Зейнел-Ғаби Иманбаев   

АТАЙДЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Жақсыбай атайдың жалғыз баласы соғыста қаза болды. Шүйкедей ғана  кемпірімен екеуі ауылдың шет жағында, оңаша үйде тұрды. Атай бет-аузын сақал басқан, жуантық тапал адам. Етжеңді, жүзі нарттай қызарып жүретін. Сонысына қарап ол жаңа жыл кешінде Аяз ата болып ойнаған балаға ұқсайтын. Жайдары мінез қарияны ауылдың балалары түгел жақсы көретін, сыйлайтын.

Бірде Әскер мен Әбен екеуі мектепке кетіп бара жатып, қарттың бір арба шөпті қораның төбесіне айырлап лақтырып жатқанын көрді. Атай аласа бойымен балаша тырбаңдайды. Мектепке әлі ерте, уақыт бар-ды.

          –   Жүр, атайға көмектесейік! – деді Әскер қасындағы бадырақ көз қайыс қара балаға.

Жолдасы Әбен үнемі томсарып жүретін енжар мінезді еді.

  • Көрінген үйдің жұмысын істеп нем бар? Ол түгіл әкем мен апам өз үйіміздің де шаруасын істетпейді маған, – деп Әбен жақтырмай қалды. Жолдасы оған тіл қатқан жоқ, адымдай басып Жақсыбай атайдың  жанына келіп  сәлемдесті де,  айырын  алып, шөпті  лақтыра бастады. Шағын денелі пысық бала терлеп кетті.  Шөпті төбеге шығарып болуға жақындатып келеді. Әбен болса портфельдерді құшақтап  қалшиып тұр. Оған жолдасының жұмысы  әурешілік, орынсыз  жан  қинау болып көрінді.
  • Өзінше жігіт болғансиды, әй  мақтаншақ! – деді ол іштей күліп.

Әбеннің ойы сабақ жайына ауып еді. Есеп сабағынан берілген тапсырманы орындамағаны есіне түсті. Басқа сабақтар да дайындалмапты. Кеше бір мезгіл сабаққа отырды,  көп ойластырды, тапсырмаға түсіне алмады, тез жалыға қалды. Осыған орай тыста доп ойнаған балалардың дауысы естілмесі бар ма. Оқулықтарын шала-пұла жинап, жүгіріп шықты. Содан әбден қараңғы түскесін оралды да,   жатып ұйықтап қалды. Ояна келсе оқуға баратын уақыт екен. Мұғалімге берген кешегі уәдесі тағы орындалмады. Балалар бүгін тағы күлетін болды. Әбен өзінен-өзі қысылды. Портфелін ашып жіберіп, дәптерлерін, кітаптарын атүсті ақтарып, тапсырманы іздестірді.

Шөп тез үйіліп бітті. Әскердің тершіген жүзі қызыл жирен болыпты. Жақсыбай атайдың аппақ сақалына шөп үгіндісі жабысып тұр. Атай насыбайын иіскеп қатты түшкірді де, қарқылдап күліп жіберді.

          –  Әбен шырағым, сен бүгін сабаққа дайындалмапсың-ау, осы рас па? – деп сұрады.

          –  Рас, – деп күбірледі Әбен.

          –  Сенде екілік бар ғой, солай ма, балам?

Әбен үндемеді. Атай насыбайын тағы бір иіскеп:

  • Оқуды мына Әскер баладай оқыған дұрыс болады! – дегенде кішкене қысық көздері күлімдеп тұрды.

Әскер мен Әбен мектепке қарай үнсіз келе жатты. Әбен жолдасына қатты өкпелі еді.

  • Ой, мақтаншақ, –деді ол бір кезде.– Мені атайға  жамандап, өзіңді мақтағаның не?
  • Жоқ, мен оған ештеңе дегем жоқ, – деді Әскер.
  • Айтпасаң ол менің сабаққа дайындалмағанымды, екілігім барын қайдан білді? –деді Әбен жыламсырап.
  • Мен айтқам жоқ, – деді Әскер, – нанбасаң, атайдың өзінен сұрайық.

Оқудан қайтып  келе жатып балалар Жақсыбай атайға қайта кездесті. Атай насыбайын иіскеп күле берді.

– Маған Әскер айтқан жоқ. Мен білем, жалқау баланың қашанда екілігі болады. Үлкендерді де сыйлай білмейді, – деді қария.

Әбен қызарып кетті.

 

                                                                           


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here