Сабыржан Әбілмәжінұлы – Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, журналист

                    Жігерлі жазушы

Солтүстік Қазақстанның қасиетті топырағында  туып,  еліне  еңбегін  сіңіре  білген  жазушы  Зейнел-Ғаби  Иманбаевтың  кіндік  кескен  жері  Сергеев  ауданындағы  Ортақкөл  ауылы.  Зекеңнің  асқақ  арманына  науқас  болуы  бөгет жасап, өмір университетінен тәжірибе жинақтап,өз білімін өзі жетілдіріп, дарынының арқасында әдеби ортаға келді.

Зейнел-Ғабидың  тұңғыш  очеркінің  тұсауын  1953  жылы  «Жұлдыз»  журналы кесті.  Жазушылар  еңбегінің  бәрін бірдей  баса  бермейтін  «Жұлдыз»  журналы  Зекеңе  қолұшын  созып, өмірге өз  реңімен  келген  жазушы  барын  республика оқырмандарына паш етті. Әдеби жолды астаналық  журналдан  бастаған  Зекең  облыстық  «Ленин  туы»  газетінен  бастап,  республикалық  баспасөзде    жиі  көріне  бастады. Арада алты жыл өтпей жатып  «Бастама»  атты  тұңғыш  әңгімелер  жинағы  жарық  көрді.  Зекеңнің  әңгіме-очерктері  мектеп оқулықтарынан да өз орнын таба бастады 1960 жылы  «Сырымбет» кітабына енген әңгімелерінен кейін 1966 жылға  дейін өз оқырмандарына он екі айда бір кітап ұсынуда жазушы  қаламынан  шыққан  еңбектерге  төгілген  тер  тегін  еместігін, елін сүйген жазушының қаламы ұштала түскенін  көрсеткендей еді. Ел ерлерін көнекөздер айтуымен ғана емес, қажетті деректерді мол жинап, сонын негізінде халық арасында ауызға  алынған аға ұрпақтарды ұмыттырмай бірнеше повестер жазды.  Олардың  арасында  ерекше  көзге  түсетіні  1921  жылы  қаныпезерлер  қолынан  қаза  тапқан  Құрманғали  Бошатаев  жайлы  жазғаны  еді.  «Жазушы» баспасынан  1971 жылы  жарық көрген «Сұңқар туралы жыр» деректі повесінің басты  кейіпкері де сол Құрманғали Бошатаев болатын. Жазушы  Зейнел-Ғаби  Иманбаев  мектебінің  қайнар  бұлағы-ауыл мен облыстағы жасы үлкен, көзіқарақты, көңілі  ояу  ағалары. Өзінің  қызметіне нұқсан келтірмей,  жазу үстелін  еңбек  майданына  айналдырған  Зекең  облыстағы  көп  қарттың бірі — белгілі заңгер Мәлгаждар Әуелбековпен де  жиі хат алысып, тың туындысына пікір естумен қатар, алдағы  межесі жайлы хабардар етіп тұрған. Бірі-аға, бірі-іні ретінде  көңілдес, пікірлес азаматтардың кездесуде айтып үлгермеген  ойлары хат арқылы  жалғасын  тапқан. Жасының  үлкендігін  пайдаланған Мәкең Зейнел-Ғабиге былай деп өлең де арнапты:

 Әр уақыт кездесе бер жақсы жайға,

 Тілектес мен боламын осындайға.

 Өнерің өрлей берсін өрге қарай

 Биіктеп, ғарышкердей шықшы айға.

 Хатыма тұңғыш жазған көңіл салдың,

 Құрбыңның өзің теңді берме алдын.

 Сен жазған шығармалар түсті   көзге,

 Көп рахмет, көтеріпсің біздей шалды.

 Зейнелжан, саған арнап жаздым өлең,

 Өлеңге қартайсам да көңіл бөлем.

 Мен ақын болмасам да ақын депсің,

 Қоймастан сол әдетті әлі келем.

 Бақытың өсе берсін айтарым сол.

