Басты бет ӘДЕБИЕТ & ӨНЕР Кіреуке мерген

Кіреуке мерген

0
93

                                  Зейнел-Ғаби Иманбаев

КІРЕУКЕ МЕРГЕН

Кіреуке қосауызды төмен қарай бұрып, көздей бастады. Кішкентай мыс қарауыл бір сәт зорайып көрінді де, бұлдырап кетті. Қолы қалтырап, мылтықтың суық оқпаны шайқала берді. Қаракөлеңке үйде көкшіл кеудесін көрсетіп, қаншық қасқыр тұр. Көздері терең құдық түбіндегі лай судай жылтырайды. Құйрығын қозғап, еркелегендей болады. Мерген атуға батпады. Мылтығын былай қойды. Күректей қара сақалының етегін қайырып әкеп, ерніне басты, ойланды…

…Жазғы бір тыныш күн болатын. Таңнан бері ұзақ жүрді. Терледі, шөлдеді. Құтжолдың да зықысы шықты. Ыстықта тілі салақтап, солқ-солқ етеді. Тоқтап, тың тыңдайды. Күн тас төбеде. Ыстығы тандырдай қақтайды. Жүріп келеді, ойлап келеді. Қаншық қасқырды ертемен Балпанайдан көріп еді. Із тартып, Торжайғанға қарай жөнелген. Арамдыққа келгенде қасқырдың алдына жан түсе ме?  Кіреуке, керісінше, Қазыметті сүзіп шығуға ниет қылды. Қалың өзектің әр шырпы, әр томаршасын тінте қарайды. Кәнігі төбет  Құтжол шарқ ұрады. Табылар емес, із-түзсіз жоғалды. Томар арасы суға толы. Су өсімдік татымен зеңгіл тартқан. Бетінде ұсақ сары гүлдер қалқиды. Ортада дөңгеленген шағын тал бар. Тал бозғылт жапырақты нәзік бұтақтарын иіп, қопаға жантая өскен. Балтырын суға малып  ақ қайың тұр.

Кіреуке томарға шықты. Суға қолын салып, аз отырды. Су суық әрі мөлдір болып көрінді. Қос алақанымен көсіп алып, екі жұтты. Көкше мен шірінді дәмі білінді. Маңдай терін сүртті. Көздері сонау талда. Құтжол томардан томарға секіріп көп жерге барды да, бөксесін суға малып алды. Сілкінді, қыңсылады.

Мерген орнынан тұрды. Заттарын, мылтығын, сыртқы киімдерін қалдырды. Сөйтті де, томарлардан секіріп, ілгері кетті. Мұндайда аяқты шалыс басу – суға шомылып алу деген сөз. Мысықша сақтана жүрді.

Мерген тұйыққа тірелді.  Томаршалар арасы алшақтап, жүріс қиындап кетті. Бір рет күмп беріп, суға сүңгіп те шықты. Сүметілген Құтжол да иесінің қолын жалап, қыңсылайды. Ақыры су ішіндегі тал өскен үлкен томарға жетті. Тал астында сүйек қалдықтары жатыр. Көкшіл қоңыр мақұлықтар қыбырлайды. Көздерін әлі ашпапты. Біріне-бірі тығыла түседі. Ауыл итінің марғау күшіктері сияқты. Алтау екен, азулы алты жыртқыш. Қыста отарды қырып кеткен тобырдың ұрпағы.

Мерген біреуінің титімдей құлағынан көтеріп, сілкіп-сілкіп қалды. «Үн шығармауын қарашы, ә, қасқыр болмай кеткір»,– деп күлді. Сөйтті де, кенеп қоржынына тастап жіберді. Темекі тартып болып, белінен жез кездікті алды. Кездікті күсті алақанына жанып жіберіп, бөлтіріктердің тілерсегін қия бастады. Барлығының сіңірін қырқып болған соң, итін ертіп ауылға қайтты.

Құтжол артқа қарап, қыңсылайды. Бөлтіріктерді сау тастап кеткеніне қынжылатын сияқты. Қоржын түбінде бүлкілдеген бөлтірікті жақтырмайды. Кіреуке күлімсіреді. «Әй, Құтжолым-ай, сен не білуші едің, сенің айуандық ақылыңа сыймайтын жай ғой. Қазір өлтіргенде терілері пайдаға аса ма? Оның үстіне қасқырлар елге тыныштық бермейді. Тілерсектері қиылған бөлтіріктер ұзап ешқайда кетпейді. Қар түсе жүні жетілген соң оңай соғып аламыз. Түсінсейші сен. Түсінбейсің, ә? Тұқымдасың сенен әлдеқайда айлакер-ау! Із көрсетіп алысқа бастап еді, айласын біле қойдық. Ұя салған жерін қарашы, адам аяқ баспайтын қопа. Солай, Құтжол, сен босқа арсалаңдайсың, біз олармен әлі кездесеміз!» – деді Кіреуке.

Мерген бөлтірікке үйдің босағасынан үйшік жасап, сонда күтті. Алғаш сүт қана ішкен бөлтірік бауырын көтеріп алған  соң ауыл иттеріндей не берсе соны жеп, тез өсе бастады. Атын жүйрік болсын деп Құйын қойды.

Кіреуке түз жыртқышын Құтжолға қосып, аңға баулымақ ниетте. Соны баға жетпес қызық деп білді. Қасқырға тән күш пен өжеттікті қасқырлардың өзіне қарсы жұмсау – арманы болатын. Құтжол бөлтірікті көрсе, арқа жүні тік тұрып ырылдайды. «Әй, ақылсыз айуан, сен не білуші ең»,– деп иесі ұрсып жүргені.

