Мамыр мерекесінен соң көп жылдан бері басқа жақта тұратын Қуан үлкен қоңыр сөмкесін көтеріп ауылдағы шешесінің үйіне келді. Бұның ауылға келмегеніне бір жылдан асқан, ақ шашты шешесі қуанып қарсы алды.

         – О, Қуан ағам келді, – деп інілері секіріп мойнына асылды. Үй-іші мәре-сәре болып жөн сұрасып жатыр.

         – Е, жалған-ай бұлар мені әлі арқа тұтады екен-ау, – деп бір аяушылық, туыстық сезім Қуанның жүрегін шым еткізіп, көзіне жас келтірді. 

         – Ал мен болсам мынау…

         Әкелері он жыл бұрын жіңішке аурудан жасы елуден асқанда о дүниелік болған. Шешелері жеті баламен қалғанда үлкені осы Қуан еді. Жағаға жармасқан жоқшылыққа қарамай оған оқу бітіртіп, үйленгенде кәдімгідей той жасап берген шешесінің тіршілігі әлі сол балаларының үстінде. Қуан екі балалы болып, жасы отыздан асты, екі қарындасы тұрмыс құрды, екі бауыры отау тікті, ал мынау қоңыржай тіршілік бір өзгерсеші. Ұршығын иіріп, түнде күзетші, күнді үй шаруасымен кәрі шеше жүр, осыдан он жыл бұрын осындай еді, әлі сол. Бір өзгерсеші. Мейірленіп, шуақтанып, алдында иіліп тұрған Қуанды екі бетінен кезек-кезек сүйді.

         – Қарағым-ау, хабарсыз кеттің ғой! Амансыңдар ма. Тым болмаса хат-хабар да салмайсыңдар, – деп өкпесін де айтып жатыр. – Әлгі екі бұзық қайда. Неге ала келмедің, Ғайшаны.

         Шешесі сөйлеп жүріп ас қамдап, қазан көтерді. Қуан әртүрлі сылтау айтып: – Сіздердің жағдайларыңызды біліп қайтуға әдейі келдім, – деп өзінің осы келуіне пәлендей себеп таппағанына ыңғайсызданып қояды.  Шешесіне, інілеріне базарлық алмағанына енді өкініп, бір жағы ұялап отыр. Әйеліне деген өкпесі жолшыбай тарқап кеткен. Әйеліммен ренжісіп, тіпті қаттырақ ұрсысып қалдым деп шешесіне қайтып айтсын. Ренжітіп алудан қорықты. Шешініп, жеңілденген соң үйдің ішін бір шолып шықты, ескі дүниелердің әлі сыны кетпепті. Айнала қолдан істелген текемет, оюлы түрлі-түспен құбылған сырмақ. Біздің әйелдер ғой “Ине ұстау білмейді” деп ойлады. Қабақ шытты. Бағанадан қуанып жанынан қалмай жүрген інісі Алданыш ағасына су жаңа магнитафонын көрсетті.

         – Сен алып бер деп мазасын алдың ба? Жоқ мамаң өзі әперді ме? – деді.

         Шешесі кенже ұлының жұмысқа жарағанына қуанып:

         – Бұл інің жаздай жұмыс істеп былтыр ақша тапқан. Сосын сыйлық деп әпергенім ғой, – деп оны да түсіндіріп жатыр.

         – Биыл жұмыс істеп мотоцикл аламын деп жүр.

         Қуан інісінің шаруақорлығына разы болды. Қандай жұмыс кезігетінін кім білсін, бұған. Бұлар ондайды білмейтін. Қол босаса ойын соғатын, жұмыс істесе ақшасын шешелері алып, бұлар керек десе қанша тапқанын да сұрамайтын. Бәлкім есептеп, еңбектің құнын біліп өскені дұрыс шығар деп ойлады.

         Әңгіме үстінде шай ішіп отырып ауыл жаңалықтарына қанды. Туған-туыс, көрші-қолаң, таныс жолдас-жоралардың жайын сұрады. Шешесінің суыртпақтап сұрауымен ата-енесі, келіншегі, балаларының жайын айтты.

         – Құлыным-ау, әлгі Айбар қандай болды. Әкелмейсіңдер бір.

         – Бәле тәте, ол шашын қайырып күнұзын айнаның алдынан кетпейді. Небәрі үшінші оқиды. Кірпияздығы кімге тартқанын білмеймін, киімі үтіктелмесе мектепке бармай отырып алады.

         – Құлыным-ау, – деді шешесі немересінің қылығына еміреніп. Екі-үш жыл бұрын Қуан Айбарды таныссын, анасының қолында жүрсін деп бір жазда осында әкеп тастаған. Ауылды жатсынды ма, әлде үйді сағынды ма кім білсін, әйтеуір Айбар сіңбеді. Бірер жұмадан соң хабар салып шешесі Қуанның өзін шақыртып:

         – Қой қарағым мынауыңды алып кет, сіңетін, үйренетін түрі жоқ, – деп немересін кейін қайырмаққа бекінген.

