Тіршілік тамыры

(Повесть)

 

І бөлім

 

Құтбала

Дүние-ай, десеңші! Неткен аязды, боранды түн еді. Уілдеген боран үні  бейне қырдан ұлыған қасқырдың сұмдық шақырған зарлы дауысына келеді. Мұндай қара суықты ауылдың тұрғындары он жылда бір сезінеді. Ызылдаған, кейде уілдеген боран даладағы қаңсыраған, қураған ағашты жерге дейін иіп, айналасының бәрін ажал құшағына жұтатын айдаһар іспеттес еді. Киіз үйдің есігін тарсылдатып жұлқылаған боран  үйге кіріп кетсе, үйдегі тіршілік атаулыны ауыздығына салып, жоқ қылатын сияқты. Адам тұрмақ, ағашты түбірімен қопарып, аспанда айналдырып-айналдырып лақтырып жіберетіндей. Ажал мен өмір арасындағы күрес сірә осындай болар. Аспанда құйын болып ұйытқыған жұқа қар сілемі боранмен анадай жерге жөңкіп барып жоқ болады.

Күні кеше назданып, ішін әзер көтеріп жүргеніне қарап: «Күні жақын қалды-ау» деп, күбірлеген ауыл кемпірлерінің сыпсың  сөзіне селқос қарап, қатты мән бермеген Балғалы Қарабектің сұлу бәйбішесі – Жиде осы түні қатты қиналып, толғатып, жанын шүберекке түйген кез. Дәл осы түн оның жанын алып кететіндей әсер қалдыруда. Ажалдай ақырған қара боранды түнде туған сәбиді қыз бала болса да, қайсарлық пен қара жігерге балап, шыдамдылық пен байсалдылықтың белгісі ретінде ырымдады. Әрине, ол кезде үлкендер оның өмірінің шынында осы боран тәрізді қатігез де қатты болатынын білмеген. Молда азан шақырып, есімін – Құтбала деп қойды. Жылаған сәби үні құйындатқан боранның үнін одан бетер зілге толтырып, қорқыныш сейілін үдете түскендей болды. Боран борауын тоқтатпай, одан сайын ұлыды.

 

*      *        *

Ерте замандарда Жалайырдан тараған Күшiк (Қосай) әулиетiнiң Қалыбай тегiнен тараған рулардың ата қонысы қазiргi Алматы облысы Балқаш ауданы, Бақбақты, Қарағаш елдi мекендерi болған. Осынау алып алқаптың қыстауы, әрi күздеуi Ақдала мен Сарыесiк, Атырау аумағының бiр шетi Талдықорған мен Үштөбеге дейiн созылып жатқан қалың сексеуiл, малға құнды изен, жусан шөптерiнiң иiсi аңқыған белес-белес құмды алқап. Көктеуi – Бақбақты, Тасмұрын, Сасыққарағаш, жайлауы – Құланбасы, Малайсары таулары болған.

Кең-байтақ алқапты мекендейтiн Қалыбай тегiнен сол аймақтың өте бай адамы – Көшейдiң 20000 қойы, 5000 сиыры, 16 мыңнан астам жылқысы мен түйесi жайылып, төскейге сыймай жатады екен. Осы жаһан байлықтың мұрагерi байдың артынан ерген жалғыз тұяғы – Иманбайға ғана тиеселі. Сегiз қырлы, бiр сырлы жігіттің ішкені алдында, ішпегені артында. Ауылдың ерке тотайы болып, ержетсе де ойына келгенін істеп жүргені.

Қиындық атаулыны дүниеге шыр етiп келгеннен сезінбеген бай баласы – Иманбайдың тілеген тілеуін әкесі әп сәтте орындап, аузына тосып әбден үйреткен. Сондықтан, көзіне көрінген жылтырақтың бәрін «менікі» деп үйренген ерке тентектің, «жоқ» дегенге ырық бермейтін мінезі бар.

«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөзге иланатын қазақ ежелден ру сұрасып, жеті атаға жетпей қыз алыспай, асса, құдаласып отырған. Түп ата Жалайырдан тараса да, Күшiк пен Балғалы қыз алысып, құда-жекжатқа айналғанына, көңілдері жарасып жаз – жайлауда, қыс – бір қыстауда отырғанына жүз жылдан асқан шақ. Күшiк – Көшей бай мен Балғалы – Қарабек байдың алыс-берiсi ежелден жарасқан отбасылар. Сый-сыяпатпен араласқан екі байекені тек  қана ағайындық қарым-қатынас қана емес, мың жылдық құдалық та жiпсiз жалғастырған. Себебі, Қарабектiң қызы Құтбала туғанда, Көшей бай ауылына арнайы келiп, құда түсiп, «Бесік құда» болған.        

Құтбаланың қазір он беске толып, бой түзеп, гүлденген шағы. Жасынан ерке болып өскен бай қызының сөйлеген сөзiнде, жүрген жүрісінде батылдық пен сенімділік басымырақ. Аққұба өңді, үрiп ауызға салып қойғандай сұлудың бойына бiткен асыл қасиетi – салмақтылығының арқасында жігіт атаулының көз құрты.

Жастардың алтыбақан құрып, «ақсүйек» ойнатқан әдеттегі сауық кеші. Бүрмелі қазақ көйлек, қызыл қамзол киіп, шашбауын сылдырлатқан қыздар, сәнді оюлы шапан, үкілі бөрік киген бозбала ән шырқап, би билеп, айтысып өнерлерін ортаға салып, әркім өзін көрсетуге тырысуда. Иманбай бастаған Көшей ауылының боз балалары да Қарабектің  ауылына түсіп, қыз-қырқынға көз сүзіп, қалжыңдап, қырыңдап, сыр білдіріп тұрған шағы.

Иманбайдың ауылы келгеніне Құтбаланың көзі жұлдыздай жайнап, жүзінде бір қуаныштың нышаны жылт еткендей болды. Үкiлі түлкi бөрiгi, омырауы зүмрәтпен безерленген қызыл пілiш қамзолы, кестеленген бүрмелі көйлегi өзіне құйып қойғандай, күлкісі алыстан арбап, бұлақ суындай сылдырлайды. Бір топ жігіт арасынан Иманбайды жайнаған жанары мен мінсіз сымбатынан бірден таныды. Екеуінің көздері бір-біріне жіпсіз байланып, арбалған жыландай сол сиқырдың күшінен арылардай емес сезімде. Негізінде Құтбаланың алтыбақанға келуінің басты себебі жалғыз жүрек қалауын көру ғана болатын.

Иманбайдың да жүрегін баурап алған сезiм, тұла бойын билеген  оты тұла бойын ысытып, оны бір орында тұрғызбады. Не деген тәттi кездер?! Өз күйiне өзі масайраған жас жiгiт топ iшiнен сол өткiр жанарды жоғалтып алып, қайта iздеп тауып алды. Сол шоқтай қарыған жанарлардан өзіне әлдебiр тыныштық тапқандай, жүрек дүрсілі бір сәт өз пульсіне жақындағандай болды. Иә, жайнаған жанар Иманбайға қаншалықты мазасыздық алып келсе, соншалықты тыныштық бермесі де анық. Iңкәр сезім екеуiн бiр бүтiн етiп байлап қойғандай. Көз алмайды бір-бірінен. 

Осындай думанда сандуғаштай сайрағанда, қыз көңiлiн бірден әнмен жаулап алатын Иманбай Бiржан салдың бiр әнiн шырқағаннан кейiн, сап тыйылып қалды. Қасындағы сырынан хабардар жолдастары сезгендей, екеуін тоғыстыратын бiр ыңғайлы сәт іздеп жүр…  осылайша қос ғашықты алтыбақанның қос қанатына тұрғызып алып, қыз-бозбалалар ән шырқап, сауық құрып, кеш қыза түсті.

Аспанда жұлдыздар жыпырлап жайнап, қалың түн ортасы түскенде, жөн-жөнiне тарасқан ауыл жастары  уылдап-шуылдап жөн-жөндеріне тарай бастады.

– Мен сенсіз өмiр сүре алмаймын.

– Мен де Имашжан!

Жақын маңдағы көл жағалауында тiлдескен қос ғашық. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», – деп Абай жырлағандай, қос боздақ бiрiн-бiрі қимайды. Ұзақ сырласып, ақ таң бозараңдап, айнала көріне бастағанда ғана амалсыздан қош айтысты. Бірін-бірі аймалаған қос ғашық, тәтті күйден шыға алмай, амалсыздан:

– Жаным, ертең, ертең кешке, көл жағалауында…

Екi ғашық көлдің екi жағалауына қарай бет алды. Буырқанған сезiм оты жалындап, кеудеде маздап маза берер емес.

 

*    *    *

Биыл қыстаудан Көшей ауылы мал-бас аман шығып, Малайсары, Құланбасы тауларының етегiне бiрен-саран киiз үйлер тігілген.  Қарттары барлары тамнан әлi түгел шықпай, жас отбасылары ғана тынысы кең, киiз үйге көше бастаған.  Әлдебiр зiл  қара суықтан қорыққандай, әлде қыстағы жылы орындарын қимағансып жас төлдер әлi қора маңын жағалап жүр. Жазғытұры таудың баурайын қолдан түлеткендей. Бiр түрлi жас иiске, жас өмiрге толған.

Жiбектей жұмсақ, үрпек қозылар күншуаққа қарай секiрiп дамылсыз маңырайды. Арасында үлкен қара көздi боталар секіріп жүр. Жылқылар арасында ұзын құлақ, бұйра жүн, сүп-сүйкiмдi құлындар көбейіп, бойлары іріленіп қалған. Ширақтау бұзаулар ойнақшып бiр орында тұрмай, құйрығын шаншып алып белгiлi бiр аралықтың арасында «эстафета» жасап тырбаңдап секіреді. Осылай барлық жанды нәрсе өмiр ағысына қарай жөңкіле бастаған. Әр отбасында қысыр сауылып, қара саба күрпiлдеген.

Құдалар жағынан Көшей 20-25 адаммен жолға шықты. Құда күтетiн Қарабек ауылы жылдағыдан биелерiн ерте байлап, дайындық қыза түскен. Құдалардың iшiнде жасы жағынан ең үлкенi Көшейдiң ағасы – Есей. Бiршама егде тартып қалған шалдың аппақ сақалы тiзесiнен де асып тұрады екен, жарықтық. Бойшаң шал әулетінің ардақтысы, Көшейдiң ақылшысы. Көшей Есейдiң сөзiн орындап, «ағалап» алдынан қия өтіп көрген жан емес. Құдалықтың жол-жоралғысын жасап, орны-орнына қойып бәрін реттестіріп отырған да осы Есей. Айналасына өзінен басқа әулеттің бірнеше ақсақалы мен әншiсін топтастырған.

Көшей мен бәйбiшесi жаңа құдаларына үйiр-үйiр жылқыдан өзге сандық толы қазына да алып келген екен. Ең үлкен сый ретінде – ат басындай бiр кесек күмiс тартылды. Бұны «iлу» деп атап құдалықтың жол-жоралғысының бірі ретінде ұсынылды. Үй iшi мәз-мейрам, жылы лебiздерiн жаудырған қариялар  арнайы тiгiлген үш ақ үйдiң ішінде малдасқұрып отыр.

Домбыраның күмбірлеген ырғағымен ән шырқатқан әншiлер, әсем әуенге мың бұрала билеген бишiлер құдалықтың сән-салтанатын арттыра түсті. Салт бойынша екi жақтан құдағи сыбағалары: шапан, қамзол, көйлек, шаршы берiлiп және толып жатқан ырымдардан «Сүтақысы» төленіп, сый-сыяпаттар бiрiнен келе бiрi орындалып жатты.

Көшейдiң аса кеңпейiлдiлiгiнiң жөнi бар. Осыдан бiр ай бұрын құдасы Қарабек те ағынан жарылып, «Құдалықтың бастамасы» деп, киiтке алтынмен апталып, шебер өрнектелiп жасалған ертоқымын сыйға тартқан.

Салт-сана түгелдей орындалып бiтіп, кешқұрым күн қарауыта бастағанда, етек-жеңiн жиған құдалар қош айтысып  келiндерiн алып, жол жүруге бел байлады.

 Қалыңдығының айдай жүзiне таңдана қарап мастанған Иманбайдың бақытында шек жоқ.

Таң қызарып көкжиегiнен керiлiп көтерiлген. Иманбай таңғы салқында атымен бiраз серуендеп шығып кеттi. Тау қыраттарын аралап келген Иманбайдың қолында жасырған бiр тосын сыйы бар. Күлімдеп, күлкісінен түн түріліп ендi ғана ұйқыдан көзiн ашқан айдай Құтбалаға:

– Құтжан, жаным-ау! Тұра ғой, ендi. Айдай аппағым! – деп қып-қызыл ерiндерiн аппақ бетiне тигiзiп, бiр шоқ үлбiреген бәйшешектердi нәзiк, ұзын саусақтарына iлдiрiп жiбердi.

