Жазушы Талғат Айтбаев

          Бәрі балалық кезден басталады ғой. Мен ол кісінің аты-жөнін қай газеттен оқыдым,  шығармаларын қай кітаптан оқыдым,  соны ойлай бастасам осыдан отыз бес жыл бұрын мектепте оқыған кезім есіме түседі.

          Кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде күнде деп айтпайын, нөмір аралатып мақалалары шығып жататын. Жалпы Солтүстік Қазақстанда егін науқаны, шаруашылықтың жүргізілуі жайлы жазған құлаш-құлаш очерктерін жиі оқитынбыз. Сонда ойлайтынмын, бұл кісі  «Социалистік Қазақстанның»  Қызылжардағы меншікті тілшісі ме деп.

          Зекең қаншама әңгімелер, қаншама очерктер жазды. Ішінде повестері де  бар. Не жазса да тексеріп, зерттеп жазған. Барлық кейіпкерлердің тыныс-тіршілігі, ойы, өресі  санаға сияды. Елді иландырады,  оқырманды тартады.

          Дәл осы сияқты  балаларға арналған шығармалары да баршылық.

          Балалар тақырыбына жазу үшін олардың психологиясын, болмысын  жақсы білу керек. Ол тақырыпқа жазу оңай шаруа емес. Бір қарағанға елеусіз тақырып. Осы тақырыпты ендеп, әдемі ойлармен қызықтырып жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді де. Қаламгер балаларға арналған әңгімелерін мөлдірете, қызықтыра, жеңіл бала тілімен түсінікті ете жазуға шебер балалар жазушысы.

          Зейнел-Ғаби ағаның қаншама әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Оқулыққа ену үшін әдістемелік немесе  ой салатын, академиялық өлшемге келетін  шығармалар  жазу шеберлікті қажет етеді. Міне, жазушы осы жағдайды  ерекше ескеріп, тұщымды дүниелер жаза білген. Оның сыры- ұрпақты  мысал әңгімелермен, көркем дүниемен жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу білу мақсатында көп ізденген  жан.

          Жазушы Зейнел-Ғаби  Иманбаев шығармашылықты өз деңгейінде зерттеген. Сосын өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған.

          Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның  өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген.

          Ол кісінің аңшылық тақырыбына жазған дүниелері табиғатпен үндескен ауыл адамының  зерттеуі десе де болады. 

          Қызылжар өңірінің орманды елдімекенінде өмір сүрген қаламгер аңдар мен хайуанаттар, сайрауық құстар сырын бір кісідей  ұғып, табиғат тылсымын  ақ қағаз бетіне түсірген  тамаша суреткер еді.

          Мен өзімнің «Жыл он екі ай» деген альманахымда  үнемі Зекеңнің балаларға арналған  әңгімелерін жариялап тұрамын. Қазір балаларға арнап жазатын қаламгерлер азайып та кетті. Балалардың тілін біліп, осы кісі сияқты қызықтырып жазатын  жазушылар көбірек болса, біздің ұрпақ шетелдің мағынасыз мультфильміне көз талдырып қарамас та еді, алдағы уақытта  балалар әдебиетінің өркендегенін  қалар едім.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here