“Радио-шежіре”  

                  Тұлпардың тұяғы                  

          Өнер  қонған отбасында алты ұлдың ортасындағы бір бәйшешек  Шолпан Байғабылқызы  әкесінің өнеріне, домбырасын қызығып,  өнер деген киелі ұғымды жан дүниесінің негізі деп түсінді. Қаршадай қыз үйге толассыз келіп жатқан қадірлі қонақтардың  ғибратты әңгімесін тыңдап, ән-күйімен сусындап, әке дарынының  бақ боп қонарын сезгендей еді. Тіптен үйге қонақ келмесе әркез елегізіп те отыратын. Балаң қыз айнаның алдында етегі желбіреп, ән салып, би билегенде айналадағыны бір сәт ұмытып кеткендей әсерде болатын. Мектеп қабырғасында үзіліс кезінде қыздармен қосылып ән салудан жалықпайтын. Тіпті өмірдің мағынасы ән деп те түсінетін.

          Керекулік асқақ әнші  Байғабыл Жылқыбаевтың  ізбасарым деп  үміт күткен Шолпаны  бүгінде халқымызға танымал өнер адамы. Енді өнер хақында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі  Шолпан Байғабылқызымен жүргізген сұхбатымызға  кезек берелік:

Алтын: Шолпан Байғабылқызы, ол кезде Мәскеуден білім алған қазақ қыздары тым аз еді ғой. Көбі Алматыға келіп консерваторияға, студияға түсетін еді. Ал енді сіздің сонау Мәскеуге баруыңызға кімнің ықпалы болды?

Шолпан: Мен  облыстық байқаудан  Республикалық  байқауға жолдама алып, Май ауданының атынан келдім. Содан мені Рабиға Мұқайқызы Қаныбаева  көріп ұнатып қалды. Өзі бір ғажап адам ғой. Ол менің күйеуіме де, қызыма да ұстаздық еткен адам, өзімді оқуға түсірген сол кісі. Рабиға апай мұғалімдерге көрсеткен соң өнерімді тексеріп,  Мәскеуден келген ұстаздар мені оқуға құжатсыз алатын болды. Содан үйге барсам  үйдегілер нанбайды. Бір күні Мәскеуден Щепкин атындағы  училищеден телеграмма келді, құжатыңызды жіберіңіз деген.

          Мәскеуге оқуға келдім. Бізде Михаил Николаевич Гладков, Владимир Константинович Смирнов, Царев, Анненков сынды сахна шеберлері емтихандарда отыратын. Сонымен бұл оқуды да ойдағыдай бітірдік қой.

Алтын:  Мәскеуден оқу бітіріп келген жас қыз өзінің өнер жолын  жаңа ашылған Торғай облыстық драма теарынада бастады. Қоғам қайраткері, өнер жанашыры, сол кездегі облыстың үшінші хатшысы  Өзбекәлі Жәнібеков сынды асыл тұлғаның ерекше қамқорлығын көрді.

          Шолпан Байғабылқызы жаңа ашылған бұл театрда сүбелі рольдердің барлығын ойнады десек, артық айтпаған болар едік. Шолпанның аз уақыт Қызылорда театрында еңбек еткен кездері бар. Сол жерде жүргенде Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» спектакліндегі басты роль –Қарагөздің роліне атақты режиссер Әзербайжан Мәмбетов республикалық байқау ұйымдастырады.  Шолпанды режиссер арнайы Алматыға шақырады.

Шолпан: Әзекең жолдасымды көріп: «Шолпан келсін» депті. Содан самолетпен жеттім. Қызықты айтайын, мен байқаудан ойдағыдай өтіп, Қарагөздің роліне алындым ғой. Қызылорда әзер жіберді. Осы жаңа театр ашылғанда мен де театрға жұмысқа орналастым. Содан «9 наурыз күні Қарагөзді ойнайды» деп маған бұйрық шығарып қойыпты. Өзім сол рольден бас тарттым. Мен өміріме ризамын. Әзербайжан аға маған арнап «Түлкібикеш» спектаклін қойды. Осының өзі бақ емес пе?! Бұл оперетта.  Бұнда би де, ән де бәрі бар. Бірге ойнаған актерларым да мықты. Мысалға, Фарида Шәріпова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Торғын Тасыбекова, Нүкетай Мышпаева, Әшірәлі Кенжеков, Оразхан Кенебаев… бәрі, бәрі керемет жандар еді.  Әрине, ол спектакль керемет болып шықпағанда қалай енді…

Орындалмай қалған ролім жоқ, өз деңгейімде орындалған рольдер баршылық.