 

 

*      *       *

Үлкендерi Әсия дүниеге келгелi Иманбайдың мiнезi бiраз өзгеріп сала берген. Балалық әдеттерi қалған. Өйткенi, ол әке болуды өзi қатар жiгiттерден қарағанда ерте сезiнген едi. Құтбала сабырлы, салмақтылығымен отбасылық қиындықтарды жеңді. Көшей келiнiнiң сары майдан суырған қылдай әдiлдiгi, ақылы мен парасаттылығы көршi ауылдарға дейiн естiлiп, мақтанға ілініп жатқан кезі.

– Имашжан,  шай iшуге жүрiңдер! – дедi атлас матадан тігілген бүрмелі көйлегінің етегін жер сыздырып Құтбала ұзын шаштарын артқа қарай бiр бұлғап қойып, майысып киіз үйдің есігіне кіріп кетті. Жолдастарымен аң аулаудан келiп жатқан Иманбай, әйелiнiң мінсіз сымбатына бiр мезет қызыға қарап, соңынан;

– Бәйбiше, мен бүгiн үлкен олжаға кенелдiм – деп соңынан бар дауысымен сүйіншілеп айғайлап, қолына қондырған бүркiтiн сипалап: Жарайсың! – деп қойды.

– Жүрiңдер, жiгiттер, Досан, Әлiм! Құтбаланың майға қып-қызыл етiп пiсiрген картобын жейiк! Ондай асты әлемде ешбiр әйел жасай алмайды, – деп Құтбала жақтан бiр ишарат болады-ау дегендей  киіз үй жаққа ұзақ қарады. Ондайда өзiн биiк ұстап үйренген Құтбала үндемей қойды.

 

*        *      *

Кеңес Үкiметi орнап, ел басына ауыр жағдай туды. Қосай ұрпағы қиындыққа ұшырап, тығырыққа тірелді. Елде жаппай конфискация, ату жазасы кесіліп жатты. 1927 жылы Иманбайды да репрессиялап,  тайлы-тұяғын қалдырмай, тышқақ лағына дейін тартып алды. Дүние-мүлкін талан-таражға түсірді. Түрмедегi қара түнек, жалғыз көздi темір торлы терезе, бәрi Иманбайға қорқыныш сезімін тудырып, өмірден түңілдіріп жіберді.  Өмірінде ши барқыт пен пүлішке оранып, ішкені алдында, ішпегені артында өскен жігіттің мұндайды бірінші рет көруі. Өмірдің күңгірт жағынан бейхабар Иманбай түсі ме, өңі ме өзі де басы айналып, есінен ауысуға шақ қалған. Оның үстіне бұған аштан өлiп қалмасын деп бiр үзiм қара нан мен қара су бердi. Өмiрiнде қара нан көрмеген Иманбай – қара наннан шошынып, қатты ауырып, есінен алжасып, ақыры түрмеде қайтыс болды.

1928 жылы Iле өзенiнiң күн батыс бетiнде Дәркенбайдың Қарағайлы мекенiнде тұңғыш рет аудан орталығы орнап, жұмыс iстей бастаған. Осы жылдары Қазақстан өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Голощекин қазақ байларының тұқымын жер аудартып, үйлерiн  тартып алып жатады. Иманбайдың туыстары бас сауғалап, көрші елдерге қашып кетеді. Мал атаулыдан ауылда аша тұяқ қалмай, ең үлкенi 13 жастағы Әсия мен аралығы 1,5-2 жас үйелмелi-сүйелмелi 6 баламен Құтбала жылап-еңiреп жұртта қалған шақ. Балаларына пана болар баспана таппай, тіпті татып iшерге тамаққа зар болады.

  • Құдайым-ау, саған не жазып едiм – деген, Құтбаланың зарлаған дауысы жердiң қақ ортасынан шыққандай жаңғырып, нақ Құдайдың құлағына жеткендей болады.

Ауыл кеңесiнiң бiр шабарманы және КГБ-ның бiр агентi қол қойып, акт жасап Құтбаланы «байдың отбасы» деп жер аудартып жiбередi. Соңынан бiрнеше күн тархатқа тiркелген баржамен Iле өзенi арқылы жүздеген Қосай, Балғалы, Байшегiр және Сарыүйсiн ұрпақтарын Шелек ауданына алып келiп, әр ауылға таратады.

Құтбала Қосай ұрпақтарымен Шелек ауданының Қорам деген жерiне келедi. Жергiлiктi халқының көбiсi ұйғыр, қыстық деген албан руынан шыққан қазақтар екен. Баспана үйлерiн топырақтан соққан ұйғырлар көпбалалы болған соң, Құтбалаға төбесi түсiп тұрған ескi тамды бередi. Қалған жер аударып көшiп келiп жатқан жанұяларға баспана жетпей, ашық аспан астында қалады. Ер адамдардан күш-қуаты барлары ағаш кесiп, шөп орып, балаған жасауға кiрiседi. Тереңдiгi 1,5-2 метрден, аумағы 2х3, 3х4 шаршы метр етiп жер үй (жеркүрке) соғып, өмiр сүруге кiрiседі.

Ауылдың ортасынан Өстен деген суы мол тоған ағады. Тау орталығына орналасқан бұл ауыл аудан орталығы Шелектен 12-15 шақырым арақашықтықта орналасқан. Жерi тегiс, көкмайса, неше түрлi жемiс ағаштары өседi. Қыстық руының қазақтары ұйғыр халқымен жақсы араласып, тату-тәтті өмiр сүріп кетедi. Ұйғырлар егiн айдап, бау-бақша егедi.  Өмірін малмен өткізген қазақтарға мұндай отырықшылық шаруашылықпен айналысу ерсi көрiнедi. Амалсыздан, жан бағу үшін ауып келген қазақтар ұйғырларға жалшы, малай болып күнін көріп жатады.

 

*    *    *

1931-1933 жылдары елге ашаршылық келіп, жаппай қырғынға ұшырайды. Қара халық киiм мен төсенiштi былай қойғанда, тамақ табудан қалады. Аштан есi кеткен адамдар бiр үзiм нан iздеп, темiр жол рельстерін жағалап, қалаларға қарай ұмтылады. Қалаға кiреберiсте босқындарды пулеметтiң жаңбырдай жауған оғы қарсы алып, әбден берекетін кетіреді.

Ауыл iшiнде, теміржол рельстерінің жағалауында iсiнiп өлген адамдардан аяқ алып жүру қиын. Себебі, өліктің қаңсыған сасық иісі  басыңды айналдырып, жүруге мұрша бермейді.  Жүріп-тұруға шамасы бар ер азаматттар шұңқыр қазып, өлiктi жасырып жатса, үлгермегендерiн қарға-құзғын көзiн ойып шұқып, өз «санитарлық» жұмыстарын атқаруда.  Көшенің арғы басында аштан өлген шал, мына басында ыңырсып қайыр тiлеген кемпiр. Далада жалғыз кетiп бара жатқан адам болса, ұстап алып сойып жеп жатқан көзі қызараңдаған адамдар көше кезіп жүр.

Алты балалы Құтбала ауқаты жақсы бiр ұйғырға жалданып, балаларына күнiне бiр-екi уыстан тасып талқан әкелiп, оны бөлiп: – Мә, мынау саған, ал мынау саған – деп, ептеп бәрiне теңдей етіп, Әсияға жасы үлкен болғандықтан да, өзгелерiнен аздап көбiрек етіп үлестiріп, өлместің күнін көруде. Жүдеген, арық, қабырғаларын көрсетiп сыйдиған алты баласы алты жақтан бiр-ақ жұтынып, көздерiн жәудiретiп, Құтбаладан тағы тiленедi. Есi кiрген Әсия ғана: – Апа, сен де ауыз тисеңшi, әйтпесе ауырып қалсаң бiздiң күнiмiз не болады, – деп дабыл қаққандай болады.

Балалар үш күн бойы  нәр татпады. Күннен-күнге әлдерi кетiп, жағдайлары нашарлап барады.

Күндердің бір күнінде әлгi ұйғырдың үйiне қасына 14-тегi қызы Әсияны ілестіріп, екеуi жалданып, қалған бесеуiн есiкті дәу таспен бастырып  шығып кете барады. Кенет ұйырдың үйiне жақын қалғанда, Әсия шыр-шыр етіп:

– Апа, қолында тапаншасы бар, атады-ы-ы! – деп, зәресі ұшады.

Құтбаланың ащы дауыстан зәре-құты қалмады. Сөйтiп тұрғанда, әлгi ұйғыр аштан тәлтiректеп қорасына байқаусызда адасып кiріп кеткен арыстай дәу жiгiттi атып жiбередi. Құтбала мен Әсия селк ете түседі.

Әсия Құтбаланы құшақтап жабысып алып: – Апа, апа, не болды? Не үшiн өлтiрдi? – деп, әлжуаз қолдарымен мөлтiлдеген жастарын сүрткіледі. Отты көздерiн жазықсыз жанды жазым қылған ұйғырға қадаған Құтбала Әсияға: “Жылама” – деп, кесiп айтып, әлгi адамның қиналғанын көрмесiн дегендей, әбден жарылып, терісі қатып қалған қатпарлы жалпақ алақандарымен Әсияның бетiн көлегейледi.

Күнделiктi қызметiне кiрiскен Құтбала шешейдiң ойына – Жазықсыз жанды неге өлтiрдi? Бұл әрекетi үшiн жауап бередi ме? – деген сұрақтар  бiрiнен келе бiрi еріксіз орала бердi. 

Күн сарғайып ұясына батып, қас қараяды. Аспанда Құдай үшiн бiр шөкiм бұлт жоқ. Күндiзгi аптап ыстық сәл сабасына түскендей. Күн батысқа қызарып барып батты.

  • Сiрә, күн бүгiнгiден қатты ыстық болатын сияқты. Салқындау жел соққандай болды, неткен лазым сезiм – деп, ойлап қойды Құтбала.

Дөң басынан бiр әйел мен қыз баланың сүлбесi сағымдай бұлдырап келе жатыр. Арқаларында бір-бір асынған дорбалары бар. Бүгiндiкке тапқан-таянғанын тәубә, деп келе жатқан Құтбаланың бар санасы үйде қалған бес баласында.

Шешейдiң жүрегі бiр жамандықтың болғанын сезгендей, бұлқынып кеттi. Сәлден соң ашық тұрған есiктi көріп, жанын қоярға жер таппады. Өкiрiп жiбердi:

  • Ойбай, ендi қайттым? Қу басым-ай!

Ентiгiн баса алмай отырғанда, жақын арадан ыңырсыған дауыс шықты. Анықтап жан-жағына көз салса, от жағатын жер ошақтың iшiнде екi баласы күйе-күйе болып тығылып жатыр екен.

  • Ағаларың Қуат, Рысты, Әнуар қайда? Оларға не болды? Үйге кiм келдi? – деп, тiзбектей сұрап дал болды шешелері. Болған iстiң мән-жайын сұрастырса, екi үлкен адам келiп, үш баласын алып кеткен екен. Ендi iздеу қайдан, оны апарып жеп қойды ғой – деп, жылаумен болды.

Күндерден күн өте келе жалшы ұйғыр жұмыс бермей қойды. Тамақ табатын, жалданатын жер жоқ, екi баласы Құтбаланың көзiнше шырқырап аштан өлдi. Бес баладан айырылып Әсия екеуi ғана қалады.

Бiрiн-бiрi жетелеп, көрiнген ұйғырдың үйiне барып, бiреуiнен бiр жапырақ нан, екіншінен бiр шыны айран, бір тостаған талқан үшін жалданып күн көреді. Кешке үйлеріне келiп жатады. Кей кездері жалға жұмыс табылмай, аш жататын күндері де болып жатады.

…Нендей дертке шалдыққаны белгiсiз, Әсия оқыс қисая кетiп, қылғынған әдетті бастады. Не дерт екенін өздері түсінбеді. Сөйтiп жүргенде, аяқ астынан он алтыдан енді асып бара жатқан қолқанаты, серiгi, таянышы, жалғыз қызы, әрi құдай қосқан қосағы – Иманбайдан қалған жалғыз Әсиясы көз жұмады.

Бұдан былай Құтбаланың көрген күнi азап, өмірі тозаққа айналады. Күндiз-түнi жылаумен аштықты да ұмытып, орнынан тұруға шамасы келмей жатып қалады. Бұл жағдайды естiген ұйғыр Мырзахан мен әйелi Кәмила әлсiреп өлiм халінде жатқан Құтбалаға келiп басын көтерiп, бiр жұтым су iшкiзiп, бiр жапырақ нан берiп тiрiлтiп алады.

Арада үш-төрт ай өтiп Құтбала ес-түсін жиып, өзiне-өзі келе бастайды. Сыры кетсе де, сыны кетпеген Құтбала Құдайдан күдерін үзбей, жақсылық тiлеп, келешекке үмітпен қарайды.

