Қоңырау үнді әнші
Қазақ өнерінің көгінде шолпан жұлдыздай сәулеленген, бұлбұл үнді әншіміз, Жетісу өңірінің түлегі, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева нәзік дүниенің гүлін егіп, халқының қалаулысы болған ардақты жан еді.
Әр әнші өзінің дауыс мүмкіндігі, дарыны арқылы ерекшеленеді. Әншілік дегеннің өзі алланың берген сыйы десек, әнші Зейнептің үнінде тау бұлағының сыңғыры, ерке желдің самалы, күннің мейірімі, жазира даламыздың дархандағы, мөлдір сезімнің іңкәрлігі байқалатын. Ән құдіретін бойына дарытып, бабалар үнін бізге жеткізген тамаша әнші әу бастан өнер жолын қалап алыпты. Осы жайлы Зейнеп Қойшыбаева өз кезінде не деді екен?
– Мен алғаш сахнаға шығып ән айтқанда тоғыз жастағы қыз едім. Өнерге деген құштарлығым да, құмарлығым да сол Алакөл ауданында өтті. Болашақта әнші болам деген сезім де көкейіме бала кезімнене ұялаған еді. Қазақстанға белгілі әншілердің әндерін Қазақ радиосынан тыңдай отырып, соларға еліктейтінмін. Бала кезімдегі өнерге деген махаббатым киелі жолға
түсуіме қатты әсер етті…
Әнші жайлы қысқаша мағлұмат:
Зейнеп Қойшыбаева 1937 жылы Алматы облысы Алакөл ауданында дүниеге келді. Ауылдан өнер деп келген қыз Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының вокальдық студиясына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шықты. Одан кейін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясын бітіріп, сол театрда өз өнерін жалғастырып, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр» операларында, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында, сондай-ақ Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы әйел партияларын шебер ойнай білді. Оған қоса 1967 жылдан бастап Мемлекеттік телерадиокомитетінің жанындағы эстрадалық оркестрдің әншісі болып ұзақ жыл қазақ өнеріне өз үлесін қосты. Өмірінің соңғы он жылында Зейнеп Қойшыбаева Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде өз мектебін ашып жастарды өнерге баулыды. Қазіргі қазақ эстрадасында жүрген әншілердің ішінде Зейнептің шәкірттері де баршылық.
Зейнеп Қойшыбаева әу баста адам жанының арашашысы ақ халатты дәрігер, кейін байланыс қызметкері болуды армандаған. Сөйтіп, болашақ әнші өз бағытын дұрыс айқындап алды.
Зейнеп халық әншілері Күләш Бәйсейітова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Рахия Қойшыбаевалардың әндерін Қазақ радиосының әуе толқынынан үнемі тыңдап, өз қабілетін шыңдады. «Әнші болуыма дәнекер болған бойымдағы өнерге деген құштарлық. «Мен әнсіз өмірімнің бір минутын да көз алдыма елестете алмаймын» дейтін ол кісі.
Зейнеп Қойшыбаева ән құдіреті жайлы тебіреніп кеткенде жан сырын осылайша жайып салатын:
– Композитордың кез келген әнін алып қаралық: Мысалға, Сыдық Мұхамеджановтың «Тербеледі тың даласын», болмаса Еркеғали Рахмадиевтың «Шаттық вальсін», Мансұр Сағатовтың «Алматы» әнін, Мыңжасар Маңғытаевтың «Іздедім сені», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққұсымы», Ескендір Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», Әсет Бейсеуовтың «Алтыным» әндері өзіндік тарихы, өзіндік ерекшеліктері бар тамаша әндер Мен ән орындағанда ең әуелі композитор мен ақынның ойын тыңдаушыға жеткізуге тырысамын.-деуші еді, жарықтық…
Зейнеп Қойшыбаева Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының қасиетті сахнасында еңбек еткен кездерін ең бақытты сәттер деп жиі еске алатын:
– Мен аталмыш театрда көп жыл еңбек еттім. Сол жылдары есте қаларлықтай қуанышты сәттер болған. «Қыз Жібек» операсындағы Қарлығаштың ролін беріп, ағасы Төлегенге деген қарындастық ықыластың кереметтігін көрсетем деп тырысқан мен сол кездегі үлкен актерлардың көзіне жас үйіргенім әлі есімде. Соншалықты әсерлі болғанын ол кісілер де мойындаған. Менің қабілетімді мойындаған театр басшылары кейіннен Қыз Жібектің ролін сеніп тапсырды, бұл менің есте қаларлық бақытты күндерім десем артық емес. Қыз Жібектің соншалықты нәзіктігін, әсемдігін, жүрегінің тазалағын өз жүрегіммен сезініп, сол образды да сахнаға ойдағыдай келтірдім. Кейін жеке әнші ретінде қалыптасқанымда да сол кездердегі сахна шеберлігін меңгеруім, сөзге мән бере білуімді өз өмірлік тәжірибемде қолдана білдім.. ..
