ҚЫСҚЫ СУРЕТ

 

         Ұзын сайдан жаяу борасын күнұзақ бір тынбай соқты да тұрды. Түске таяу күн сығырайып, қиыршық қар ұшқындады. Алқымдағы аз ғана ауыл бүрісіп, қардың астына кіріп алғандай. Тіршілік нышанындай боп терезелерден кешқұрым жарық жылтылдайды. Сорайған мұржалардан түтін будақтап, түнгі ел ас қамдап, өз тіршілігін қылуда. Пысық қатындар пешті қыздыра жағып, соғымның семіз етін қазанға толтыра салып, ұршық иіріп, қолғап, шұлық тоқып, мәшинесін дырылдатып құрақ құрайды. Күн суықта мектепте сабақ жүрмей, ойнақ салған балаларға күнде каникул.

         – Жүгірмектердің бір мезгіл мектептегісі жақсы еді, – дейді шешелері тарылып кеткенде.                                                        

         Пеш түбінде арқасын ыстыққа беріп жантайып жатқан Манарбек телевизордың құлағын ары-бері бұрап:                             

         – Төбелес, атыс-шабыстан басқа түк жоқ, шет елің осы ма? – деп сөйлей жүріп орнынан тұрды. – Шет ел, шет ел дейді, мәдениеті, әй, бізден де төмен, құдай біледі, – деп ойланғандай болды. Әйелі Ақмарал күліп: – Несіне ренжисің. Мәдениеті төмен болса өздеріне жаман ғой. Жақсылық көрмейді,– деп нан илеп, кеспе жайып, жайбарақат отыр.

         – Осындай мәдениетпен, қалай технология жасайды екен? – деп қиын бірдеңеге басы жетпегендей Манарбек өзінен-өзі сұрап қояды.                           

         Бұрыштағы аласа столда он жастар шамасындағы қыз бала қызыл-жасыл түсті бояумен сурет салып отыр. Әкесіне не салғанын түсіндіре бастады. Мынау– біздің үй, мынау– сиырымыз, мынау– Наржанның құлыны, мынау– Мойнақ.                                                                          

         – Жақсы салыпсың, кеңістікке дұрыс орналастырғансың. Бірақ итің сиырдан үлкен бе, қалай?                                                        

         – Жоқ, ит – бер жағында, ал сиыр жиырма-отыз метр ары жағында тұр.       

         Төргі үйдегі диванда екі қолын желкесіне қойып үнсіз жатқан Нұржан:

         – Әке, оның иті – ылғи тік құлақ овчарка, ал біздің Мойнақтың құлағы салпиып тұрады. Талай рет ұстап тұрып көрсеттім. Ал құлынның мойны иттің мойнынан әлдеқайда ұзын болады десем, өзің ’’екіліксің’’ деп басымнан кілем қаққышпен салып жіберді, – деп үлкендерше кеңкілдеп күлді.                                                     

         – Өзі түк білмейді, еще маған үйретем дейді, – деп кішкене қыз мінез көрсетіп, еркелеп әкесін жақтап мақұлдатты. Өзін жақтап ешкім шықпағасын Наржан қызарақтады.                                        

         – Сабаққа нашар болсам да, жұмысқа мықтымын, оның үстіне күреске ешкімді шыдатпаймын. Керек десең, әкеңді де жығып берем, – деді.                                                                                                              – Әй, мынау не дейді. Әй, мынау не дейді, – деп Ақмарал отырған беті ішек-сілесі қатып, көзінен жас аққанша күлді. Қызарақтап түсінбей қалған Манарбекке:                                       

         – Анау сені де жығам дейді, – деп күлкісін зорға басты.                      

         Қызыл іңір. Ауыл үстіне түн баяғыда орнаған. Манарбек қайтадан телевизор қосып, соңғы хабар тыңдады. Жарты сағаттан соң ұйықтайтын бөлмеден тағы ренжіп шықты.                                      

         – Демократия жоқ-ау бізде.                                                         

         – Қайдан болсын, әркім білгенін істей берсе.                                

         – Жаңадан ел болдық  емес пе, заң бірдей орнай ма? – деп көңілін алдамақ еді Манарбек ызалана бастады.                                      

         – Ал жетпіс жыл ше, ал одан бері он шақты жыл ше?

