Абайды білуге әркім кұштар
 
Абайды көп қазақ білеміз деп жүр. Білетіндер бар шығар. Бірақ олар кәзіргі айтып жүргендей көп емес. Көбі сырттан қызықтап, “Абай былай деп еді ғой, солай деді емес пе?–деп ақыл қайырғанда әлгі айтқанының қазіргі қазаққа қатысы қаншалық екенін ескере бермейді. Сол Абай айтқан адамның адамшылығына түскен ақаудың мына заманда қаншалықты асқынғанына талдау жасай білмейді. Осылай бол деп Абай айтқан деген сөз бүгінгі қазаққа айтылар ақылдың бас жағында тұр. Енді осылай болмаққа ұмтылған қазақ етектен тартқан кемшілікпен күреске қазақ оқығаны болып барын сала алмайды. Өз сөзін дәлелдеу үшін алдыға Абайды қалқан ғып ұстағысы келеді. Өйткені ішкі қорқынышы бар. Жан-жағына жалтақтайды. Былай айтсам анаған тиіп кетер, мынаған тиіп кетер деген жалтақтық күшті. Ұлы Мұхтар айтқан жүрек батырлары бүгінде жоғалған. Қол батырларының өзі үй арасы тентектіктен аса алмай жүр. Бүгінде Абайды білу деген өзінше бір әңгіме. Абай тану деп жазып қойып ақынды танығысы келетіндер көп-ақ. Ақынды тану үшін, бірінші оның айтқан сөзін танып, жүрегіңе сіңіріп алу керек. Одан соң бұл сөздің қалай шыққанын тексерсең қателеспейсің. Сөзін түсінбей жатып ақынның айтқанын, нені көксеп іздегенін тексеріп, біліп болам деу барар жеріңді білмей тұрып сапарға шыққанмен бір есеп. Сөйтіп Абайды зерттеушілердің көпшілігі оған еліктеу түрінде мазмұнын қайталап, ішкі қабаттарына бара алмай, “Абай қазір тірі болса түрмеде отырар еді” деп шатас пікірлер түйіп жүргені де баршылық. Абайды”толық адам” ілімін жасаушы қылғандар осы пікірді жиі қайталайды. Бірақ сол адамшылығы мол, кісілікті, көшелі, елге пайдасы көп тиетін, білімді адамды көксеу ежелгі қазақ сөзінің бәріне бар еді. Бірақ Оны Абайға әкеп тіреп қоюды не қажеті барын түсінсе сол айтқыштар түсіне жатар. Жетілген, жарасымды, көшелі адам ұлттық тәрбиеден, білім, ғылымның сәулесі түскен жерден өсіп шығатынын, бергі Абайға дейінгі ақындардың айтпағаны жоқ. Абай “толық” деген сөзді пайдаланды деп оны іргелі ғылымның негізіне айналдыруға тырысудың еш негізі жоқ. Оны айтса кезінде М.Әуезов білмей қалған жоқ. Абайдың әр сөзі орнында тұр. Оны зерттеушіміз демей-ақ кезінде бағалып, пікірін айтқан адамдар жеткілікті. Абайдың сыншыл сөзінің өзі талай қоғамға жетерлік. Ақынның адамға, қоғамға қойған талабы бүгінде қай деңгейде өрістеп отыр десек, талай ақылға азық боларлық шындықтардың көзі ашылар еді. Абай талай ғылымға азық боларлық мол мүра қалдырған ақын. Бұл жайында жазылған кітаптар да том-том. Оның сөздерінен кеңінен таратып көпшілікке ғибратты әңгіме айтар ғалымдарымыз баршылық екені де қуантады.

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here