 

 

*    *    *

1933 жылы көшпелi қазақтардың басын бiрiктiрiп отырықшылыққа көшiрiп, Қорам ауылы бес колхозға бөлiнедi. “Машина” колхозының басшысы болып жас, арабша жазу-сызуға сауатты Есеев Құдайберген деген Сарының, iшiнде Қалыбай әулетiнен жас жiгiт сайланады. Колхоз жұмысын жандандырып, көзге бірден  түседі. Партия қатарына да қабылданады. Әрі көрiктi, бойдақ жiгiт колхоз өмірін жандандырып, жаңартады. Оның колхозында 300 қой, 50 бас сиыр, 12 жылқы болған. Ол кезде машина да, трактор да жоқ, атпен, өгiзбен соқа айдап, егiн жыртып астық өсiредi. Өстен тоғанынан арық тартып, егiн суғарып, мол өнiм алады. Колхоз көркейiп, мал саны өседі. Қорам ауылында тұратын жер аударып келген қазақтар бұрын егiн айдамаған, мыңдап мал айдаған көшпелілер маңыраған қой мен мөңiреген сиырдың дауысына зар болып, “Машина” колхозына келiп-кетіп тұратын болады.

Өзге колхоздармен салыстырғанда, “Машина” колхозының жағдайы күн өткен сайын жақсара түседі. Құдайбергеннiң есiмi ел аузында аңызға айналады. Ақырында жер аударып келгендер шетiнен “Машина” колхозына мүшелікке өте бастайды. Содан көре алмаушылық  Құдайбергеннiң де басына келіп түсіп, мұны әбден әуре-сарсаңға салады.

Басқа колхоздарда адам саны күрт азайып, шаруа басшылары арызданып, аудандық партия Атқару Кеңес Комитетiне шағым түсіре бастайды. Бұл жағдай жан-жақты тексерiлiп, рас екендiгiне көздерi әбден жеткен соң, аудандық партия комитетiнiң Бюро мәжiлiсiне салынып, Есеевтi орнынан алуға, партия қатарынан шығаруға ұйғарым жасайды. Өз iсiнің майталманы Құдайберген бұл әдiлетсiздiкке жол бермеуге тырысып баққанмен, дұшпандары басым түседі. Сонда таққан жалалары мынау:

  • “Машина” колхозының басшысы ұлтшылдыққа салынып, басқа колхоздардың шаруашылығын ақсату мақсатында, тіпті ақыр аяғы тоқтату үшін өзiмен рулас, жерлестерді бір колхозға жинаған. Сондықтан ол мұндай қызметке лайықты емес – деген теріс шешім шығарылады.

Алапат аштықтан аман қалған Жалайырлардың ақсақалдары Құтбалаға жандары ашып, өзара кеңес құрып Құдайбергендi шақыртып алып:

– Ей, Құдайберген, сен Есейдiң баласысың. Мына жесiр Құтбаланың күйеуі – Иманбай – Көшейдiң баласы. Есей мен Көшей бiр атадан тарайды. Иманбай сенiң немере ағаң, ал мына сорлы қу бас, жесір Құтбала саған немере жеңге. Атамыз қазақ жесiрiн жатқа жiбермеген, жылатпаған. Сен болсаң, бойдақсың. Үй-бүлең жоқ. Бiз ендi мына жеңгеңдi саған әмеңгерлiкпен қосуға ұйғарым шығардық. Ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрге көнесiң. Бүгiннен бастап Құтбала сенiң әйелiң болады – дейді.

Ауыл ақсақалы,  әрi Құтбаланың төркiнi жағынан Бөрiбай деген ақсақал некелерiн мұсылманша қиып, Құтбаланы Құдайбергеннiң үйiне апарып, баталарын берiп тарасады.

 

 

                                            *     *     *

1935 жылдың күзi едi. Жапырақтар жаппай жерге түсiп, шөпсiз тақыр жер бiр мезетте сары түске боялды. Кей жерлерде қызғылт тартады. Ауыл реңi қашып, бозарған үйлер мүсәпiр күйге түскен.

Даладағы суық ызғырық түңлiктi қайта-қайта желпидi. Үйдiң iшi. Ортада дөңгелек үстел тұр. Үстiнде үйiлiп жатқан жiптер. Төр жақтағы көрпеде отырған Құтбала кимешегiн бiресе оң қолына, бiресе сол қолына алып кестелеп отыр. Құдайберген екеуi отау тiгiп, шаңырақ көтергелi төрт ай болған. Бір-бірін бір көргеннен ұнатып қалғандары рас еді. Түр-әлпеті, бет-пiшiнi, мінсіз сымбаты Иманбайға ұқсайтын Құдайберген Құтбаланың құдайдан жатпай-тұрмай сұрап алған жақсылығы болар. Кедейліктеріне қарамастан, олар бақытты ғұмыр кешуде. Колхоз басшылығынан түсiп қалған Құдайберген қатардағы  жай жұмысшы болып iстеп жүрдi.

Кеш түсіп, айналаны ымырт басты. Күйеуiнiң жұмыстан келетiнiн бiлетiн Құтбала майға пiсiрген тоқашын дастарханға қойып, қымызын сапырып, бiр асым етiн түсiрiп нанын дайындап жатты. Сол сәтте үйге есiктi айқара ашып, арқаланып Құдайберген кiрiп келдi.  Ыстық-суығы басылмаған олар ұзақ құшақтасып тұрды. Құтбала Құдайберген шешiнiп, жайғасып отыра бергенде:

– Отағасы, мынау әкелгенiңiз не?– деп, аузы байланған қапты нұсқады.

– Ә, бүгiн жұмыста еңбекақының орнына қант таратты. Басшының шешiмi солай болыпты,– дедi. Тоқаш пен қымызға кiрiскен күйеуi бiраз шашалып қалып:

  • Жаным-ау, неткен шыдамсыз едiң. Алдымен әңгiмеңдi айтып алып, содан соң тамаққа кіріссең болмай ма?! Құрсағымдағы сәбиiмiз саған тартып қомағай болып тумаса болды – деп, бір жымиып алды да, қайта қабағына сәл селеу түсіп:

– Мейлi, қандай болса да, әйтеуір аман болсыншы – деп, бір күрсініп қойды.

 

                                       *         *        *

Жаздың шiлде айы. Аптап ыстық. Ыстыққа шыдамаған балалар тырдай жалаңаш шешiнiп тастап, шаңды бұрқыратып, шыбықты ат қылып алып шауып жүр. Құдайбергеннiң үйiнде той-жиын. Ауылдың келiншектерi қазан ұстап, самауыр қайнатып жүгiрiп жүр. Дүниеге келген перзентке ат қоюға келгенде, Құтбала Құдайбергеннен сұранып:

  • Бұл сенiң тұңғыш балаң, менiң жетiншi перзентiм. Соған қарамастан менiң де тентiреп қалған кезiмдегi бiрiншi балам. Маған рұқсат берсең, құдайыма жалынып, атын өзiм қояйын деп едiм – дейдi. Құдайберген көп ойланған жоқ, – қоя ғой деп рұқсатын бередi.

– Бұл сәбидiң аты – Амантұр болсын. Жаратқанның құдыретімен өмірге келген балам аман тұратын болсын – деп, ырымдайды.

1937 жылы  екiншi балалары дүниеге келедi. Оның атын – Сарымсақ деп қояды. 1938 жылы Қорамда жетiмдер үйi (детдом) ашылып, Есеев Құдайберген осы жетімдер үйінiң басқарушы директоры болып тағайындалады.

Бiр жасқа толғанда, Сарымсақ шешектен қатты ауырып, шетiнейдi.

Қайғыдан басын көтермей жатып қалған Құтбала өткен өмiрiнiң ащы-тұщысын түгел есіне түсіріп, қайғының түбіне батады. Солайша  бiр күнi ауырып жатқан Құтбала күйеуiн қасына шақырып алып, ақылдасып, жетiм балалар үйiнен ағайынды Аққойшы, Көпқойшы, Байтай деген балаларды асырап алады. Үшеуiн де бауырына басып, өз баласындай көредi. Аналық махаббатын берiп, мейiрiмiн төгедi.

Құтбаланың өмiрi ендi ретке келе бастағандай болады. Басынан өткен қиыншылықты ұмыта бастағандай. Жаймашуақ күндердің бірінде “соғыс басталды” деген суық хабар бастарына жай түскендей гүмп ете қалады.  Ержетiп қалған үш ұлы – Аққойшы, Көпқойшы, Байтайды әскерге шақырып, соғысқа алып кетеді. Сұрапыл соғыстың алғашқы жылдарында жолдасы қаза табады. Үш ұлдан еш хабар болмайды.  Басқа қайта түскен қиындыққа мойымай, колхоздың сауыншысы болып жұмыс iстеп, баласын ержеткiзудiң қамын ойлап жүргенде, Құтбаланы еңбек майданына шақырту хабары келедi.

Жылап-еңiреп колхоз бастығына барып:

  • Жалғыз баламды кiмге тастаймын? Ешбiр туған-туысым жоқ. Баламнан айрылғанша өлгенiм артық, – деп майданға бармауға өтiнiш бiлдiредi. Колхоз бастығы Құтбаланың қазiргi жайына келгенде, еш шарасыз екендiгiн айтып түсiндiрiп, ауыл-совет төрағасына жiбередi. Оның да айтатыны сол болады:

– Балаңды қарайтын ешкiм жоқ болса, жетімдер үйіне бересiң. Ақыры күйеуiң де жоқ, қолыңда ұстап отырған ата-енең де жоқ, ұйғарым осылай – дейді.

Кiмге барарын бiлмей, жалғыз баламнан айрылғанша, ұлымды алып, қашайын – деп, бел байлап отырғанда, құдай айдағандай үйге үш кiсi сап етіп кiрiп келедi. 

Ұзын бойлы, қараторы жас жiгiт бiрден әй-шайды сұрамастан әңгiмеге көшедi:

– Бiз сiздiң жағдайыңызды естiп келiп тұрмыз. Өзiмiз Қорам ауылының тұсындағы «Қызылту-3»  колхозының малшылары едiк. Мына менiң жанымдағы шоқша сақал бауырыма әйелi өлгеннен берi, әйел таппай жүрген едiк. Көнсеңiз, осы кiсiге әйел болыңыз. Балаңыздың артықтығы жоқ. Бұл кiсiде бала жоқ. Балаң оған да бала болады. Бiз қазiр сiздердiң ауданнан көшiп, қыстауға қойларды айдап, өз колхозымыздың жерiне кетiп барамыз. Егер келiсетiн болсаңыз, бiзбен бiрге жүрiңiз. Мына Меңлiғұл бауырымның қаңырап бос қалған үйiне ие болыңыз. Сiздi жерге қаратпаймыз. Балаңыз бала болады, ал Меңлiғұл әке болады. Жалғыз басыңыз екеу болады. Қазiрден бастап некелерiңiздi қиып, Құдай iсiмiздi оңдасын, ақ жол берсiн, деп аттанайық, – дейдi. Осыған дейін үнсіз отырған Құтбала басын көтерiп:

– Менi қайдан бiлдiңiздер. Сiз кiмсiз? Аты-жөнiңiз кiм? – дейді.

  • Менiң атым Әмiре. Мен осы кiсiнiң ағайындас iнiсiмiн. Құдай бұйыртса, сiзге қайны боламын. Елiмiз қаңлы деген. Қаңлының iшiнде қара қаңлы деген ел. Мына жанымыздағы жолдас бала әрi көршi. Бұл да сiзге бөтен емес, аты – Жаппар.

Шай қойып, қонақтарға сый-құрмет көрсете бастаған Құтбала:

– Сiздер менiң өмiрбаянымды анық кiмнен естiп бiлдiңiздер – деп, маған жаны ашитын еш тiрi жан жоқ сияқты едi ғой, деген ойлы көзбенен Әмiреге қарайды.

– Сiз жөнiнде әрi сiздiң өмiр тарихыңыз жөнiнде қой бағып, ауылдас болып қалған сiздiң туысыңыз Қыдырбай деген қойшыдан естiдiк.

Бұл сөздi естiген соң Құтбала келiсiмiн берiп, түн жамыла баласын алып кетiп қалады.

Күтпеген жерден Талғар ауданы, «Қызылту-3» колхозына келiп, көппен бiрге Құтбала колхоз мүшесi болып қылша айдап, егiн егiп, бау-бақша жинап, шөп шауып өмiр сүредi.

Амантұр 1945 жылы осы колхоздың жетi жылдық мектебiне барады. Өгей әкенiң атымен Меңлiғұлұлы болып жазылады. Мектептi бiтiретiн 1952 жылы: «Мен өз әкем Құдайбергеннен қалған жалғыз тұяқпын. Әкемнiң атын шығармасам, несiне ұл болып тудым», – деген оймен мектеп директоры Рүстемовтiң кабинетiне кiрiп түсiндiрiп, фамилиясын өз әкесiнің атына көшiрiп аттестат алады.

Меңлiғұл осы қылығы үшін бүкiл туыстарының көзiнше Амантұрды ортаға салып: 

– Мына күшiктiң не iстегенiн бiлесiңдер ме?! «Қасқырдың баласын қанша асырасаң да, тауға қарап ұлиды», деген рас екен. Бұны қанша әлпештеп, асырасаң да, өз баламдай көрсем де, iстегенi мынау. Ендi менiң көзiме көрiнбе, кет, жоғал. Қайда барсаң, онда бар, – деп Амантұрды үйден қуып жiбередi.

