Іле өзенінің бергі бетінде Куйбышев атындағы колхоз, арғы бетінде Байлаулы деген жерде Жамбыл атындағы колхоз орналасқан. Екеуінің арасын Іле өзені бөліп тұрғаны болмаса, арасы 10-12 шақырым. Арғы беттегі Жамбыл атындағы колхоздан Іле өзенінің аралығы 7-8 шықырым. Осы ара көкмайса бола бастады, шөбі шүйгін, неше түрлі гүлдер, жұпар иісі аңқыған жиденің гүлі француз әтірін сеуіп қойғандай иіскесең, тоймайсың. Оған қоса шөптердің гүлі нағыз ақыреттегі жұмақтың өзі сияқты. Қоян, қырғауыл, елік секілді аңдар мекен етеді. Өте-мөте қырғауылдың қоразын көргенде, қызыл жасылды қауырсыны, ұшқандағы әдемі дауысы қарамасқа шара бермейді. Ауыл жігіттері қолы бос уақытында қосауыз аңшы мылтығын алып, аң аулауға шығады. Шіркін, қоянның етінен пісірілген қуырдақ! Қырғауыл етінен бесбармақ!

Қазір мылтық ұстап аң аулауға тиым салынған, оның үстіне осы жердегі тоғайдың бәрі жойылып күріш егетін алқапқа айналған. Осы жерге жұмыс барымен барып, өткенді еске түсірді жасы алпысты алқымдап қалған Нақысбек. Есіне жас кезінде болған бір қызықты оқиға сап етіп түсті. Еріксіз жымиып алды. Айналасындағы табиғат оның неге жымиғанына түсінбегендей, мүлгіп тұр.

Ол кезде жас еді. Қырық-елу жыл бұрын сәуір айының аяғы болу керек, Нақысбек құрдас достары Смағұл, Мұқан, Әкешбайлар және араларында жақын туысқаны, бір көзі оңға, бір көзі төмен қараған қу тілді, ойламаған жерден бірдеңені шын-өтірігін араластырып, күлдіріп жүретін басы таз, бір де бір қылтиған шашы жоқ Андасқұл деген кісі бар, әрбірі бір-бір атқа мініп, Іленің суынан өтіп Куйбышев колхозына барды. Ең алдымен дүкеніне кіріп, сауда жасады. Қант, шай, арақ алды. Андасқұл орташа келген қазан сатып алып қоржынына салып, қанжығасына байлап алды. Дүкеннен шыққаннан кейін, өз құрдастарымен туыстарының үйіне барып, шай ішті. Сол күні оларды жібермей, Нариман деген жігіт үйіне бәрін шақырып, әйеліне ет астырып, қонақ қылды. Түнімен ұйықтамай карта ойнап, өткен-кеткенді, анекдот айтып отырып таңның атқанын білмей қалған.

Таң атқан соң жуынып, шайынып түннен артылып қалған соғым етімен шай ішіп, ауылға қайтты.

Сағат екілер болып қалған, күн жылынып қыза бастады. Олар Іле өзеніне келсе, мұздық бетіндегі қарды су шайып, жылымсып, кей жерде ағып, кей жерде қарды ағытып жатыр. Мұндай жағдайды тұрғындар «қызыл су қаптап жатыр» дейді. Бірақ та, мұз бетіндегі қарды су қаптаса да, астындағы мұз әлі қалың, толық жіби қойған жоқ. «Тәуекел» деп, бірінің артынан бірі шұбап, Іле үстіндегі қызыл суды кешіп келеді. Кейбір жерге келгенде, аттың тұяғы тізесіне дейін мұзға кіріп кетеді. Аттың тұяғы кіргенде, қорқыныш-үрей пайда болып, «біссіміллә, Құдай сақтай гөр» деп жалынады. Баяғы таз Андасқұл болса, «ә, Құдай сақтай гөр, осыдан аман-есен өтсем, бір жеті нан құдайы таратамын», – деп ауызынан тастамай қайталауда.

Бәрі Құдайға жалынып аман-есен өтті. Артта келе жатқан Андасқұл болса, атының тұяғы жерге түсе салысымен, атына қамшы ұрып, жолдастарын озып, шаба жөнелді. Достары оған қарап: «Қу тазша бізге қарамай, ауылға бұрын баратын болды» деп келе жатқанда, Андасқұлдың аты түбірге сүрініп барып құлады. Өзі ұшып түсіп, аттың алдына барып құлады. Достары жақындап келіп көмек бермекші болғанында, ол орнынан тұрып, атын тұрғызып, ертоқымының артқы жағына байланған қоржынын шешіп, ішінде аттың астында қалып, күл талқан болған қазанды көріп, қоржынын жерге қағып, «ей, қу Құдай-ай, қалжыңдағанды да біледі екенсің ғой» деп, жылағандай болды. Мұнда күлмегенде, қайда күлсін. Бәрі күліп, Андасқұлға «Шаба жөнелгенің жаман еді, бізді де ұмытып кеттің ғой» деді.

Нақысбек басын шайқап: «Халық аузындағы «Тазшаның ең жаманы жата қалып ат үркітеді, оны істемесе, іші ауырады» деген осы екен ғой!», – деп мырс етіп күліп, орнынан түрегеліп жастық шақтың бір мезгілін көз алдынан өткізді.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here