Ермек Серкебаев Қазақ радиосында диктор болған 

Ермек Серкебаев (1926-2013) – әнші (баритон). Қазақстанның халық артисі, КСРО-ның халық артисі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның профессоры. Әнші опералық портреттердің әдемі галереясын жасады. Е. Серкебаев сомдаған образдар арасында ұлы Абайдың тұлғасы، Брусиловский мен Рахмадиев операларындағы Ер Тарғын және Алпамыс образдары бар. Оның репертуарында сондай-ақ, қазақ, орыс халық әндері, камералық шығармалар орын алған. Ол қазақтың вокальды қазіргі замандық музыкасын үздік орындаушы. Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 1926 жылы 4 шілдеде, Қызылжар қаласында дүниеге келген. Үшінші сыныптан кейін Алматыдағы № 54 мектепте оқуын жалғастырған Ермек Серкебаев жетінші сыныпқа көшкенде П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищеге ауысты. 1941-1943 жылдары П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде скрипка класы бойынша оқыған Серкебаев отбасының материалдық жағдайы қиындағандықтан, оқуын тастап кетуге мәжбүр болды. Тағдыр оны радиоға дикторлыққа әкелді, оған қоса киностудияда қызмет атқарды. Оның операға келуіне хор жетекшісі Антон Максимович Москаленко әсер етті. Серкебаевтың скрипкада ойнай білетінін естіген Москаленко оны хорға әншілікке шақырды. Ермек бірден әйгілі опералардағы классикалық арияларды орындай бастады. Мәскеуде әндерін үнтаспаға жаздырды. Сол кезде Левинтанмен танысады. 1946 жылы консерваторияға қабылданады. Е. Серкебаев консерваторияны 1951 жылы Кургановтың сыныбында тәмамдаған соң опера және балет театрына оралады. Консерваторияны бітірер жылы Абай рөлін орындайды. Одан әрі «Евгений Онегин» операсында – Евгений, «Травиатадағы» – Жермон рөлдерін жоғары дәрежеде шырқайды. Келесі рөлі – «Севиль шаштаразындағы» – Фигаро. 1951 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (вокал бойынша) бітірген. Студент кезінде Абай атындағы Опера және балет театрының шығармашылық ұжымына қызмет істеген. Абай партиясын (А. Жұбанов пен Л. Хамиди, «Абай») орындаған. 1973 жылы Алматы консерваториясының жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы болған. Серкебаев орындаған партиялардың ішінде Қожағұл, Амангелді (М. Төлебаев, «Біржан мен Сара»; М.Төлебаев және Е.Брусиловский, «Амангелді»), Абай, Серке (А.Жұбанов пен Л.Хамиди, «Абай»; С.Мұхамеджанов, «Айсұлу»), Тарғын, Артем (Е.Брусиловский, «Ер Тарғын», «Дударай»), Онегин, Елецкий (П.Чайковский, «Евгений Онегин», «Қарғаның мәткесі»), Петруччио (В.Шебалин, «Асауға тұсау»), Фигаро (Дж.Россини, «Севиль шаштаразысы»), Валентин («Фауст»), т.б. бар. Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, орыс және шет ел композиторларының шығармалары бар. Шет елдерде (Румыния, Пәкістан, Франция, Үндістан, Қытай, Бельгия, Куба, Швейцария, Швеция, Финляндия, т.б.) өнер көрсеткен. Киноға да түскен («Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», т.б.). 7-шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 8-11-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Вокалистер конкурсының (Будапешт, 1953) лауреаты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1977) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1972) иегері. «Музыка» номинациясы бойынша 2000 ж. «Тарлан» сыйлығын жеңіп алған. «Отан» , 2 мәрте Ленин, Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдармен марапатталған.

 

 

 

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here