Жүрегi елжiреп, жәутеңдеп, не істерін білмей, аңырап қалған Құтбала үнемi баласымен ауыл адамдары арқылы хабарласып тұрады. Меңлiғұлдан жасырып бiраз тиын-тебен жинап, Амантұрды Алматыдағы екi жылдық байланыс училищесiне түсiредi.

Жастайынан қатарластарынан оқ бойы зерек Амантұр екi жылда кейде тоқ, кейде аш жүрiп оқуын ойдағыдай аяқтайды. Түлектердің ішінде жақсы оқып, көзге түскендерін жаппай жұмысқа орналастырып жатады. Осылардың қатарына iлiнген Амантұр Талдықорған облысы, Сарыөзек станциясына қызметке орналасады.

1956 жылы Құтбала қатты науқастанады. Баласының iстегенiн қиянатын ұмыта алмай жүрген Меңлiғұл Құтбаланы да жек көріп, жат адамдардай болып аралары біртүрлі суып кетеді. Ендiгәрi үй шаруасына араласа алмаған кемпiрiн тастап: «осыдан не пайда, оданша өз күнiмдi өзiм көрейiн», деп басқа әйел алып, ауылдан көшiп кетедi.

Үлкен азамат болып, аяғынан тік тұрып, қызмет істеп жүрген ұлы Амантұрға ауылдастардан хабар келедi. Дереу жеткен ұлы анасын Алматыға алып кетедi.

1965 жылы Құтбала әже баласы мен немерелерiнiң ортасында жарық дүниеден озады. Бүгiнде әженiң артында алты немере, он екі шөбере, үш шөпшек бар.

«Парасат» журналы, №2, 2010 жыл.

 

 

 

Ордалы жылан

 

Ұлы отан соғысынан кейінгі жылдары Қызыл Ту-3 колхозы, бұрынғы Іле ауданына қарасты болды. (Қазіргі Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылы). Бар болғаны, ұзыннан-ұзақ үш көше ғана.

Құтбала әженің үйі орталық көшенің оң, бас жағында орналасқан екінші үй. Ол кездері 25 сотық жер бау-бақша айдауға беріледі. Осы жердің бәріне тек қана жүгері дақылын егеді. Себебі жүгеріні диірменге тартып, нан пісіреді. Қуырып, келіге түйіп, талқан жасайды. Күз кезінде оны суға қайнатылған қант қылшасымен қосып, келіге түйіп алса, нағыз жент-халва болады. Дәмі тіл үйіреді. Балалар мектепке барғанда, қалталарын толтырып қуырылған жүгері алып барып, үзіліс кезінде өзек жалғайды.

25 сотық бақшаның ортасында кішкене су шықпайтын, пайдалануға жарамсыз төбе бар. Бірінші үйде – көршілері Тұрған деген күйеуі соғыстан қайтпай қалған әйел тұрады. Оның Құтбаланың ұлы Амантұрмен түйдей жасты Күтай деген баласы бар. Үшінші үйде Қаншайым деген қызы бар Тастан деген шал кемпірімен тұрады. Бұл екі көршінің бау-бақшасы теп-тегіс ешқандай төбе жоқ, жазық жер.

Құтбала әженің бақшасындағы кішкене төбешіктен жаздың ыстық күндері жүздеген қара ала, сары ала неше түсті жыландар шығып бірнеше топқа бөлініп, бір-бірімен оралып, күнге қыздырынып жылжымастан жатады. Кешке қарай қайда кететіні белгісіз. Інге кіре ме, әлде орын ауыстырады ма, белгісіз жоқ болады. Күн қызғанда қайта пайда болады. Адам мен малға зияны жоқ, тиіспейді. Тастан деген шал оларды қорып ешкімге тигізбейді:

– Бұл ордалы жылан, зияны жоқ, тиісуге болмайды. Күндердің күнінде өздері орнын ауыстырып кетеді. Бұлар пайда болғалы 5 жыл болды. Мен осында ежелден тұрамын, зияны жоқ, – деп бала-шағаны жолатпайды.

Жыландар күн суытып күз болған шақта мүлдем жоқ болады. Айнала төңірегін жыртып жүгері егіп, оны баптап жүргеніңде не жыбырлап жүргенін көрмейсің үнемі қыздырылып жатады. Жылан болып жыбырлап аулаға, не есік алдына, үйге кірмейді. Әйтеуір күн қызғанда төбе басында будақталып топ-топ болып күнге шағылысып жатады.

Үй иелері қорықпай жүгерінің шөбін шөптеп суғарып жүре береді. Өздігінен шабуыл жасамайды, тиіспейді, назар аудармайды. «Сен тимесең, мен тимес», демекші, қозғалмайды.

Бүткіл ауыл бұл жағдайды біледі. Кейде үлкендер де, балалар да келіп алыстан тамашалайды. Төбенің басында, жан-жағында тесік көптеген індер бар. Бау-бақшада ешқандай іннің ізі көрінбейді. Кейбір күндері жыландар екі-үш күн көрінбей, кейін қайта пайда болады.

Амантұр бұл құбылысты мектепке барғанда құрдастарына әңгімелеуден шаршамайды. Оның әңгімесіне еліккен балалар сабақтан шығысымен топталып барып тамашалайды. Тастан атаның ақылымен оған кесек не тас лақтыруға қорқады, алыста тұрып көрген соң тарқасады. Бұл төбе ауыл оқушыларына өзінше бір зообаққа айналды.

Құтбала таңғы 5-те ерте тұрып шайын ішіп колхоздың жұмысына кетеді. Сол кеткеннен ай қараңғы күндері кешкі 9-дарда, егер ай жарық болса түнгі 11-12-лерде бірақ үйге келіп демалады. Ол колхоздың нешетүрлі жұмысында шөп шауып жинаумен, егін егіп оны да жинаумен, қырмандағы жұмыстармен болады.

Колхоз бірнеше жүз гектар жерге қант қылшасын егеді. Бұл жұмыстардың бәрін атқарушы ауылдағы әйелдер, техника деген атымен жоқ. Бәрі қолеңбегімен атқарылады. Егіндікке жер жырту үшін 2 атты, не өгізді парлап шегіп соқа байлап әйелдер жыртады. Ал, қант қылшасының жұмысы өте көп – арам шөбін отау, түбін босатып, ара қашықтығын сақтау, суару, қазу, арбаға тиеп зоводқа өткеру тағы басқа толып жатқан жұмысты атқару үшін адам қолы жетіспейді, бірақ атқару қажет.

Осы жұмыстарды мүлтіксіз уақытында атқару үшін сол кездегі колхоз председателі Тебериков Түбек деген кісі таң атысымен өзінің 95-тегі туған шешесін арбаға отырғызып басына кимешек, ақ көйлек, шапанын кигізіп, сәлдесін оратып, қолына таяғын ұстатып, астына қалың көрпеше төсетіп қант қызылшасы егілген жерге әкеліп отырғызып қояды. Кәрі кемпір орнынан тұрып  жүре алмайды, тек тілі сарнап тұр. Елді бірлікке шақырып:

– Соғыс үшін, Отан үшін, соғыстағы балалар, әкелер, немере, шөбере, бауырлар үшін күш-қайраттарыңды аямаңдар, сол азаматтардың шекер салып, бір кесе ыстық шай ішуі үшін міне 95-тегі мен де келіп отырмын. Туыстарым, «көп түкірсе көл болады», деген аянбайық. Уақытты өткізіп алсақ, еңбегіміз рәсуа болып, зая кетеді деген ауылдағы шамасы келер шал-кемпір, бала-шаға бәріміз жабылсақ, бітпейтін іс болмайды. Қарақтарым, бәріміз бір кісідей болып жұмылып кіріселік. Ұранымыз – Отан үшін, ел үшін болсын, соғыстағы ер азаматтар, өздеріңнің Құдай қосқан жұбайларың, бауырларың, әкелеріңнің аман-есен жеңіспен қайтуы үшін аянбаңдар, – деп дауысын бар шамасымен зор шығарып елді бірлікке, еңбекке шақырып айғайлаумен отырып, біраздан соң дауысы қарлығып үні шықпай екі көзі аларып отырып қалады.

Ауылда тірі жан қалмайды. Атқа мініп бір ақсақал мектептен қайтқан балаларды қызылшаның басына қарай айдайды. Кейбіреуі үйіне кіріп мектепке апарған сумка, дорбасын үйіне қалдыруға мүмкіндігі болмай, сол қалпымен қос басына барады. Бұл шаруаны бітіргеннен кейін жаңағы ақсақал ауылды күзетумен күн батқанша айналысады. Ауылға бөтен адамдарды кіргізбейді, ұры-қарыдан сақтап, күзетеді.

Қос басындағы адамдарға бір мезгіл түс кезінде ыстық шай қайнатылып беріледі. Әркім үйінен әкелген талқаны мен нанын ортаға салып бір сағатқа жетер-жетпес уақыт шай ішіп тынығады. Күннің қызылы батып, қараңғы түскенше үйлеріне қайтуға халықты ұяты жібермейді. Сағатпен санаспайды. Науқан кездері жұмыс 20-35 күнге созылады, халықта тыным болмайды. Колхоз бастығы Тебериков Түбек кәрі шешесіне дейін тыным бермейді. Байқұс кәрі кемпірге де тыныштық жоқ.

Ауылда дәрігер жоқ. Егер кемпір, не басқа кез келген біреу сырқаттанып қалса, сол қос басында сырқаттанғандардың тамырын ұстап өзінше дәрі-дәрмек жасап, кей кездері таяқтың басына шүберек байлап отқа жандырып отпен ұшықтаушы, не болмаса зікір тартып бір дұғаларды оқып өзінше әруақтарын шақырып емдеуші бақсы кемпір аталатын кісі бар. Есімі – Биғайша. Кей кездері от жағып, жаңағы отқа ұзын бір темірді салып қып-қызыл қылып тілімен жалап:

  • Міне, мына темірге менің тілім күймеді. Сен жазыласың. Саған тиген жындарды айдап шықтым, – деп қыл қобызын алып ойнап белгісіз бір дыбыстар шығарып, науқас адамды ұрып-соғып, үстінен ары-бері секіріп әурелейді. Адам ұқпаған бір атауларды шақырып: «қарай гөр, шипа қыла гөр, айтқанымды екі қыла көрме, әруақ!» – деп аузынан ақ көбігі шығып барып, «ұқ!» – деп, құлап біраз тынығады. Бұл бақсыға емделу үшін ауылдың адамдары ғана емес, басқа алыс жерлерден де келушілер қатары көп.

Осындай қарбалас науқанның қызған кезінде бір түні Құтбаланің екі көзі шаншып, тоқтамай жас ағып, ауруы шыдатпай, түнімен ұйқы бермей ауырады. Амантұрды оятып:

  • Балам, жанымды қоярға жер таппай көзім ауырып жатыр, – деп төсек тартып, жатып қалады. Не күндіз, не түнде жанына тыныштық болмай шыдамы кетеді. Амантұр зәресі ұшып, ауылдағы баяғы бақсыны шақырып қайта-қайта қаратумен болады. Бақсы біраз дұға оқып отпен және сумен ұшықтап, қобызын тартып:
  • Жаман тазалығы жоқ шайтан түнеп жатқан жерді басқансың. Үш күн оқуым керек, – деп біраз тиын-тебен алып жынын шақырып аузынан көбігі аққанша қобыз ойнаумен болады. Ақыры ем қонбайды. Күннен-күнге көз жанары нашарлап, екі көзі аларып, қып-қызыл болып, 10 күндей жатады. Қызарғаны қайтқанмен, қарашығы ағарғандай болып судырап көзі су қараңғы көрмей қалады. Тіпті, үйдегі шамның, не күн сәулесінің жарығын көрмейді. Аяқ басар жолындағы затты, алдына қойылған тамақты көрмей қор болады. Бірақ біртіндеп бұрынғыдай шанышқылап ауырғаны басыла бастады. Үйдегілер Құтбаланы далаға жетектеп шығарады, жетектеп кіргізеді. Сөйтіп отырған орнынан жатар төсегіне дейін жете алмайтын халге душар болады. «Ұлы сөздің ұяттығы жоқ», демекші дәретке шығару үшін арнайы бір адам керек.

Адам баласы басына түскен кез келген қиындықтың бәріне көніп, өмір сүрудің амалын табады емес пе?! Уақыт өте келе үйдегі төсекті сипалап, жүктерді сипалап, дастарқанды тауып отыратын жағдайға келеді. Тамақ құйылған ыдысты сипалап, тамақты аузына апарады. Үйде түнде адам болғандықтан, Құтбаланың жүріп-тұруына барлығы кезектесіп көмектеседі. Ал, күндіз Амантұр мектепке кетіп, басқалары жұмысқа кеткенде, үйде адам қалмай Құтбала қараңғылықты жанына медеу тұтады.

Құтбала ендігәрі үйдің еденін сипалап есікті тауып, керегені сипалап, үйдің артында егілген қалың жүгерінің ішіне барып дәрет алып жүреді. Қайта сол келген ізімен болжалдап үйге кіреді. Үйдегілер осы жағдайға әбден көндігіп алған соң алаңдамай, дастархан үстіне нан және басқа сусынын қойып алаңсыз кететін болды. Кейбір күндері жататын төсегін өзі тауып олар келгенше тынығып жата береді.

