Ағам менің

(әңгіме)

 

Біздің бала күнімізде тамаша әлем болатын, оның аты ертегілер әлемі. Ондағы адамдар, оқиғалар үнемі сәтті аяқталатын. Кейін есейе келе өмірде олай сәтті аяқталатын оқиғаларды сирек көрген сайын адамдар дүниесі қаталдыққа, түрлі қатыгездікке толы екенін ұға түсесің.

 

Міне, менің алдымда туған ағам отыр. Оның жасы егде тартқан. Екеуміз бір анадан тусақ та, әкеміз ерте қайтқандықтан шешейге қарауға мұршасы болмай, мектеп бітірген соң ағам өзінше үйленіп ерте тірлік қуып кетті. Онысы сәтті бола қоймай, оқуға түсе алмағанына ұялып, қала жақта әлдебір жұмысшы қызбен отау құрғанын естідік. Тойы комсомол той десті.

 

Шешей артынан қалаға іздеп барып, Торғай жақта тұратын қыздың әке-шешесінің алдынан қалай өтудің жөнін келтіре алмай жүргенде қыздың ағасы үйіне шақырып, туыстарын қалаға алдырып, сонымен құда болудың ырымын жасасады. Мұндай туыстықта онша үлкен қуаныш бола қоймаған тәрізді. Елдің бәрі жұмыста. Құда ауылда тракторшы. Қызынан басқа да бес-алты баласы бар.  Ағам романтик  еді. Ол сенген адамына құлай беріліп, соның айтқанын істеп, достасып, айлап-жылдап сапарға кетіп, уыс-уыс ақшамен оралатын.

 

Ал, шешей екеуміз бұл кезде қиындықтың көкесін көріп жаттық. Аспанмен таласқан Алтай тауының алыс шалғайындағы үлкен ауылдың жазы күзге бергісіз. Өте салқын. Қысқы суығын басқа бермесін. Қар деген неше құлаш. Ауыл сырты күнде боран. Күзге таман шөпті үйіп алып, қыстай қар астында мұржасы ғана көрінетін ауылдың бар көлігі атшана, шынжыр табан трактор. Одан қалса қар тапталған кезде жүретін ауыр мәшинелер.

 

Жанашыр туыстан маңайда ешкім қалмаған. Әкейдің бауыры қалаға көшіп, сүйеніп жүрген жалғыз туыстан қалған соң шешейдің күйініштен жылап жүргенін көріп мен:

 

– Апа, несіне жылайсыз? Мен ер жеттім ғой. Жасым он екіде. Малға қарай алам. Мектеп бітірген соң оқуға түсем. Жақсы оқып жатырмын ғой. Сосын бәрі орнына келеді деп жұбататынмын. Шешей болса орамалының шетімен көз жасын көрсетпей сүрте беріп:

 

– Соған жеткізсін!–дейді.

 

– Міне, енді бәрі дұрыс болады,–деймін әкейдің сөзін қайталап. Сөйтіп жүріп жаттық.

 

 

 

***

 

 

 

Мен сегізінші бітірген жылы ағам қаладан қайтып келді. Бұл кезде бір қыз, бір ұлы бар болатын. Жеңгеміз орта бойлы, мінезі көмпіс, артық сөзде шаруасы жоқ біртоға адам еді. Алдымен автобусқа отырып ауданға, одан жарты күндік жердегі облыс орталығына қатынау жазда болмаса басқа уақытта қиынның қиыны. Бірер барғанға көңілі тоқ болып шешеміз мені өсірудің қамымен жүргенде ағамның қаладан қайтып келуі оған уайым жамады. Шешейдің түн баласына уһлеуі жиіледі. Шашы ағарып қартайып кетті. Тумысынан қайратты, қиындықты жеңуге туған адам бойын тез жинады. Ағамның ажыраспақ болған жағдайын білген соң мүлде көңілсіз күйге түсті. Бос уақыты болса ағама:

 

– Үйіңе бар. Бала-шағаңа ие бол,–деп айтып жататын. Бірақ ағамның қалаға барғысы жоқ. Орманда ағаш дайындайтын орыстарға ілесіп ақша табуға аттанып кетті. Шешейдің көңілін аулау үшін:

 

–Ие, барам ғой үйге. Біраз ақша тауып алайын,– дейтін. Оның анда-санда келгенде киімін жуып, үсті тозып кеткенін көріп, үйге бармағанын сезетін де анамыз үндеместен ауданға барып, берген ақшаларына киім алып, артығын өзіне қайтаратын.

