«Қазақ радиосына 100 жыл» айдарымен
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған
Асау өмір өзенінде ағынға қарсы жүзіп, еңбекте алда болып, журналистика саласының шыңын бағындырған майталман маман, белгілі журналист, ағайын-туғанға мейірімді, жүрген ортасында сыйлы, Қазақ радиосының ардагері Сүлеймен Ақтаев жайлы айтылар ойымызды бастасақ деймін.
«Орнында бар оңалар» демекші, өзі өмірден кетсе де шаңырағының ұйытқысы, бала-шағасының ақылшысы болып отырған Әмина апай Сүлеймен ағаның жазғандарын жинақтап, баспадан жарық көру жолдарын қарастыруда.
Сұлу Көкшенің Зеренді ауданында дүниеге келген жаны нәзік Сүлеймен Ақтаевтың да балалық шағы оңайға соқпады, Ұлы Отан соғысының зардабын көрді. Небары он жасында колхоз жұмысына араласып, өмір майданында шыныққан ол адал еңбегінің арқасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ие болды. Ол бір елдің басына түскен нәубат жылдар еді ғой. Майданға кеткен әкелердің орнын басып, күн-түн еңбек еткен балалар қаншама?!…
Мен 1990 жылдың қаңтарында Қазақ радиосына қызметке алынып, музыка редакциясының жұмысына бел шешіп кірісіп кеттім. Әдетте концерттік бағдарламаны машбюроға бастырып алу үшін кезекке тұрамыз. Кезегі келгенде машинистканың қасына отырып оқып отырамыз да олар басып береді. Машбюроға қара костюм-шалбары бар, ақ жейделі, орта бойлы, көзілдірікті адам кіріп келіп диктовкаға отыра кетті. Әлгі кісінің мұнтаздай әдемі киінгені көз қуантады екен. Сұрастыра келе өзіміздің ағамыз Сүлеймен Ақтаев болып шықты. Кезінде әкеме ауылға да келіп қонақ болған кісі екен. Кейін әкемнің хаттарынан оқып білдім. Ол кезде Сүлеймен Ақтаев жаңалықтар бөлімінде қызмет етеді екен. Жақындап барып таныспасам да іш тартып жүргенім рас.
Әмина апайдың шақыруымен Сүлеймен Ақтаевтың туғанына 80 жыл толуына орай Қазақ радиосының ақпарат редакциясында көп жыл қызмет еткен ардагеріміз Руслана Құдайбергенова екеуміз ағайдың үйіне келіп қоңырау бастық. Есікті Сүлеймен ағаның жары Әмина апай ашты. Апай дастархан жайып қойыпты. Төргі бөлмеде белгілі публицист, аудармашы әрі жазушы Сарбас Ақтаев ағамыз отыр екен. Сәлемдесіп болған соң біз де қолымызды жуып, дастархан басына жайғастық. Әңгіме көп жыл бойы Қазақ радиосында еңбек еткен Сүлеймен Ақтаев жайлы өрбіді. Ет желініп, шәй ішіліп болған соң бала кезден бірге өскен досы Сарбас ағамызға микрофон ұсындым. Ол кісі ақтарыла сөйлеп кетті:
-Сүлеймен жайлы ойласам менің ойыма жеңіс жылы түседі. Жұрттың жағдайы жөнделіп кетпегенімен көңілі шалқыған шақ еді ғой. Бәріміз жеңіске қатты қуанғанбыз. Егін егіп, жер жыртып, мал баққан сол кездегі жасөспірім балалар еді. Мен Көкшетаудағы орта мектептің бесінші сыныбына келгенде Әнуар, Сабыр, Қайролла сынды балалар ғана қалыпты да, сол маңдағы ауылдардан оқушылар келіп, бір сыныпта отыз бала болыппыз. Солардың ішінде Қазақстан ауылынан келген менен бір жас үлкен Айтқазы Қазыбеков деген бала, сосын Мүршида Иманқұлова деген қыз бала болды. Біздің сыныпқа әскери киімнен ықшамдап тігілген жейдесі, әскери белбеуі, аяғында етігі бар бір бала келіп жүрді. Сөйтсем ол Мүршиданың немере ағасы екен. Сол кезде еңбек еткен балаларға медаль берген екен. Алтыншы сыныпта оқитын Сұңғат деген бала «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін алақанымен сипап «еңбек қой, еңбек қой» дегені әлі есімде. Сол жылы Сүлеймен жетінші сыныпта оқыды. Оның да осындай медалі бар екен. Ол мақтанғанды ұнатпайтын. Тағып жүрген жоқ. Қазақ орта мектебін үш оқушы алтын медальға, Сүлеймен күміс медальға бітірді. Облыстық газет басшылары ол кезде мектеп бітіргендерге бір бет арнады. Әлі есімде, Сүлейменнің «мен журналист болғым келеді» деп сұхбат бергені….