Аңшы бірде домалаңдаған жуан бөлтірікті шапқа түртіп, қызықтап отырды. Бөлтірік қасарып қозғалмады. Сонсоң көзді ашып-жұмғанша тістері сақ ете түсті. Мерген қолын тартып алды. Алақанын пышақтай орып түсіпті. Қып-қызыл қан саулап қоя берді. Кіреуке білегін қыса ұстап үйге жүгірді. Жұбайы Жамал қатты сасқалақтап, күйініп сөйлеп жүр:

– Құдайым-ай, қасқыр асырап ит қыламын дегені несі? Тырнақтайынан мынаны  істеді, өскен соң қайтпек?..

– Қой енді мылжыңдамай, – деп мерген теріс айналды. Бөлтірік кіп-кішкентай ұры көздерімен тапжылмай қарап жатыр. Жасқану да, ұялу да жоқ. Аңшы ашу-аразсыз:

– Солай, Құйын, сен қасқырлығыңа баспа, мынауың ұят, иесін қабуға әсте болмайды, – деді.

Соны айтты да итаяққа сүт құйып, алдына тосты. Бөлтірік ұрлана қарап, сүтті жалай бастады. Осы кезде Құтжолды шақырып еді, төбет бөлтірікті желкеден сілкіп, лақтырып жіберді. Анау аунап тұрып, тістерін ақситты. Кіреуке итке жекіп, бөлтірікті қайта әкелді. Бұл жолы сыздана қарағанымен, төбет соқтықпады.

Мерген ит пен қасқырды осылай күштеп жұғыстырды. Ақылды төбет соқтықпау керектігін ұқты. Кейін екеуін бір үйшікке қойды. Төбет болмашы қырғиқабақтық көрсетсе, иесі ұрсып, тыйып тастап жүрді.

Көптен күткен күз келді. Теріскей жақтан шыққан ауыр бұлттар аспан жүзімен жылжып, алыс қияға өтіп жатыр. Суық жел сары даланы кезіп, қара пәледей өкпені қауып, қалтыратып жібереді.

Кіреуке торы шолақты сұлыға байлап күтіп жүрген. Сары төбет те қоң жинап, жоталанып қапты. Ит пен аттың бабына өзгеше ықылас қойған ол өзге шаруа қамын ұмытқандай еді.

– Құдайым-ау, қыс болса келіп   қалды. Қора-қопсы қымталған жоқ. Орманшы болғаның не керек, отынға да тапшымыз. Аспанға қыстармыз, тегі, – деп Жамал ызыңдайды. Кіреуке көмірдей қара сақалын салалап:

– Бір жөні болар, – дей салады.

Күндер осылай өте берді. Қар әлі түскен жоқ. Қардың тезірек түсуін аңшы асыға күтулі.

Ерлі-зайыптылар орманда жалғыз үй отырғалы біраз жыл болған. Орманшы ормансыз жерде ағаш күзете ала ма? Ауылда тұрып күзеткенде, суық қол кірген соң, осында біржолата көшіп келген.

Айнала түнек шұбар. Сұңғыла қайыңдар, сұр теректер көкке шаншыла өсіп, иінтіреседі. Жазда түндіксіз үйдей қамау, ақ жамылған өліктей қорқынышты.

Кіреуке таң атса шұбар кезіп кетеді. Оған сол тентіреуден артық қызық та, бақыт та жоқ. Сорлағанда Жамал сорлайды. Жападан-жалғыз елсіздегі адыра қалған үйде көңілсіз тіршілік кешу оңай ма оған?  Тіпті жалғыз әйелге үйдің төрт қабырғасы да қорқынышты болып көрінеді. Есік алдында тер сіңген тоқымды төсеп, ұзақ отырады. Сыбдыр қаққан сырлы орманнан басқа ештеме көру жоқ. Жалғыздық әйелдің шерлі жүрегін қозғап, жүзіндегі әжім сызықтарын көбейте түскендей.

Қатал  тағдыр оны біржола бақытсыз еткелі көп болды. Жамал жалғыз болайын деген жоқ, құрсақ көтерді. Балалары апыл-тапыл басып,  кісі болып қалғанда өле берді. Енді, міне, әйелдің шұғылалы талтүсі ымыртқа ауды. Құдай берген ажары тайып, беттің  қызылы тарқады.

Оңашада балаларының кішкене киімін ұзақ иіскеп, көз жасына ерік береді. Киімдердің байырғы иісі кетіп, бұрынғы түсі тозып, көз жасына бөккен.

Жамал бүгін де үй іргесінде, күннің көзінде ұзақ отырды. Күздің кейпі көңілін құлазытып, адыра қалған ғұмырын ұзақ ойлап, көп мұңға батты.

Жамал соғыс басталардан аз-ақ күн бұрын жас жігіт Темірбекке тұрмысқа шығып, аз  күн болса да бақытты  күн кешті. Келіншек одан артық шаттықты  тілемеп еді. Бір күндей болмады, күйеуі майданға аттанып, көп ұзамай қаза тапты.

Соғыс Жамалдың бақытын осылайша лас табанымен жаншып өте шықты. Кейін тағдырдың жазғанына көніп, әскерден келген, әйелі өлген Кіреукемен көңіл қосты. Ақыры қопаның ақ қайыңындай қурап жалғыз  қалғаны мынау.

Жалғыздық Кіреукеге де оңай соқпапты. Балалар туып, өле берген сайын самайына ақ араласып, бетінде әжім көбейді. Есі-дерті дала, орман. Қу үйде отырғысы келмеді. Құтжолды ертіп кете барады. Көкке таласа өскен сырбаз орманға мейірімсіз біреу балта салмағай деп, жеті түнде амалдап қайтады. Ағашты ұрлап кесушіні көкжал қасқырдан бетер жек көреді.