         – Асықпа. Асықпасаң бәрі болады, – деді Ақмарал.                                          

         – Осы сен сияқтылар, отырып алып бәрін құртатын. Асықпа. Асықпа. Бәрі болады. Бәрі болады.

         – Апыр-ау, мен неңді құртыппын. Құртпасаң басқарып отырсың ғой орынбасар боп бір мектепті. Орнатсаңшы тәртіпті.

         – Бірақ адамдар қиын-ә,– деп басын қасыды Манарбек. 

         – Қарағұлдың қызы сенің үстіңнен ауданға арыз айтыпты.         

         – Айса қайтейін. Қорқады деймісің. Әлде мен елге пара беріп бастық болыппын ба. Өздері қойды, өздері алады. Құмар емеспін. Мен ол сияқты ақшамен диплом алып, соғым беріп қызметке кіргем жоқ,– деді Манарбек. 

         – Қазымыр боп барасың. Үндемей қоя салатын жерде әйелдермен айтысасың.                                                                

         – Қоям ба басқа шығарып.                                                        

         –Ойбай-ау, басыңа шығып қайда барады. Бүгін өзеуресе, ертең сабасына түседі. Ақшасын қи. Фактілеп ұстап жазала.                         

         Әңгіме тереңдеп, Манарбек қабағын түйіп, «өзім шаршап жүргенде, сен де бір жағынан қажап» дегендей әрі-бері сенделіп, сенекке шығып темекі шекті. Таңертең тұрып ерте мектепке барады. Қаңырап бос тұрғанын көріп, басы салбырап үйге қайтады. Іші ашиды. Қаңырап қалған қанша дүние. Жансыз тұр.

         Совхоз кезіндегі алты жүз елу баладан қалғаны-екі жүз. Көмір болмай қыс ортасында жылу жүйесі қатып қалып, былтыр қыстай шулаған. Биыл тағы сол. Жаздай жөндеу. Анау жоқ, мынау жоқ. Қыс түсе тағы жарылды.          Сол жыр. Қайтпек керек?                       

         Бұл сұрақты Манарбек қойса, Батыр деген мектеп директоры «ее-ке-леп» күледі.

         – Жата бер бос ақшаны алып. Көктем шыға екі смена оқып қуып жетеміз. Бізге ғана керек пе. Несіне бас қатырамыз. Бала – халықтікі, мектеп – өкіметтікі. Өздері ойласын, – деп дәп бір ештеңе қатысы жоқ адамша шалжаң-шалжаң етеді.    

         Сосын қаңыраған мектепке қарап тұрып-тұрып:                      

         – Ой, несіне мүжілем. Маған ғана керек пе, – деп іштегісін жасырып, үйге қайтады. Шаруасын істейді.   

 

*   *   *

 

  Биыл соғымды желтоқсанның ортасында сойып еді, күздікке деп сойған екі қойдың еті ерте біткен. Жаздай жайлауда жүрген жас малдың еті семіз шықты. Ойда жоқта мәшинесіне арзан сайман табылып, екі күн таңертеңнен кешке дейін Арманғазы екеуі соны жөндеді. Қыс көзі қырауға қарамай, гараждың іші тар деп алаңқайға шығарып қойып, жауған қарға, аязға қарамай, астына кіріп, үстіне шығып, қоймай жүргізген. Содан бойын суыққа алдырып екі-үш күндей ауырсынып жүрді. Ақмарал «ет бітті, шөп таусылып барады, жемге ортақ қылмай соғым сояйық» деген соң, өз қолы батпай Әлмұрат шалды шақырды. Елуден асқан арықша денелі, қабағы түксиген, тік мінезді, ауылға әйгілі шебер соғымшы:

         – Немене, өз соғымыңды өзің союға ерініп, адам жалдайтын болдың ба, байеке, – деп күлді келе. Манарбек белін сылтауратты. Сонымен, екі-үш жанұя көршілерін шақырып соғым сойған. Обалы нешік,  Әлмұрат малды таза сояды, қолы жеңіл. Қабырғасын қолмен сөгіп, мүшелерді балтасыз, әлді пышақпен бөліп, бұзып берді.

         Қазанға тамақ салған сайын Ақмарал да, «Әлмұрат аға» деп бір еске алмай қалмайды.

         Бүгін де сөйтіп, кешкі асты алдыға ала бергенде «абалап» терезе түбінен Мойнақ өршеленді.