Арман алысқа жетелеп, Сүлеймен Ақтаев Алматыдағы Қазақтың Киров атындағы университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қиындығымен қызығы мол студенттік шақта ол өзіне айнымас достар табады. Қазақ әдебиеті мен журналистикасына адал еңбек ету мақсатында көп оқиды, үнемі ізденіс үстінде болады. Оқып жүріп, облыстық, республикалық басылымдарға үнемі мақала жіберіп отырады. Біз Сүлеймен Ақтаевтың Сарбас ағамызбен туыстығы бар шығар деп ойлап жүретінбіз. Сөйтсек, тегі бір айтылғанмен олар айнымас достар екен. Өмір бойы жұптарын жазбай, туысқа бергісіз болған жандар екен. Енді Сарбас ағамыздың ойын әрі қарай жалғастырсақ:
– Мен сегізінші оқып жүргенде Сүлейменнің мақаласын газеттерден оқып жүрдім. Біз үшін журналист болу арман еді. Сүлейменнің әкесінің аты Қоңыртай деген сері жігіт екен. Ақ көйлек киіп жүрген соң Ақтай аталып кеткен. Менің әкемнің аты Рақымбек. Рақымбекті атасының інісі баласы болмай асырап алған екен. Әкемді ақ тайдың сүтімен асыраған соң Ақтай аталып кетіпті. Біреуміз Көкшетаудың жел жағынан, екіншіміз ық жағынанбыз. Екеумізді табыстырған Әмина. Ол менің үлкен ағамның балдызы. Жеңгеміздің жалғыз сіңлісі. Тағдыр қосып екеуі үйленген соң Сүлейменнің отбасымен етене араласып кеттік….
Сүлеймен Ақтаев «Біреудің тілегін тілесең-алла өз тілегіңді береді» дейтін еді. Иә, жанында жүрген жақындарының тілекшісі де еді ол… Осы орайда
Сүлеймен Ақтаев жайлы біздің алтын қорымызда сақталған тамаша публицист, қоғам қайраткері Камал Смайыловтың пікірін білсек:
– Журналистка факультетіне алғаш түскен кезде танысқан жігітім Сүлеймен Ақтаев еді. Сүлеймен Көкшетаудан келген, мектепті күміс медальмен бітірген еді. Ортақ көзқарасымыз, ортақ ойымыз болған соң бірнеше студент Тастақта пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін жатақханада бірге тұрдық. Студенттік кезімдегі жан досым Сүлеймен Ақтаев еді. Өте білімді, салиқалы, ізденгіш жігіт болатын. Бұның өзі оның жақсы журналист болып қалыптасуына көп септігін тигізді, мен Телерадиокомитеттің төрағасы болдым. Ол Қазақ радиосының журналисі болды. Біз отбасымызбен жақсы араластық….