…Тоғайдағы алаң жақтан Құтжолдың үргені естілді. Аңшы тоқтай қалды. Әлгі Құйын қайда екен? Оймен келе жатып, иттерінен көз жазып қалыпты.

Шырпылы алаңда ескі апан бар болатын. Құтжол апан аузын тырналап жатыр. Құйын үйіндінің үстінде көлденең жатыр, кәдімгі үлкен ақ қасқыр болған. Мойнында қарғысы, құлағында ені бар демесең, мықты жыртқыштың өзі.

Кіреуке жақындағанда Құтжол шықшытты үлкен басын іннен жұлып алды. Сілкінді. Мойнынан балшық сау-сау етті, қыңсылады. Қасқыр тұрған жерінен қозғалмады. Көздері қызарып, далаға қарайды. Құтжолдың кетуін аңдып тұрып, апанға бас салды. Кеудесіне дейін сұғына тың тыңдады.

Бір кезде Құйын апаннан бірдеңені дырылдата сүйреп алып шықты. Сонсоң алыса кетіп, әлгі жыртқышты жайратып тастады. Сөйтсе, оның өзі тілерсегі қиылған, ен салынған бөлтіріктердің бірі екен. Тал арасынан тұрғызылған бөлтірік қасқыр маймақ аяқтарымен бодаланып, соқыр апанға қойып кетсе керек.

Кіреуке күліп жіберді. Сол күні аңнан өте көңілді оралды. «Қасқырды қасқыр алыпты» деген лақап бүкіл елге тарап кетті. Ағаш тасығандар да, лесхоздың үлкен-кіші қызметкерлері де  келіп көрісті.  Барлығы да  қасқыр- ит Құйынды қызықтады. Құйын қора төбесінде балуан аяқтарын созып жіберіп, келіп-кеткендерге үнсіз қарап жатты. Тірі жанға  қастығы болмаса да, достығы жоқ ожар қалпы. Қасқырдың қылығын Кіреуке келгендерге өсіре айтып, таңқалдырумен болды.

Жамал ғана көңілсіз.  Кеше  Құйын ас қоятын сарайшаға кіріп, бір қарын майын ұрлап жепті.  Өткен аптада қақтаған етін алып кеткен. Қазды талап өлтірген. Жамал ұрмақ болып ұмтылғанда аппақ азуларын көрсетіп, гүр ете түсіпті. «Мына кәпір қайтеді»,– деп әйел шошынып қапты. Сонан бері Жамал жек көреді.  «Ұры, қиянатшыл», –  деп қарғайды.

Жұрт не десе о десін, Кіреуке үшін Құйын үлкен бір мақтаныш.

Түнде мергеннің сүйек-сүйегі қақсап, ауырып шықты. Оқ жұлып кеткен қабырғаларының орны қалай жатса да шаншумен болды. «Ауа райы бұзылады екен», – деп пайымдады ұйқылы-ояу.

Айтқандай-ақ жерді ақ қар жауып қалыпты. Үп еткен жел жоқ. Қысқы салқын ауа танауды қытықтайды. Кіреуке үйге қуана кірді.

– Жамал, құдай оңдады, қансонар, – деді аптығып. Жа­мал теріс айналып, күбір етті…

– Құтжол, Құйын, кеттік! – деп жар салды. Кезеңнен өтіп, көзден таса болды. Жамал самауыр басында шошайып отырып қалды. Жүрегінің талмасы ұстар ма екен, денесі алып түсіп барады. Соңғы баласы өлгенде талып қалды да, кейін де сөйтетінді шығарды. Дәрігерлер дәрі ішіп күтінуге, ашуланбауға, өзін-өзі сақтауға кеңес берді.

Әйел қимылсыз отыр, баяғы бір ащы ойлар…

Кіреуке Қазыметке тартты. Аңға шыққанда тіршіліктегі бар кейістігі тарқап, жайнап сала беретін, бүгін де сөйтті. То­ры шолақ шоқытып келеді. Иттер тілдері салақтап, оқ бойы алда. Құйын Құтжолдың соңынан қалысар емес. Тоқтай қалса, санын иіскеп жанаса кетеді. Төбеттің ашуын жібітер екеуара белгілі себеп бар. Төбет қаншық қасқырға жылыұшырап қарайды.

Кіреуке Қазыметті жиектеп шапты. Бүкіл өзек ақ мамық жамылып, тып-тыныш. Түз тағылары қар бетіне жазу жазыпты. Мұндайда аң көп жүрмейді. Кезбе қоян ғана бір өзекті бір өзі шарлап шығады. Бүкіл бір орманға сансыз із қалдырады.

Мерген шығып кеткен қасқыр ізін көре алмады. Не де болса іште екен деп ойлады да:

  • Құтжол, мен осында отырам, қағып қал, – деп дауыстады. Құтжол қарға аунап тұрып, жөнеле берді. Қаншық бөгеліп қалды.

– Бар, сен де бар! – деп ақырды иесі. Қасқыр зілдене қарады да, аяңдап кете барды.

