Кейіпкер  іздеу

Кез-келген қалам ұстаған жазушының өзіне тән жазу мәнері, ізденіс аясы, өмірге көзқарасының әр түрлі айтыла бермейтін, көзге көрінбейтін өзіндік құпиялары бар. Осы кітапты жазу үстінде мен мынадай материалдар жинадым деп қанша тәптіштеп айтса да сол кітаптың қалай жазылғанын қаламгер бәрібір егжей-тегжейлі айтып бере алмас еді. Өйткені кітаптың мазмұны, сырт нобайы ойында сайрап тұрғанымен, оның ішіндегі шеберлік қиюласулардың бәрін түгендеп жеткізуге зерттеуші де, жазушы да сол мезетіне қайта барып, қиналып жатпас еді. Есте қалған сәттерін, кейбір жұмыс үстіндегі мезеттерін еске алып естелік қана қалдыра алады. Бұл өткен әдебиеттегі өмір жолы қызыққа толы, тіршілігі аңыз болған қаламгердің айтар сыры ғой. Ал, егер көп ішіндегі жай ғана аты аталып, ешбір марапат та алмаған, талант деген шулы даңққа ие болмаған адам болсаңыз онды атақ ауылына қолы жүрмейтін қатардағы еңбекқор жазушы болу маңдайыңызға жазылды деп есептейсіз.

Сіздің шығармаңызды біреулер шыға сала оқып алады. Қарасаңыз сіздің бір жақсы әңгімеңізден кейін соның көшірмесі сияқты бірнеше «әңгімелер» пайда болады. Яғни сізге жұрт еліктеп жатыр. Мен осы шығарманы оқығанда  осындай ой туды дегенді айтпайды. Тіпті сізді танымаған болып жүріп шығармаларыңыздың бәрін оқиды. Бірақ түсін түспеп пәленше маған еліктеп мынаны жазып жатыр деп айта алмайсыз. Білесіз олардың қанша еліктесе де сіздің жазғаныңыздай бола алмайтынын. Сөйтсе де сол еліктеуімен-ақ бір күні аузы жылдам бір сыншының назарына ілігіп, дақпыртты даңғаза айғаймен бірталай атақ жинап алғанын. Әдебиетте уақытша «пәмилә» пайда болады. Бірер жылдан соң майы біткен шырағдан сияқты сөніп бара жатады.

Айтпағымыз кейіпкер туралы еді. Бұл өзі әдебиет жүзінде көп айтыла бермейтін, айтылса шет жағалап, пәленшенің жасаған бейнесі деген сияқты пікір боп айтылады. Ал осы мезетте өмірдегі адамдар оқырман болып, сіздің жазған кітабыңыздан жанына жақын кейіпкер іздеп жүреді. Кей газеттер қазір жазушылар бір-бірін оқымайды деп жатады. Кешірерсіз, оқиды. Оқығанда қандай. Бірақ оқыдым деп айтпайды. Айтатындар сирек. Адал адамдар айтады. Егер жақсы шығарма болса онда тіпті іздей бастайды.

Иә, кейіпкер туралы айту жазушының жасаған бейнесі сөз ету. Егер біреудің жазған кітабындағы кейіпкерді сөз етсеңіз демек әдеби сынның ауласына түсіп кеттім деңіз. Кітаптағы кейіпкер ұнамай жатқанын айтсаңыз, онда жазушының еңбегі осал болғаны ғой, мынау бізді қомсынып тұр деп әдебиетші қауым сіздің бірталай сөз қыларына дау жоқ. Біз де жас болдық. Әдебиетті сөз еткенде онда артық-ауыз мақтау, сын пікірлер айтылуы әбден  болып тұратын нәрсе. Енді бір жайт бар. Үнсіздік деген. Бәрінен жаманы осы. Бұл үнсіздік пайда болған жерде көп нәрселер көмулі, айтылмай жатқанын байқауға болады. Ол жерді бәрі айналып өтуге тырысады. Оған әдеттегідей біреудің батылдығы, енді біреудің білігі, енді біреудің адамдығы шыдай бермейді. Кез-келген талантты ақынды алсаңыз әдеби сын, оқырман тарапынан әлдебір уақытта осы айналып өту, мойындалмау сияқты құбылыстарды басынан өткергенін көресіз. Бұл үнсіздікті қажырлы еңбек пен батылдық бұза алатынын сонда ойға аласыз. Қажырлы еңбек бола тұра батылдық жетпеген кезіне кейбіреулер өкініп те жатады. Батылырақ болсам ана шығарма мен мына сыйлыққа жеткен болар едім деп.

Жазушыны іздеу дегеніміз оның кейіпкерлерінің өмір жолын қадағалау, сол заманның тыныс-тіршілігін, жақсы-жаманын саралау, қаламгермен бірге ой кешіп қиналу, немесе рахат бір романтикалық күйде ризашылықпен өмір сүру. Оқырман жанына қаншалық рухани азық іздесе жазушы оның бәрін өндіріп бере беретін зауыт емес. Оның да шабыт алатын, өмірді зерттейтін, қоғаммен қарым-қатынас орнататын өзідік тәсілі бар. Әрбір кітаптан кейін жазушы дем алады. Келесі кітапта не жазсам, оқырман қалауы қандай деген сұрақтар қоюы мүмкін. Тіпті ондай нәрсеге бас қатырып жатпай-ақ көрген-білгенін жаза беріп, балық сияқты жағалауға шығып қалып, оқылмайтын кітаптардың авторы атануы да ықтимал.

Жанына жақын кейіпкерді тек оқырман ғана емес, жазушы да іздейді. Оның жолы қиын болатыны да, бір қалыпты сүрлеу сияқты соқпақ болып сайрап жатпайтыны да сондықтан. Баяғының 50 том, 30 том жазатын еңбекқор қаламгерлері бүгінде азайған. Роман жазудан гөрі әңгіме жазу тиімді деп есептейтіндер көп. Сол себепті бүгінгі көркем әңгіменің арқаны түскен жүк көбейе түскен. Оған әркім талап қыла берген соң, әңгіме шарты, талап деңгейі, әдеби шеберлік, кейіпкердің ерекше адам болмағы деген сияқты қызықты нәрселердің бәрі айтыла бермейді.

Кейіпкер. Бала күнімізде мектеп мұғалімдері «менің сүйікті кейіпкерім» деген шығарма жаздыратын. Соны жаза алмай әбден қиналғаным есімде. Кейіпкерлер көп еді, оқыған кітап ішінде ұнайтын кейіпкерлерді елеп-екшеп, олар туралы ойланып жатпай оқиға қуалап оқитын бала көңілі осы оқиғаның ішінде жүрген адам тағдыры жайында ойланды дейсің бе? Бүгінгі өмірде де танылмаған, әлі жазылмаған, өң-түсін бермеген кейіпкерлер қаншама. Оны жазатын жазушы атаулыға жаратушы денсаулық пен шабыт берсін деңіз.

                                                                                  15.01.2021.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here