 

–Балаларға беріп тұр. Немерелерімді алып кел,–деп тапсыратын. Бірде ағам менің әлі көрмеген бауырларымды алып келуге аттанып кетті де бірер жұма жүріп өзі қайтып оралды. Кешке қарай шабындықтан келсек ағам үйде отын жарып жүр екен. Бізді көріп жымиып күлді де әлденеге кінәсі бар адам сияқты төмен қараған күйі біраз үнсіз отырды.

 

–Ғайшаны Торғайға туыстары көшіріп әкетіпті,–деді әлдебір дірілдеген дауыспен.

 

Бұл хабар бізге төтенше әсер етті.

 

–Балаларды да әкетіп пе? Апырай хабарласып айтса қайтеді екен. Бір ауыз сөзге келмегені несі. Сен бірдеңені бүлдіргенсің ғой. Ренжіткенсің ғой оны.

 

–Апа, ренжіспейтін адам бола ма?!! Бірақ бұлай болады деп ойласам бұйырмасын,–деді Ғаділбек.

 

–Енді сонау елге артынан қалай барам. Ерте кетер жанашыр туыс та жоқ араға жүретін. Апырай балам-ай осынша ақылсыз боларсың ба?! Әй, өзім де ішім сезіп еді бірдеңені,– деп шешем өкінумен болды.–Шіркін-ай алтындай балалар қайтпек енді. Балам-ай осынша ақылсыз боларсың ба?!

 

– Апа, кешіріңіз мені. Осындай болып өстім ғой. Ғайшаны ренжіттім. Жұмыс ауыр. Ақшасы бар болсын. Түкке жетпейтін. Содан шығып ұзын ақшаға қызықтым. Ағаш сатам деп ұсталдық қой. Қаладан қашып келіп осы жаққа паналадым. Шыны сол. Басқа кінәм жоқ.

 

– Балам онда жолыңа қаражат тауып, бала-шағаңды осы жаққа алып кел. Жат жерде не боларын кім білсін,–деген сөздерін шешем күн сайын қайталаған шығар. Сол сөздері арада жиырма жыл өтсе де жадымды бүгінгідей жатталып қалыпты.

 

Әрине ағам жеңгеміздің артынан бармады емес барды. Жолға қыстай қаражат жинады. Үйде айына бірер рет қана келіп қыстай орманда болатын. Көктем шыға бірер жұма дем алды да күн жылына шешейге берген уәдесін орындап бала-шағасын көшіріп әкелуге алыс жаққа аттанып кетті.
 

 

 

***

 

 

 

Көшіп келу біз ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты. Бірер айдан соң алыстан хат келді. Бізді қуантқан ағамның, жеңгеміз бен екі баласын қасына алып түскен суреттері, сыйлық болды. Ағамның ұлы тіпті мектепке баруға таяп қалыпты. Тәмпіш мұрны кішкене бұрымына жараса қалған сары қыз құдды аумаған шешеміздің өзі дерсің. Кішкене кезінде бірер рет көргені болмаса немерелерін қызықтап отырғаны осы. Оның өзінде суреттен ғана. Өстіп суретті алданыш қып –Ғаділбек көшіп келсе кірер,– деп түпкі екі бөлмені босатып, шешей екеуміз ауыз жаққа таяу бөлменің біріне көшіп алдық. Бірақ сол хаттан кейін жарты жылдай хабар болмай кетті де күзге қарай ағамнан тағы бір қысқа хат келді. Бұ жолы амандық қана айтып, қыстай осы жақта жұмыс істей тұрып, көктем шыға ел жаққа қайтатынын айтқан екен. Сабақтан келгенімде хатты ежіктеп отырған шешемнің қолынан алып оқып бергенімде осы ғана ма дегендей үнсіз отырып қалды да тағы бірдеңелер ұмыт қалмады ма дегендей мен жаққа жалтақтап қарап қойды.

