Үкі мен шіл

                                                 Авторы-Зейнел-Ғаби Иманбаев

Шіл— ормандағы құстардың ең ұсағы. Жағал-тарғыл, қоңыр шұбар балапандарын ертіп, қалың шөптің арасында күн  ұзақ шыбын қуады. Балапандар жамыраса шиқылдап, көгалға сүңгіп, дамыл көрмейді. Бытырап бара жатса, мекиен шіл қоңыр айдарын күдірейтіп, құрылдаған дыбыс шығарады. «Байқа, қауіп бар» дегені.

Орман кезген қу түлкінің тұмсығы сезбейтін иіс жоқ. Жауының жақындап қалғанын мекиен шіл де сезе қояды. Балапан­дарын жасырып, өзі түлкінің алдынан кес-кестей қалады. Қанаты сынған жаралы құс кейпіне түседі де, түлкіні алдарқатып аулаққа алып кетеді. Қауіптен қорықпай, таяқ тастам жерде жорғалап бара жатады. Түлкіні ұзатып салып, ұша жөнеледі. Алданып қалған түлкі аңырып тұрады да: «бәлем, сені ме!» — деп, кете барады.

Шіл балапандарына келіп дағдылы тірлігіне кірісіп еді, қанат суылын есітіп бұға қалды. Семсердей жарқылдаған сұр қаршыға жайқап өтті. Әлгінде жамырай жосып жүрген балапандар жер жұтқандай жоқ болыпты. Қаршыға айналып келіп көлденең бұтаққа қонды. Балапандар қол созым жерде, шөп арасында бұғып жатқан. Қозғалса қаршыға бас салады. Меки­ен шіл тарғыл қауырсындарын кірпідей тікірейтіп, қаһарлы дауыспен шаңқ етті де көздері оттай жанған қатерлі дұшпанға атылды. Қаршығаны топшыдан соғып өтті. Қаршыға үркіп, ұшып кетті. Шіл жерге құлап түсті де есін жиып, балапандарын шақыра бастады.

Бір кезде «у-у-уһ!..» деген дауыс естілді. Ағаш арасында алпамсадай, қос құлақты сары үкі отырған.

-Әй, шіл! — деді әбігерлене дауыстап. — Әлгі қаршығаның зәресін алдың- ау! Бұл маңайға қайтып беттемейтін шығар. Жұдырықтай болып, сонша ерлік қайдан келді өзіңе? Қаршыға үйрек пен қазды, қоян мен құрды іле береді. Сен тырнақтарының ұшында кететін титтей ға­на шілсің.

-Қорқаққа күнде өлім. Ер жүрек бо­лу үшін алып болу шарт емес, — деді мекиен шіл, балапандарын аялап. Сары үкі тағы бір «уһілеп» алды да, төменірек түсіп отырды.

-Балапандарың көп екен, бағу оңай емес шығар?

-Бар болғаны он екі,—деді шіл, азырқана сөйлеп..— Бағу да онша қиын емес.

Сары үкі құлақтарын сілкіді:

-Жұмыртқа тауып, балапан өсіруді менен үйрен онан да.

-Қалай?

-Мен ұя жасауға қиналмаймын. Ағаштың қуысына кіріп аламын. Қуыс табылмаса, бұтаның түбін шұқырлап, азын-аулақ қауырсын төсеп, жұмыртқалаймын да басып жатып қалам. Бір жұмадан соң екіншісін, апта өткен соң үшіншісін туам. Кейінгілер шыққанша алғашқым қара қанат болып, ер жете бастайды. Кішкенелерін жылытып, тамақтандырады. Жаудан қорғайды.

-Тұра тұршы, үкі апай, сіздің балапандарға да тиетіндер бар ма?

-Болғанда қандай, ең қауіптісі — ала қарға. Көзің тайса ұрлап кетеді. Өзім жоқта үлкенім кішкенелеріме қорған бо­лады. Әкелген құр мен қоянды боршалап, үлкендері кішілерін тамақтандырады. Бір жұмадан соң тауықтай болып өседі де  анау –мынау жау соқтыға алмайды. Көрдің бе, мұндайда балапандарды бағып-өсіру қиынға түспейді.

          Қайткен күнде де үкінің тіршілігі шілге үйлеспейтін еді. Үкі –жыртқыш құс. Орманның жан баспайтын түкпірін мекендейді. Түнде ұшады. Қараңғыда жердегі жалғыз ноқатты көре алады.Күндізгі көруі де кем емес. Әр түрлі ұсақ аңдарды, тышқандарды, ірі саңырау құрларды да жейді.  Өзен жағасынан балық та аулайды. Түнде дыбыссыз ұшып, жемін оңай қолға түсіреді. Найзадай өткір шеңгеліне іліккені құтылмайды. Құлақтары адам құлағынан елу есе естігіш.

          Қам-қарекеті көп жаз бітіп, салқын күз келді. Орман жапырақтарын түсіріп, сидаланып қалды. Жыл құстары жылы жаққа қайта бастады. Ал, үкілер болса өздері өскен орманды тастап солтүстікке, Орал тауларының арғы бетіне қарай кетті.Шіл балапандары туған жерінде жүйткіп ұшып жүр.

 

«Балдырған» журналы №11 1978 жыл


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here