Тәуелсіздік күресі

Кеңес әдебиетінің мол ақша салып, партия жиынында айтып, жазушылардың алдына мақсат қойып, барлық жағдайды жасаған кезінің өзінде әдебиет тоқырауға ұшырады. 1960 жылдан былай қарай аспанға көтеріп, қанмен қорғап орнатқан кеңестік өмір салты жазушылардың сынына ұшырай бастады. Сыншыл реализм әдісін қанша сәтсәлістік реализм деп бөтен қалпақ кигізгенімен әр жазушының көкейінде, көз алдында тұрған шындық, ойындағы көзқарас жарыққа шықпай қалмады. Жазушылардың бір бөлегі сәтсәлізмді жазып жатқанда, екінші бір легі тарихты қазбалап, қазақ халқының өткенін тірілтуге көшті. Қоғамның келеңсіздіктерін сынауға рұқсат еткен партия жиындарының қаулысына сәйкес сынға тек жеке нәрселер ғана емес, жаңа қоғам әдеттері де іліге бастады. Бұдан сескенген партия идеологтары жазушылардың қатарын жиі-жиі тазартып, партиялық шектеулер жүргізді.

Кеңестік қоғамның 1970 жылдардағы өмірін көзбен көрген біздің ұрпақтың өзі алғаш қалам ұстаған кезден-ақ ойдағы нәрсені жазуға барлық мүмкіндік болды деуге келмейді. Ол кездегі әр кәзит, аудан облыс баспасөзі қырағы көменестердің бақылауында  болды. Сәбеттік өмір салты, партия тұрмысы, мәдени жаңалықтар деген тақырыппен әр бөлім тек сәбеттік көзқарасты ғана уағыздайды. Жер бетіндегі ең әділетті, адамды-адам қанау жойылған, тап жігі жоқ, адамдардың бәрі бірдей қоғам деп саналған қоғамда сол көменестердің қолында барлық мүмкіндіктер шоғарланса да олардың өзі халық көзіне көрсетпей істеп кетпесе, ойына келгенін істеп жүре алмайтын. Иен даладағы 200 үйлі ауылдың басшыларының өзі домалақ арыз десе зәресі ұшатын. Өзінің теріс қылықтарын басшылар біліп қоймаса екен деп ауылдың беделді адамдарымен есептесіп кеңесіп отыратын. Партия қатарының тазалығына айрықша көңіл бөлінетін.

Жастар арасында саяси-мәдени істерге арналған комсомол деген ұйым болды. Ол қоғамдағы әдебиеттің қалай дамығанын айтып жеткізу қиын. 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мектептерде айтылмайтын. Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы деп Сәкен, Сәбит, Ғабит, Мұхтар сияқты жазушыларды атайтын. Алаш оқығандары құлыпта болатын.

Жаңа қоғам орнатушы, кеңес әдебиетінің негізін қалаушы ретінде Сәкен дәріптелетін. «Қызыл сұңқарлар» деген пьесадағы балшабектердің ерлігіне сүйсініп, көменестерді осылай көтермелейтін. 2-сыныптан бастап «Ана тілі» кітаптарында балшабектердің байлармен күресін, революция жолындағы жанқияр еңбегін дәріптеген мақала, әңгімелер құжынап жүретін. Онда еңбекші тапты қанаушы байлар, езілген кедейлер, құқы тапталып ғасырлар бойы бас еркі болмаған әйелдер теңдік алды деп жазатын.

Бұған құлай сенген 7-10 жастағы ойын балалары бай мен кедей, ақ пен қызыл болып, екі топқа бөлініп «соғысып» жататын. Қыста да қар үстіне шығу үшін осы екі топ бірі төменде, бірі жоғарыда тұрып «шайқасқа» кірісетін. Есейе келе мұның сырын білу оңайға түспеді. Әйтеуір адамдар бірдей еді. Тұрмысы, ойлары, тіршілігі ұқсас болатын. Ең әділетті осы қоғамда кедей болып, ешкімнен бөлектенбей еңбек ету бақыт деп есептелді.