Алтын: Шолпан Байғабылқызының ойнаған рольдерінің ішіндегі шоқтығы биігі – Ғабит Мүсіреповтың «Болашаққа аманат» спектаклі. Тарихи тағлымға толы бұл спектакльде  Сырым Датұлының ролін Асанәлі Әшімов, оның әйелі Торғын Манаеваның ролін Шолпан Байғабылқызы шебер орындады.Тіптен академик Ғабит Мүсіреповтың өзі Шолпанның актерлық шеберлігіне қайран қалып, қолын алып құттықтағаны үлкен мерей еді. Осы спектакльден кейін Шолпанның бағы жанып үйлі болды, жалақысы көбейді.

Тағы да сұраққа кезек берелік:

Алтын: Шолпан Байғабылқызы, сіз академиялық драмтеатрда көп жыл еңбек еттіңіз ғой. Сіздің бақытыңыз халық әртістері Сәбира Майқанова, Бикен Римова сынды небір сахна шеберлерімен қоян-қолтық еңбек еттіңіз, ғибрат алдыңыз, тәжірибе жинақтадыңыз, дүниеден өткен асыл жандар жайлы не айтар едіңіз?

Шолпан: Әуезов  театрының есігінен бісміллә деп кіріп, сахнасына шығып, ұлы саңлақтармен еңбек ету, бір ауаны жұту, қызмет ету бақ емес пе?!

          Сәбира Майқанованы апа демейтінмін, жеңгей дейтінмін. Қадиша Бөкеева, Бикен Римовалар қандай еді…. Бикен апа мені пасоны бөлек қыз дейтін. Ол кісі бір күні шақырып: -Қалқам, сен кешке жатқанда жастығыңның астына қағаз пен қарындашты салып қойшы!- деді. Менің ептеп жазатыным бар еді, оны ол кісі  қалай сезді,- сенің бір ерекшелігің бар, түртіп жазып отыру керек қой!-дейтін.

          Сәбира апаммен де Дулат Исабековтың «Мұрагерлерінде» партнер болдық.  -Әй, қайынсіңлім, ойбой, қайын сіңлілерім керемет қой, қайын сіңліге жарытты ғой,- деп дауысын өзгертіп сөйлейтін. Ол кісімен қатты қалжыңдасушы едім. Сағынам қазір. Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріповамен сахналас болдым. Осы айтып отырған әртістердің бәрі ұлы. Жас болып қадірлерін де білмедік. Енді ойлап отырсам үлкен мектеп екен ғой., оған қиял да жетпейді, ой да жетпейді. Жалғыз сахнада ғана емес, дайындықтың өзі бір мектеп.  Қонақта отырамыз, жолда жүреміз, осының бәрі мектеп.

Алтын: Осындай сахна шеберлерінен тәлім-тәрбие алған Шолпанның  мықты болмау мүмкін емес еді. Өнерді дамыту үшін қамқорлық жасаған да адамдар бар. Ол өзінің жанашыр досын әркез ризашылықпен еске алады.

Шолпан: Мені радиоға да, телевидениеге де, тіпті «Тамашаға» да әкелген Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев еді ғой.

          Жастық қой, балам кішкентай,  өнер сапарларында да жүреміз. Жолдасым  Ерсайын баланы бағып үйде қала береді. Кемеңгер азамат еді ғой, баланы өзі бақты. Шолпанды Шолпан қылған театр мен радио.

Алтын: Шолпан Байғабылқызының оншақты жыл қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған кездері қызыққа толы еді. Әнуарбек Байжанбаев, Мәмбет Сержанов, Сауық Жақанова сынды радиоардагерлермен қоян-қолтық еңбекке араласып,  қара микрофонның алдында талмай еңбек еткен ол  өз ісінің шеберіне айналды. Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевты Шолпан әке деп кетті. Оның себебі әкесі Байғабыл мен Әнекең достық көңілдегі сыйлас адамдар еді.

          Шолпан Байғабылқызының тәжірибелі дикторлардың ішінде өз ұстазы болыпты.

Шолпан: Мен дикторлардың бәрін жақсы көретінмін, шынын айту керек.  Мәмбет Сержанов ағамды мен ұстазым деймін. «Мына сөйлемді былай оқу керек. Сен түнгі екі-үш болса да білмегеніңді  сұра, ұялма,- деп жанашырлық танытатын.

          Омархан Қалмырзаұлы ол менің жан досым. Ол дубляжда да, әуе толқынында да ерекше, құдайдың берген үні.

