Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

сатирик- жазушы        Қажытай Ілиясов 

Қажытай Ілиясов:   Мен   жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың шығармаларымен  ҚазМУ-де екінші курс оқып жүрген кезімнен  «Қазақ әдебиеті» газетінің «Шотаяқ» деген әзіл-сықақ бұрышынан  таныспын.

          1983 жылы  Ғаббас Қабышевтың  ұйғаруымен  «Ара» журналының  қызметкерлерін  кәсіби деңгейіне қарай қайта қабылдау мәселесі жүрді. Осыдан бастап  журналдың  ажары кіріп, сырттан сатириктер  хат арқылы жазғандарын жібере бастады. Солардың ішінде Солтүстік  Қазақстанда ауылда жатқан  жазушымыз Зейнел-Ғаби Иманбаевтың «Қазақы қалжы», «Әзіл әңгімелер» айдарымен жіберген жақсы дүниелерін жиі жариялайтын болдық.  Бұл кісі ауыр сарказмге бармайтын.  Жеңіл юмормен өте мәдениетті жазатын. Ешкімнің айыбын ашып, тұқыртып, өткір сөйлемейтін, әдемі ойға құратын. Ең бастысы Зейнел-Ғаби  әңгіме, прозадан басқа әдеби сындар да жазатын. Жалпы әдебиетке  дайындығы мықты адам болатын.  Ішті бағып сөйлейтін аса мәденииетті адам еді.

          Бірде Алматыға  съезге келгенде Естай Мырзахметов екеуінің суретін бізге алып келіп, шығаруымызды өтінді. Біз осы суреттен достық әзіл сияқты  шарж салдырып журналымызға бердік. Сонымен қатар дәрігер жайлы сықақ әңгімесін де бізге әкеліп еді.

          Ол кісі эстет  адам болатын. Әдебиеттің дәмін, тұзын, сөлін білетін.Осындай қаламгерлер ғана  табиғаттың тылсымын,  ауыл өмірінің қыр-сырын жете біледі. Бір үлкен көлдің  суын ащы-тұщы ма, татсаң ғана білесің, сол сияқты бұл кісінің шығармаларын оқып отырсаң, өмір бар.

          Зекең аз-көп жазды деген емес, қалай жазды дегенге  жауап іздеу керек. Ол кісінің бір ерекшелігі – редакторды қинамай дайын жіберуі, жазғанын пісіріп беретіні, жазғанына тиянақты қарайтыны.

          Өмірімде  Зекеңді бір-ақ рет көрдім. Ғаббас:

– Бұл кісінің домбыра ұстайтыны бар,- деді. Өнерін тыңдауға сәті түспеді.

          Жазушының негізгі тақырыбы ауыл адамдарының қиын-қыспақ кезіндегі ауыр халі, ерен еңбегі, соғыс жылдарындағы әйелдердің өлшеусіз еңбегі  жайлы еді, Оның балаларға арналған қысқа әңгімелері бір төбе десек, ауыл тынысын паш ететін радиоочерктері, газеттік нұсқаларын  оқып, тыңдап жүретінбіз.

          Зекең стилист жазушы болатын.   Сөйлем құрауда  қысқа, нұсқа жазуды  кәсіп еткен жан еді. «Бояушы бояушы дегенде сақалын бояпты» дегендей, бәз біреулердей  көркем сөзді біледі екем деп, бытқыратып орынсыз бояй бермейтін. Өз жазғанына сақ қарайтын жазушы еді. Ол кісі маңайына сыйлы, абыройлы болған екен. Әдемі сырбаз, жай жазушыларға қарағанда түсінігі терең, нәзік дүниенің сырын білетін жан екені  жазған шығармаларында айқын байқалатын.  

          Әнші Игібай Әлібаевтың айтуына қарағанда жазушы өзі ғана емес, жары Кәмеш те тамаша әнші екен.

          Зейнел-Ғаби Иманбаев қай тақырыпқа барсын  біліп жазып, шолатын  жерінен интеллектуалды адам екені анық байқалады.

          Адамды тек жазғанынан ғана емес, істеген ісі мен  сөйлеген сөзінен-ақ кім екенін білге болады. Шығарманың  өзінен жазып отырған тақырыпқа деген көзқарасы, дүниетанымы, өзінің ұстамы анық байқалады екен.

          Алдағы уақытта жазушының 90 жылдығы болса, жерлестері ойланар. Артына ізгілік пен өнеге қалдырған  ауыл жазушысының мұрасы келешекке асыл мұра екені көпшілікке аян.

 

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here