Зейнел-Ғаби Иманбаев 

ТҮЛКІ МЕН ҚОЯН

Аш түлкі інінен шықты. Тоғай арасында талай күн жортса да,

аузына ештеме іліге қоймап еді. Еріген қар мен тасыған судан

бассауғалап, тышқандар індеріне тығылып қалыпты. Бұрын қар

астына жасырынатын қара құрлар ағаш басына шығып кетіпті.

Түн қараңғылығын пайдаланып, түлкі тағы жем іздеуге шықты. Жел уілдеп тұр. Тал басы елбең қағып, үйеңкілер толассыз теңселеді.Тоғай шетіндегі жарқабақ астында сең жүріп, Есіл тасуда.

Түлкіге де керегі осы. Ағаштың шуылы, өзеннің гүрілдеген үні түлкінің сыбдырын білдірмейді. Түлкі күртіктен күртікке секіріп, енді бірде аппақ тамағын жерге төсеп жата қалады. Сүп-сүйір тұмсығын желге тосып, иіс алады. Бір кезде жыртқыштың көзі ұшқын шашып тұра қалды. Ол алдында бір аң барын сезді. Түлкі жерге жабыса ілгері жылжыды да,  шоқ талға қарай атылды. Ұйтқыған жел жаңылдырды ма, түлкі мезгеген жерінен асып түсті. Тушадай ақ қоян тал түбінен ата жөнелді. Қоян алда, түлкі артта, шытырман жыныс, нудың арасымен құйындатып келеді. Шошынып, беталды қашқан қоян бір кезде Есілдің жарқабағына келіп, кілт тоқтады. Жалақтап түлкі де жетті. Қоян сең үстіне ытқыды. Түлкі де соңынан секірді. Екеуі мұз үстіне қатар түсті. Қатты ағын сеңді жұлқып ала жөнелді.

Тулаған толқында үйдей сеңдер жаңқадай дөңгеленіп, күтір-күтір омырылады. Енді қояннан да, түлкіден де ес кетті. Қоян бейшара жырық ерні салбырап, қалш-қалш етеді. Түлкі тұмсығын мұзға төсеп, бұға береді. Сеңдерге соғыла-соғыла, бұлар отырған мұз бірте-бірте кішірейе берді. Сең үсті тарылған сайын қоян мен түлкі бір-біріне жақындай түсті. Енді бір кезде екі дұшпан бір-біріне тығылды. Қымсынар қоян жоқ, қайта түлкіні ес көргендей. Сөйтіп,  су апаты олардың дұшпандығын ұмыттырды.

Есіл арнасынан асып, алқапқа лап қойды. Көп ұзамай тоқымдай мұз бір қыраттау жерге шықты. Сол кезде қоян құрғаққа қарай атылды. Түлкі де оның соңынан секірді. Қоян қырға шоқаңдай жөнелді. Түлкі су болған жүнін  тілімен жалап отырып қалды.

                                                                                                                  

 

                                                    


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here