіп болған еді. Көк аспаннан басқаны көрмейтін. Мына түсіп кеткен алып мақұлық тар қуыстың астан-кестеңін шығарды. Тынып жаткан қойыртпақ суды аяқтарымен есіп- есіп жіберді.

Бұланнын үлкен қоңыр бұқасы бар қайратын жұмсап арпалысты. Қапылыста кездескен пәледен құтылуға тырысып бұлқынып бақты. Бұлқынған сайын ескі құдықтың ернеулері опырылып төмендей берді. Таң атқанша ештеңе өндіре алмады, босқа қара тер болды.

Құдық үстіне төніп тұрған қайыңның жасыл жапырақтарына күннің алтын сәулесі түскенде тұс-тұстан құрбақалар аңдып шықты. Бәрінен батылырақ көпті көрген кәрі құрбақа бұланның арқасына секіріп шықты. Одан мүйіздерінің тармақтарына шығып алды. Ол аңдардың алыбы бұланның мүйізіне шығып алғанына мәз болды.

Күн артынан күндер өтті. Бұлан аштық пен шөлден қажып болды. Қараңғы түскесін кең кеудесінен үһілеп қоңыр дыбыс шығарады. Мөңірегені төңірегінен ұзамайды.

Ауылдан шалғай ескі қыстау болғандықтан мұнда адамдар көп келе бермейтін, бүгін бір топ балалар бүлдірген теріп жүріп құдықтың үстінен шықты.

Ең жүйрікпін деген екі бала балағын түрініп жіберіп, жақын жердегі малшыларға тартты. Көп уақыт өтпей-ақ хабаршы балаларды ертіп, екі атпен Есембай қарт келіп жетті. Атай құдықта жатқан бұланды көріп:

— Ойхой, жануарым-ай, түздің бұласы едің, мына күйге түсірген аңқаулығың ғой!—деп, мүсіркей сөйледі.

Атай құдықтың жиегін қазуға кірісті, балақайлар да жан аямай көмектесті.Құдық жиегі аршылып, бұланның кең омырауы мен арқасы көрінді. Өз бетімен бұлқынып шығуға дәрмені жоқ болатын. Есекең аттарға қамыт салып, арқанмен тартып шығарды. Арқанды шешіп үлгерісімен бұлан орнынан атып тұрды да бұтақ мүйізді басын шайқап сілкініп жіберді. Сөйтті де күн нұрына шомылып тұрған жасыл орманға қарай атқып жөнелді.Ұзап бара жатып бұрылып артына бір қарады, ол рахмет айтқандай болды.

Авторы-Зейнел-Ғаби Иманбаев

«Балдырған» журналы №12,

                1961 жыл


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here