Зейнел-Ғаби Иманбаев
ҚЫЗЫЛ ГАЛСТУК
Ермек пен Елдос аулаға шықты. Оқудан келген беттері. Екеуі неден бастауды ойлап отыр. Бидайлы даланы қақ жарған үлкен жолдың бойы ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар. Көшені бойлап үлкен жүк машина жүйткіп өтті.
– Әлгі әскерлердің машинасы болды ғой, әскери адам жүргізіп барады, – деп үн қатты Ермек. Елдос үндемеді. Ол әкесінің жанына отырып, комбайнмен егін орғандарын көз алдына келтіріп тұр еді.
– Әй, Елдос, әлгі машина тұрып қалды! – деп Ермек абыржып айғайға басты.
Екі бала шарбақтың үстіне шықты. Сұр киімді арықша келген әскери адам мотордың жабуын көтеріп қарады, біраз айналшықтап жүріп алды.
- Жүр, Ермек, барып көрейік.
- Жүр.
Екеуі шапқылап жетіп келді. Бұл кезде жүргізуші дәу машинаның астына кіріп, бірдеңелерді бұрап жатқан. Әскери адам тұрып үстін қақты да:
- Жігіттер, сендер қайдан келе қалдыңдар? – деп сұрады.
- Ауылдан.
- Сендерге тапсырма берсем, орындар ма едіңдер?
- Орындаймыз, – деп екі бала қабаттаса үн қатты. Жүргізуші қойын дәптерін тізесіне қойып, бірдеңелерді жазды да:
- Осыны кеңседегі біздің бастыққа беріңдер, жарай ма?– деді.
Ермек қағазды алып, жүгіре жөнелмек еді:
– Тоқтай тұр, мұны жауынгерлік тапсырма дейді. Сондықтан біріңді командир етіп тағайындаймын, командир мына бала болсын! – деп, кішірек бойлы Елдосты көрсетті. – Оның айтқанын екі етпей орындауың керек.
Екі бала қайыра жүгіріп жетті. Ентігіп тұрып тапсырманы орындағандарын мәлімдеді. Өтініш бойынша жеткен көшпелі шеберхана бұзылған көлікті әп-сәтте жөндеп берді.
- Рақмет, балақайлар! – деп әскери адам жүруге бет алды. Ермектің бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын іштей сезіп:
- Айта ғой, балақай! – деді сәл күлімсіреп.
- Командирлікке мені емес, Елдості сайлағаныңыз не? – деп сұрады бала.
- Елдостың мойнында қызыл галстук бар екен, сондай бала ғана командир болуға лайық, – деп жауап қатты әскери адам.
Ермек ойланып қалды.