Қазақстан Конститутциясына 10 жыл медалінің иегері,

                      Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі,

                      Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

                       « Павлодар облысына еңбегі сіңген»         белгісінің иегері

                       Ғалия Құсайынқызы Балтабай./ Балтабаева/

                    Қара шаңырағымыз- Қазақ радиосы

          1966‑1967 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақтың Мемлекеттік Университетіне оқуға түстім де, Қазақстан Жазушылар Одағына уақытша секретарь-хатшылыққа қызметке орналастым.

Бірде екінші хатшының қабылдауына белгілі ақын, Қазақ радиосының сол кездегі редакторы Нұрсұлтан Әлімқұлов ағамыз келіп менің машинканы жылдам басатынымды көріп қызығып, Қазақ радиосына жұмысқа келуімді өтінді. Содан мен ойланбастан радиоға келіп қызметке қабылдандым. Алғашқы жылы оқуды күндіз оқып жүріп, қызмет  істедім. Бір жылдан соң сырттай оқуға ауысып кеттім.

          1972 жылы университетті бітірісімен Қазақтелерадио комитетінің сол кездегі төрағасы  Кеңес Үсебаевтың қабылдауында болып, редакторлыққа сұрандым. Ол кісі мені Қазақ радиосының Бас директоры Бек Дәулетбаевтың қарамағына қызметке  жіберді. Директорымыз өте мәдениетті, білікті басшы болатын. Алғаш күннен қамқорлығына алып, мені  аға редактор Мейрам Байғазинге тапсырды. Ол кезде жұма сайын берілетін жарты сағаттық «Денсаулық» хабарын жүргізу маған жүктелді. Кейін «Шалқар» радиостанциясына ауыстым. Журналистиканың қыр-сырына үйреткен бас редактор Оспанов Сәркен ағамыз болды. Сол кезде осы ұжымда қызмет ететін қазақ тілінің жанашыры, атақты ақын Мұхтар Шаханов, Рафаэль Ниязбеков,  Кенжебек  Есімов, Сұлтан Қалиев, Құсман Игісінов, Рафаэл Жұмабаев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, композитор әрі жазушы Ілия Жақановтардың шығармашылығы маған үлкен әсер етті. Ал репортер аппаратына үйреткен  журналист Жеңіс Ақпанбетов еді.

Кейін 1987-1997 жылдары тура он жыл Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып қызметке ауыстым. Ол кезде Қазақ радиосының директоры Қуаныш Орманов болатын.

          Желтоқсан көтерілісі өткеннен кейін  мен сын тақырыптарға көп бой ұрдым. Іште толқыған көп ойлар болды, сол жанымды жегідей жеді. Павлодар облысында ол кезде қазақ мектептері жоқ. Облыс орталығында бір, үлкен қала деген Екібастұзда өзінде бір ғана мектеп болды. Бала бақшаның жайы да тура сол. Сынып  /класс/ жетпей тіпті балалар дәретхана бөлмесінен жасалған класта оқығанын көргенімде, көкірегім қарс айрылды, сол жерде өз баламда оқыды ғой… Содан мен  қайта-қайта телевидениеден, радиодан хабар дайындап, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне мақала жазып, республикалық Журналистердің конференциясында сөз сөйлеп, облыс басшыларының мазасын алдым.

          Менің дүмпуімнен кейін Республикадан арнайы комиссия келді, облыс басшылары менің хабарларымды талқылай отыра, мектеп салуға шешім шығарды. Содан бір емес екі мектеп, бала бақшалар салынып, сол мектептердің ашылуына елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келгенде мен қалай қуандым десеңізші! Тыныш жатпадым, тағы бір көтерген мәселем:  облыс орталығындағы жалғыз қазақ театры соғыс жылдары өртеніп кеткен , «Қазақ театры өртенсе де, қазақ өнері өртенген жоқ» деген атпен радио-теле  хабарлар дайындап, газетке мақала жаздым.  Сын хабардың радиодан  жедел өтуіне көмектескен Қазақ радиосының тілшілер бөлімінің бастығы, журналист Гүлжан Мұхамадиева болды. Осы тақырыпты Республикалық телевидениеден  қазіргі «Егемен Қазақстан»/ газетінен көтеріп бүкіл Республикаға жария еттім. Телевидениеге арнайы дайындаған  хабарымды қабылдап отырып, сол кездегі  Республикалық Телерадио корпорациясының бастығы Сағат Әшімбаев қатты толқыпты. Колбинның қаһарынан да қорықпай эфирге бірден бергізіпті. Содан сол кездегі министр Өзбекәлі Жәнібеков  хабарды  көріп отырып:  «өнердің хас тарландары Жаяу Мұса, Иса, Естай, Майра, Шәкен Аймановтай дарындар шыққан өлкеде театр болмаса, біздің осы жерде отырғанымыз жөн бе?» деп, Павлодарда театр ашуға мүмкіндік жасады. Бұл да менің бір тындырған  үлкен жұмысым. Айта берсем ондай  сын хабарларым көп болды. Кезінде орыс журналистері мен басшылар мені ұлтшыл деп айналып кеткен кездері де болды ғой, қайсы бірін айтайын…

          Ия, ол кезде біздер Кеңестер Одағы кезінде ұлтымыз үшін де, тіліміз, дініміз, салт‑дәстүріміз үшін де күресетін кез болды. Қазір демократия, бәріне жол ашық, ақырын жүріп көп мәселені шешуге болады. Бұл жас журналистерге айтылған іштегі сырым.