Үй ішіндегілер шаруаларын бітіріп келгенде, дауыстарынан танып қуанып қалады.

Амантұр күндегі әдеті бойынша ерте тұрып шай беріп, өзінің сумкасына қуырылған жүгері салып, мектептегі сабақ жазатын ескі кітапты, сия сауытын алып мектепке кетеді. Соғыс жылдары мектепте оқитын кітап 7-8 балада біреу ғана. Жазатын дәптер жоқ. Ескі латынша жазылған кітапқа жазатын, не болмаса газет бетіне.

Амантұр сол күні 4 сабақ болып, мектептен ерте шығып үйге асығып келсе, үйде апасы жоқ. «Апа, апа, апа!» – деп ары-бері іздеумен үйдің бұрыш-бұрышын, қораны, бақшаны, ордалы жылан жақты қараумен болады. Апасы жоқ. Күндегі оралып жататын жыландар да көрінбейді. Жүгерінің ішін аралап, іздеумен болады. Бар дауысымен шыңғырып, айғайлап іздеумен не істерін білмей жылап шыңғырып отыра кетеді. Осы кезде дауысы қатты шығып кетсе керек, көрші Тастанның кемпірі естіп, Амантұрды алып келуге Қаншайым деген қызын жібереді. Бір мезгілде:

  • Ей, Амантұр, Амантұр!» – деп, қолынан шап беріп ұстап алған Қаншайымды да байқамай қалады.
  • Апаң біздің үйде, жүр – дегенін естиді.
  • Қалай сенің үйіңе барды? – деп, сұрауға мұршасы жоқ, еріп кетеді. Өз құлағына сенерін не сенбесін білмейді. Сол екен, апасының қалтыраған дауысын естіп, қуанғанынан жылап, бар дауысымен «апа!», – деп Құтбаланы бас салады.

Тастан шал мен оның кемпірі Амантұрды сипалап:

  • Қой, жылама, Құдай сәтін салса, Құтбала жазылып кететін шығар – дейді шалдың кемпірі.

 – Аруақ, аруақ, қолдай көр, менің қолым емес, Бибибәтима анамның қолы – деп, Құтбаланы желкесінен ұра бастады. Кемпірдің аузы жыбыр-жыбыр етіп, Амантұр түсінбейтін бірдеме сөздерді айтып, үскірумен болады.

Құтбаланың көзінен жас ағып, бет-аузына ағумен болады. Кемпір дұғасын бітіріп:

  • Құтбала, мына балаң Амантұрды көрдің бе? – дейді.
  • Көрдім.
  • Мына мені көрдің бе?
  • Көрдім.
  • Мына Ханшайым мен шалды көрдің бе?
  • Көрдім.
  • Ал, енді біздің үйге кіріп, бәріміз шай ішеміз. Жолды өзің тауып кіре аласың ба?
  • Биссимилла, ата-бабамның аруағы қолдасын, деп көрейін.

Өз аяғымен үйге кіріп, дастарханның шетіне отырады. Бәрі отырып шай ішеді. Амантұр өз көзіне өзі сенбей таңқалып отырғанда, Тастан шал бір әңгіме айта бастайды:

  • Құдай бұйыртса, бүгіннен бастап жазыласың. Көзің көрді. Бұл да саған себепші болған – Ордалы жылан, ала-аланың көмегі. Баяғыда мың қойы бар колхоздың қойына «топалаң» деген ауру тиіп, қанша дәрігер ем жасай алмай қырылып алған кезі болған. Осындай жағдайда бір қойшының қойына аяқ астынан бір үйір қасқыр шауып, «топалаңнан» қалған 500-600 жүз қойдың отыз-қырығын қырып тастайды. Қалғанын арашалап, аман алып қалады. Қалған қойлар түгел топалаң ауруынан жазылып, аман қалған. Бұндай жағдай ежелден бері кездесіп тұрады. Себебі өзі өлейін деп тұрған қойлар қатты аяқ астынан қорыққаннан ауруы ұшып кетіп, аман қалған. Ал, енді сенің апаң дәрет алуға шығып, қалың жүгерінің арасында дәрет алып отырғанда, сирағына жылан оралып, мұздай суық денесімен санына, одан кеудесіне қарай жорғалай бастағанда, қатты шошынып, жүгерінің арасын аралай қашқанда, көзінің ауруы ашылған. Бар құлындаған даусымен шыңғырғанда, жылан түсіп қалған. Міне, енді бұл ордалы жыланның әсері, әрі құдайдың көмегі. Енді жазыласың. Әумин – деп, батасын береді.

Үйде отырғандардың барлығы «Әумин», деп беттерін сипайды.

Міне осы кезден бастап Құтбаланың ажалы жетіп бұл фәнимен қартайып қоштасқанша көзі көрумен болады.

 

 

 

Алтынемел асуында

 

Түнгі сағат 23.00 болған кез еді. Телефон шырылдап тыным таппады. Амантұр қауырт жұмыстан шаршап, келіп, енді ғана жастығын құшақтап ұйқыға кіріскен. Мазасы кеткір телефон тұтқасын әзер алып, «Алло» деп үнін созыңқырап жауап берді.

 – Амантұр Құдайбергенович, сен ұйықтап қалғансың ба? Далада нөсер жаңбыр жауып тұр ма, жоқ па? Мен Родченко, Қытай Халық Республикасымен, Жаркентпен байланыс жоқ. Телеграф та істемейді, екі сағат болды. Сен тыныш жатырсың, шара қолдан, тез арада маған хабарын бер, – деді тұтқаның аржағындағы дауыс.

Амантұр жалма-жан Алтынемел ауылында тұратын техникалық байланыс бөлімінің бастығы В.К.Салагубқа телефон шалып, жағдайды сұрады. Ол:

– Білмеймін, үш сағат бойы шелекпен төккендей болып нөсер жауып қатты борандатып, найзағай жарқылдап тұр. Сел жүріп, бір бәле істемесе кетті, – деді абдыраған үнмен.

  • Василий Кириллович, асудағы учаскелік мантермен хабарлас, – деді Амантұр, – қазір, – деп екінші телефонды алып, тұтқасын бұрап: –Алтын, Алтын, Алтын, Алтынемел – деп шақырумен болды.
  • Амантұр Құдайбергенович, жауап бермейді. Телефонның тұтқасы жеңіл айналады, обрыв болуы керек.
  • Онда сен кезекші шоферіңді шақырып, үш-төрт адам жинап, дайын тұр, мен бір сағаттың ішінде жетемін, – деді де, екінші телефонмен шопырды, үйінде демалып жатқан, Иван Кретов, Саша Тулуповты және Мырзабаевты үйінен алдырып жүріп кетті. Салагубтың үйіне келіп, Талдықорған қаласындағы жедел пайдалану, облыстық техникалық байланыс торабының бастығы Родченко Николай Ивановичке телефон соғып, рапорт берді. Ол:
  • Тез шара қолданыңдар, әрбір сағат сайын хабарлап тұр, – деді.

 В.К.Салагуб алты адам жинап дайын тұр екен. Ауа-райы қараңғы, жаңбыр шелектеп жауып тұр, төңіректе ешнәрсе көрінбейді. Тек анда-санда найзағай шақпақ шағып, күн күркіреп, қатты дауыс құлақты тесіп жібергендей болған кезде, дала жарқ ете қалып, жарық болады да, қайта сөнеді. Тура бір жоғарғы вольтті электр желісі айқасқандай болып көзге елестейді.

 Екі бума әскери полевой кабель, үш бума ПРППМ 2Х1.2 мыстан жасалған кабель барлығы 3 шақырым ұзындықтағы алты шелочь аккумулятормен зарядталған аспалы қол фонарын,  үш бума, 3 миллиметрлік оценковый тот баспайпын темір сымы, дәл осындай екі бума, төрт миллиметрлік сым төрт үш-жарым метрлік айқасып қалған сымды ажырату үшін жеңіл бамбук ағашынан жасалған  ұзын құрық 12, жауынға киетін плащ алып, екі машинамен асуға қарай жол тартты. Телефон-телеграф линиясы Сарыөзек, Жаркент трассасы бойындағы асфальт жолдың жағасымен өтеді.

Жол-жөнекей линияға машинаның жарығын жіберіп, екі жақтап қарап келеді Амантұрлар, бәрі аман. Олар Алтынемел асуының басына шықты. Жол бойындағы қашықтық бағананың 65 шақырымына келді. Аяқ астынан жолды жауып, тас үйіп салған, әрі қарай жүруге болмайды. Шыңдардың арасынан өтетін бұлақ суы ағатын арық бар еді. Суға толып, сарқырап, ағып жатыр.

Телефон-телеграф линиясы да шыңның арасынан қысылып жолды жағалай, арық бойымен өтетін фонарь жағып, ары қарай жаяу жүріп қараса, су одан әрі көп шағыл тастарды ағызып, асфальт жолды бұзып, жаңадан арна жасап ағып жатыр екен.

 Амантұрлардың линиясы аман. Одан әрі фонарьдың жарығымен бірін-бірі жетелеп, сүйемелдеп жүре бастады. Тау іші шырттай қараңғы, фонарьсыз бір-бірін көре алмайды, таудан шатқал бойлап соққан боран өзіңді бекем ұстамасаң, ұшырудан тайынбай ұлиды. Жаңбыр шелектеп құйып тұр. Бастан аяққа дейін су болды. Не ары, не бері жүруге мұрша жоқ. Судың сарқылы мен гүрілі одан әрі күшейіп тұр. Енді бәрі ақылдасып, әрі қарай жүруге бел байлады. Бір мезгілде олардан озып кеттен Иван Кретов анадайдан:

– Міне қирап жатыр, көзге көрініп тұрғаны, төрт бөрене құлап қалғалы жатыр, – деп айқайлады. Амантұр жақындап келсе, шынында да солай екен. Одан әрі бір шақырым тағы жүріп көріп еді, линия түгел қираған, он бес бөрене жоқ. Сымдардың бәрі үзіліп, айқасып жатыр. Судан ары өтуге мүмкіндік жоқ. Одан әрі қарай байқап келуге мықты-мықты деген төрт адам жіберіп, қалғаны құрал-сайман алуға әйтеуір жетектесіп жүріп машинаға жетті. Амантұр осы жерден қызметтік байланыс Жаркент жағын қидырып, Сарыөзекпен байланысқа шығып, Талдықорғанды қостырып, болған жағдайды Родченкоға баяндады.

Қайткен күнде байланыс болу керек болды. Амантұр қайтып келіп, машинада отырып, есепке кірісті: «2 траверзыда 8 пар сым бар. Оның 4 пары мыс сым, онымен жоғарғы кедергілі аппарат тура істейді. Оған мыс сымы бар кабель керек. Бұл ПРППМ 2Х1.2 кабель ұзындығы 2 км. 4 пар трверзыдегі 4 мм. оценковый темір сым крюковой траверзыдан  бөлек біреуі бар. Барлығы  5 пар, бұған 10 кл. военно-полевой кабель керек. Менде бары 1км. Бізге барлығы 6 км. ПРППМ 2Х1. 2,8км. Военно-полевой кабель керек», – деп, шапшаң есептеп шығарды.

Ең жақын жер Алтынемел ауылында бұндай запас жоқ, тек қана машинаны Сарыөзекке жіберу керек болып, ол алыс, алыс та болса басқа амал жоқ деген оймен Амантұр Сарыөзекке телефонмен байланысып, бөлімше бастығы Луценкоға бұйрық берді:

  • Машина бір минут кешікпесін, айтқан кабелімді түгел жібер, – деп, ары қарай іске кірісті.

Амантұрлар тұрған жерден судың арғы бетіне өтуге онша қиындық жоқ болатын. Дереу бәрі ары өтіп, линияның Жаркент жағын қиып, сол бөрене кейін қисайып кетпес үшін жер қазып, үлкен бір тасты байлап, қайта көміп, оттежка, (кері тартып тұратын белбеу) берді. Қолдағы бар кабельді асфальт жолмен су аққан арна арасына тарқатып, таспен бастырып үлгерді.

Байланысшылар қызу еңбек үстінде, сіңбіруге шамасы келмей жүрген, мұршасы болмаған жағдайда мұздамақ тұрмақ, басынан аяғына дейін аққан суды елемей жұмыс істеді. Осы уақытта алға кеткен барлаушылар қайта қайтып үлгерді.

Асудың астындағы ДӘУ-дің бөліміне дейін барлық линия аман. Одан ары тар шатқал жоқ болуы тиіс деп, машинаға отыра кетті. Бірақ бәрі бас қосып темекі шегіп отырғанда, Сары-өзектен машина да келіп үлгерді. Алып келген кабельді тарқатып, таспен бастырып, ашылып қалған жерін лай, балшықпен бастырып, аяғына шықты. Енді судың арғы бетіне өту керек. Өтуге мүмкіндік жоқ, суға түссе ағызып әкетуден тайынбайды. Өте терең және кішігірім тасты ағызуда. Не істеу керек, нағыз қиын жағдайға енді душар болды. Осы кезде В.К.Салагуб тұрып, машинаның ағаш бортын шығарып, бір тар шатқал іздеп өтейік деген ақыл қосты. Біразы бортты шығарумен болды. Біраз жігіттер тар шатқал іздеп, су жағалап кетті.