Кіреуке кезеңде тың тыңдап ұзақ отырды. Дыбыс жоқ. Қо­лы тоңуға айналды. Мылтықты оқтап қойып, темекі тартты. Бір кезде Құтжолдың үргені естілді. Ит ызалы, қуғаны қоян емес сияқты. «Қанды басыңды бері тарт!» – деп мерген бірде оңнан, бірде солдан шықты. Ауытқып, алыстап кеткендей болды. Көптен соң қайта жақындады, жақындағаны сонша, дүбір ап-анық естілді. Мерген мылтықтың құндағын жағына сүйей берді. Сол-ақ екен, қалың тал селк ете түсті. Кіреукенің көз алдына көк түтін үйіріліп тұрып қалды. Құндақты жағынан түсірген жоқ. Екінші атуға келмеді. Иттің өзі секіріп шықты. Шықты да, алдағы тал арасына қойып кетті. Мерген жүгіріп жетсе, құлаған қасқырдың жанында тұр. Кіреуке асыранды қасқыры ма деп қорқып еді, басқа болды. Әлдеқайда сом, әлдеқайда ірі қаншық қасқыр ұлпа қарды қаба құлапты. Бөлтіріктер бұл маңайда болмады. Қалың тоғайға өткен екен. Әдетінше мынау ана қасқыр із тастап, бері салған ғой.

Иә, сөйткен. Сонда Құйын қайда? Құйын!

Кіреуке атқа мініп, қалыңға кірді. Атын атап шақырса да, еш жерде жоқ. Құтжол іздерді иіскелеп барады. Қалыңда  атпен жүру оңай соқпады. Шырпы бетті осып, киімді жыртып, аттың таңынан тартып, әбден зықысын шығарды. Найза томарлар тізеден қағып, мұздақ тайғанақтатып, ат қара тер болды. Қазыметті түгел шолып шығу дегеніңіз бір күннің әрекеті емес. Кіреуке түсініп келеді. Құйынды қалайда табу керек.

Жүріп келеді. Күн батып бара жатыр. Күннің батып бара жатқанын сауысқандар айтты. Олар биікке шырқай шығып, бытырай шашылып қоналқаға тартты. Аспан бұлттанып, қапалақтап қар жауды. «Әттеген-ай, иттерімді таба алмай қалмасам жарар». Тізгін тартып, тың тыңдады. Бір кезде  Құтжолдың шабалана үргені талып естілді. «Иә сәт, тапты-ау!»

                                                           * * *

Аңшы бөлтіріктерді түгел ұстап алды. Қаншық қасқыр шу деп оққа ұшқан. Сөйтіп, Қазыметтегі  бір ұя жыртқышты құртып, көңілі жай тапқан кез. Енді жұмысына алаңсыз кіріспек ниеті бар еді. Жағдай басқаша болып қалды.

Таңертең тысқа шығып кеткен Жамал табалдырықтан аттай құлады. Кескіні ақ шөлмектей. Кіреуке әйелдің аузына дәрі тамызып, не болғанын жалынып сұрап жатыр. Жамалда ес жоқ. Есікті ымдай берді. Мал қорасының қақпасы шалқасынан ашық. Ішінен бу бұрқырайды. Жүгіріп жетсе, он шақты қой-ешкісі түп-түгел қырылып қапты. Көбі тамақталып өлтірілген. Екеу-үшеуі кіреберісте қып-қызыл ала болып жайрап жатыр. Қорадан ыстық қан мен жынның иісі аңқиды.

Құйын белуарға дейін қанға боялып, қора төбесінде тұр. Құтжол оған қарап, есі кеткенше шаптығып үреді. Мерген ашумен мылтықты ала ұмтылды. Қаншық қасқыр қыстауға кіріп жоқ болды. Сол кеткеннен мол кетті. Онымен айналысуға  Кіреукеде уақыт болмады.

Бұрыннан жүрегі сыр берген Жамал төмендей берді. Амалсыздан орталықтағы ауруханаға апарып жатқызды. Шын жалғыздық енді келді. Дәрігерлер «Жағдайы өте ауыр, дұрыс емдемесе, сал ауруына шалдығуы мүмкін», – депті.

Жамал қаннен-қаперсіз қақпаны ашып қалғанда қып-қызыл қасқырды көріп, есі ауып кетеді. Құйын түнде жабықтан түсіп, қойдың бірін алып соққан. Қан жұтып алған соң қасқырлығына бағып, аяусыз қыра берген. Қырып болған соң қақпа алдына сүйреп апарып, талап жеген. Жеп болған соң мұның ақыры таяқсыз бітпейтінін сезіп, қақпаның ашылуын аңдып жатқан. Қақпа ашылған бетте сыртқа бір-ақ ытқыған. Бар болғаны сол.

Жамал ауруханада ұзақ жатты. Кіреуке елсізде жалғыз тұра беруге жалықты да, ауылға көшіп келді. Көшіп келгенімен орманға жиі қатынап тұрды. Ағашқа біреу балта шаба ма деп үнемі қауіптенумен болды. Аңшылыққа мүлде құлқы жоқ. Ұзын қара сақалы мен жалбыр мұртына ақ түсіп, қоңырша бетінде әжім көбейе бастапты. Өткен күндерін күрсіне ойлайды. Жалғыздығын, ұрпақсыздығын есіне жиі алады.

…Уақыт көктемге тақау. Ақпанның аяқ кезі. Кіреуке белгілі торы шолақты жегіп, жолға шықты. Көптен іші пысқан Құтжол аттың алды-артын орайды. Тұмсығына секіріп, еркелейді. Торы шолақ өзі білетін орманға қарай тартты. Ауа райы ыңғайсыздау  болып тұрған. Шұбарды амандап қайтпақ. Аралап ұзақ жүрді. Ешкім із салмапты. Бәрі орынша. Аздап көңілденейін деді.

Аспанмен таласқан ақ қайыңдар адамның жастық шағындай сұлу, сүйкімді болып көрінеді. Осындай жаратылыс перзентін алып ұрып, отынға жағуға батылы қалай барады екен жұрттың? Ормандағы мың торап іздер Кіреукені аңшылықтың қызығына шақырғандай. Құйын есіне түсті.

