Оқырман жүрегіне жол тапқан

 

ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің PhD докторы, доцент  Нұрқалық Абдырақын тек жоғары оқу орнының білікті оқытушысы, түрлі оқу құралдары мен аудармалардың авторы ғана емес, көркем әдебиет саласында қалам тербеп жүрген жазушы. Оның қаламынан туған «Иірім» және тағы басқа да прозалық шығармалары оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан шын мәніндегі көркем туындылар екенін сеніммен айтуға болады.

Жақында Нұрқалық Абдырақын­ның тағы бір әңгімелер жинағы жарық көрді. «Аңсау» деп аталатын бұл жинақ «Қала» атты әңгімемен басталады. Әңгіме «Қала» деп аталғанымен де автор ауылдағы жұмыссыз қалған замандастарының ауыр халін бір-екі-ақ сөйлеммен айтып жеткізеді. Түннің жарымына дейін тележәшіктен көз алмай, ертесі ауылдағы жалғыз дүкеннің алдын торуылдап, апасының атына қарыз жаздырып, ащысуға бас қойған жігіт жайында жазады. Осындай шарасыздықтың құлы болып кете бермей жақсы өмірге талпынған кейіпкер Ержан жанұясымен бір-ақ күнде ­ауылды тастап, Алматыға көшіп келеді. Жазушы мұндағы өмірдің де кейбір сұрғылт жақтарын қаладағы жұмыс іздеп жүрген қазақ жастарының өмірін суреттеу арқылы шебер жеткізе білген. Бүгінгі күннің дәл сондай ащы шындығы жазушының «Зілмауыр» әңгімесімен жалғаса түседі. Аталған әңгімедегі әке мен бала арасындағы керіс туралы үзінді келтіре кетелік: ­«…Ашудан жарылған әкесі Тасқын кешке талтаңдап мас келді. Жиіркене қараған баласы: – Пайғамбар жасынан астың ғой, намаз оқысаңшы. – Шіркін-ай,ә!.. Пайғамбар жасы алпыс үш жас, мен әлі елу тоғыздамын. Ертесі тағы да сылқия мас келген әкесін баласы соққыға жықты». Өкінішке қарай, бұл бүгінгі бірқатар қазақ отбасында болып жатқан қасірет. Жазушы, сонымен қатар кейбір діни ағымдарға оңай ілесіп, шетел асып құрбандыққа ұшырап жатқан ­жастар мәселесін де осы қысқа ғана әңгімесінде жеткізе білген. Имандылық жолымен жетім бала­ларға қамқорлық жасамақ ниетпен зекет пен ұшыр жинамақ болып табандарынан тозып, ауыл аралаған Қызыр ұстаз бен Еркінбек ұстаздың бастарынан өткізген түрлі жайттары да ­«Мимырт» әңгімесінде әсерлі баяндалады. Жазушы Н.Абдырақынның аталған жинағындағы әрбір әңгімесін оқып отырып орыс жазушысы Антон Чеховтың шығармаларын еріксіз еске түсірдім. Өйткені оқырманын ұзын сонар қызыл сөзбен жалықтырып мезі ететін кейбір шығармалар шынында да жиі жарық көріп жатады және оларға қарның ашатыны тағы рас. Ал біз сөз етіп отырған кітаптағы әр әңгіме қысқа да нұсқа, көтерген мәселесі ­таудай, берер ғибраты мол, азғындықтан жирендіреді, ізгілікке шақырады. Сөзіміз дәлелді болу үшін жазушының «Ғалым-таксист» деп аталатын бүгінгі өмірді көз алдыңа әкелетін тағы бір әңгімесі туралы айталық. Алмас қосымша табыс тасу үшін көлігімен адам тасиды. Жолда түрлі жолаушыларға тап болады. Түн қараңғылығында көлігіне отырғызған қыз бен жігіт бір қараса қымсыну дегенді ұмытып, бір-біріне жабысып алған. Сол естері ауған күйде көліктен түсіп бара жатады. Ғалым-таксист түнгі Алматы көшелеріндегі келеңсіз көріністерді бірінен соң бірін көз алдынан өткізіп келеді. Міне, Сейфуллин даңғылы. Күндіз жұмыссыздар сансырап, жалгерлер іздеп ағылса, қараңғы түсе, жеңіл жүрісті «түнгі көбелектер» қаптайды. «Көшенің екі жағында да әлі қыз саудасы қызып тұр». Қала тәртібін бақылайтын сақшылар қыздарды өтірік қуған болып қояды, жолдан аз алыстаған салдақылар қайтадан өз орындарына тез келеді. Міне, бүгінгі күннің көрінісі. «Қыз саудасы қызып тұр» деп бір ғана сөйлеммен жай ғана баяндай салғандай болады, ал зер салып оқысаң қандай жиіркенішті көрініс, қандай азғындық, қандай ауыр қасірет! Ғалым-таксистің әрі қарайғы алған екі жолаушысы ұзақ жолда бір тоқтаған кезде арақ ішіп, бейтаныс біреулермен төбелеседі. Бүйткен қазақтығың құрысын деп ғалым-таксист екі қолын төбесіне қойып безіп бара жатады. Нұрқалық Абдырақынның біз сөз етіп отырған кітабындағы әр әңгімесіне тоқталып өтуге болады, әрине. Өйткені бұл шығармаларда әрбір оқырман қауым үшін тағлым алар дүние мол екендігі сөзсіз.

 

Ұлбала Алжанбаева, ҚазҰУ-дың профессоры


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here