         – Бұл кім екен? – деп ет турап отырған Манарбек елеңдеді.

         – Есіктің күршегі салулы ма? Бейтаныс біреу болды ғой, көршілерге Мойнақ үрмеуші еді.

         – Қалиларды көрсе үреді, – деді Нұржан лып етіп орнынан тұрып.

         – Мен қарап келейін.  

         Біраздан кейін сенекте дүңгірлетіп біреулер кіріп, күбірлеп сөйлеп ұзақ тұрды. Артынша ішке Нұржан кіріп:       

         – Шеше сізді шақырады, – деді.      

         – Ол кім? – деп іле Ақмарал шықты да, күбірлесіп, сықырлатып, дүбірлетіп ол да қайтып келді.

         – Баршы сені шақырады, – деді сосын қайта кіріп. Ет турап отырған Манарбек қолын сүртіп, аузын шайып, «неге өздері кірмейді» деп сенекке шықты.   

Басына салы ораған шүйкедей әйел, Манарбек үйден шығар-шықпастан жалынып қоя берді. 

         –Әкем, Манарбек құлыным, құлдығың болайын. Ана Алымжан біреулермен ішкен бе, үйге маза бермей жатыр, әйеліне тиісіп, әкесімен жағаласып, үйді шағып барады. –Үстінде қара тон, аяғында пима. Қасындағы бойжеткен қыз өзінен аумайды. Аяғында биік өкше жұқа етік. Өңі жұқа. Қалың пальто киіпті. Басында – құндыз малақай.                                                                                                           Манарбек толқыды. Өткенде тағы өстіп жалынған соң Алымжанды зорға жатқызып, ақылға көндірген. Не әкеге, не шешеге, не қарындасқа көңілі толмай, бәрін қырып-жояды екен. Аузында қиын сөздер. Көз алды тұман. Кісі танымайды. Алдына келгенді жайпай береді. Айғайлайды. Қолын бұрап, астыға салып езгілеп, тізе батырып, байлап қойып зорға тыншытқан. Енді ойланды. Бармаймын десе, ұят. Көрші. Үлкен адам. Барайын десе көргісі жоқ.                                                                             

– Апай, сіздер бара беріңіздер. Мен қазір киініп шығайын,– деді. Иығын жапқан ауыр бөкебай салысын қымтап жатып әйел: 

–Сөйтші, қалқам. Кешікпей, кел. Әлгі Нұржан қайда, бізді  Мойнақтан  шығарып  салсын, – деп сыртқа беттеді.

Беймезгіл қонақтарды ауладан ұзатып салып, Манарбек үйге келді.

– Немене, тағы төбелесіп жатыр ма, – деді Ақмарал.

– Иә. Пәле болды ғой бұл. Өздері көп-көрім қызметкер адамдар.

–А, құдай, бетін аулақ қылсын. Әке-шешесін сабағанды бірінші көрдім. Барма, құрысын. Өзіңді жазым ғып жүрер. Тамағымызды да жөндеп ішкізбеді ғой бұл, – деп Ақмарал ренжіді. Өткендегі оқиға есіне түсіп, Манарбек астан көп батып жей алмады. Тәбеті қашты. Майлырақ, жұмсақтау жерінен берер рет қарбытып асады да, үлкен кесемен құрт қосқан сорпа ішті. Тамақ ішіп болған соң аузын шайып, сүлгіге сүртіп «барсам ба, әлгілерге» деп тағы ойланды. «Барайын, жазым ғып қойып жүрер бір-бірін» деп бөгелді. Алымжан қол астында мұғалім еді. Сау күнде жуас-ақ жігіт. Келіншегі жап-жас боп сүйреңдеп қалған сөзшең. Әлдекім желкесінен мылтық кезеп тұрғандай, не шешініп рахаттанып отыра алмады, не киініп көршінің үйіне арашаға бара алмады. Әлгілер жүгіріп тағы келер ме деп аулаға, терезеге қарап қояды. 