Сүлеймен Ақтаев оқуды бітірген соң туған жері Көкшетауға келіп, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне қызметке орналасады, әуелі секретариатта, кейін насихат бөлімін басқарды. Газеттің төртінші бетіне бірде Асанов, бірде Үсенов деген псевдониммен жарыққа шыққан материалдары үздіксіз жарияланып тұратын. Осы газетте еңбек етіп жүргенде өмірлік серігі Әмина апаймен жолығып, екі жас көңіл жарастырып бас қосады. Әмина Баспаққызы Сүкеңді еске алғанда жанары жасқа толып, толқи отырып әңгімесін бастады:
– Сүкеңмен жолықтырған аллатағалаға шексіз ризамын. Сүлейменмен оқуын қызыл дипломмен бітіріп, еңбекке араласқан кезінде таныстық. Бұл 1955 жыл болатын. Ауылдан келген кезім еді. Сүкеңмен бас қосып, қызық та, мәнді, мағыналы өмір сүрдік. Өмірге үш қыз келді. «Қайран сол бақытты кездерім-ай» деп әркез есіме алып жүремін. Сүкең аса еңбекқор еді. Ол мені қатты сыйлайтын. Бір-бірімізді тыңдайтын едік. Аса сыйластықпен өмір сүрдік. Сыйлы әке, адал дос бола білді. Балаларының аяқтан тік тұрғанын көре алмады. 61 жасқа қарағанда мәңгілікке көз жұмды,-деп сөзін аяқтады апай.
Сүлеймен ағамыздың еңбек жолы тың игеру кезеңіне тура келді. Бес облыстың газеті жабылып қалды. Осы газеттің Бас редакторының орынбасары Уәп Рақымжанов екеуі жұмыстан қысқарып қалып, аудандық қазақ газетіне ауысты. Кейін Ақмола облыстық «Тың» радиосында тілші, 1965 жылдан облыстық «Көкшетау правдасы» газеті қайта ашылып, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Сүлеймен Ақтаев туған-туысқандарға жанашыр, отбасында әйеліне, бала-шағасына аса қамқор, мейірімді жан болды. Үлкен жүректі Сүлеймен Ақтаев көзі тірісінде достар жайлы ойын былайша білдіріпті:
– Бірге оқыған достарымызбен жақсы жолдас болдық. Отыз жылға жуық отбасымызбен араластық. Бір-бірімізге қолұшын беріп, үнемі жанашырлық таныттық. Бұдан артық бақыт бола ма?!…
Міне, осы бір бірер ауыз сөзде қаншама шындық бар.
1974 жылы Сүлеймен Ақтаев Алматыға көшіп келеді. Жерлес досы Сарбас Ақтаев газетке орналастырмақ болады, сонда Сүкең, «радио қиналған кезде қолұшын беруші еді» деп, Қазақ радиосына қызметке орналасады. Осы арада Сарбас Ақтаевтың ойын жалғастырсақ:
– Сүкеңнің алысты жақын қылатын жақсы қасиеті бар еді. Осында келгенде бірге оқыған бес жігіт: Камал Смайылов, Мұғалімбай Жылқайдаров, Сұлтанғали Қадыров, Кенжебек Есімов–бұлар бір-бірімен араласпайды екен. Олар ерулік берудің орнына бұлар бастарын қосқан екен. Содан бастап алты дос өмір бойы бір-бірінен айырылмапты.