Бәріне де өзі кінәлі. Жауын асырап несі бар? «Айналайын Жамал, құрт деп едің, тіліңді алмадым. Жер соқтырды да кетті». Құйынды енді ойынан шығарғысы келеді. Басқа тіршілік қамы да толып жатыр.

Кіреуке қыстауын басып елге қайтпақ. Жұмыспен жүріп, күнді кеш қылыпты. Ауа райы тез бұзылып, қатты жел тұрды. Көптен тапжылмай жатқан ұлпа қарды үйіріп айдап, сапыра жөнелді. Орман мазасызданып, теңселіп кетті. Айнала тез қараңғыланды. Торы шолақты қаужап, асығып келеді. Мынау ыңғай иттерін ертіп аңға шығатын тар қылта. Қылтадан әрі Жамалмен он жыл тұрған, бұл күнде иесіз қалған жалғыз үйлі қора-қопсы. Кіреуке үшін жылылығы бар мекен. Мұнда соңғы баласы туып еді.

Алдында зарыға тосып Жамал отырғандай. Аңнан әмән осылай оралатын еді. Жамалды сағына есіне алды. Жүрегі алып ұшады. Жалтақтап жүргісі келмей келе жатқан торы шолақ қана. Елеңдеп, қараңғыға осқыра қарайды. Құтжолдың жүні жығылып, тақала жүрді. Қыңсылады.

Кіреуке өз ойымен отыр. Күлімсірейді. Күбірлеп сөйлейді. Бір кезде иті шанаға қарғып мінді. «Ой, мұның не?» – дегенше болған жоқ, арт жақтан сылаң етіп қаншық қасқыр шыға келді. Жалбыраған тілік құлағы қараңғыда бірден көзіне шалынды. Сасқанынан «Құйын, күш-күш!» – деді. Құйын бөлтірік кезіндегідей жанына секіріп мінді.

Торы шолақ төбеге ұрғандай тұрып қалды. Қалтырап, ілгері басар емес. Кезеңде жол табанында екі қасқыр қарсы қарап жатыр. Қасқырлар бүйірден де, арттан да көрінеді. Бәрі де қарны қабысқан аш. Қаншықтың қимылын бағып, ишарат қылса-ақ жаппай атылып, атты адамды пәре-пәре етпек.

Кіреукенің көзі қарауытып кетті. Иті басып отырған аяқтарын жинап алуға мұршасыз. Сәл оғаш қимыл – өлім. Өлім мергеннің қашанғы қас жауы. Ол ширыға бастады. Қаны қайнап, қос ауызбен гүрсілдетіп ата бастағысы келді. Жоқ, өйтуге болмайды. Алғашқыда бірін-екісін өлтіре аласың. Мылтықты екінші оқтағанша тобыр жабылып, жұмысыңды бітіреді.

– Айт шу, – деп атқа дауыстап қалды. Пұшпағына дейін терлеген бейшара ат екі-үш аттады. Сықырлап қозғалған шананың алдынан қасқырлар сүметіле тұрып, жол берді. Торы шолақ теңселіп ілгері жүрді. Қасқырлар шана соңынан сөлпеңдеп келеді. Алды-артына шығып, сом аяқтарымен қар боратты. Жақындап гүр-гүр етісті.

Қаншық қасқыр Құтжолмен бүйір тақастырып отыр. Қараңдаған ескі қора жаққа істік тұмсығын көтеріп, иіскелейді. Қайнап жатқан тәтті сорпаның иісін сезгендей болады. Аңнан келген бетте Құтжол екеуі ар-ұр етісіп таласа ішетін айран-шалаптың дәмі аузына келеді. Ол бірнеше күннен аш болатын. Кіреукеге қарап жаланып қойып, құйрығын бұлаң-бұлаң еткізеді.

Торы шолақ қақпасы шалқасынан ашық тұрған қораға қойып кетті. Қасқырлар жабылып қар боратты. Қол созымда Жамал екеуі кіріп-шығып жүретін аласа қоңыр есік көрінді.

Кіреуке ақырын басып солай қарай жүрді. Қасқыр біткен әр қимылын бағып, тығыз қоршап келеді. Құтжол қыңсылап, тақымына тығылады. Ақ қаншық гүрілдеп, нөкерлеріне айбат көрсетеді. Кіреукенің бұрылып қарауға батылы жетпеді. Жыртқыштардың бірі алқымынан ала түсуі мүмкін еді. Есікті қатты жұлқып, ішке кіріп кетті. Бірақ дереу жабуға үлгіре алмады. Іргесін басқан сіреу қар бөгеп қалды. Құйын мен Құтжол қабаттаса ұмтылды. Сол-ақ екен, қасқыр біткен опыр-топыр үйге лап қойды.

Босағаға жабыса қалған Кіреуке сыртқа атып шығып, есікті артымен тіреп тұра қалды. Бар күшін салып сіресіп тұр. Жауыздық құйыны қазір-ақ ескі үйді талқан етіп бұзып шығатындай көрінді. Шеке тамыры білеуленіп, зорлана итерді. Тастабандап қалды. Ол ұзақ тұрды. Есіктің кілтін салып, те-резе қақпақтарының беріктігін қарап шықты. Тақтай қақпақтарға сенбей, күзде отынға деп әкеп тастаған қайың дөңбектерін қабаттап үйді. Үйіп болып, қорадағы ат-шанасына келді. Торы шолақ байғұс әлі қалшылдап тұр.

– Құтжол! Әттеген-ай, құртты-ау оны! – деді мерген.

