ҚАБДЫРАШ  АҢШЫ

Жеті жасар Қабдыраш қара күшігін жетектеп, ауылдан шықты. Күн бүгін жылы. Жіпсік қар аяққа батпақша жабысады да жүрісті ауырлатады. Қабдыраштың иығында асып алған ойыншық мылтығы бар. Ол өзінің осы кейпін аңшы Сұраған атайға ұқсатып, іштей мәз болып келе жатыр. Жалбыр жүн қара күшік салпылдаған құлақтарын елең-елең еткізіп олай- былай із кесіп жүгіргендей болады. Бұлар біраздан соң тоғайға келіп кірді. Қара күшіктің бұдан әрмен барғысы келмейтін тәрізді. Жұлқа тартып, үйге қашпақ болады. Бірақ Қабдыраш оны жібермеді, әкесінің дауысына салып, ұрсып қояды:

— Өзіңді сабап алса, обал емес,— дейді.

Қара күшік тегін күшік емес, Сұраған аңшының қара тазысының баласы. Құйрығының ұшы ақ, төсінде де ағы бар, ұрты салбыраңқы, енесінен аумайды. Ал Қабды- раш болса, Сұраған аңшыдан аумайды. Бірақ Сұрағанның құндағы жарылған қара мылтығындай емес, бұнікі заводтан жаңа шыққан, әлі су жаңа, қағаз оталғышты салып, басып қалса, тырс етіп атылады.

Қабдыраш біртін-біртін орман ішіне сұғына түскен сайын күн кешкіріп бара жатқандай, төңірек қарауыта берді. Батырың енді елеңдеп, қорқайын да деді. Бірақ аңшының құр қол қайтуы ұят емес пе? Жіп сүйреткендей жіңішке ирек-ирек тышқан іздері бұлардың алдын жиі кесіп өтеді. Үлкенірек бір аңның ізін, Қабдыраш түлкінін ізі болар деп ойлады.      

— Жолдаяқ ал ізде!—деді күшігіне. Бірақ күшігі оның не айтқанын түсінбеді, тайраландап, жата қалып еркеледі. Қабдыраш мылтығын оңтайлап ұстап, қаспақты мұрнын тартып-тартып қойды. Дөңгелектеу сары жүзі тершіп, қызара түскен.

Міне, Қабдыраштың алдынан баппен аяңдап өткен аңның, шай кеседей ерекше ірі ізі кездесті. «Оһо, мынау қасқырдың ізі болар» деп, ойлады Қабдыраш. Тырнақтары қарға батып-батып кетіпті. Қара күшік, ізді иіскеп-иіскеп қойды да бір қорқынышты сезгендей қыңсылап, Қабдырашқа тақа­ла түсті. Іштей өзі де сескене тұрып, Қабдыраш итіне жұбату айтты:

— Ой, ақымақ, мына мылтық тұрғанда қасқырдан қорқа ма екен, атып аламыз.

Қабдыраш әлгі арада бөгеліп біраз тұрып қалды, бозарыңқы көздері айналаға жалтақ-жалтақ қарайды. Орманға едәуір ұзап кіріп кеткенін енді байқады, алды-артының бәрі сидаң ұзын ағаштар. Кенет оның көзі бір түп тобылғының ар жағында қалқиған екі құлаққа түсті. Тесіліп қарай қалды,— қоян. Иә, қоянның тап өзі. Бүлкең-бүлкең етіп, әрмен қарай жүгіріп бар­ды да, тоқтай қалды. Түсі қардан аумайтын середей ақ қоян екен.

-Айт! Айтақ! — деп, Қабдыраш күшігін жұмсамақ болып еді. Бірақ тамағы тығындалып қалғандай даусы шықпады, Ұштары қара, едірейген екі құлақ тікірейіп, міз бақпайды.

Қабдыраштың бойын кенет өжет бір сезім билегендей, мылтығын тез «оқтап», қоянды көздеді. Басты шүріппені! Орманның іші гүрс ете қалды. Қабдыраш та, ка­ра күшік те селк етті. Үлкен қоян орнында тыпырлап жатыр…

Не болып қалғанына түсіне алмай Қабдыраш сілейіп тұр. Сол кезде ар жақтан тымақ киген біреу жүгіре шықты. Ты­пырлап жатқан қоянды жерден салбырата көтеріп алып бауыздай бастады. Бұл Сұраған аңшы екенін Қабдыраш енді таныды. Қуанғаннан:

-Ата! Ата! — деп, айқайлап жіберді.

Сұраған аңшы Қабдыраштан мұнда қалай келгенін, неғып жүргенін сұрады.

Біз қара күшік екеуміз аң аулап шықтық,—деді Қабдыраш.

-Аң аулап шықсаң, ақжолтай болдың. Мә, мына қоянды шешеңе апар. Аңшылық өнеріңнің тырнақалдысы осы болсын,— деді Сұраған.

-Ата, бұны атып жыққан кім, мен бе? — деп сұрады Қабдыраш.

-Әрине, сен.

Қабдыраш сенерін де, сенбесін де білмеді.

Авторы-Зейнел-Ғаби Иманбаев

«Балдырған» журналы,№2, 1960 жыл.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here