         Далада аздап жел тұрып, жаяу борасын шыққандай. Манарбек бала күннен архитектор болуды армандайтын. Зәулім көше, биік қала жобаласам дейтін. Бірақ тыраштанып жүріп сурет мұғалімнің оқуын зорға бітірді. Онда да ылғи да тамыр таныс, туыс, әділетсіздік көп еді. Кейде айналаға қарап отырып кәдімгі суретші болмаған екем деп қынжылады. Сонда мына өмір, мына адамдарды салар еді. Аудырмас еді. Манарбек кітап сөресінен қазақ суретшілерінің сурет кітапшасын алып қарай бастады. Мұндағы суреттер бөлек. Биік. Ақыл-ой, адамгершілік толы. Арман бар. Қызығасын. Креслода отырып қалғып кеткен екен:    

         – Манарбек жатсаңшы. Сағат он екі болды, – деген Ақмаралдың даусынан оянды. Киімін шешіп, салулы төсекке жамбасы тигені сол екен маужырап, денесі рахаттанып сала берді.                                              

                            

*   *   *

                                                                                                                                                                                         – Әке, тұрмайсыз ба? Сағат жеті бопты, – деді Наржан таңсәріде әкесін жұлқылап. Манарбек өзі ерте тұрғанда өстіп Нұржанды оятады. Екеуі ұйқылы-ояу киініп қораға келеді. Оттықтарға шөп салынып, тазаланып қойылған ауыздағы бөлмелерге жылы қорадағы қой-ешкілерді шығарып қамайды. Бірін-бірі сүзіп тастамасын деп сиырларды мүйізінен іліп байлайды. Басқаларға әлі келмейтін тайынша-торпақ, қозы-лақтар оңаша тұрады. Қараңғы қорада фонар жағып екеуі малды жем-шөбіне орналастырып болғанша, қыстың таңы ағарып біртіндеп жарық түседі.

Бүгін Манарбек кештеу тұрып, киініп қораға келсе, Нұржан малды жайғастырып, ауыз қораның қар кірген тесігін бітеп жүр екен. Екеулеп ауланың қарын күреді. Сенекке мол қып отын, көмір кіргізді. Түннен қалған шоқты көсеп, отты қайта жағып, пеш қыза бере көмір салды. Күн сол ызғарынан қайтпаған бойы қатты аяз болып, суық жел қарды ұшқындатып, сүйектен өтіп, бет қаратпай жаланып тұр. Бастабында дүрілдеп жанып кеткен пеш көмір салған соң жөндеп жанбай көмейінен түтін ұйтқи бастаған соң бұдан арыға шыдамай Ақмарал да орнынан тұрып қимылдай бастады. Үй ішінің ұсақ күйбіңімен бірер сағат өткізіп, түске таман:

         – Неше күннен бері мал су ішкен жоқ, суатқа айдайық, – деп қорадан шығарып ұсақ малды суатқа айдап еді, шыққан мал суықтан қорғалап ешқайда беттемеді. Болмағасын, ықтасын жерге шөп салып, су тасып беріп, түс ауғанша тағы да қора жақта жүрді.

         Түс мезгілінде:

         – Ай, Манарбек, өлтірмесең бірдеңе тауып бер, басым ауырып тұр,– деп Көсеудің ұлы келді. Өзінің аты – Барсын. Бұ шалдың жасы алпыстан асқан, Манарбектің әкесімен құрдас. Мұның әкесі ерте өлді де, соның көзіндей болған Барсын тәрізді құрдастарымен қағытып ойнай беру Манарбектің әдеті еді.

         – Ой, Көсеудің ұлы жүрмісің – ей, алпыстан асқанша арақ ішіп. Әй, сен де алжиын дегенсің-ау. Әкең Көсеу тоқсанға келгенше шарап ішіп, шөп шауып, тау-тасты кезіп еді. Одан туған сен оңасың ба? Ауылдың шалдарын жиып арақ ішесің, құрттың алқаш қылып.                         

         – Кет-ей, оттамай. Тауып бер бірдеңе. Үйдегі жаман шешең түнімен миды жеді. Кеше Тілеудің соғымына барып ек, содан мас боп қалыппын. Шешең бар бәрі жабылып ат шанаға салып үйге әрең жеткізіпті.

         – Айттым ғой әне. Бұның жүрген жерінің бәрі сол. Апам да қызық енді қартайғанда осымен алысып жүрген. Одан да тастап кетіп мықты шалдардың біріне тиіп алмай ма?

         – Кет-ей оттамай. Апаң менен не жамандық көрді. Өмір бойы асырадым, сақтап келем. Рахмет айтсын ол.                                       

         – Рахмет дейсің-ә! Ішкен адамға рахмет жоқ екенін білмеуші мең?    