 

–Осы,–дедім парақты көрсетіп. –Қысқа жазыпты. Жазда келеміз,–депті.–Ура, менің бауырларым болады. Ағам жазда келеді,– алақайлап жүрсем шешем:

 

–Жазға дейін уақыт көп қой,–деп менің қуанышымды бекер сияқты көргендей рең бермеді.

 

–Апа, әлі-ақ жаз келеді. Ағам келеді. Бауырларым да келеді,–деймін.

 

–Балам-ау, алда қыс бар ғой. Алты ай ғой…

 

–Түк емес,– деймін.

 

–Сендерге бәрі оңай ғой. Өйтпесе жас боламысыңдар.

 

Шешемнің айтқаны рас болып шықты. Алты ай ұзақ мерзім еді. Со жылы алты айда не болмады десеңші. Менің ақкөңіл, ер мінезді ағам алыс ауылда жұмыс істейді дедік. Бірақ оның тағы да істі болып сібір орманында ағаш дайындап жүргенін келесі жазда жазған хатынан бірақ естіп білдік.

                                               

 

***

 

 

Ағам енді бізге жазған хаттарында әйелі Ғайша, балалар туралы ештеңе айтпайтын. Сібір орманында үш жыл жүріп ағам ауылға қайтқанда мен де есейіп қалғам. Мектеп бітірер жылы ағам тағы да үйленді де анам екеумізді аудан орталығына көшіріп әкетпек болды. Бұл кезде анам сырттай тың көрінгенімен бұрынғы қайраты азайып, жасы да елудің ортасына келіп қалған. Со жылы ағамның үйінде ұзағырақ жүріп қонақ болып армансыз жаттық. Бұрынғы суық, салқын мінезді ағам көп ашылған. Жеңгеміз оқу бітірген мамандығы бар болса да онысына көңіл бөліп жатқан жоқ, ағам десе жанын салып тұрады. Шешемнің бұған риза болғаны соншалық:

 

–Қарғамның бағына қарай кезіктіргенін қарашы, о құлыным-ау,–деп келініне қызығып қарай беретін. Анам жұмыс әбден пысқан, тамақтың не түрін жасауға шебер, дәмді астың бабын келтіріп ұстайтын еңбекқор жан. Жеңгеміз де соған ұқсаған. Біз бақытты боп тұрып жаттық.

                                              

 

***

 

 

 

Бәрі де менің оқуға аттануымнан басталды. Со жылы шешем ауылдағы малының біразын сатып, маған жолға қаражат қылып берді де жан сақтауға деп бұзаулы сиыр мен бірер құнажын, 7-8 ұсақ мал қалдырды. Ұстауы қиын деп азайтқан түрі. Ағам болса баяғы «шабашка» деп аталатын жабайы бригадасын қоймады. Ақшаны күреп табады.

 

–Апа, үйде отырыңыз. Өзім асыраймын,– деп бірер күнге немерелерін көруге келген шешесін ауылға жібермей қоятын. Шешем аудан орталығы атанып кеткен орысшыл поселкеде бірер күн қонып қалғанда елегзіп үйге сыймай кетемін. Мен ағама қарағанда бойым ортадан сәл жоғары бірақ қара күш жағынан оған тең келе қоймаймын. Анамның –оқысаң оқи ғой балам,–деген сөзіне елігіп қалаға кетіп қалсам да көпке дейін қала тіршілігіне көндіге алмай жүрдім. Бірер күн демалыс болса ауданға тартып отырам. Қаладағы оқудың жіңішкелігі, қағаздан өңге жұмыстың жоқтығы, ескі жатақханада ылғи бойдақтардың жататыны ағама ұнамайды-ақ. Оңаша қалсақ:

 

–Соны қойсаң қайтеді,–дейді. –Енженер деген не ол, мәшинені қағаз бойынша оқисың ба?! Шопыр болсаң соны бірақ жылда үйреніп кетесің,–деп бұның еркектің жұмысы емес екенін түсіндіріп бағады. –Орманшы бол,– деп те көрді. Мен болсам енженер деп болмаймын, дәпбір самолеттің ұшқыш оқуын оқығандай. Шөлмектей болған түрімді көріп ағам:

 

–Қойсаң қайтеді осыны,– дейді. 