Ән еркесі, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева біздің Қазақ радиосының алтын қорына үш жүз елуге жуық ән жаздырып қалдырыпты. Орындаған лирикалық әндерінің тақырыбы сан алуан. Туған жер, отан, махаббат тақырыбын қамтитын көрікті әндерде әншінің жүрек лүпілі, сезімталдығы, ән сырының біз білмейтін құпиясы барын байқау қиын емес-тін.
Біраз жыл бұрын Зейнеп Қойшыбаеваның туғанына 70 жыл толуына орай Жетісу жерінде ұлан-асыр той болып, іс-шаралар қолға алынды.Осы жайлы өнердегі үзеңгілес достарының бірі– Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаев көзі тірісінде әңгімелеп беріп еді:
«Туған жері Үшаралдағы орта мектепке, аудандық Мәдениет сарайына Зейнеп Қойшыбаеваның есімі берілді, Бағдат дейтін жақсы азамат осы істің басы-қасында жүрді. Зекеңнің балалары, елі болып осы бір торқалы тойды ойдағыдай атқарды. Менің жан досым Зейнеппен бірге оқыған, сахнада бірге ән шырқаған, Қазақ радиосында бірге қызмет еткен Нұрғали Нүсіпжанов бар, мен бар, тағы да сырттан жолдастар бар, осы тойдың жақсы өтуіне атсалыстық. Биік деңгейде өтті. Бұл азаматтардың азаматтығы, елдің елдігі осыда деу абзал.
Ал енді Зекеңнің дауысы ғажап еді ғой. Мысалға, әншің жақсы болмаса шығармаң жанбайды. Керемет суреткер әнші біздің Зейнеп еді-ау…»
Бірде Талдықорған облыстық комитетінің пленумы болып, Мыңжасар, Әсет, Нұрғали мен Зейнеп шақырылады. Ол кезде Нұрғиса Тілендиев сол жақта арнайы тігіп, балетке шығарма жазу үстінде еді. Қасында Қанабек Байсейітов болыпты. Олар да сол жолы пленумға қатысады.
Сол сапарда өнер иелері жол бойы әзілдесіп отырғанда Мыңжасар бұдан үш-төрт жыл бұрын шыққан «Іздедім сені» деген өз әнін баяу орындап береді. Зейнепке ән бірден ұнайды, «Егер сен сүйемелдесең бүгінгі пленумда осы әнді тұңғыш рет мен орындасам қайтеді» деп Зейнеп қолқа салады. Осы жолы Зейнеп әнді ерекше сезіммен орындап, делегаттар ұзақ қол соғады. Олар Алматыға оралған соң ән үнтаспаға жазылып, тыңдаушыға тез тарап кетеді. Әннің бағын ашқан Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева еді.
Әлбетте, «ескі дос естен кетпес» деп жатамыз, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов Зейнептің адамгершілік қасиетіне ерекше баға береді:
«Зекеңнің адамгершілік қасиеті өте жоғары еді. Азаматтық болмысы ерекше оқшауланып тұратын еді. Бірімізге біріміз ақылшы болып, бірімізге біріміз сүйеу болып, көмегімізді көрсетіп, сөйтіп өскен достар едік.
Зейнептің ән орындаудағы ерекшелігі, ән бағдарламасын таңдаудағы талғамы жөнінде әңгіме бөлек. Зейнептің әншілік өнердегі ерекше талғампаздығы, сөзге мән беруі шебер еді. Көп авторлардың атының шығуына да, олардың әндерінің халыққа тез тарап, қадір-қасиетінің өсуіне де Зейнептің сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр дегім келеді. Әсіресе Мыңжасар Маңғытаевтың көп әндерінің бағын ашқан, тұсауын кескен осы Зейнептің өзі.
