Қаламгер жолы

                                                           Авторы- Ермек Қонарбаев

                              «Солтүстік Қазақстан» облыстық газеті. 1974 жыл

          Кезінде, 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 3 сәуір күнгі санында басылған мақаласында жазушы Асқар Лекеров Зейнел-Ғаби Иманбаевтың: «Менде мектептен алған білім ғана, оның орнына әдебиетке деген зор сүйіспеншілік, құмарлық бар. Бұл жерде мен «жазғандарымның бәрі алтын еді» деген пікірден аулақпын. Менде кемшілік болуы заңды нәрсе. Сол сияқты әдебиетші болуды оңай жол деп ойламаймын. Сондықтан көрген «соққыларымды» көңілге ауыр алмай іздене бердім. Ақыры менен де болмашы өнер шығатынына көзім жеткендей болып отырмын. Бұл қарапайым қатардағы колхозшы үшін қуаныш, есепсіз бақыт деп білемін. Денсаулығым нашар болса да, әдебиет жолы мен үшін ауыр деп қайтар жол емес» – деп,  осы бір ойларын келтірген екен.

          Бүгінде жазушының шеберлігі шыңдалып, республика оқырмандарына танымал болып, өмірінің 50 жылдық белесіне шығып отырған  жерлесіміздің бұл сөздері өзіне қатысты ақиқатты бүкпесіз айтқан адал жанды адамның жан сыры.

          Сол 1959 жылы Зейнел-Ғабидың алғашқы жинағы «Бастама» баспадан шығып, оған дейін очерк, мақала, суреттемелерімен жұртқа танымал болып жүрген жас жазушы ауыл өмірін көркем әңгіме тілімен суреттеуге талпынған кітабын сыншыл қауымның назарына жүрек лүпілін қоса ұсынған еді. Өз ортасында қайнап өскен ауыл өмірінің сан қабат сыры мен қырына үңіліп қарап, оның жаңалықтарына замандастарымен бірге қуанып, кертартпа ескіліктің қалдықтарын көргенде айналасындағы достарымен бірге күйіне білетінін танытты ол.

          Жас жазушы үшін жылдар бойы еңбектеніп өсірген гүлдерінің бүршік жарғанын көру, өмір шытырманын жарып келешегіне жол салу қандай қызықты болса, сол еңбегінің назарға ілінуі шын мәніндегі бақыты. Бұл ретте Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылығы әу бастан-ақ дәл осындай мерейлі сәтке ұшырасқанын атап айтқанымыз жөн. «Бастама» жарыққа шыққан кезде «Өмірдің өзінен үйренген, өмірден оқыған жазушы» деген баға бірауыздан берілген болатын.

          … Иә, Зейнел-Ғаби Иманбаев, шын мәнінде, өмірден оқыған  жазушы, қайсар дарынның иесі. Қаламгердің өмір жолына көз жіберейік:

          Зейнел-Ғаби Иманбаев 1924 жылы Сергеев ауданының «Приишим» кеңшарына қарасты «Ортақкөл» ауылында туған. Ол 1941 жылы орталау мектептің жеті сыныбын бітірген. Мектеп қабырғасында жүріп білім алу сапары болашақ жазушы үшін тамам болған-ды.

          Өзі қатарлы жасөспірім балалар балалықпен қош айтысып, жігіттікке  жаңа мойынсұна бастаған кезде майданға аттанып жатқан кезде Зейнел-Ғаби олармен терезесінің түбінде ғана қоштасуға мұршасы келген болатын. Әйтсе де «майдан үшін мен де бір себімді тигізуім керек қой» деген шешім оны тек жатқызған жоқ. Қарға адым жер мұң болған шақтың өзінде ауыл конторына таяққа сүйене отырып барып есепші қызметін атқарғаны ерлік емес пе?!..

          Еңбек атты торыға қайсарлық, шыдам деген серіктерін қосақтап жегіп, зор ізденістің  арқасында қатарға қосылды. Мәскеудегі Жазушылар одағының  басшысы Марковтың қолы қойылған  СССР Жазушылар одағының мүшесі деген құжат алды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының да мүшесі болды.

          Зекең Қазақстан Жазушыларының  бірнеше сьезіне қатысты. Қаламгерлермен кездесіп,  әдебиет жайлы әңгіме қозғады.