Кіреуке атты доғарып, бұрынғы орнына байлады. Маядан мол етіп шөп салды. Қораны қымтап, төбеден түтін шығар жасады. Сөйтті де, ортаға от жағып, жылынып отырды. Боран қыстауды қатты шайқап тұр. Көзі іліккен сайын шошып ояна берді. Түсінде қараңғы далаға кетіп бара жатқан Жамалды қасқырлар талап жеп қойыпты. Өксіп оянды, Жамалды қатты сағынып кетті. Ешқашан бұлай сағынбаған сияқты.

От сөніп, жылтырап күлі жатыр. Таң атып келеді. Қайыра от жағып, қорадағы құдықтан атқа су тартып берді. Шөп сал­ды. Қу отынды мол тастап, белбеуіндегі оқтаулы патрондарын қарап шықты. Мылтығын ашып, оқпанын сығалап көрді.

Таң ата жел толас тапты. Орман іші ақ мамықтай үлпілдеп жатыр. Кіреуке тор шолақты жегіп, қаңтарып қойды. Отты анықтап сөндірді. Сарайдан өткір балтасын алып, үйдің шатырын бұза бастады. Төбе тақтайдың екеу-үшеуін суырғанда төменнен бұрқырап жылу шықты. Төбеден түскен жарыққа қасқыр біткен гүрілдеп, шапши бастады.

Мерген үйдің қаракөлеңке бұрыштарына тіміскілей қарап, Құтжолды іздестірді. Құтжол қайда, іңірде кірген бетте дар-дар айырып, қылғып салған.

Кіреуке белбеудегі жиырма бес патронды ағытып қатарлап қойды да, қосауыздың оқпанын төмен қаратып, гүрсілдетіп ата бастады. Ата берді. Іштен көк түтіннен басқа ештеңе көрінбейді. Мылтықтың сүмбісі қызып кетті.

Мерген аз бөгелді. Тамсанып еді, жағы қарысып қапты. Қапылыста құндақ соқса керек, иығы сырқырап барады, мылтықтың сүмбісі қарға тиіп шыж етті. Тар тесіктен қоңырсыған мылтық түтіні будақтайды. Кіреуке темекі тартып отыр. Темекі тартып болып, түтіні сейілген үй ішіне қарады. Қасқырлар түгел жусапты. Ұзын саны оншақты. Құйын пеш арқасына шығып, бүрісіп отыр.

– Күшім, күшім, – деді Кіреуке. Қасқыр секіріп түсіп, бері жақындады. Құйрығын бұлаңдатты. Атайын ба, жоқ па деп толқыды Мерген. Құйынның көзін ашпаған күшік кезінен бүгінге дейінгісі көз алдынан өтті. Мылтықты әлденеше рет көздеп, әлденеше түсірді.

Кіреуке ақылға келді де, пешке жабыса отырған қаншықты көздеп атып жіберді. Жыртқыш домалап сәкіге түсті. Өз бүйірін өзі қауып-қауып алды. Сөйтті де қолжуғыштың іргесіне басын тыға құлады. Мерген маңдай терін сүртті. Көңілі құлазып сала берді. Аяныш па, мұң ба, бір өкініш сезім пайда болды.

Шуақты күн орман үстіне қарай өрлеп, айналаны рахат сәулесіне бөледі. Көктемдегідей жылы жел бар. Жаратылыс біткенді қайта тудырып, қайта жасартатын ару көктемді аңсап кетті мерген. Жас жігіттей секіре түсіп, есіктің кілтін ашты. Үй іші қан сасиды. Қалдырып кеткен басы артық көрпе-жастықты аппақ ұнтақ қылып тастапты. Шайнамаған, қиратпаған ештеңе жоқ. Құтжолдың қара тырнағынан да ештеме қалмапты.

Қаншық қасқыр әлгі орнында қимылсыз. Артқы аяғынан сүйреп алғанда алқымына атылды. Қапылыста тар қолтығынан қауып, пышақ азуларымен мытып жіберді. Кіреукенің ащы даусы шығып кетті. Құлап түспес үшін пешке сүйеніп, сапысына жармасты. Жыртқышты қос өкпеден сұғып, толғап-толғап қалды… Қызыл қан мергеннің бетіне шапшыды.

Кіреуке өлген қасқырдың азуын өз денесінен зорға ажыратып алды. Ол сыртқы босағаға сүйеніп тұрып, былғаныш қарды шеңгелдеп асап жіберді. Сонан соң тәлтіректеп атына келді. Шылбырын шешіп, шанаға сылқ етіп отыра кетті. Ат ұшыртып ала жөнелді. Кіреуке үсті-үстіне шықпырта берді. Бір кезде алқынып құлап түсті…

Түскі тамақты алдына алған Жамалдың құлағына дәлізден:

– Апыр-ай, бұл кім еді?

– Сұмдық екен, жан бар ма өзінде? – деп абыржыған дауыстар естілді. Жамал қасығын қоя салып жүгіріп келсе, зембілде қып-қызыл қан болып күйеуі жатыр. Ышқынып шалқасынан түсті.

Жамал сол құлағаннан  есін  жия   алмады.  Дәрігерлер Жамалдың жүрегі жарылып кеткен деп тапты. Ал Кіреуке ес-түссіз жатыр…

 

                                       АҚҚУДЫҢ АЖАЛЫ

 

Аққу даусы естілгенде Кіреуке мерген орнынан атып тұрды. Мұндайда: «Сүйінші, Жамал, келіп қалды! Алда жануарлар-ай, бізді ұмытпаған екен ғой. Ұмытпапты!» – деп балаша қуанатын еді. Бұл жолы қаңырап бос қалған үйде өзінен бас­қа ала мысық қана бар. Мысық пеш үстінен бас көтеріп, бұл неге әбігерленді дегендей, иесінің сақалды жүзіне қарады. Кіреуке тәлтіректей басып сыртқа беттеді. Табалдырық алдында жалғыз аққу тұр. Ауланы айнала шолып, екіншісін көре алмады.