         Ұлының жетесіздігіне кейіді ме, әйтеуір ес біле бастаған ұлына Қуан алып кетуге келгенде біртүрлі жат үнмен ренжіп, біраз шешесіне көз ғып  ұрысқан:

         – Ой ез неме. Немене қыспаққа түсіп бөтеннің үйінде, жаттың ортасында жүрмісің, тамырын білмейтін, туыстығын сезбейтін ынжық, – деп зілді дауыспен бірталай сөйлеген. Бір жағы ұлының өзін жақтап айтқан сөзіне риза болып тұрса да шешесі немересін жорта жақтағансып:

         – Е, бұлар не білсін, әлі бала емес пе. Есейген соң, әлі-ақ апалап өзі іздеп келер, – деп жұбатқан. Содан кей түндері ұйқтамай жатып жат ауылда, қайын жұртында тұрақтап қалған ұлын аяп “қарғам-ай әлдеқандай боп жүр екен” деп аяйтын. Немерелерінің өзіне қарағанда нағашы жұртына жақындығын кейде қызғанып, кеудесінде бір зілсіз, әлсіз өкініш бой көтеретін. Кейде көшеде Қуанның достары ұшыраса қап, қауқалақтап:

         – Шешей жағдайыңыз қалай, Қуаннан хабар-ошар бар ма? – деп амандық сұрасқанда:

         – Е, қарағым шүкір, аманшылық қой, – дейтін. Ауылда жаманатқа ілігіп жүргендерді көргенде Қуанның жаманшылығын көрсетпей алыста жүргеніне шүкіршілік айтып, өзімен өзі өмір сүріп жүргеніне көңілі толушы еді.

         Ауыл жаңалықтарына әбден қанып, кімнің баласы үйленгенін, кімнің туыс-жақыны қайтыс боп, кімнің келін түсіріп, қуанышты болғанын біліп алып туыстарға, таныстарға сәлем бермек боп, түс ауа Қуан далаға шыққан. “Алыстан алты жасар бала келсе, алдынан алпыстағы ақсақалы шығып сәлем берер” бұрынғының заманы жоқ. Ауылға келген соң келгендігіңді білдіріп сәлем бермесең кім іздеп келер сені. Бұрынғының салтымен ауыл ақсақалдарына баруға Қуанның жүрегі дауаламады. Бірде Серік деген бірге оқыған досына барып сол үйде Шалқарбай деген ақсақалға тап болған. Төр алдында малдас құрып нық отырған көздері өткір, балуан денелі келбетті шал насыбай атып алып мұны кеп ал тергесін. Кімнің баласы екенін, қайда тұратынын, не жұмыс істейтінін – бәрін сұраған.

         – Ал оқыған жігіт екенсің, оқығандығыңды көрейін айтшы маған. Мойнына бұршақ сап тілеген шешеңді жалғыз тастап, сен неге күшік күйеу боп қайын жүртыңда жүрсің. Жоқ жаным, құдай тағала кешірмейді оны. Сен бәрінен бұрын анаңды разы қыл. Сонда ғана мейірімі күшті жасаған алла жолыңды оңғарады.

         Шалқарбай шалдың сол сөздері кейде түндер бойы Қуанға ұйқы бермейтін. Сондай адам ұятын мазалайтын сөздерден қорқып ақсақалдарға көп жолай бермейтін Қуан ауылға келіп-кеткенде де бойын көпке көрсете бермей елеусіз келіп, елеусіз кетуге тырысатын.

         Туыс дейтін Қуанның көп туысы жоқ, бірақ әкесінің құрдастары, өзінің де көзтаныстары көп. Кейбірімен көшеде кезігіп, кейбірін іздеп барып амандасып Қуан асықпай ауыл аралап кеш батырды. Күн жұма болған соң көктемнің жадырап қабағы ашылған жайма-шуақ күнін әркім әр қалай өткізуде екен. Магазинге сексен жәшік шарап түсіп ішкілік іздеген, басы ауырған, не істерін білмей сенделгендер топтасып сол жақта жүр. Күн кешкіре үйлері қатар көрші тұратын екі інісіне кіріп шыққан Қуан кейін қайтпақ еді, ойына көптен сағынған парталас досы Қаби түсіп солай бұрылды.

         Қаби мен Қуан дәудірлесіп, қатты-қатты сөйлеп әрнені әңгімелеп отырғанда нық жүрісті етжеңді денесі былқылдай басқан Әлия дастарқан жасады.

         Тамақ асып, өткен-кеткенді айтып, әңгімемен түннің бір жеріне дейін отырған бұлар Жалмұқанды барып оятпақ еді. Әлия кәдімгідей түннің бір уағында үлкен кісісі бар үйді мазалау дұрыс емес екенін айтып, тоқтатып тастады.  

         Ауыл ұйқыға кіргенде қараңғы көшелермен Қуан үйге қарай жалғыз өзі асықпай аяңдай басып келе жатты. Өз-өзінен көтеріңкі бір дауыспен ән салғысы келді. Көшенің түнгі салқынымен тоңазып қатқан балшығын резеңке етікпен кешіп келеді. Аспандағы самсаған көп жұлдыздарға қарап “ертең күн жылы болады” деп ойлады. Ауыл шамдары әлдеқашан сөнген. Әр жерден қоралар, үйінділер үңірейеді. Көмескі бір жарықтар білінеді.

         “Келгенім дұрыс болды – деп ойлады Қуан. – Тілеуің бергір Ғайшаның ренжіткені мұндай  жақсы болар ма?  Енді өзі де өкініп мұны іздеп қашан келер екен деп сұрағандарға әр түрлі сылтау айтып, небір қилы сөздерді қиюластырып та жатқан болар. Киімін, құжаттарын алып біржола кеткенін білсе, ертең-ақ жылап телефон өзі іздеп телефон соғар. Ал мен мұнда шынында бір жасап қалдым емес пе.

         Иә, бір жасап қалдым-ау! Ертең Жалмұқанға барам. Есберген мен Қасымбек ауылда болса өздері-ақ іздеп келеді. Е-е, шіркін балалық шақ, қызықты дәурен-ай! Оралсаң ғой тағы бір.      

                                                                              

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here