Болат Қожахметов – журналист

                               Қаз – қалпында

 …Тыста  түз  түні  төсіне  боран  түнетіп  тұрса,  үйде  де  шаңырақты  көтерген  шау  көңілдер  алай-дүлей.  Әсіресе,  Жақып  ақсақал  «сыртқа  елеңдеп  қарайды».  Түнгі  10-ды  көрсеткен сағаттың сыртылын санаған көзі көңілін түрткілеп  тынбайды: «Апырай, әлгі бала неге кешікті?»     «Бір  кезде  шым  үйдің  есігі  шалқасынан  ашылып,  қараңғыдан аппақ адам қорбаңдап кірді. — Табылды ма? — Жоқ. — Қайдан іздедіңдер? — Мына Ақсуат, Сулы, Батпақкөл жақты шолып шықтық.  Жылтыраған бір от көрінбейді. Мотор үні де естілмейді. Тіршілік біткенді жалмап-жұтып қойған сияқты. Жақаң  қарт  ауыр  денесін  көтеріп  орнынан  тұрды»  (З-4  беттер). Осылай Жақып  бастаған ауыл адамдары    құлазыған медиенге дән дарытуға келген тыңның алғашқы қарлығаштарын  іздеуге  шығады. Күпсек қардың құйын қуған қақпақылымен  жолдан  көз жазып  қалған оларды тракторлары жарлауытқа  киліккен жерден аман-есен ұшыратып, боран   астында қарсы  алады. Тың көктемі туған сәт естен кетер ме?! Ұлы науқан, ұлы  дүбір басталып кетті. Сондағы қартты ойлағаны: «Ата-бабамызға сараңдық жасап келген қатігез даланы бүгін тың дейді. Бұл дала дегенің  игерілмей жатқан тың байлық екен-ау…» (14 бет). Бұл — «Тың көтеру осылай басталды» деген деректі әңгіме.  Әңгіменің тіл бояуы қанық: тайға таңба басқандай шегелеп  жазады автор. Әсіресе психологиялық    параллелизм ұнайды  —  табиғат пен адамның шамырқанған сәттері астасып жатыр. Әңгіменің көтеріңкі түйіні де орынды орайласқан: «О,  садағаң кетейін, қасиетті туған жер! — деді қарт тебіреніп».  Ең бастысы, ол деректі, бәрі де қаз-қалпында. Әңгіме сонысымен де қымбат, құнды. … «Сағаң    дәрігерлік    мамандыққа ынтықты.  Адамдарды науқастан, қазадан қорғасам деген тілекпен Алматының  мемлекеттік медицина институтына түсті. Бұл 1937 жыл болатын» (19 бет).    Содан дипломын қалтаға салған күйінде майданнан бірақ шығып, құрыш құрсанған танкқа отырды. Сапун тауында, Керчь пен Қырымда, Шығыс Пруссияда оның ізі қалды.  Адамды ажалдан арашалауға жаралған жан, жауды аяған жарадар болатындықтан, амалсыз қаскөй қауымға оқ атты. Соғыстан  соңғы  жылдар  желі  жұқпалы  ауруларды  көп  таратып тұрғаны Сағаңның төрт жыл қанбаған ұйқысын да  шайдай ашты. Қара көрсе қарсы ұшатын шіркейдей буған індетке қарсы күрес басталды. Күрес мәңгілік жеңіске жетті. «Облыстың  бас  эпидемиологы  Сағымбек  Ақжановқа  халық денсаулығын қорғаудағы көп жылғы еңбегі үшін Еңбек  Қызыл Ту ордені мен «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген дәрігері»  құрметті атағы берілді»   (21бет). Бұл  —  «Дәрігер      бақыты»  деген  очерк.  Очерк  өмірбаяндық тұрғыда ықшам жазылған. Көлденеңнен киліге  кететін штрихтар жоқтың  қасы. Әттең дәрігер психологиясы, характері қалыс қалып, образ тұтастығына селкеу түсіріп  тұр… …«Базар  апайды  бұл маңайда  білмейтін  адам  жоқ».  Иә,  білеміз: ауылда ауылнай болып, байларды тап ретінде жою,  олардың  мүлкін  конфискелеу  үшін  күресіп,  өкіметті  өз  қолымен, орнатысқан әйел. Бүгінде  совхоз салтанатымен жасанған Айымжанға колхоз туын тіккен де өзі еді. Енді оның өмір жолына жүгінелік.  «1929  жылы  оқуды  әліппеден  бастаған  ауыл  әйелі  өз  білімін  көтеру нәтижесінде 1931  жылы  Төңкеріс  аудандық  партия  комитетінің  әйелдер  бөлімінің  меңгерушілігіне  жоғарылатылды.  Содан  1960  жылы  еңбек демалысына  шыққанша  Солтүстік  Қазақстан,  Көкшетау  облыстарының  әр  аудандарында  партияның  жалынды  ұйымдастырушыларының  бірі болды» (79 бет). Соғыстың сүргін шағында «Ұзынкөл»  колхозының жұмысына басалқы болды. В. И  Лениннің ғасыр жасаған тойы үстінде ол мерекелік   медальмен марапатталды. Сол салтанатта    Базар апай: — Жолдастар, мен партияның адал перзенті едім, әлі де  партияның адал мүшесі болып қала беремін! — деп ақ басын  игені бар. Жиналған жұртшылық ауылдан шыққан алғашқы  коммунист әйелге қызу қол соқты… Бұл  — «Базар апай».  Очерк тақырыбы  дастанға  арқау  боларлықтай  диапазоны кең. Соны  очерк ауқымына сыйғызу  үшін автордың ізденгендігі байқалып тұр. Бірақ көптеп кездесетін кемшілік -баяндау басымдылығы мұнда да бой бермейді. Жинақта бұлардан басқа  «Секретарьмен  әңгіме»  «Айналайын,  Сережа»,  «Біздің  Кәкең»,  «Алпыстың  асуында» тәрізді очерктер орын алған… Сергеев аудандық партия  комитетінің бұрынғы  бірінші секретары  Ніл Болатбаевтың  бір күні, қарт майдангер – ақын Әшім Меңдібаевтың полк баласы  туралы  әңгімесі,  қарт  ұстаз  Кәкім  Имановтың  өмірі,  қарт мұғалім әрі ақын Сейтен Сауытбековтың алпыс жылдық  тойы  —  міне,  осы  жәйттер  түйінделеді.  Шопан  («Сүйікті  Сарықамысым», «Қой күзетінде»), малшы («Жалпақсу түні»),  диқан («Трактор жөнделгенше», «Бір түп бидай». «Орденді  жігіт»), тағы басқа мамандық адамдары жинақтан жарасым  тауып қаз-қалпында көрінеді. Өкінішке орай,  жинақ очерктерінің дені газет очерктері.  Мұндай очерктердің өмірі де қысқа ғой. Сондықтан көптеген  дүниеліктер  ескіріп  қалған.  Ал,  толыққанды  журналдық  очерктер мұнда жоқ. Мұны автор да, редактор да ескермеген  сияқты. Әйтпесе жинақ мүлкінің масатына мін тағу қиын. Бұл — «Айналайын,   адамдар!»   атты жинақ. Авторы — жерлес жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев.

                                ***


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here