– Қу-қу, – деп дауыстады. Аққу жақындай беріп табалдырыққа иегін сүйеді. Жаудыраған көздерінен анық қасірет аңғарылады. Мойнын созған қалпы қиқулай береді. Аппақ қардай қауырсындары кірлеп, мойны жіңішкеріп кеткен. Мерген аяққа сұлы салып әкелді. Аққу ұзын мойнын созып, аспанға қарады. Ышқынып қиқу салды. Сөйтті де көл-көсір қанатын жайып, көтеріле жөнелді. Күн астына қарай ұшты. Қанаттары күмістей жарқылдап барады.

Кіреуке жалпақ алақанын маңдайына қойып, көп тұрды. Көзі қарауытып кетті. Ауыр денесімен кірлі табалдырыққа сылқ етіп отырды. Ата аққудың мұңды даусы құлағында тұр. Көкжиектен асса да құлағынан кетер емес

Мерген уһілеп отырды. Кеудесіне қайғы толып, тынысы тарылып барады. Бойын жиып, ауаны қармай жұтты. Көңіліне демеу көктем күні ғана еді. Дүние шын жасарып келе жатқан. Ауладағы ақ қайың бүршік жарыпты. Қараторғай бұтаққа қонып сілкінді де,  түкті тамағы бүлкілдеп сайрап кетті.

Кіреуке өмірінің бір жылы өткенін көктемде сезетін еді. Биыл қуарған түбірдей жалғыз қарсы алыпты. Жамалдың қазасы меңдеткен мерген сәуір  туғалы аздап серги бастаған. Ұзақ күн үйге кірмейді. Дала үстіне тізіліп ұшқан жыл  құстарына қарайды. Өзінің егіз аққуларын зарыға тосады. Оларды көрсе, Жамалды көргендей болар ма еді.

Аққулар алғашқы қатқақта келген. Төңіректі ғажайып  әуенге бөлеп, солтүстікке қарай шұбап өтіп еді. Одан бері де  бір жұма болды. Аққу жұбына кездескен бақытсыздық құстар көшінен қалдырып, шырғалаңға салғаны белгілі. Ата аққу жұбайы мерт болған жерде көп бөгелген сияқты. Туған жеріне келіп жоқтау салып, кең аспанның астына шарқ ұрып кеткені анау. Осы кеткеннен бар әлемді түгел шарласа да іздегенін таба алмайтынын түсінбейді ол.

Кіреуке басын ұстап отыр. Жаз ортасы болатын. Кешкілік  Шалқарға ау салып келе жатқан. Сонадай жерде құрақ арасында ала қарғалар далбалақтап ұшып жүрді. Шүйіліп көтеріледі, қарқылдайды. Кіреуке аққудың сары мамық екі балапанын көрді. Басы үлкен, мойындары жіңішке, қарындары қампиған, үстері ұйпалақтанып қалыпты.

Өз көзіне өзі сенбей қарай берді. Шалқарға аққулар көші қонып өткені болмаса, ұя салмайтын. Балапандардың пайда  болуына таң. Адам жүрмейтін қамысқа жасырып ұялаған аққу балапандарынан бір себеппен адасып қалған. «Енді қайттім?» – деп мерген маңдай терін сүртті. Қалдырып кетсе, қопаның қоңыр бөктергісі сөзсіз жеп кетеді. Иә, сөйтеді. Онан да…

Кіреуке мен Жамал аққудың егіз балапанын аялап бақты. Әсіресе Жамалдың ықыласы қатты түсіп еді. Ол өз баласынан кем көрмеген. Мүмкін, балалары өле беріп, басқа зарыққаннан сөйткен шығар.

Күзге қарай екеуі екі аққу болып шықты. Бірі сом ipiлeу, екіншісі жатаған кішірек. Үлкен аққудан айырмашылығы – қауырсындары сәл көгілдір. Ауылдағы құс біткенге әмірін  жүргізетін де осы ірісі. Кейде Құтжолға да айбат шегіп,  қуып тастайды. Құтжол «Сенімен кім байланыссын?» – дегендей  табалдырық астына кіріп жатады.

Еркек аққу сотқарлығын жасап болып серігінің жанына келеді де, аспанға ұмтыла мойын созып, қиқулайды кеп. Күз тақалғалы ашушаң, соқтыққыш болып алды. Мазасызданып, зерігіп кетті. Екеуі қатарласа ұшып Шалқарға барып, күні бойы шомылып қайтады. Келген бетте Жамалдың етегінен тартқылап, жем сұрайды. Жамал шара аяққа сұлы салып алдарына қояды да, аққулардың жем жегеніне рахаттана қарап отырады. Аққұба сұлу жүзіне қан ойнап, өзі де аққудай құлпырады. Қайтып келмес жастық шағын есіне алады. Егіз аққу жем жеп болып, үлкен қанаттарын жайып қағынады, сілкінеді. Сілкінеді де кердең басып ауланы кезіп кетеді. Сол кезде Жамалдың жүзі бір сәт қуқыл тартып күрсінеді. Кеше ғана босмойын балапандар еді. Алып құстар болып шықты. Өмір сүру деген жақсы-ау. Сәбилері тірі тұрса, үлкен азамат болар еді ғой. Құс екеш құс та өмірдің арқасында аршындап өсті.