 

–Екінші курс қой. Тағы бір-екі жылда бітеді,–деймін.

 

–Мынауың адамды тірі азаптау ғой. Сонда пәленбай оқытушы пәленбай тапсырма беріп басымды қатырады десеңші. Қалай мәңгіріп кетпейсіңдер сендер,–деп таң қалады. Өзінің жас кезінде оқуға түсе алмай қалғанына намыстанып ауылға бармай қойғаны есінен шығып кеткен.

 

–Қағазға қарап білгіш болған адамды көрген жоқпын. Қолмен істеп нәтиже жасағанды ұнатам,–деуден жалықпайды.

 

Мен болсам осы жолға бәрін салып оқып жаттым. Анам болса есейе бастаған немересін қолына алып ауылда тұрып жатты.

                                             

 

***

 

 

Оқу бітірген соң қызмет табылмады. Бұл уақта баяғы колхоз мүлкі жекешеленіп кеткен. Диплом алып жұмыс таппаған мені Ғаділбек ағам әбден  қыжыртты. –Тым болмаса орманшыны оқымаған екенсің. Саған не жұмыс тауып берем енді,–деп қиналды. Кірпіш зауытына келіп қара жұмыс істемесең не істейсің басқа,–деген сөздерінен соң расында осы ағамның айтқаны дұрыс-ау,– деп ойладым. Өзімді өмірге түк икемі жоқ біреу сезінетін жағдайға келдім. Жасым жиырмадан асты деп айтуға ұяламын. Ағам маған:

 

–Сені жасыңда менің екі балам болған,–дейді. Оның қашан үйленгенін де есептеп жатпаймын. Әйтеуір бірдеңенің тетігін ұстағым келеді. Үйлену ойда бар. Бірақ реті келетін емес. –Өмір неткен қиын едің,–деп қоямын. Иә, бәрі біз ойлағандай емес екен. Поселкедегі жұмысты олқы көріп, қалаға келдім. Ойым қаражат табу. Ойлана келіп ақыры қара жұмысқа жегілдім.

                                                

 

***

 

 

Бұл оқиға менің ағаммен арамыздың салқындауына алып келді.

 

–Айттым ғой,–деді ол. –Мен бірдеңе білем ғой. Бос кеткен қайран уақыт. Әлі де кеш емес. Кел бізге «шабашкаға» кел,–дейді.

 

Бұдан соң ойламаған нәрсе болды. Мені әскерге алып, алты ай оқытты да –офицер боласыңдар,– деп командирлер даярлайтын курсқа жіберді. Айналасы бірер жылда сымдай тартылып әскери адам болып шыға келдім. Енді қайтам деп жүргенде әскери бөлімге командир болуға сұраныс түсті. Сөйтіп әскери өмірім басталды да кетті. Тамақты казармада ішесің. Айлығы тәп-тәуір. Бірақ мына өмірімді ағама көрсеткім келмей бірер жыл хабарсыз жүргенімде бір күні өзі іздеп келді. Анама жазған хаттың соңындағы адрес бойынша тапқан екен.

 

–Енді сен үйлен. Анамыздың сөзі осылай, –деді ағам.

 

–Аға, осы сөзді бұрын анамыз сізге неге айтпаған,–деп қоямын бәрінің мені айналдыра қалғаны ұнамай.

 

–Мен бұл мәселені айтқызбай-ақ уақытынан бұрын орындадым ғой,–дейді ағам тағы.