         – Қой деймін, ей қой, алысқа кетпесеңші, – деп Барсын жалынышты түрмен бірдеңе дәметкендей қарап қояды. Ұзын бойлы шалдың үстіндегі тоны қара санынан келеді. Денесі әлі тіп-тік. Орындықта отырған бойы да кішігірім бозбаладан биік боп тұрады. Бұтында – қалың шалбар. Аяғында – галошты пима. Келбеті де кесек, алақандай көзінде от бар. Ақыры қоймай жүріп үйге кіріп, әкелеп-көкелеп жүріп бас жазып шықты.

         – Әй, Көсеуіш, Көсеуіш,– деп шалды шығарып салып есік алдында жүр еді, көрші үйдегі ауладан Алымжанның әкесін көрді. Түндегі оқиға есіне түсіп, бөгеліп сәл тұрды да:                                                      

– Ассалаумалейкум,– деп амандасты. Шал жауап ретінде қалың қолғап киген қолын көтерді. Өзі бүкшеңдеп шанаға салған бірдеңені сүйреп жүр. Үстіндегі сары тонның жағасын көтеріп алыпты. Ә дегенше ақ қарды сықырлатып, суыққа қарамай Манарбек көрші аулаға жетіп келді.                                                                                            

         – Әлеке, бала-шаға, мал-жаныңыз аман ба? – деп шалдың ықылассыз ұсынған қолын алды. Қолы да сұп-суық екен. Өзі көп қимылдамаған соң бүрісіп тоңып қалыпты.                                         

         – Малдың қиын шығарып жүргенім ғой,– деді бүкшеңдеп. Көзіне үлкен қара көзәйнек киіп алыпты. Әлімқұл өмірі қыңқ етіп ауырмайтын, көзі қиядағыны шалатын қырағы адам еді.                                 

–Әлеке, көзіңізге теріскен шыққан ба?– деді Манарбек шалдың көзәйнек таққанын ерсі көріп. Бүкшеңдеп теріс қарап бірдеңе істеп жатқан шал бұрылып, көзәйнектің астынан бері қарағанда оң көзінің айналасы қанталап, көгеріп, жұмылып кеткенін көріп тіксініп қалды. Сосын өзінің тағы бір ыңғайсыз жағдайдың еріксіз куәсі боп тұрғанын сезді. Көрші жігіттің аяушылығы әсер етті ме, шалдың көзінен шыққан жас біртіндеп бетіне қарай домалап ағып кетті.                                   

         – Қайтесің, қарағым. Солай болды. Адам құдайдан бала тілейді. Жалғыз болмайын ұрпағымды жалғасын деп. Бірақ тілеген балаң осындай қылса не шара? – деп Әлімқұл қатайып бойын жиып алды. Бет-жүзі бір көрген жанға иманды көрінгенмен шалдың да бойында бір адамға жетерлік қулық пен мекерлік, айла мен есеп барын Манарбек талай адамнан естуші еді. Оның кезінде ауылда магазин ұстап, ақысын жеп біраз елді ығыр қылғанын да, кемпірінің де ол саудаға қатысы болмаса да араласып, жас күнінде бойына жан баласын теңгермейтін шалқақ  адам болғанын  көріп өсті. Мұндай тұрмысқа жету бұған бала кезінде қол жетпейтін бақыт сияқты болатын. Сол бақыттың сырт бейнесін енді танығандай. Шалдың төрт қыз ішіндегі жалғыз ұлы – Алымжан. Қазір ол үйдің жел соқпайтын күншуақ жағында шылым шегіп тұр. Манарбектің ойда жоқта жетіп келуі, оның әкесімен туыс адамындай сөйлесуі  бұған ұнамайды. Ішінен жақтырмай қарап тұрған жігітке Манарбек таяп келіп сәлем берді. Алымжанның жасы бұдан бір мүшел кіші еді. Сөйтсе де ол сен деп сөйлей беретін. Манарбек болса жасы кіші бола тұра сен деп сөйлегеніне, анда-санда осы үй ішінде болатын кикілжіңге ара-тұра еріксіз араласқанына өзін кейде ыңғайсыз сезінуші еді. Мүмкін алдында түсіндіріп айтатын ағасы жоқ болған соң білмей қателескен шығар деп кейде жас жігітті іштей аяушы еді. Кейде ақылын да айтып қоятын. Сол әдетімен қазір де:                                

–Қал қалай?– деп амандасты да– Әкей ауырып жүр екен, көмектессеңші, дем алсын,– деп бейбіт үнмен жанашырлық білдірді.              

