Радиосы қазақтың

Қазақтың радиосы таң атпастан сайраса, сілкіндіріп қабақты ашқан құдірет сөз тұла бойға қуат құйып, тұрғызар алды-артына қаратпастан

                                    Тұрсынзада Есімжанұлы

      Радио ағзамнан шыққан үн, дауыс-ұрпақтың рухани келбетін, халықтың тұлғасын сомдайтын көрнекі құрал.

      Көпшілік дикторлық мамандықты қолына ұстатып кеткен дайын дүниені оқып беретін қызмет деп ойлайды. Күні бүгінге дейін солай ойлайды. Сабылып іздеп жүрген журналистер мен мойнына зілдей дыбыс жазу аппаратын асынып алып, терлеп-тепшіп кейіпкер іздеп, күндіз-түні дамыл таппайтын редактор қауымның еңбегін осы дикторлар жан-жүрегінен өткізіп, халқына ұсынатын жауапты қызмет екенін түсінгілері келеді.

      Диктор кісіден саналы журналист шығуы мүмкін, ал журналистен

нағыз диктор шыға ма?  Бұл мамандық та өнер, өнер болғанда да қыр-сыры көп күрделі өнер.

      Театр сахнасында әртістер екі, үш сағат көлемінде үлкен бір саналы өмірді көрерменге қызықты етіп, жетесіне жеткізе суреттесе, диктор микрофон алдында оқып отырған шығармасын /әңгіме, поэма, тіпті соңғы  хабарлар/ тыңдарманыма жеткізсем, сол шығарманы өзі оқығандай, түсіндірсем деп аласұрады, армандайды. Теледидар жүргізушінің экрандағы бейнесін көріп отырып, оның қалт еткен қимылына, саз сараптасына тіпті үстіндегі киіміне де сынай қарайсыз. Өз бағаңызды беріп те үлгересіз. Радио дикторларының әріптестерінен айырмашылығы сол  көрінбейтіндігінде. Радио маманы кім үшін де құпия тұлға. Қорапшадан дауысты ғана естіп, сол үн арқылы санаңызда бейне жасайсыз, суретін саласыз, мінез – құлқын саралайсыз.

      Әр адамның дауысы оның куәлігі, бөлінбейтін бөлшегі. Өйткені дауыс үн әрқашанда онымен бірге, өзгермейді, уақыт өзгерте алмайды. Сіздің үйдің бір мүшесіндей сағына қауышасыз. Диктор болу екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес. Өздеріңіз тыңдаған хабарды өмірге әкелу үшін ондаған қызметкердің маңдай тері төгіледі. Олар журналист – редактор, режиссер, үнтаспаға түсіруші операторлар. Хабардың  осыдан кейінгі тағдыры диктордың шеберлігіне байланысты. Олай болмаса әлгі үлкен ұжымның еңбегін далаға кетіресің.

      Жетпісінші жылы мен жұмысқа орналастым. Дикторлар қауымы рухани дүниенің нәзік жандары еді. Жаңа жұмысқа келген мен үлкендерге ұқсағым келді.

      Белгілі дикторлары Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Мырзабек Қуатбеков, Омархан Қалмырзаев, Мина Сейітова, Қатира Әзімбаева, Сара Омарходжаева, Жәнел Асқарова сынды дарынды аға-апаларымыз бізге үлгі-өнеге, аса қамқор жандар болды.  Әсіресе Сара Омарходжаева мен Мәмбет Сержановтың қамқорлығын көрдім. Сара апамызды алғаш көргенімде үстінде   мол тігілген жасыл көк крепдишен көйлегі бар екен, ақжарқындығын көріп, аса мейірімді  жан екен деп түйдім. Сара апамен алғаш студияға бірге кіріп қатар отырдық.  – Мына тетікті бассаң сені бүкіл қазақ елі тыңдайды,- деп түсіндіре бастады.  Мен: – Сара апа, мен микрофонның алып күшінен қорқамын, – дегенім әлі есімде. Сонда апай:

-Балам-ай, менің Бауыржаныммен жас екенсің. Өзің өнер институтының түлегісің, микрофон алдын сахна деп түсін,- деп еді.

      Ал Мәмбет аға болса қара қылды қақ жаратын адал, ақ-қараңды тез-ақ біле қоятын сұңғыла кісі еді. Ол кісі дикторлар ұжымының жетекшісі болды. Мына дүниеде Мәкең сияқты көңілі кең, басқаға болсыншы деп жататын кісілер жетіспейді. Өмір жолымда бірге туғандай аға бола алған, қамқор бола алған азаматпен бірге қызметтес болғаныма бақыттымын. 

      «Құлақтан кіріп, бойды алар» демекші, біздің оқыған сан алуан тақырыптағы туындыларымыз мағынасы ашылып, мыңдаған жүректерге жетіп жатқаны үшін  өзімді бақытты санаймын. Шығармашылық бақыты деген осы да!…

Халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының

лауреаты, телерадио бағдарламаларының

республикалық байқауындағы «Алтын

жұлдыздың» иегері, Жарасқан Әбді-

рашев атындағы бәйгенің дипломанты,

Қазақ радиосының ардагері                                Ұлжан Пармашқызы

 

 

 

                                                                    


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here