          1997 жылдары елордасы Астананың құрылуына байланысты күллі облыстарда Қазақ радиосының корроспонденттік нүктелері жабылды. Сол жылдың тамызында директорымыз Төрехан Данияр жекелей өз шешімімен мені Ақмола облыстық радиосына қызметке ауыстырды. Сол кездегі хабарларым «Көзқарас», «Астана және астаналықтар», «Өнерім-өмірім» хабарлары тыңдарманның ойынан шықты деп ойлаймын.Осы жерде сол жылдардағы хабарларыма Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы, жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың  бір ғана пікірін тілге тиек етсем:      «Қымбатты Ғалия! Қазақ радиосымен Астана студиясынан бізді тығыз байланыстырып, жанын салып жүрген бір журналист болса, ол өзіңсің. Сенің даусыңсыз Астана радиосының хабарлары солғын тартатын секілді. Арқа өңірінде ана тіліміздегі хабарлар өріс алмай жүрген кезде де, қаламыңның сиясын құрғатқан емессің. Әдебиет пен өнер жайлы Астанада жылт еткен жаңалық болса, оның басы-қасында да өзің жүресің. Осы жанашырлығың мен елгезектігің, еңбекқорлығың үшін өзіңе шын жүрегімнен алғыс айтамын. Радио – елдің үні. Халықтың үні сен арқылы өз биігінен шарықтай берсін!»,- деп қолын қойып, алтын алқамен бірге, арнайы сыйлықпен бүкіл радио ұжымының алдында тапсырған еді. Ол кісіге мың рахмет айта отырып, халық сүйген падишамызға ұзақ өмір тілейміз!   

          Астана радиосында тындырған бір үлкен жұмысым- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Республикалық деңгейде өткен ақындар мүшәйрасы болды. Оған барлық облыстардан ақындар қатысты. Кейін осы республикалық ақындар мүшәйрасын Павлодар телерадиосында директор қызметінде жүргенімде де жалғастырдым. Үш жыл қатарынан қазылар алқасының төрайымы  Фариза Оңғарсынова болды. Астанадағы Қазақ радиосында қызмет істеп жүргенімде елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа талай сұрақ қойып, сұхбат алып жүрдім. Сондағы қойған сұрағымның бірі: ‑ «Құрметті, президент! Бүкіл мұсылман елінде Құрбан айты мереке болып аталып жүр, біздің елде қашан мереке болып аталады?»- дегенімде, президент мырза: «Дұрыс сұрақ, ойланатын мәселе, жақын арада шешіледі»,- деген еді. Міне, құрбан айты бүгінде мереке болып аталып жатыр.

          Қазақ радиосының Астана студиясының директоры Қайрат Мұсақұловпен бірге белгілі журналист, ақын Базарбек Түкібай, Асан Сарқұлов, Айнұр Дайрабаева, Надежда Самсонова, Әлмира Тілеуханқызы, Элена Трифонова менің ұлым Мадияр Балтабай, Күләш Кәйләнқызы, режиссерлер‑ Совет Бекішев, Гүлжанат Сейітова, Наталья Гуляевалармен  қиын да, қызықты кезеңде бір шаңырақ астынды тату-тәтті әрі табысты қызмет еттік.

          Ал, 2001 жылы Павлодар облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметовтың шақыруымен Павлодар облыстық радиосына директорлыққа тағайындалдым. Осындағы облыстық радионы сақтап қалып  FM жиілігіне шығып, радионы спутник арқылы іске қостым.  Бұл облыстардың ішіндегі жалғыз сақталып қалған радио. Талай тендерлерден өтіп, облыстың 94 пайызын қамтитын,  73 жылдық тарихы бар облыстық радио бүгінде осы Қазақ радиосының інісіндей тыңдармандарға қызмет көрсетуде. 2009 жылдың басында, 61 жасымда құрметті демалысқа шықтым.  «Тұғыры биік тұлғалар», «Иса Байзақов және оның ұрпақтары», «Әрбір үйге радио қажет», қуғын-сүргін тақырыбына жазылған «Тағдырларды біріктірген Қазақстан», «Ұлы Жеңіс- ұрпаққа ұран», «Емші құдыреті» тағы басқа кітаптардың авторымын. Алжир лагерінде отырған әйелдер жайлы жазылған «Тағдырларды біріктірген» кітабымды президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев  Рысқұлова Сәуле апайымыз бен Жансүгіров Саят ағамызға тағы да басқаларына өз қолымен сыйлағанда еңбегімнің еленгеніне қуанғаннан менің көзіме жас үйірілді.

          Өз өміріме ризамын. Қазақ радиосының бүкіл ұжымын, өз әріптестерімді 100 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Зор денсаулық, сарқылмас байлық, шығармашылық табыс тілеймін!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here