Көзі тірісінде Әсет Бейсеуов әншілердің атын ерекше атап отырушы еді, сонда «менің әндерімнің атасы Нұрғали да, анасы Зейнеп» деп әзіл-қалжыңмен біздердің өнерімізді бағалап отыратын» деп сонау күндерді Нұрғали Нүсіпжанов еске алды.
Халық қаһарманы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, дарынды дирижер, атақты композитор Нұрғиса Тілендиев Зейнептің дауыс мүмкіндігіне лайықтап, «Жанарымның жұлдызы» әнін арнайы жазған еді, бұл ән де әншінің орындауында түрленіп кететін.
Қазақ радиосында бір кезде музыка редакторы болып қызмет еткен, кейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында, қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінде өнерімен көпшілік қошеметіне бөленген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмат Махамбетов Зейнеп Қойшыбаева жайлы сөз қозғағанымызда ол кісінің әншілік ерекшелігіне ерекше көңіл бөледі:
« Мен ойлаймын, әншілердің ішінде Зейнепке еліктеушілер әлі де бар. Біздің ән өнеріндегі мектебіміз вокалдық негіз, түпнұсқадан үйренген адамдармыз. Зекең өнерде де, өмірде өте бір жаны нәзік жан еді, дауысының өзінде жасандылық болмайтын. Табиғи заңдылықты бұзбай, тек қана музыкалық сауаттылықты, ән орындаудағы айла-тәсілдерді қосып қана өнерін шыңдаған жақсы әншілеріміздің бірі еді»
Жетпісінші жылдары көпшілікке кеңінен танылған Нұрсұлтан Әлімқұловтың өлеңіне жазылған Әсет Бейсеуовтың «Алтыным» әні әлі күнге маңызын жоймаған тамаша туынды. Өзіндік тарихы бар бұл әнді тұңғыш әуе толқынынан орындаған да Зейнеп Қойшыбаева. Ән «Қарғалы» жерінде Алтын Әліпбаеваның тұрмыс құрған тойында тұңғыш рет Әсеттің орындауында шырқалған. Алтын Әсеттің аулының қызы. Бұл ән жайлы басқа да аңыздар бар, біздің білгеніміз осы.
Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева тіршілік тауқыметін қайсарлықпен жеңе біліп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жан еді. Зейнептің төл шәкірті Бибінұр Нұрсәлімқызы ұстазы жайлы былай дейді:
«Зейнеп Қойшыбаева апайдың табиғаты қарапайым, күнделікті тіршілікте бөлек те, сахнаға шыққан кезде ол кісіні мүлде танымай қаласың. Ал енді күнделікті сабақ кезінде ол кісі біздің анамыз сияқты. Біз апайдың үйіне барып тұратынбыз, сонда бізге үлгі-өнеге болсын деп айтқан болу керек, отбасы, бала тәрбиесі, немере тәрбиесі жайлы көп айтып отыратын. Ол кісінің бойынан нағыз қазақтың анасының бейнесін көрдім, содан кейін отбасына адал әйел бола білген жан. Енеге өте жақсы қарады ол кісі.
Менің есімде қалғаны, «әнді айтқан кезде анық, нақты, ерекше сезіммен орындау керек» дейтін. Мен ұстазымнан көп үйрендім»
Әр әнді тыңдаушысына тамылжыта жеткізе біліп, туған жер аспанын әнге бөлеп, өнерде бағы жанған Жетісудың сандуғашы, Қазақстанның халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева жайлы айтылар естелік көп. «Шын алтынды тот баспайды» демекші, Зейнептің сыңғырлаған сұлу әндері ғасыр қойнауында қайта жаңғырып, келешек ұрпаққа алтын қазына болып жетері сөзсіз. Ел еркесінің әсерлі әндері жүректерге нәзік сәуле төгіп, көңілге медеу бола білсе, ал ұстаздың алдынан дәріс алған шәкірттері артынан дәріптеуші, ұрпақтары аналарының асыл мұрасын насихаттаушы бола білсе, өнер иесінің екінші ғұмыры ұзақ болатыны ақиқат. Қаймағы бұзылмаған халық өнерін қаз қалпында шебер орындай білген әншіде арман жоқ шығар, сірә?!…
Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева
Суретте: Венера Қармысова, Зейнеп Қойшыбаева

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here