 Алдыңда ашық жатыр бір даңғыл жол

 Өмірің ұзақ болсын мен тілеймін

 Шырағым, Зейнелжан, әкелші қол! –деп жазған бұл жолдардан ағалық  ақ  ниетті  білдіруге  арналғанын,  өзі  қадір тұтқан інісіне бата бергенін байқаймыз. Ақ ниетті ағасының  алғаш  хатына жазған  жауабында:  «Дала  халқын жаңа өмір  орнатуға  бастаған…  бұл  күнде  қатарлары  сиреген  ардагер  ағалардан  жақсы  сөз  есту  жаңа  шығармашылық  күш-жігер  әкеледі» – дей  келіп –  «кездесіп  едік,  уәделесіп  едік…  тірлік  шырғалаңынан бара алмаппын. Айыбым үшін екі кітабымды  жіберіп отырмын» —  депті 1980 жылдың сәуір айында. Иә, жазушынын елуден астам әр түрлі шығармаларынан,  ондаған  кітаптарынан  облыстық  кітапхана  көрме  ұйымдастырғанда  Зейнел-Ғабиды  жақсы  білем  деушілердің  көбі қайран қалдырды. Өйткені, оның кейбір шығармалары біздің  көзге түсе бермепті, қолымызға тимепті. Жақында жазушынын Алматыда тұратын, Қазақ радиосының қызмет істейтін қызы Алтын қарындасымыз телефон шалған  еді.  Амандық-саулықтан  кейінгі  білген  жаңалықтарымды  ағайындарға да жеткізгім келеді. Республикалық баспасөз, оның ішінде «Қазақ әдебиетінде»   Зекеңді  еске түсіріп, денсаулығымен санаспай еткен еңбегін  ерлікке теңеген мақалаларды жарыққа шығара бастағаны бізге үлгі болуға тиіс. Қазақстан  Жазушылар  одағы  жазушы  Зейнел-Ғаби  Иманбаевтың жетпіске келген мерейтойын облысымызда атап  өту шараларын белгілепті. Бұл мерейтойға мұрындық болған үлкен қоғам қайраткері Мақтай Рамазанұлы Сағдиев екенін ерекше атап өту абзал. Ол кісі облыс әкімі Владимир  Гартманмен достық қарым-қатынаста еді. Мақтай Рамазанұлының тойды ұйымдастыру жөнінде облыс басшысына өтініш айтқан. Облыс әкімінің бұйрығымен Сергеев ауданының әкімі Тасбай Симанбаев тойды ұйымдастырып, жоғары деңгейде атап өтті. Алыстағы ағайындар ауызға  алып,  қам  жасауға  кіріскенде  жерлес  басшылар  да  қарап  қалмас. Есіл өңіріне аты мәлім жазушы тойын ел тойындай  өткізер деген үміт сәулесі бойды билейді. Сол тойды өткізуге  мүдделі  азаматтар  да  өз  үлестерін  қосуды  ойлап  жүрген  көрінеді. «Көп түкірсе —  көл» дегендей, азын- аулақ қаржы  аударатын банкті, онық есеп-шотын да білгісі келетіндер де  аз емес. Бұл сәтте облыс әкімшілігі үнсіз қалмас, өз сөзін айтып, облыс жұртшылығын  Зейнел-Ғаби  мерейтойын  өткізу  сияқты игі іске жұмылдырар. Бұл жағынан Мағжан, Сәбең,  Сафуан тойларын өткізген тәжірибе де бар емес пе? Аютас өңірі өнерпаз, ақын, ғалым, жазушыдан құралақан  еместігін  білмейтіндер  кемде-кем  шығар.  Олардың  бәрін  тізбесек  те, Зейнел-Ғаби  есімін де  есте сақтарлық белгілер  қажеттігін айту қажет. Өзі оқыған Баян орта мектебіне, өмір  сүріп,  қызмет  еткен  «Приишим»  кеңшарына  Зейнел-Ғаби  Иманбаев есімі беріліп, сол елді мекеннен жазушы өмірі мен  қызметіне арналған мұражай салынып ашылса, құба-құп болар еді. Заманның қиын кезінде тойға құмарлар көп екен дегенді де естіп жүрміз. Бірақ, асты ысырап етіп, онда «ақаңды»  төгу емес,  халық дәстүріне сай әдеби оқу,  ұлттық ойындар  өткізіп,  жазушыны  көзі көріп,  дәмдес әрі  еңбектес  болған  жерлестерінің,  ел  азаматтарының,  әсіресе,  Қазақстан  Жазушылар  одағының  мүшелері  Бақыт  Мұстафин,  Мүтәллап  Қанғожин, басқа да қаламгерлердің естеліктерін тыңдап, пікір  алысса несі артық? Осы ой-пікірге қосылып, өз ұсыныстарын  айтар, Зейнел-Ғаби Иманбаев еңбегіне, есіміне сай шаралар  жүзеге асырылуынан жерлес ағайындар сырт қалмай, қол  ұшын берер деген үмітке толы сенім барын білдірдім. Ендігі  пікірді облыс пен Сергеев ауданының лауазымды азаматтары,  жазушыны жақсы білетін жерлестер сөзінен біліп, баспасөз  арқылы оқып  радио, теледидар арқылы тыңдап көрерміз.

                                 ***

 

 Өзіміздің Со


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here