ҚЫРАҒЫЛЫҚ
«Балдырған» журналы №9, 1970
Жаңадан салынып жатқан қой қораның іргесінде Жақсылық пен Жамантай ойнап отырды. Биыл екеуі де бірінші класты бітірді. Құрылыс басына келгіш-ақ. Осында әкелері жұмыс істейді. Бүгін жексенбі, құрылыста жұмысшылар жоқ.
Орманнан қайың жапырақтарының иісі аңқиды. Бұлбұл үні естіледі. Балалар да ойынға әбден берілген. «Мынау қой қораның есігі, мынау терезелері, — дейді олар жарыса сөйлеп. — Енді төбесін жабу керек. Сонда нағыз қой қорасы болып шығады. Мына жерге қой қамайтын шарбақ тоқылады.»
Машина гүрілі естілді. Құрылыстың арғы орман жақ шетіне бір жүк машина ке- ліп тоқтады. Балаларға бір жақтауы көрініп тұр. Ақпен бадырайтып жазылған нөмірі бар.
Екі бала ойнай берді. Машина тоқтаған жақтан тарсыл естілді. Келгендер үюлі тақтайларды асығыс арта бастады. Біреуі жоғары шығып, жан-жағына жалтақтап қарайды. Машиналар ағашты осында таситын еді. Мұнан тиеп әкеткенін балалар көрген жоқ-тын.
-Жамантай, қарашы, аналар ұры емес пе екен? Өздері сасқалақтап жүр.
-Біледі екенсің, осы күні ұры бар ма, — деді Жамантай мұрнын бір сыйпап. — Ұры дегендердің кескіндері жаман болады деп естігем, әжем солай деген.
Балалар ойынды тоқтатып машина жаққа қарады. Екі адам: бірі толық денелі қартаң, екіншісі жастау. Екеуі де жанталаса қимылдайды. Тақтайдың бір үйіндісін артып алып, асығыс жөнеле берді.
-Аналар — ұры. Хабарлау керек! — деді Жақсылық.
-Кімге хабарлаймыз?
-Балташыларға.
-Жүр, кеттік!
-Тұра тұр, нөмірін жазып алайық.
-Қалай жазамыз, қағаз-қарындаш қайда?
-Мынаған.
-Жақсылық тақтай кесіндісін шегемен асығыс тырнай бастады.
-Жүр, кеттік!
Екеуі қол үстасып жүгіріп барады. Олар ауылға жеткенде, алдарынан әкесі кездесе кетті.
-Папа, машинаға артып әкетті.
-Нені?
-Әлгі ағаштарды… тақтайларды…
-Кім?
-Ұрылар… Тақтайлардан көп қылып артып кетті, — деді Жақсылық.
Папасы тез арада шақыртқан құрылысшылар жүгіре басып жетсе, еденге деп дайындаған көп тақтай жоқ болып шықты. Машина дөңгелегінің жаңа түскен ізі жатыр.
-Қап, жер соқтырды-ау! — деп, Жамантайдың әкесі күйініп тур.
-Қандай машина екен? Нөмірін білесіңдер ме? Нөмірі болса, қазір-ақ тауып алар едік.
Екі бала біріне-бірі қарады,
-Білеміз, білеміз…
-Қане, айтшы.
-Әлгі, қалай еді? Әлгі, он үш… он үш…
-Ие, он үш? — деп құрылысшылар төне түсті.
-Он үш… он үш… — деп Жамантай мұрнын тартқылай берді. – Ұмытып қа- лыппын…
-Әттеген-ай!..
-Ағатай, мен білем, – деп Жақсылық жүгіре жөнелді де, ойнаған жерлерінде қалып қойған тақтайды алып келді. – Міне, жазып қойғам. Он үш – қырық сегіз.
-Анық осы ма?
-Анық.
-Ендеше, табылды. Рақымет, нағыз қырағы балалар екенсіңдер!
Авторы-Зейнел-Ғаби Иманбаев