Жоғары сыныпта әдебиет пәнінен М.Әуезов сияқты жазушылардың романдарын оқыған кезде қазақ елінде бұған дейін қаншама өмір ағысы, заман тіршілігі болғанын ұқтық. Бұл да көркем әдебиеттің арқасы. Кейін орыс әдебиетінің классиктері оқытылды, шүкір. Көзіміз көп нәрсеге ашылды.   Осы кеңестік ауылда ешбір саясатсыз-ақ, ешнәрсеге ұрынбай бала-шағасын бағып, қарапайым мыңдаған адамдар өмір сүріп жатты. Осы мыңдар ішінен шыққан дәрігер, спортшы, ғалым, инженер жайлы газеттер жазып жататын. Жоғары оқу орындары жайлы қалың кітаптар шығатын. Олардың мекен-жайы, беретін мамандықтары көрсетілетін. Қызыққыш ауыл баласы осы көп мамандық арасынан біреуін таңдап алуға құмар еді. Мына ауылдан, осы бірізді тірліктен шығу үшін бір жаққа кетуге тиіс сияқты. Жазда шөп, егін, қыста мал, қар күреу, сібірге ағаш дайындау деп жүріп еңбекке араласқан замандас жастар өз еркінен тыс біреу сияқты қайда жұмсаса сол жаққа кетіп бара жататын. Оқуға түсіп қала жақта қалғандарға қызығатын.

Кеңестік ауыл өмірінің картинасы осындай еді. Сәтсәлистік қоғам дамыған сайын халықтың арасында түрлі көзқарастар, әлеуметтік топтар, әр түрлі ойлайтындар, көменестік көзқарасты мойындай қоймайтындар бой көтере бастады. Осы топтың ішінде қазақтың ақын-жазушылары ерекше орын алды деп ойлаймын. Олардың ішінде де көменестік саясатқа мейлінше берілген, өзгеше ойлайтын адамдарды қоғамға қарсы деп ойлайтын біржақты адамдар жеткілікті еді. Әсілі саясатта оңшыл, солшыл, орта тұсты ұстанушы деген бағыттар бар.

1970 жылдар әдебиетінде көменезм саясатына мейлінше берілген, партияның әр қаулысынан кейін кәзиттің бірінші бетіне партия сөзіне іспен жауап берейік дейтін ұранға әлгі оңшылдар жарыса  ұран қосатын. Өздері жас та болса кәзиттің бөлім меңгерушісі, қызметкері дәрежесін алған қаламгерлер болатын. Өстіп көменезмнің майлы сөзін сөйлеп, жайлы орнын алған, пәтерін мекендеп, басқаларға жол көрсету құқын иелендік деп ойлаған олар бұл әдеттерін кейін, 20 жыл өтіп, сәтсәлізм құлап қалғаннан кейін де қоя алмады. Қызмет құлағына одан сайын жабыса түсті.

Тәуелсіз ел болдық деген сөзді олар да айтты. Бәрекелді деп қол да соқты. Бірақ олардың миы, ақыл-ойы баяғыша, көменесше лүпілдеп, соған бір бүйрегі бұрып тұрды. Жаңа қоғам орнату үшін тәуелсіздік кезінде жүргізілген мәдени-рухани қызметтің ең алдында, көш басында сол көменес жазғыштар жүрді. Сөзі еркін елдің адамына ұқсас, бірақ істеген шаруасы тек қара басы мен кешегі көменестердің баяғыша жалған ұранмен елді алдай беру саясаты.

Әдебиеттің ірі, классик жазушыларының бірі былай деген екен. Адамдардың басындағы, елде болып жатқан әділетсіздіктер мен теріс оқиғаларды  жазамын деп жүріп, өз басыма жасалып жатқан қиянаттарды көрсетуге әлім жетпей-ақ кетті деп. Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары да осындай күй кешті.

 Қоғам өзгерер, адам іштей тазаланып басқаша заман келер. Бірақ әр қоғамда түсін өзгертіп, ең жылы жерді мекендеп, байланған қазығынан алыс кете алмай жанкештілікпен әлденеге басы байланған адамдар ақыл-ойы азат,  ойшыл, алдыңғы қатарлы оқығандарды аяқ бастырмай аңдуы кеңестік кезден жалғасып келеді. Ол замандағы қанды қудалау, түрме азабын, зобалаң болмаса да ақыл-ой бостандығы үшін күріс тәуелсіздіктің әр күнінде жүріп жатыр десек қателеспейміз.

                                                                                          16.01.2021.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here