Әйтеуір тастың қысылысынан тар жер табылды. Оған ағаш бортты ұзынынан салып еді, көпір болды да қалды. Тақтайлы бортқа салмақ түсірмес үшін бір-бірлеп өтіп алды. Ендігі жұмыс телефон-телеграф линиясын қиып тастап, Жаркент бағытын Сарыөзек бағытымен кабель арқылы жалғастыру.  Жігіттер өз жұмыстарын ешкім бұйрық бермей-ақ, жан-тәнімен істеуде.

Бірде Мырзабаев деген жігіт:

  • Менің денем қалтырап, мұздап барады. Енді қимылдауға шамам жоқ, –деп жата кетті. Оны сүйемелдеп, орнынан тұрғызып, екі жігіт машинаға апарып, кабинасына отырғызып, қайтып келді.

Линияға қарама-қарсы жерді қазып келіп, отяжка керіп тұратын белбеу жасады. Екінші бір белбеуді сол жерде әдейі тұрған үлкен бір жартасқа тартып бекітті. Одан кейін бағанадағы сымдарды қатты бекітіп, кері кетпейтіндей етіп Сарыөзек жағын қиып салып, кабель желісін «біссіміллә», деп деп бірінші сымды бірінші орынға жалғады. Оның себебі бірінші орында мыс сыммен Қытай Халық Республикасындағы Қазақ автономиялық ауданының орталығы Құлжа қаласы және Ұйғыр автономиялы облысы Үрімші қаласы Алматымен жоғарғы кедергілі 12 арналы телефон байланысы істейтін, екінші орында Жаркент-Алматы, үшінші орында Жаркент-Талдықорған ВЧ аппаратуралары 3-арналы, 12-арналы телефон байланысы істейді. Осылай рет-ретімен жалғастырып ең артында телеграф сымын жалғастырды.

Осы мезгілде жел бәсеңдеп, нәсер жаңбыр қойып та үлгерді. Амантұр жан-жағына қараса, таң бозарып атуға жақын қалыпты. Бірақ тасқын су басылар емес.

Амантұр дереу полевой телефонды алып, служебный линияға жалғатып, Сарыөзектегі УП-мен (усилительный пунктімен) сөйлесіп, кезекші инженерге Жаркент бағытындағы телефон-телеграф байланысын тексеріп, хабар беруге нұсқау берді.

30-40 минут өткеннен кейін кезекші инженер: «бәрі қалпына келді», –деп хабарлады. Амантұр қуанып: «Дереу мені Талдықорған Родченкомен байланыстыр», – деп, барлық жағдайды айтып, рапорт берді.

 

 

 

ІІ бөлім

Келме-кезек

 

Құтбала әжені қолына алғаннан бері Амантұр анасын алақанына салып аялап, бар керек-жарағын тауып беруге тырысып, қолынан келген жақсылығын жасап жүр. Көңілінен шығуға, қит етсе, айтқанын орындауға дайын тұрады.

«Баланың ісі – шала» – демекші, жастықтың әсері-ай десеңізші, кейде істеген іске жауап бере алмай, екі жолдың ортасында адасасып қалатын жағдайлар болып жатады. Атамыз қазақ «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп, бекер айтпаған. Өмірде нешетүрлі келме-кезек, терме-тезек жағдайлар өтіп жатады, ал жас кезде оның  ақырын ойлап, түбі қалай болады екен демейсіз. Жастық өтіп кететін пойыз секілді, қайтып ешқашан оралмайды.  Сондықтан тек еске алып, өкінгеннен басқа шара жоқ.                      

1956 жыл. Амантұрдың бала кезінен танитын досы Орынбаев Мұқан Ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Балқаш ауданы Бақанас ауылындағы МТС-те аграном болып істеп жүреді. Бүткіл аудандағы колхоз-совхоздың егін шаруашылық жұмысы осы МТС-қа қарайды. Ал Амантұр Байланыс училищесін бітіріп келгеннен осы салада техник. Жұмыстан шыққаннан кейін, тағы да қолдары босаған уақытта Амантұр мен Мұқан жұптары ажырамай, киноға, танцыға барады. Қыздармен танысуға, сөйлесуге де бірге барады. Олар бірін-бірі бір күн көрмесе, тұра алмайтын достарға айналады.  Достығы сыйластыққа ұласып,  сырларын жасырмай, не істесе де ақылдасып бірге істейді. Мұқан колхоз аралап, егісті көруге кеткен кезде, Амантұр оны сағынумен күтеді.

Мұқан Еңбекші қазақ ауданы Қаракемер ауылынан, Амантұр болса, Талғар ауданы Қызыл-ту-3 ауылынан. Екеуі екі ауылдан болса да, туған бауырдай тіл табысып кеткен. Күндердің күнінде Мұқан Бақанас ауылының Күнсұлу деген қара торы, екі көзі тотының көзіндей жайнаған, шашы тізесіне дейін түсетін ұзын, құмырсқа бел, орта бойлы қызбен танысып үйленеді. Жоғарғы жаққа «арыз» жазып, сұранып жүріп, ақыры өз ауданы Қаракемер ауылына жақын «Еңбек» деген колхозға бас аграном болып ауысып көшіп кетеді. Амантұр болса, бойдақ, досынан жырақта жалғыз қалады.

Амантұр бір жылдан кейін кезекті демалыс алып, әлгі Мұқан досын іздеп, «Еңбек» колхозына қарай жол тартады. Екі аралықта автобус жүрмейді. Сексеуіл тасыған машинаға отырып алдымен Алматыға келеді. Біреулерден сұрастырып көрсе, олардың ауылына Алматының көк базары жанынан автобус жүреді екен. Түс ауа Еңбек колхозына жетеді.

Шағын ауылдың іші көк майса, қалың бақтың ішінде қысқа-қысқа ғана 4-5 көше бар. Алматы-Шелек-Нарынқол тас жолының бойына орналасқан. Бас агроном Мұраттың үйін сұрастырып жүріп табады. Кішкене өздеріне ғана шақ төбесі сабанмен шатырланған үйде тұрады екен. Үйдің айналасында қора-жайы жоқ, бақшасы қоршалмаған, жеке меншік емес, колхоздың үйі.

Үйде Күнсұлу жалғыз, Амантұрды көріп жылы қарсы алады. Мұқан жұмыстан келгенше, шай ішіп, ауылдың жағдайын әңгімелеп отырғандарында, Мұқан келіп қалады. Екеуі бір-бірін құшақтап, сүйісіп, қайта-қайта құшақтасып, сағыныштарын баса алмай ұзақ тұрады. Сол күні таңғы беске дейін ұйықтамай, екеуі өткенді еске алып, қазіргі Мұқанның жұмысы жайлы әңгімелер айтып, ұзақ отырады.

 Үш күн өткен соң, – мен қайтайын – десе, Мұқан Амантұрды жібермей, он күн қонақ қылады. Тоғызыншы күні Мұқанның бір таныс жерлесі оларды үйіне қонаққа шақырады. Асанбай деген осы ауылдың мұғалімі екен. Сол күні Асанның үйіне аққуаша келген бір қыз Асанның әйеліне көмектесіп, шай қойып, тамақ пісіріп жүреді. Амантұр екі көзін әлгі қыздан алмайды.

Іштей «неткен сұлу, қордың қызындай екен» – деп қояды. Мұқандардың не әңгіме айтып отырғанын да білмей, өз ойымен өзі алысып отырып қалады. Күнсұлу Амантұрдың ойын бірден байқап қояды. Жас келін емес пе?!

– Сонша неге қарайсың, көзің тиіп қалмасын – дейді, Күнсұлу Амантұрды кекеткенсіп сыбырлап. Мұны  естіп қойған Мұқан:

– Ұнап қалды-ау, деймін, – дейді.

Үйдің ішіндегілер қызға сездірмей, Амантұрға қарап күледі. Бір мезгілде тамақ келеді. Бірақ, баяғы қыз жоқ. Күнсұлу Асанның келіншегінен:

– Әлгі көмекші қызың қайда кетті? – дейді.

– Шешесі шақырып кетті.

Тамақ желініп, шай ішіліп біраз отырған соң Мұқан Амантұрға қарап:

– Неге көңілсізсің, өлең де айтпайсың, қатты ойға шомылып қалыпсың? Әлде ана қызға ғашық болғаннан саумысың? Әй, Сәуле, жаңағы көрші қызыңның аты кім? Шәрбану ма? Өзі оқитын қыз ба, жоқ әлде…

– Онды биыл бітірді.

– Мына менің досым бойдақ. Осыны үйлендіріп, өз қатарыма қосқым келеді. Жаңағы қызды айналдырып, екеуін бірге қашырып жіберсек қайтеді? – дегені сол еді, сөзін Күнсұлу мен Асан да қоштап:

– Бәріміз бұл іске бірауыздан кіріселік, – дейді.

Асан әйеліне қарап:

– Бар шақырып ертіп кел, болмаса, шешесінен сұрап, тағы қонақ келіп қалды, мен жалғыз өзім үлгере алмай жатырмын деп сұрап ал, – дейді.

Бәрі қолдап, Сәулені шақырып келмеске жанын қоймайды.

Біраздан кейін ертіп әкеліп, Күнсұлу мен Сәуле  Шәрбануға:

– Мына жігітпен танысып қой, – дейді. Амантұр осы сөзді күтіп отырғандай, дереу қолын созып, жымиып:

  • Амантұр, – деп, қолынан қатты қысады. Қыз ұялғаннан, төмен қарап күңк етіп, қолын кейін тартып алады. Амантұр қыздың қолын жібермей, қатты ұстап:

– Кім, кім, қалай дедіңіз, қарындас, естімедім – деп батылдана нақтылай түседі. Қызда үн жоқ. Сәуле тұрып:

– Атыңды дұрыстап айтсаңшы, «Шәр-ба-ну» деп, – дейді.

 Біраз уақыттан соң қыз, қып-қызыл болып лаулаған бетін бір қолымен басыңқырап:   

– Шәрбану, – дейді.

Өйткені Амантұр оң қолын жібермей, қатты қысып ұстап тұр.

– О, енді қолыңызды жіберуге болады. Есіміңіз өте әдемі екен. Сізбен танысқаныма ризамын.

Сәуле қыздың қасына жақындап:

– Ал, енді, Шарбану, жаңа танысыңа шай құйып бер, – дейді әдейі қуланып.

Қыз шай құйып береді. Үйдегілер өлең айтып, шуылдап оларға қарайтын мұршалары  болмайды. Амантұр бір-екі шыны шай ішкен соң, Шәрбанудың жанына жақындап отырып еді, қыз:

– Ары отырыңызшы, ұят емес пе?! – деп қашқалақтап кері жылжиды.

Амантұр жақындауын қоймайды. Қыз ұялып, ауызғы бөлмеге шығып кетеді. Амантұр артынан қалмай, қатты қысып, құшақтап алғанда, қыздың екі беті алмадай қып-қызыл болып:

– Бұныңыз не, ұят емес пе?! – деп дауыстап, кеудесінен итеріп жібереді.

Амантұр:

– Кешіріңіз енді қайталамаймын.

–Үйге кіріңіз, ұят болады, өтінем сізден.

Амантұр дереу үйге кіреді. Біраздан соң Шәрбану үйге қайта кіріп, бәріне бір-бір шыныдан шай құйып бергеннен соң:

– Шай ішіңіздер, – деп, ән айтып отырғандарды шайға шақырып, Сәулеге қарап:

– Мен әбден кешіктім. Мамам іздеп келмей тұрғанда, қайтайын, – деп, шығып кетіп қалады. Мұқан көпшілікке:

– Мына досымды үйлендіріп жіберуім керек, ол – менің алдымдағы парыз, Күнсұлудың парызы. Бұл үйленбесе, болмайды, – деп елдің көзінше кесіп айтады.

Оған қарап Сәуле мен Күнсұлу да:

– Бұл істі мойнымызға алдық, – деп сөздің түп-төркінін түсінгендей ишарат білдіреді.

Асан бұл сөзді қолпаштап:

– Менің кемпірімнің қолынан ондай сауап іс келеді, қайта екі жасты қосқаннан сауабын алады емес пе?! Сәуле, Күнсұлу екеуің шын пейілмен кірісіңдер! Осы жолы Амантұрмен бірге аттандырып жіберейік. Несі бар, екеуі бір-біріне тең. Шәрбану болса, биыл онды бітіріп отыр, – дейді, жанталасып.

Осы сөзден кейін көпшілік екі келіншектің уәдесін алады. Түн ортасынан ауып қалғанда Мұқан:

– Мен ерте тұрып, нарядқа баруым керек. Демалайық. Ертең біздің үйде болыңдар, – деп, Асандармен қош айтысып, үйлеріне тарайды.