          Алғашқы шыққан «Бастама» жинағынан кейін жылма жыл жинақтары жарық көрді. Әдебиетіміздің белгілі зерттеушілері Темірғали Нұртазин, Тұрсынбек Кәкішев, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Асқар Лекеровтардың  ғылыми еңбектеріне, университет студенті Райхан Сейітжанованың дипломдық жұмысына арқау болған Зейнел-Ғаби Иманбаевтың шығармалары  мамандардан өз бағасын алған толымды дүние.

          Өмір мәңгі жазылып бітпейтін көркем шығарма. Онда драмалық, трагедиялық, комедиялық, оптимистік, пессимистік деген сияқты сан алуан құбылыстар, өзгерістер, тартыстар, тынымсыз, тіпті жазушы атаулы  қамтып үлгерместей  көлемде жүріп бірімен бірі атысып келіп жатады. Әр жазушы өмір сахнасында өз нысанасымен, өз дүрбісімен көз салады. Осыған орай өмір атты ұлы шындықтан жаза баспауға тырысатын Зейнел-Ғабидың да өз мәнерімен қалам тартып үлгерген тақырып  шеңбері де ауқымды.

          Зейнел-Ғаби Иманбаев ауыл өмірінің суреткері. Оның әңгімелерінен  соғыс кезіндегі және одан кейінгі  ауыл тынысы, тың және тыңайған жер, ауыл адамдарының сан қилы мінез ерекшеліктері, жіберген қателіктері мен жеткен жетістіктер сияқты толып жатқан моральдық тұрғыдағы сан алуан тақырыпты табу қиын емес. Балалар тақырыбының өзі бір төбе. Бала тіліміен жазатын қаламгерлер саусақпен санап аларлық болса, Зекең осы тақырыптың  жілігін шағып, майын ішкен деуге әбден болады.

          Ал «Қанатты өмір», «Кубаньдықтар», «Бастама», «Байбосын мен Бейсенбай» сынды әңгімелері адамдардың игі істері мен адалдығы, жан тазалығы жайлы сыр шертеді.

          Алғашқы «Бастама» жинағында  ауылдың көлеңкелі жақтарына бой алдыру басымырақ деген ескертпе айтылған болатын. Келесі 1960 жылы шыққан «Сырымбет» жинағы осы сынды дұрыс түсініп, автор тиісті  қортынды шығаратынын дәлелдеген туынды.  Бұған орай пікірді «Социалистік Қазақстан» газетінің 1961 жылғы 12 ақпанында Нысанбай Төреқұлов білдіріп былай деген болатын: «Иманбаев әңгімелерінің барлығы да бас-аяғы тұжырымды, жинақы жазылған. Автор қазіргі ауылдың сан алуан тұрмысының бір бөлісін алып қана суреттей білген. Сондықтан да Иманбаевтың әңгімелері оқуға жеңіл, жүрекке жылы әсер береді».

          Бұл күнде   бірнеше кітап жазған қаламгер жазушы деген атаққа лайықты еңбек етіп жүр. Өз айналасын егжей-тегжей зерттей біліп, даланың саумал самалы мен орманның сыбдырынан, құстардың сан алуан үндерінен сыр ұғып, табиғат тамашаларын өзінің «Аңшылық соқпақтары» деген тақырыбына арқау ете білген өте сезімтал әрі жүрегі нәзік қаламгердің кітаптарын оқып отырғанда  табиғат пен адамдар арасындағы көрінбейтін үлбіреген байланыс барын байқайсың, өзің де сол сұлулықтың арасында ерекше күйге түсесің.   Жәй біреуге елеусіз көрінетін құбылыстардың өзінен тартымды әңгіме тудырып, ауқымды тақырып аясында толғауға машықтанған қаламгер  сол арқылы өзінің суреткерлік шеберлігін шыңдай түскені аңғарылады.

          Зейнел-Ғаби Иманбаев өз  шығармалары арқылы тілінің  шұрайлы, ойының орамды, ұтымды сөзге құралғандығын байқатады. Әсіресе композицияға шебер, әңгімені жұп-жұмыр етіп дөңгелете қоятын тұжырымды ойлы қаламгер. Оған Чеховтың «Қысқалық- дарынның сыңары» дегенін де әдебиет зерттеушісі Виноградовтың «Күлкі-рухы күштілердің құралы» дегенін де тура бағыттауға болады.

          Қалаулы биігінен шығып алып, төңірегіне сергек қарап отырған қадірлі жерлесіміз бүгінде  шеберлігі шыңдалып толысқан шағында.

          Кітап толған шағын кабинетінен дүниені жіті шолып отырған жазушы талай жақсы шығармаларымен халқын қуанта беретіндігіне біз кәміл сенімдіміз.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here