Шапағат Дәулеева

                                                                               Қазақ радиосының

                                                                               журналисі, ардагер

                    «Өткен өмір көрген түстей» немесе «Өткен күнде белгі жоқ» деп  бұрынғы адамдар айтып отыратын. Бірақ мен өткен күнде белгі барын осы Қазақ радиосында еңбек еткен жылдарымнан айқын байқаймын.

          Мен осы ұжымда тапжылмастан  37 жыл еңбек етіппін. Мені алғаш радиоға қабылдаған директор  Ертай Арысов болатын.

          Алғаш  машбюрода еңбек еттім. Мені «Соңғы хабарлар» редакциясына машинистка ретінде бөлді. Ол кездің аудармашылары Кекілбай Нүсіпбеков пен Нүрсейіт Ерубаев  деген аудармашы ағаларымыз орысшадан қазақшаға кітап оқып отырғандай тез әрі шебер аударатын. Біз тез  таспаға түсіруге тырысатынбыз.

          Машбюро бөлімінде Гүлсім Жаңбыршина, Рая Қонысбаева, өзіміздің Жәмилә апамыз, Аққыз апай, Роза Рысқалиева, Нақу апай, Өзімнің қимас досым Мәрзия Райысовалармен бір бөлмеде отырып аянбай еңбек еттік.

          Журналистер Рауия Абдуллина мен  Нәзила Баймұратова, Нұрғиса апаларымыз маған диктовка жасағанды ұнататын.

          Мен қоғамдық-саяси хабарлар редакциясына машиниска болып жүріп Қазақ университетінің журналистика факультетін сырттай бітіріп алдым.

          Бұл редакцияда Нығмет Жандилдин, Кәкімбек Наржанов, Төрехан Тасболатов, Намазалы Омашевтар еңбек ететін. Нығмет аға «қазақ қыздарының бәрі маған балдыз» деп қалжыңдап жүретін.

          Мен 1985 жылдан бастап осы редакцияға редактор-стилист болып  шығармашылық жолға түстім. Бұл кездері Төрехан Тасболатов бас редактор, Абдолла  Сүлейменов бөлім бастығы болатын. Журналистер Әнапия Әмрина, Мұрат Мұқанов, Айтмұқаш Садуақасовтар  осы редакцияның жұмысын ұршықша айналдыратын. Маған аса қамқор болған Төрехан Тасболатовтың еңбегін ерекше атағым келеді. Ерекше үміт артып, машбюродан редакцияға ауыстырып, білмегенім болса үйретіп, жақсым болса асырған асыл ағалардың ықыласын қалайша ұмытарсың. Мен де сенімді ақтап, өз ісіме адал бола білдім.

          Жалпы мен білетін Қазақ радиосы  ол кезде халықтың құлағы, жүрегі, өрісін кеңейтетін үлкен құрал екені рас. Мен көп жылдар осындай аяулы жандармен қоян-қолтық еңбек етіп сапта жүргенімді әркез мақтан етемін.

          Мен Қазақ радиосының  100 жылдық мерекесімен барша радиожурналистер қауымын шын жүректен құттықтаймын!


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here