Жамал бір уыс болып қысылып қалды. Көзінде жас. Сол отырғаннан Кіреуке жұмыстан келгенше отырды. Мерген қолтығынан алып үйге кіргізді. Аялады. «Зеріккен екенсің ғой, жүрегің ауырып қалмаса жарар», – деп құрақ ұшты. Әйел тәлтіректей басып тіршілік қарекетіне кірісті.

Күз болып,  толассыз  жауындар басталды. Қар ұшқындай бүрсең қақтырған жүдеу кез. Аққулар дамылсыз қиқулайды. Аспанға көтеріліп, шарқ ұрып қайтады. Сөйтіп жүріп бір күні оралмады.

– Рахмет айтып қоштасып та кетпеді-ау, – деп күрсінді Жамал.

Қыс өтті. Тағы көктем келді. Кіреуке мен Жамал ертемен малдарды айдап салып, сыртта тұрған. Оңтүстіктен бір топ аққу Шалқарға қарай еңкейіп келе жатты.

– Ұзақ сапардан қанаттары талған-ау жануарлардың, – деп күңкілдеді мерген.

Аққу көшінен бір-екеуі бөлініп, қапталдай ұшты. Көшке ілесіңкіреп жүріп, бері ойысты. Екі аққу, екеуі де сүттей аппақ. Қанаттарын жай сермеп, қайта-қайта қосыла сыңсып, бірі жіңішкерек, екіншісі сәл қоңыр үнмен қиқу салады.

  • Мыналар бері беттеді ғой.

– Былтырғылар емес пе екен?

– Қойшы, солар болушы ма еді.

Солар шығар деп дәмеленіп тұрған Жамал еді. Денесі бір қызып, бір суынып, көзіне жас келді. Аққулар қанаттары суылдап үй төбесінен өтті. Қайта оралып төмендеп ұшты. Жа­мал ақ орамалын бұлғап:

– Қу-қу! – деп айқайлады. Құстар әлі айналып жүр. Адамдар тысқа шығып, тамашалай қарайды. Бәрі де Кіреукенің қос аққуын таныды. Аққулар да туған жерін танып, қиқулайды. Бір кезде Жамалға қарай күміс қанаттарын жайып төмендей берді. Әлді топшылары дір-дір етіп, қауырсындары ысқырып зуылдап келіп аулаға қонды.

Жамалға сол күнгідей шаттық, сол күнгідей  ажар көптен кірген жоқ-ты. Қасірет тоты басқан көңілі түскірдің бір желпінген күні болды-ау деген.

Жылда көктем сайын Жамалдың қос жанары сонау оңтүстік бетте болады. Көгілдір орман, көсілген дала қиырынан қимас қонағын күтеді. «Бүгін көзім тартып отыр, аққуларым келер білем», – дейтін. Аққулар Жамал барда екі жылдай қайтып оралды. Үшінші жылы мынау…

Әйелі өліп, жалғыз қалған бақытсыз мергеннің ащы қайғысын онан сайын қалыңдата түскен бір жай болды. Кіреуке өзінің қиямет халін жеңілдету үшін көңілін еңбекке, аңшылыққа көбірек аударып, ойдан аулақтауға талаптанып жүрген. Аққудың мұншалық зар қағуы сай-сүйегін сырқыратты. Ол түн баласына жынды адамдай сандырақтап шықты. «Жа­мал, бақыл бол!» – деумен болды. Кіреуке мерген осы жалғыз ауыз сөзді айтып қоштаса алмағанына зар жылайды.

Мерген ауруханада жатқанда жүрегі жарылып кенеттен қайтыс болған әйелін жұрт жерлеп қойыпты. Өмір бойы өкініші кетпес қаза ер тұлғалы адамды да жұқартып, қалжыратып жіберді.

Кіреуке күні бойы есік алдында отырды. Тас мүсіндей кимылсыз қалпынан селт еткізген тағы да аққудың ащы қиқуы. Жалғыз аққу қайта ұшып келді. Аулаға қонып, бұрылмастан өздері түнейтін құсханаға кірді. Таранды, сілкінді. Мойнын жерге салып жатты, әлсіреп, қажып кетіпті. Кешеден бері сан қиянға барып қайтқанын өзі ғана біледі. Ұзаққа самғап, армансыз шарлағаны көрініп тұр. Алдына жем қойып еді, бойын аулаққа салды.

Мойын жүні тістеніп, азып-тозған қалыпта иесіне мұң айтқандай. Кіреуке жем салған аяқты қалдырып,  үйге беттеді. Аққу мойнын доғадай иіп, тұмсығын жерге тірепті. Кеңсірігінен сыңсыған үн шығарады. Мерген табалдырыққа отырып, қапалы көздерімен шерлі аққуға тез айығып кетсе екен деген тілекпен қарайды. Түні бойы тағы ұйықтай алмады. Таңертең құсханаға келсе, аққу мойнын созып жіберіп, етпеттеп жатыр. Бауырын сыз жерге төсепті. Әдемі көздеріне сұғанақ шыбындар қонып түрткілеп жүр. Аққу ажал тауыпты.

Кіреукенің жүйкесі шымырлап, төбе шашы тік тұрды. Бет терісі селкілдеп кетті. Үлкен мұрнын қайта-қайта тартқылады. Кеңсірігі удай ашып, көзінен жас сорғалады. Ер адам егіле жыласа уанбайды екен. Көптен соң басын көтерді. Кеудесі сәл орта түскендей.

Көктемнің жаймашуақ күні.  Ақ қайың бүршік жарып тұр. Кең дүние қуанышты әуенге толы. Кіреуке бір жаңа қуат бітіп, аяқтарын нық басты.

 
 

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here