Өсекші
Зейнел-Ғаби Иманбаев
Қалбалақтап ұшып жүрген сауысқан орман аралап келе жатқан аңшыны көрді де, танысы ор қоянға «аңшы келе жатыр, аңшы», – деп жар салды.
Әккі қоян сауысқан шықылықтағанда- ақ тығыла қалды. Жер қара, қоян аппақ. Алғашқы қар еріп кеткен, ойдым-ойдым таусыншықтары қалған.
Қоян тал түбіндегі тоқымдай қардың бетіне бұға қойды, аңшы аңғарар емес. Сауысқан қоян жатқан талдың басына қонып алып, «аңшы келе жатыр, аңшы, деп шықылықтаумен болды. Құйрығын қыпылықтатып, талдан-талға қонады.
Өсекшінің сырына қанық мерген: «Сауысқан айтпаса, осы бір талсымақтың түбінде қоян бар деп кім ойлаған!» дейді.
«Балдырған» журналы, №6, 1971 жыл.