 

–Тағы ойланып отырсың ба?!! Бүйте берсең өмірің суық казармада өтеді. Үйлен анамның тілегін орында. Оқыған азамат болдың. Маған қарағанда көзің ашық. Ақылды сен беруің керек. Мен болсам жеті жылдықты бітірген қаратабанмын. Сенің білімің бар. Ақылың толды. Жұмысың жаман емес, қалғаны өзі бола жатар. Сөйт, бауырым.

 

–Жарайды аға! Біраз уақыт беріңіз, айтқаныңызды орындаймын. Анама сәлем айтыңыз,– деп ағамды сөзбен жұбатып шығарып салған болдым. Бұдан соң мені алыс шекаралардың біріне қызметке жіберді де бірнеше жыл тек хат арқылы ғана хабарласып тұрдық. Анам болса бұл шақта зейнетке шығып немерелерінің қасында отыратын. Өзімнің алыс жақта жүргенімде анамды жалғызсыратпай жиі хат жазып, немерлерін алданыш қылуға жағдай жасаған ағамның жақсылықтарын жиі есіме аламын. Бұрынғы көрген қиындықтарды ойласам бір орнымда тапжылмай көпке дейін отырам.

 

Иә со жылы мен үйлендім. Анам шексіз бақытты еді. Көптен күткен немересін де көрді. Ағамның бұрынғы әйелімен кеткен тұңғышы мектеп бітіріп ол да әкесін, туыстарын іздеп келген.

 

Мен отан шекарасын күзетіп әскер қатарында қалдым. Міне, оған да жиырма жыл. Анам болса сонау Алтай тауының етегіндегі үлкен ауылда немересімен әлі де тұрып жатыр. Бүгін мені алыс жақтан ағам іздеп келді. Себеп біреу ғана, бауырын сағынған. Бұрынғы болмысы сәл өзгеріпті. Толысып жігіт ағасы болған.

 

Қалың шашы бурыл тартыпты. Өзіне сенімді, өмірдің ой-қырын көріп әбден таныған, шалымды, туысы үшін барын беруге әзір, туған бауырын алыс жақтан іздеп келген ағам осы.

 

Менің ұшар қанатым, сыңар егізім, сағынсам іздеп келер жан бауырым, асыл мінездің төресі. Мен үшін ең кемеңгер, ақылшы, қамқоршы, барын аямайтын жан бауырым менің. Туған ағам.  Ағам менің!

 

Маған сүйеніш оның өзі ғана емес, туыс десе жанын үзетін ағам сияқты ірі денелі, кең мінезді бауырмал ұлдары. Олар мені тойға жиі шақырады. Әлдебір себеппен бара алмасам артымнан өздері іздеп келіп менің өмірімдегі тіршілік атаулы дұрыс болып жатқанына көздері жетпей тыншымайды. Бірақ менен көмек сұраған емес. Екі ұлымды үйлендіргенде олардың қотарыла көшіп келіп, қиыр шеттегі теңіз жағасындағы қалада айлап қасымда жүргенін көрген құдаларым бұларды жақын тартып, ынтызар туыс, көңілі жуық  жекжаттарындай қоян-қолтық араласып кетті. Бір-біріне алыстан тұрып демейтін, қарайласатын болды.

 

–Ағам бар,–дегенге алыс ағайындай көріп жүрсем нағыз жанашыр туыс сенде екен. Ағаңның көңілін ешқашан қайтарма, анаңды көшіріп әкелемін деп, ықыласына қаяу салмай таңдауды өзіне қалдыр. Егер немересі жақсы қараса несі бар, анаңның арманы орындалғаны да,–деп менің толғанып жүрген ойларыма да өздерінің ақылын қосты.

 

Тұрағым теңіз жағасы болғанмен көңілім Алтайдағы кішкене ауылда. Сол өңірге сіңісіп қалың қарағайлы ормандай елдің ортасында тіршілік кешіп тұрып жатқан ағамның өмірі менің алдыма адастырмай жол салған ыстық та жанымдай жақын бауырмалдық белгісіндей, көзімнің қарасындай, көңілімнің қалауындай, жанған оттың қызуындай жалынды өмір сияқты айналасына жарық шашып лаулайды да тұрады.
                                                                                 

 

Алматы. 2018 жыл.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz
https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/3471


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here