Ертесінде сағат күндізгі үштер шамасында Шәрбануды ертіп, Мұқанның үйіне Сәуле келеді де Амантұрды далаға шығарып жібереді. Үшеуі үйде оңаша қалады. Біраз уақыттан кейін Мұқан келеді. Бірақ, оны да үйге кіргізбейді, сол арада Асан келе қалады. Сәуле:

– Ал енді үйге кіріңдер – деп бәрін үйге кіргізіп  – мына біздің көзімізше Амантұр, Шәрбанудың бетінен сүй, – дейді.

Амантұр бас салып, шоп еткізіп, сүйіп үлгергені сол екен, Шәрбану ұялып, қашқалақтайды. Шәрбануды екі келіншек ұстап алып, жібермей:

– Енді сен жігіттің бетінен сүй, – деп, бетінен сүйгізеді.

Бұған разы болған Сәуле:

– Шәрбанудың артынан шешесі іздеп, қуып келмей тұрғанда, екеуін аттандырайық.  Мұқан мен Асан, екеуің трассаға шығып, бір машина тоқтатып, алып келіңдер, біз терезеден қарап отырамыз. Бүгін автобус болмайды, – дейді.

Екеуі трассаға шығып, біраз уақыттан соң  бір мәшинені тоқтатып, қол бұлғайды. Сол-ақ екен олар Шәрбануды жетектеп жетіп барады. Мәшинеге екеуін отырғызған соң, арттарынан:

– Бақытты болыңдар, ал Шәрбану мамаң бізден сұраса, біз ештеңені білмейміз. Аман-есен қуанышпен көріселік, – деп қол бұлғап қала береді.

Екеуі бір-біріне үндемей отырып, кешкі сағат тоғызда Алматыға келеді. Қалада танысы жоқ, Бақанасқа түн ішінде мәшине жүрмейді. Біраз ойланып тұрған соң Шәрбануға:

  • Осындағы облыстық басқармада күндіз-түні кезекші болады, соған барайық. Жылы жерде отырып, таңды атырайық – деген оймен І Алматыға келеді. Есікті тарсылдатады, есікті кезекші Амантұрды танитын орыс ашады:

– Ей, қайдан жүрсің?! – деп, кіргізіп алады.

Орыстың екеуімен сөйлесуге уақыты болмай, телефонмен сөйлесіп болғаннан кейін, екінші шырылдаған телефон тұтқасын алып сөйлесіп отырады. Амантұр мен Шәрбану бір-біріне қарап үнсіз отырады. Бір сағаттай қолы босамаған орыс кезекші:

– Ал, енді екеуіңе төсек те жоқ, мына бөлмеге кіріп, орындық үстінде таң атқанша боласыңдар, – дейді.

Олар бөлмеге кіріп, құшақтасып отырып, сөйлесіп, таңды атырады. Ертеңгі 7-де әлгі орыс оларға:

– Енді сендерге отыруға болмайды. Сегізде жұмысшылар келеді, – деп есіктен шығарып салады. Алматының көк базарына келіп, тамақ ішу үшін шайханаға кіреді екеуі. Тамақ ішіп отырғанда Амантұр Шәрбануға мұқият қарап, назар аударады. Бет ажары, көркі, дене құрылысы оған қатты ұнайтынына көз жеткізеді. Шәрбану расында, әдеміше келген, аққуа, құмырсқа белді, қарақат көзді қыз. Тіпті, балтыры да әдемі, оқтаудай түп-түзу. Сөйлеген сөзі байсалды. Шіркін, менің-ақ әйелім болса, дейтіндей.

Кенет, Амантұрдың көзі қыздың аяғындағы – галош пен өкшесі жыртық шұлыққа түседі, қып-қызыл болып еті жылтыңдап тұр. Аяғы мұздағаннан бүрісіп кеткен. Үстіндегі ер адамдар киетін көнелеу фуфайканың өңі қашқан. Басында ескі жүннен тоқылған қара қоңыр орамал. Амантұрдың  сол кезде басына келген ой – мұндай киіммен бұл қызды үйге келін қылып түсіргенде, ауылдастардан ұят болады. Басқаша киім киіндіретін менде жағдай жоқ. Үйде жалғыз кәрі шешем бар. Үйге апарған соң,  құтты болсын айтып, келінді көреміз, деп келетін ағайын-туыс, жеңгелер шашу шашып келеді. Өз құрбы-құрдас, балалар, қыздар жиналады. Шәрбануды мына киіммен көргенде, бетіме айтпаса да, Алматыда қаңғып жүрген біреуді алып келгені несі дейтіні сөзсіз. Елге күлкі боларым сөзсіз деген ойлар оған маза бермей бастайды. Дегенмен, Шәрбанудың адал қыз екеніне көзі жетеді.

Амал қанша, қалтасында жеткілікті ақшасы болса, бастан-аяқ киіндірер-ақ еді ғой. Бар болғаны екі адамға жолақы мен тамаққа молынан жететін пұлы бар. Ары ойланып, бері ойланып, Амантұр қызды ауылға апармай, үйіне жеткізіп тастауға шешім қабылдайды. Бірақ, асықпай тамақтандырып отырып:

– Шәрбану, сен оныншы класты бітірген қызсың, мына киімің қалай? Өзіңнің жағдайыңды айтшы, – дейді қызға аянышпен көз салып.

– Әкем соғыстан қайтып оралмады. Қара қағаз келген. Біз отбасында барлығы төрт қызбыз, мамам бесеуіміз тұрамыз. Мен үшінші қызбын. Әпкелерім колхозда жұмыс істеп, мені оқытты. Енді ары қарай оқуға мұрша жоқ, – деп, төмен қарайды.

Амантұр ойынан қайтайын десе, елдің өсек-аяңын ойлайды.  Шәрбануды да адалдығына, сұлулығына қарап қимайды. «Қоянды қамыс өлтіреді, ер азаматты намыс өлтіреді», демекші, намысқа шыдамай, Шәрбануды ертіп алып автовокзалға келсе, оларды арнайы күтіп тұрғандай «Еңбек» колхозына жүретін автобус тұр екен. Шәрбануға жолақының ақшасын беріп жатып:

– Мен сенімен үйленбеймін, сені ұнатпаймын. Міне, мынау ауылыңа баратын автобус. Ерте-жарықта үйіңе қайт, – дейді қызға сыр бермегендей болып.

– Сонда, мен саған бір түндік ғана керек болғаным ба? Қайтпаймын, одан да мені осында өлтіріп тастап кет, – деп Шәрбану еңіреп жылайды.

Бұл қыздың соңынан қалмайтынына көзі жетіп, іс насырға шауып кетпей тұрғанда, құтылайын – деген оймен қалың базардың ішіне кіріп қаша жөнеледі. Базардан шығып бір тар көшеге келіп, артына ұзақ қараса, ешкім жоқ…

  

*         *        *

 

Отар станциясынан Шуға қарай жүретін жерде «Аңырақай» деген станция орналасқан. Атына заты сай Аңырақай десе, Аңырақай. Себебі, қысы-жазы боран аңырап тұрады. Алматы-Шу темір жолы осы жерден өтеді. Өте биік емес тау жоталарының жалғасы оң жағыңда да, сол жағында да көрінеді. Сол жақта кең жазық арна Қордай асуының тауына барып тіреледі. Кең далада су жоқ, алып жатқан шөл. Ауа-райы ылғалды болған жылдары шөбі мол, малға жайлы жазық дала. Оң жағалаудағы тау жоталарын араласаң, кейбір жартастарда баяғы ата-бабамыздан қалған неше түрлі тасты қашап жасаған аңның, қылыш-садақ, басқа да адам түсінбейтін сурет жазулар кездеседі. Аралап қарай бергің келеді. Олар сақ заманында ма, әлде одан кейін бе ата-бабамызда сурет және таңба болғанын білдіреді. Одан ары тау жоталарын ассаң, шексіз құмды даладан қалмақ-қазақ соғысы кезіндегі халық аңыраған жерді есіңе аласың. Станцияда бар болғаны 100-150-дей ғана үй бар. Бір қызығы сол кезде осы жерде Аңырақай ауылшаруашылық техникумы ұзын-ұзын барақ тәрізді 3-4 үйге орналасқан. Станция Жамбыл облысы Қордай ауданына қарайды. Отар станциясына дейін 25-27 шақырым. Аудан, не облыс орталығына дейін автомобиль жолы жоқ. Машина жүрмейді.

 Амантұр осында байланыс бөліміне қызметке келіп, апасын да өзімен бірге көшіріп келген. Жергілікті халықпен жақсы танысып үлгерген жоқ. Аяқ астынан Амантұрдың атына Қордай аудандық әскери коммиссариатынан шақыру қағаз келеді. Аңырақайдан товарный пойызға отырып, Отарға келіп одан әрі автобуспен сол кездегі Георгиевка селосына келеді. Үлкен ауыл. Жергілікті халқының көбі орыстар.

Қонақ үйіне барып орналасады. Ертесіне военкоматқа барып дәрігерлік тексеруден өтіп, кешке  қолы босап, орталық көшемен келе жатып бір үлкен Мәдениет үйінің жанына келіп, маңдайшасындағы жазуға көзі түседі. Үлкен қызыл түсті жазумен «Қордай аудандық артелінің мәдениет үйі» деген жазуы бар есік орталық көшеге қарай ашық тұр. Ішінен әдемі бір Абай айтқандай «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй», демекші, ән әуені ырғалып естіледі. Орындаушы  қазақ қызының дауысы.

Тратуарда біраз жағымды әуенді тыңдап тұрады. Бір-екі шумағы айтылған соң бір ер адамның дауысы шығып, «Тоқта!» – дегенде пауза орнайды, одан кейін қайта басталады әсем үн. Әдемі дауыс Амантұрдың бойын елітіп, Мәдениет үйінің ішіне еріксіз алып кіреді. Залдағы толып жатқан орындықтың екі-үшеуінде отырған адамдардың көбісі орыстар. Сахнада бір әдемі, жас қазақ қызы, жанында баян тартушы орыс жігіті және екі қолын көтеріп тұрған қазақ жігіті тұр. Сахнадағы қыздың әдемі әуенін бірнеше рет тоқтатып, қайталатып баяниске ескерту жасап қайта орындатып жатыр. Орындап жатқаны марқұм Күләш Байсейітованың «Бұлбұл» әні. Тыңдап отырғандарда үн жоқ. Бәрінің назары қыздың дауысы мен басқарушы жігіттің қимылында. Қыз кейбір жерде әннің сөзін өз дауысымен созып, біресе жіңішкертіп айтуда. Біраздан кейін басқарушы барып бос тұрған орындыққа отырып әнді басынан аяғына дейін қызға орындатып, «болды» – дейді. Қыз сахнадан түсіп бірінші қатардағылардың жанына келіп отырады. Дереу сахнаға 6 қыз бен 6 ер бала шығып  орыс халқының ұлттық биін орындайды. Жаңағы басқарушы жігіт оларды да біресе тоқтатып, қайта орындатуда. «Ал енді бүгінге болды» – деп хабарланды.

Отырғандар далаға біртіндеп шыға бастады. Бәрін бақылап тұрған Амантұр асықпай отырып, ең соңынан шығайын деп орнынан қозғалғанда қараса, айналада ешкім қалмағанын байқайды. Есіктен шыға бергенде алдында тұрған бір қыз баспалдақтан қарғып түсем, деп құлап кетеді. Енді үйге қалай жетем – деп дауыстап жылағансыған қыздың сөзін іліп алған Амантұр:

– Қорықпа, қарындас, мен жеткізіп саламын – дейді. Байқап қараса, жаңағы әнші қыздың дәл өзі. Ол Амантұрға қарап:

 – Өзім-ақ барамын, – деп жақындағысы келмей сілтіп басып кете береді. Амантұр соңынан қалмай, қызды үйіне дейін шығарып салуға бел байлайды. Орталық көшеде жарық шамдары  жанып тұр. Бір кезде қыз шеткі көшеге қарай бұрылады. Тас қараңғы. Шам орнатпаған адам қорқатын тар көше. Қыз қашқалақтағанды қойып, енді Амантұрға жақындап үндемей келеді.

– Танысып қоялық, атыңыз кім болады?

– Әриякүл.

– Менің атым – Амантұр.

– Осында военкомат шақырып келіп едім. Ауылдарыңыз үлкен екен. Сәнді көшелері тәртіппен салынған. Осында қонақ үйде жатырмын. Әлі қанша күн болатыным белгісіз

– Сіз қайдан келдіңіз?

– «Аңырақай» деген станциядан. Білуші ме едіңіз?

– Болмасам да, естуім бар. Онда Ауылшаруашылық техникумы болу керек. Студент емессіз бе?

– Жоқ. Сол жердің тұрғынымын.

– Естуімше ол жер өте суық. Бораны аңырап тұрады деуші еді.

– Дәл өзі. Көндік қой.

– Көнгенде қалай, басқа жақтан келдіңіз бе?

– Иә, Алматы облысынан жұмыс бабымен келгенмін.

– Семьяңыз бар шығар?

– Жоқ. Семьям болса, военкомат шақыра ма, бойдақпын.