          Әнекең мен Сауықтың алдына жан салмаймын. Әнекең Әнекең, Сауық Сауық. Барлық дикторлар мықты. Бірақ бәйгеден келетін сәйгүліктері болады емес пе?…

          Мәмбет ағай:- Алматыдан сөйлеп тұрмын- дегенді айту үшін ақылың, білімің, жүрегің болу керек,- деп қатты ескертетін.  Сонда таңғалатынмын.

Алтын:        Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Байғабылқызы қай  жанрдағы шығармаларды да шебер орындай біледі. Оған куә қазақ радиосының алтын қорында сақталған радиоспектакльдер, сатиралық туындылар, новеллалар және балаларға арналған ертегілер.

Алтын:  Сіздің ашық-жарқын жүретіндігіңізге қарай кейбір замандастарыңыз қазақтың Гурченкосы деп жатады. Не себептен салыстырады, ұқсатады деп ойлайсыз?

Шолпан:  Қазақтың Гурченкосы дегенді бірінші рет Нүкетай Мышпаева апамнан естідім. «Түлкі бикеш» спектаклінен кейін айтқаны ғой. Сонан біреулер  айтып жүреді, мен өзім қиналып қалам. Гурченко деген ұлы актриса. Мені де «қазақтың Гурченкосы» деп айтып жүреді құрбыларым…

Алтын: Шымкентте Айша Абдуллина, Семейде  Күләш Сәкиева деген халық әртістері бар. Ол кісілер тоқсанның төріне шықса да сахнада ойнады. Мен кейде ойлап қоям, сіз осы сахнада жүрсеңіз қалай болар екен, әлі де күш-қуатыңыз мол, жинақтаған тәжірибе баршылық дегендей. Сахнаға қайта оралсам ба деген ой сізде болды ма?

Шолпан: Мен қазір кімді ойнаймын, жасқа да, кемпірге де келмеймін. Мен қазір кімді ойнаймын. Одан да қазақ радиосынан ертегілер оқысам бала да бола берем, құс та, қоян, түлкі де бола берем. Мен радиода еңбек етіп жүргеніме дән ризамын.

Алтын: Тамаша актриса, белгілі диктор Шолпан Байғабылқызы соңғы кезде Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарады. «Шын жүйрік өрге шапса өршеленер» демекші, Шолпанға кез келген рольде ойнау қиындық тудырмайды. Театр сахнасынан алған мол тәжірибенің арқасында  қазақ ертегілерін оқығанда тіптен түрлендіріп жібереді.

          Саф алтындай таза өнерді мөлдіретіп ұрпағына жеткізген  Кереку өңірінің серісі сегіз қырлы бір сырлы  арқалы әнші Байғабыл Жылқыбаев  өмір мектебінде тәрбиеленіп, сахна төрінде шыңдалған, алаш аспанын әнмен өрнектеген аяулы да дарынды әнші еді. «Орнында бар оңалар» демекші, әке шыққан өнер биігінен Шолпан  көріне білді.

           Әкенің қанымен келген өнерді өмірінің мәніне айналдырған жаны нәзік те дархан өз ісінің шебері  бүгін толысқан шағында.

          Шолпан қолына домбыра алып ән салғанда тыңдаушының жүрек қылын шертеді. Бұл әкеден қалған аманаттың әсері де болар.

          Асқар таудай әкенің өнерін әркез биік ұстап,сенімін ақтаған Шолпан Байғабылқызының  әке хақында айтары бар:

Шолпан:– Асықпаңдар, менің қызым әлі менің атымды шығарады,- деп әкем мақтанып отырғанда,- ойбай, қалай шығарады?-деп таң-тамаша қалушы едім. Сөйтсем, әкем көрегендікпен айтып кеткен екен-ау…

Алтын: «Ат тұяғын тай басар» демекші,  қазақ өнеріне ерекше үлес қосып, тамаша әндерді келешек ұрпаққа мұра еткен  өзінің асыл қасиетін Шолпанына өсиет етіп қалдырған. Тума дарын иесі өзіне жанымен жақын қызының әке жолын қуатынын бала кезден аңғарса керек.  Оны біз Байекеңнің «Домбырам» деген әнінен әлденеше тыңдағанбыз:

                    Таусылмас айта берсем қызықтарым,

                    Қызықтап жетпіс төрт жыл сені ұстадым,

                    Тапсырам домбырамды Шолпаныма,

                    Қадірлеп, өзімдей ғып сол ұстасын!- деген екен  аяулы әке.

          Міне, біз де  арқалы әнші Байғабылдың өнер мұрагері , қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шолпан Байғабылқызы жайлы  осылайша сыр шерттік.

Авторы- Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева

 

 

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here