–А, жаның аши ма? Ах, қандай мейірімдіміз!  Ондай жұрттың қамын ойлайтын қайырымды екенсің, сен тазала қораны,– деп тисе жөнелді. Аузынан түндегі ішкен арақтың иісі мүңкіп қоя берді.            

– Әй, қарағым, айқайлама, – деді  Манарбек мынаған шыдамай. – Әке-шешең екі күннің бірінде ұрып жатыр, шағып жатыр деп жылап келеді. Сонан соң жаным ашып айтам, әйтпесе айдаладағы қаймана қазақ, сенде нем бар шоқынып кетсең де.                                       

–Мен сенің үйіңе барып ақыл айттым ба? Неге кірісесің біреудің шаруасына. Сені ешкім шақырған жоқ, бар қайқай! Тиме намысыма. Өткенде де мастығымды пайдаланып ұрыпсың. Көрсетем мен саған кісі ұрғанды. Мен ұрсам тұрмай қаласыңдар.                                          

         Мына сөздерді естіп тұрғанда Манарбек осы жерге дәл қазір бекер келгеніне шын өкінді. Алымжанның мастығы әлі тарқамаған екен. Есін жиғызбай шақырылмаған қонақты жағасынан алып, жағаласып, қарсы келгеніне қарамай дырылдатып, ауланың шығар есігіне сүйреп әкелді.                                                                                          

         – Сүмелек. Тәрбие бермек. Артыңнан теуіп шығарармын.               

Көзі бақырайып, өңі бұзылып, не істерін білмей, ауладан шыға берген Манарбекті шірене тепкен Алымжан со бойы шалқасынан барып құлады. Қардың астында жатқан бетон шарбаққа басы тиіп, ақ қар лезде қызыл қанға боялды.

Қора жақтан әкесі шығып, баланың басын сүйеді. Алымжан есінен танып қалған екен, зорға деп көзін ашқанда талмаусырап айнала шулап жүрген туыстарына таңырқап бөтен адамша қарады. Шешесі дода-додасы шығып, шашын жайып дауыстап жоқтау айтқандай аңырап жылады. «Қызығыңды көрмей, көктей солғыр» дегенде Манарбектің денесі түршікті. Оған күйеуі ренжіп: –Неге сонша қарғанасың. Бұған тиген біреу бар ма? Өзі тайғанап құлаған, – деп ұрсып жатыр. Ашынып алған әйел тыңдайтын емес.    

         – Басынады ғой, қорғансыз деп!

Ауру адамдай алақтап, алас ұрып жатқан Алымжанды үйге кіргізіп, төсекке жатқызып Манарбек көп аялдамай далаға шықты. Жас әйелдің дауыс сап жылағанына, қыздардың сыңсып, қорқып дауыстағанына аязды жел күй шерткендей азаланып тұр. Тоңғанын ұмытып, үйге кірместен Наржанға бір жапырақ қағаз жазып беріп дәрігерге жөнелтті.  

Болған оқиғаны үйге келіп ішіне сыймай іс тігіп отырған Ақмаралға айтып еді, жаратпай тынышсызсың деп өзіне ұрысты.

–Жолама деп ем. Түнде бармағаның жөн бопты. Енді кіріп-шыға бермей отыршы үйде, – деп төргі үйге кіргізіп, сыртынан есікті жауып кәдімгі тұтқын қылып тастады.         Манарбек киімін жеңілдеп, аяғына түбіттен тоқыған қалың шұлығын киіп, терезеге қарап еді, қысқы дала тұмандатып, манаурап, сұрғылт түспен қалың ойға еніпті. Алыстағы таулар мұнартып, мәңгілік ұйықтап кеткендей. Селт етпейтін ұзақ-сонар ұйқыда жатыр.  

–Қысқы сурет қой, –деді күбірлеп. Неткен ғажап! Столда жатқан оқушы дәптерін аша сала, кешегі қызының шағын қаламын алып, көз алдында жазылып жатқан «Қалғұты» өзенін, арса-арса болған кәрі ағаштарды қағазға түсіре бастады. Ол әп-сәтте-ақ айналада болып жатқан оқиғаның бәрін ұмытып кетті.    

                                                               

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here