Сүлеймен Ақтаевтың Қазақ радиосының әуе толқына дайындаған көптеген хабарлары сақталмаған екен. Тек Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайынов, Халық қаһарман, белгілі жазушы Қасым Қайсенов, Қазақстанның халық әртісі Камал Қармысов, ақын Кәкімбек Салықов, соғыс даласында қайтыс болған композитор Рамазан Елебаев жайлы жазған хабарлары алтын қорда бар екен. Тақырыпты толық зерттеп жазу Сүлеймен Ақтаевтай тәжірибелі журналистің басты кредосы еді. Өмірге келгендегі адами міндетін адал атқарған әріптес ағасы жайлы радиоардагер, майталман журналист Руслана Құдайбергенова сағынышпен еске алады:
-Қазақ радиосының табалдырығын аттағанда оң аяғыммен аттаған сияқтымын. Университетті бітірген соң Қазақ радиосының ақпарат редакциясына конкурспен қабылдандым. Бұл редакцияда өңшең ер адамдар істейді екен. Алдыңғы толқын ағалар мені бұл іске баули білді. Солардың ішінде журналистердің бірі әрі бірегейі Сәркен Оспанов ағайды ерекше атап өткім келеді. Содан кейін радиоға Сүлеймен Ақтаев ағай келді. Ол кісі өте мәдениетті әрі кішіпейіл кісі болатын. Сыпайылықтың үлгісі болатын. Бір адамға дауыс көтеріп көрмеген. Бір-екі ауыз салмақты сөзбен қателігін мойындатып тастайтын. Қасындағы журналистерді өзіне тартып, баулып, бауырмалдық танытатын. Сүкең қайтыс болғанда біз шын қайғырдық. Сүлеймен аға «Шалқар» бағдарламасында, Шетелдерге хабарлар тарататын редакцияда басшылық қызметте болды. Зейнетке шығар алдында қайтадан ақпарат редакциясында еңбек етті…
«Өлді де бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай, шындығында да ізгіліктің гүлін егіп, шуағымен маңайын нұрландырып,үлкенге іні, кішіге аға бола білген бекзат жанның өмірі айта берсең аңызға бергісіз. Журналист Сүлеймен Ақтаев көзі тірісінде маңына жақсы-жайсаңды жинай білген жайсаң жан еді.
Сүлеймен Ақтаев досы Кенжебек Есімов екеуі көзі тірісінде қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев жайлы «Таныс дауыс» деген көлемді повесть жазса , «Дауылпаз дауыс», «Қайта оралған аққулар», «Ізгілік іздері» жинақтары келер ұрпаққа рухани азық. «Жауынгер-композитор Рамазан Елебаев», «Аңдар мен құстар» деген жинағын бір баспаға өткізген. Әттең, Әмина апай әлі күнге дейін қай баспа екенін білмейді. Бірақ қолжазба қолдарында. Алдағы уақытта шығып қалар деген үмітте.
1995 жылы Көкшетау облысы Зеренді ауданына қарасты «Қазақстан» ауылындағы орта мектепке Сүлеймен Ақтаевтың есімі берілді. Келер ұрпақ есімін жаңғыртып жүруге себеп болған бұл мектепке Сүлеймен Ақтаевтың арнайы мұражайы да бар.
Сүлеймен Ақтаев пен оның жұбайы Әминадан өрбіген үш қыздың үлкені Ләззат Ақтаева КазГУ-дың тарих факультетін және Мәскеудің мұрағат институтын бітірді. Көп жыл бойы Мемлекеттік мұрағаттың директоры болды, қазір де сол ұжымда еңбегін жалғастыруда. Бекзат шет тілдер институтын бітірген, жеке кәсіпкер. Ақылзат жоғары білімді кәсіпкер. Темірлан мен Кәмила көз қуанышы.
Қағазсыз газет атанған Қазақ радиосында көп жыл бойы жемісті еңбек етіп, тәжірибелі журналист, ақылшы аға, іскер азамат ретінде кейінгінің есінде қалған Сүлеймен Ақтаевтың жүріп өткен өнегелі өмірі, шығармашылық жолы кейінгіге үлгі-өнеге. Ұйымшыл Қазақ радиосының ұжымында ерен еңбектің үлгісін көрсеткен қарымды қаламгердің жүрегінде еліне, жеріне, халқына деген махаббаты ерекше еді. Біз мерейтой қарсаңында Сүлеймен ағамыз жайлы айтылар әңгіме жалғасын табады деген үміттеміз.
Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here