Құрбыға хат

                       цикл

 

Сен жайлы оймен бас қатырып не ғажап

Жүрген күнде өзімді-өзім мазалап.

Туған жердің ауасындай бір сезім

Сарайымды кетті менің тазалап.

 

Көңіл шіркін бала күнде таза еді

Бөлек жандай талабы мен әдебі.

Сол күндердің балауса бал қылығын

Түсімде де көргім ылғи келеді.

 

Көп достардың сиреп қалған қатары

Арман жыры жаныма енді батады.

Сол баяғы батарда күн қызарып

Сол баяғы таң ағарып атады.

 

Өмір жайлы толғай-толғай сыр айтқан

Құрбылар көп қуантқан да мұңайтқан.

Күндерім де жылап батып сол шақта

Таңдар мені анам болып уантқан.

 

Биік туған артық қиял, жырдан да

Жаратылған қуаныштан, мұңнан да.

Біздің аула базар еді нарқы зор

Іздеп келер құрбыларым тұрғанда.

 

Құрдас қымбат бірге ойнап, тең өскен

Талай жерде таласқан да кеңескен.

Көп құрбының есімде жоқ есімі

Бірақ әттең кетпей қойдың сен естен.

 

                       2

 

Басқаларға күле қарап жүрсең де

Жұрттан артық қызығуды білсең де.

Өзгелерден артықпын деп айтпайтын

Артықшылық көп еді ғой бір сенде

 

Сұлулық кеп таранғандай айнаға

Жарастығың нұр шашумен айнала.

Ортақ етпес жан сырына адамды

Бай едің-ау ақылға да, ойға да.

 

Жылдар жылжып сыйлағанда жемісін

Соның бәрі байлық болды мен үшін.

Жылы сөзіңді естігім кеп ылғи мен

Қол ұстасып бір жүруші ем сол үшін.

 

Бала күннен бірге ойнаған, бірге өскен

Сырды біліп қыймас жандай тілдескен.

        Кездерімнен өзіңменен сырласқан      

        Күндерім көп азап шегіп, мұң кешкен.

 

Жақын көріп құрбылардың көбінен

Орын бердің көңіліңнің төрінен.

Бірге жүрсек жарасатын сол шақтар

Өтіп кетті сезбей қалдым соны мен.

 

                           3

 

Білдім-дағы кеудеңде асқақ күй барын

Көңіліңнің көп әуенін тыңдадым.

Жүрек сырын жатқа оқыдым өзгеге

Саған ұнай қоймас-ау деп жырларым.

 

Көктем сайын гүлге оранған белес ең

От оранған қырға шықпай неге сен.

Басқа өңірдің тауларына көз тіктің

Тумысыңнан өзімшіл жан емес ең.

 

Қайрап күнде есейтті де ой мені

        Жан жүрегім әлденеге шөлдеді.

Сүйіктіңді таңда деген жастық шақ

Қызғанды да байқа бала сен деді.

 

Көктем жақтан самал сонда жиі есті

Такаппар да тағдыр едің тым есті.

Қимай жүріп бірімізді-біріміз

Кеудемізде қанша сезім күресті.

 

Өзің едің жастық шақтың жыр басы

Бала күннің, аңғал кездің сырласы.

Балаға ұқсап қалып қойдым көшеде

Шығамын деп алдап кеткен құрдасы.

 

                           4

 

 

Сыйласарға сыйым бөлек дегендей

Сырласарға сырды бөлек көрем кей.

Кетті күндер жалғасы бар өлеңдей

Тұңғиығы ашылмаған тереңдей.

 

Өткен солай, кеткен солай күндердің  

Бағы жанып, сор құшарын кімдердің.

Білмедік қой білер болсақ қол алып

Құлы болып кетер ме едік сүйгеннің.

 

Көп жылдан соң сен осылай деген ең

Көңілімді қозғаса да көп өлең.

Өтіп кеткен үш бозбала көктемді

Сол бір шақтай ұмытпаймын неге мен.

 

Мен бала едім өзгердің де сен кеттің

Ән-жырыңды айдыныңда тербеттің.

Көз тоқтатар күннің елін іздетіп

Есесі жоқ ертегіге шөлдеттің.

 

Менсіз жүріп сен бақытқа жетердей

Қылығыңа күйіп кейде кетем кей.

Тәкаппарсып қылт етуші ең қитығып

Жерде тұрып шыңға шығып кетердей.

 

Қайдан білдім сен осылай еркелеп

Қол жетпеске бір көтеріп көрсе деп.

Мен биікке талпынса деп ойлапсың

Көтермелеп қою үшін сәл демеп.

 

Оны ойласам бойымды алып бір ағын

Кетеді ұшып менің бала қиялым.

Біздер сонда жете алмаған биікке

Қиялыммен күнде ұшып шығамын.

 

Айтсам етті: айға апарам қаласаң

Шыңдардан да, бұлттардан да ары асам.

Сендей сұлу перизатқа өмірде

Жар болуға тек мен ғана жарасам.

 

Десем шалқып сезімменен бір ерен

Қырандайын дүр сілкініп түлеген.

О сүйіктім болар болсаң сен мендік

Тәуекелге онда басты тігер ем.

                         5

 

Өзіңді аңсап соқты сәтте жүрегім

Түсіме енді күн мекені, гүл өңің.

Жазығы жоқ жастық шақтың әндерін

        Енді қайтып айта алмаспыз білемін.

 

Енді қайтып оралмаспыз ол шаққа

Күндері ұзақ ғұмырлы жан болсақ та.

Ақындардың сырын ұқ та сұлу қыз

Жырын тыңда, бірақ қатты қол соқпа.

 

Жүрегінен тусын десең жарқын жыр

Күнді сұрап биіктерге талпындыр.

Салқын болма мерейіне бірақ та

Жазған жырын жатқа біліп айтып жүр.

 

Сендей еді ерке менің жан құрбым

Сол өлкеде қанша жылдар шалқыдым.

Жырларыма шабыт беріп күлкісі

Өн-бойымды шарпушы еді жарқын мұң

 

Жалынғанда сөздеріме сенші деп

        Көңілінде күн тұратын елші боп.

Асыл бейнең ай сияқты деуші едім

Аспанымды алды ақыры еншілеп.

 

Салқын сабыр, санаға мән берместен

Көнген көңіл, өшкен отты көрместен.

Жүрегімде жанартауым оянып

Жанатындай ешкімге дес берместен.

 

Мазасыз ем соны іздеумен күнде мен

Сансыз жұлдыз қол созатын іргемнен.

Бәрі сұлу болып кетті қыздардың

Періштедей бір аруды сүйгеннен.    

                                                       9.05.2012

Notice: compact(): Undefined variable: context in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: file in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: post_mime_type in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: ID in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: filter in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here