– Не ауылыңыздан жұмыс табылмады ма?

– Оқудан кейін жіберген жері осы болды. Сіз осы жердің тұрғынысыз ба?

– Иә, оныншы класты бітіріп, Алматыға барып оқуға түсе алмай қалдым. Қазір жаңағы артельде тігіншінің оқушысымын. Ендігі жылы Құдай аман қойса, Фрунзе қаласына барып бағымды сынап көремін.

– Кім болғыңыз келеді?

– Жөні келсе, әнші-артист, болмаса мұғалім.

– Не мұнда Фрунзе жақын ба?

– Білмеуші ме едіңіз 155 шақырым көп болса, бірақ Қырғыз Республикасы ғой…

– Құдай тілеуіңізді берсін.

– Иә, солай ғой. Міне, мен де жеттім үйге, рахмет сізге, кетейін.

– Қой, олай болмайды. «Бір күндік досқа қырық күндік сәлем», деген ата-бабамыз. Ертең де жолығайық.

 – Мақұл, мен кешкі сағат алты жарымда жаңағы Мәдениет үйінде репетицияда боламын.

– Мақұл келістік, сол жерде күтемін.

– Мақұл, қош сау болыңыз. Жақсы жатып, жайлы ұйықтаңыз.

Амантұр қонақ үйге келсе, сағат түнгі он екен. Демалып ұйықтап, ертеңіне военкоматқа барып, саппен жүріп, «оңға, солға» деген командир бұйрықтарын орындап, кешкісін Мәдениет үйінің алдына келіп уәде бойынша әлгі қызды күтіп алуға бекінеді.

Көп кешікпей, үйірме мүшелері жиналып, концертке дайындық басталып кетеді. Басқарушылары қазақ жігіт. Қалғандары басқа ұлт өкілдері. Барлық қатысушыларды сахнаға шығарып, хор орындатады. Қыздар би билейді, жеке орыс, неміс, балғар әндері орындалады. Ең артынан Әриякүлге кезек келеді. Бұл жолы оны қайталатып орындатпай, бір рет айтқызып, репетицияны бітіреді.

Әриякүлмен бірге көше жағалып, әңгімеге кірісіп, оның үйінің жанына келгендерін байқамай қалады. Үйінен біреулер шығып, көріп қалмасын дегендей, бір қараңғы бұрышты жағалап барып қызды алып тұрады.

Әриякүлді бірінші көргенінде, ол Амантұрға перінің қызы сияқты болып көрінген. Шашы ұзын, орта бойлы, белі жіңішке ауызға үріп салып, жеп қоюға қимай сорып тұратындай жан. Бір мезгілде Амантұр қыздың бетінен сүйіп алады. Өзіне қыпсыра құшақтап еді, өз денесін өзі ұстай алмай, не болғанын өзі білмей дал болады. Қыз қашқалақтап, Амантұрдан арырақ тұрғысы келген сияқты. Жігіттің қолы қарысып қалған. Денесін электр тоғы ұрғандай, дірілдейді. Бұл суықтан тоңғандықтан емес, тылсым сезімнің тұла бойын билеп алғаны. Бір мезгілде қыз оған:

  • Ал, енді тарқасалық Амантұр, ертең сол жерде кездесеміз, – деп, бетінен сүйіп алған Әриякүл ертегідегі хор қызымен, не басқа бір әлемнің патшасының қызымен жолыққандай сезімге бөлейді. Амал нешік, қимастықпен қоштасады.

Қыз үйінің шарбағына барғанда, бұған қол бұлғап, кіріп кетті. Амантұр біраз өзін-өзі билей алмай, не кетерін, не кетпесін  білмей үнсіз ұзақ тұрып, есін жинап, қонақ үйге келіп таң атқанша жаңағы кездесуді ойлап, ұйықтай алмай, таң ата бір уақытта ұйықтап кетеді. Оянса, нөмірінде кезекші әйел еден жуып жүр екен. Сағатқа қарса, он. Тоғызда военкоматта болуы керек еді ғой, жуынып, киініп барғанша сағат 11 болады. Бір әбиірі оның фамилиясын атап, әлі шақырмапты. Бұл күні күн батпайтындай  ұзақ болып көрінеді. Есі- дерті бейне бір періштенің қызы сияқты Әриякүлде.

Сағат кешкі 3-те барлығын тарқатып жатып:

 – Үйлеріңе қайтыңдар, керек болғанда шақырамыз, – дейді, военкоматтағылар. Қонақ үйге келіп, қайта жуынып, біраз жатып демалып, уақыт болған кезде баяғы клубқа қайта келеді. Бұл күні Әриякүл бұрынғыдан да сұлу болып, екі беті қарға қан тамғандай қызарып, көздері мөлдіреп, қасы қиылып, еріндері албырап тұр. Клубтың ең артқы жағындағы орындыққа отырып, дайындықтың бітуін күтеді. Басқарушы жігіт күнделікті әдеті бойынша жұмысын аяқтап, қайтуға рұқсат береді. Қуанғанынан «Уһ» деп үні шығып кеткенін байқамай қалған Амантұрға алдына келіп тұрған Әриякүл:

– Не болды? Неге уһлейсің – деген тосын сұрағына, не жауап қатарын білмей, Амантұр үндемей, отырып қалды.

– Бір жерің ауырып тұр ма? – дейді, қыз да қоймай.

– Жоқ. Әншейін, сені көргеніме, қуанғаным ғой.

Қол ұстасып, баяғы қараңғы көшеге қайта келеді. Жігіт оған:

  • Жұмысым бітті, ертең қайтамын – дейді.

– Енді қашан келесің?

– Келесі сенбі келемін, ұмытпа – дейді. Қыз:

– Мақұл, күтемін.

– Әриякүл, сен түнде түс көрдің бе?

– Жоқ.

– Мен түс көрдім, түсімде сенімен құшақтасып тұр екенмін. Бірақ, сен маған қарамайсың, саған не болды деп, жұлқылаймын. Сенде үн жоқ. Бір кезде аяқ астынан бір қатты құйын келіп, сені ұшырып алып кетіпті. Сен маған қарап, қош енді мен кетттім деп ғайып болдың. Оянсам, түсім екен.

– Ой, сен де қайдағы бірдеңені айтады екенсің. Атамыз айтқан емес пе «түс түлкінің қыйы», деп.

– Сен мені сүйесің бе?

– Сүйемін. Екеуімізді Құдай кездестірді ғой. Ақырын берсін, – дейді. Олар сағат түнгі 12-ге дейін қол ұстасып жүреді. Біраздан соң Әриякүл жігітке қарап:

– Сен ренжіме, мен бүгін үйге ерте қайтуым керек. Себебі, екі күннен бері апам ұрсып, қайда жүрсің түннің ортасына дейін деп мазамды алуда.

– Мақұл, ондай болса, сені қинамайын, қайтайық, – деп, Амантұр қызды өзіне қарай қысып, аузынан сүйіп, үн-түнсіз біраз тұрды.

Ертесіне сағат 11-лерде автобус тоқтайтын аялдамаға барса, Әриякүл Амантұрды күтіп тұр екен.

– Не болды? Түнде апаң ұрысты ма?

– Ұрысты, бүгін әдейі сені шығарып салуға келіп едім. Таңғы сағат 9-дан бері сені күтудемін. Енді кетейін деп тұр едім.

– Кешіріңізші, мен ұйықтап қалыппын. Ендігәрі ешқашан сені осылай ұзақ күттірмеймін.

  • Жарайды, әйтеуір кездестік қой, – дегенше болмады, автобус келіп қалып, Амантұр абдырап қалды. Әриякүлді қолынан алып, бетінен сүйіп алғысы келіп еді, бірақ елден ұялып, батылы бармады. Қыз оның ұялғанын сезгендей, жай ғана қолын қысып қоштасты. Сонымен, автобус жүріп кетті.

Үйге келіп болған жағдайды бастан-аяқ апасына айтып берді. Апасы біраз ойланып қалы:

– Шырағым, менің болса, жасым келіп қалды. Бір қолқанат болатын маған келін, өзіңе өмірлік серік, жар алып келсеңші, – деп, одан сайын Амантұрды қолдап, қолқа салып, шайларын ары қарай көңілді отырып іше берді.

Георгиевкаға қайта баратын уақыт келді. Қаңтар айы. Күн суық, дала борандатып тұр. Үйден шығудың өзі қиын. Автобус жүрмейді. Жол жүру үшін тауар таситын пойыздың тамбурына отыру қажет. Оның ішінде саңылаулар көп, жел уілдеп тұрады. Амантұрдың аяғында табаны шиқылдаған хром (былғары) етік. Сол кездің сәні сондай. Сол кездегі ең тәуір киімі плащ, басында тымақ жоқ, кепка. Плащтың етегінен суық кіріп, жанын шыдатар емес. Ойланып тұрып, іштей, апамның жылы қара фуфайкасының жағасын қайырып, көрінбейтін етіп, плащтың ішінен киіп алайын, Отарда боран жоқ қой бәрібір, деген ойға келеді.

Сол күні бір де бір автобус жоқ, не жүк таситын пойыз өтпейді. Таңертеңнен бері жоқ көрінеді. Жиналып қалған жолаушылар енді не істейміз, деп тұрғанда, бір  ЗИЛ-5 деген жүк машинасы келіп тоқтайды. Гиоргиевкаға баратын болып шығады. Амантұр қуанып кетіп, көппен бірге отырады.

Күн бата Георгиевкаға жетеді. Машинадан түскен кезде екі аяғы үсіп кеткендей болады, шыдамы таусылып, жолмен ары-бері жүгіреді. Жарты сағат өткеннен кейін аяғы жылынып, жан кіре бастады. Өз қалпына келгендей болғанда, Әриякүлдің үйі қайдасың, деп жол-жөнекей қонақ үйге кіріп, орын алып, шайханадан ауқаттанып, көңілі сәл көтеріліп, көше жақтағы қыз терезесінің алдымен ары-бері өтумен жүргенде, Әриякүл ғарыштан түскен пері қызындай үйінен шығады. Амантұр үйдің артындағы сыртқы көшеге қарай қаша жөнеледі. Әриякүл оны қуып жетіп, екеуі қал-жағдай сұрасып, ұзай бастайды.

Қол ұстасып жүріп, қараңғы түскенін сезбей қалады. Әриякүл жігітті қолтықтап, жабысқандай болады. Сол екен Амантұр оны құшақтап, сүйіскенде ертегідегі су түбіндегі Сүлеймен патшаның қызын құшқандай күйге бөленеді. Әриякүл бұрынғысынан ажарланып кеткендей көрінеді көзіне. Дауысы өмірінде естімеген әсем бір әуен сияқты естіледі. Бір кезде қыз:

– Мен тігіншінің оқушысы болуды аяқтап, тігінші болдым, – дейді.

Амантұр оны құттықтап, екі бетінен сүйіп, әңгімесін бастайды:

– Ал, енді Әриякүл мен сені өте қатты жақсы көремін. Шынын айтсам, ғашықпын. Сенсіз өмір сүру мүмкін емес сияқты, үйленсек қайтеді? Неде болса, тезірек. Өйткені менің кәрі жалғыз шешем бар. Одан басқа ешкімім жоқ, – дейді ағынан жарылып, сезім иірімін ақтарып.

Қыз оның бетіне қарап, өзіне қарай қатты қысып:

– Мен де сені сүйемін, бірақ мен әнші болғым келеді. Оқуым керек, оның үстіне дәл қазір қаңтар айы ғой. Бұрынғылардың айтуынша, «Қаңтарда үйленсең – қаңтарылып қаласың» – деген ғой.

– Мақұл, қаңтарды өткізелік, халық айтса, қалып айтпайды. Ал, оқуыңды үйленіп алған соң да, жалғастыруға болады. Менің опера театрында Алматыда бірге оқыған мектептес Мұхаметқали деген досым бар. Сол арқылы театрдың студиясына оқытуға мүмкіндігім бар. Жарайды ма? Келісесің бе?

– Келісемін, студиядан оқытсаң.

– Оқытамын, – деп, қолынан алып, аузынан сүйіп, қос алмасына кеудесін тигізіп, үн-түнсіз көше бойындағы шарбаққа жабысып екеуі тұрып қалады. Амантұр қол сағатына қараса, түнгі сағат 2 екен. Сонымен қимай қоштасып, шарбақтан кіргізіп жібереді.

Қонақ үйге келсе, есігі жабық. Ішінен ілгішпен бекітіп алған. Тарсылдадып жатып, кезекшіні зорға оятады. Қалшылдап, мұздап қалған Амантұр жылы төсекке келісімен, ұйықтап кетеді. Бір мезгілде біреу түрткілеп, көрпесін жұлқылап :

– Ә-ә-й, тұрмайсың ба, түс болды ғой, – деп үн қатады. Көзін аша алмай, не түсі екені, не өңі екенін айыра алмай, дал болады.  Аспаннан түскен пері қызының дауысы сияқты естіледі бұған. Көзін тырналап ашып қараса, уәде бойынша оны шығарып салуға келіп тұрған Әриякүл. Бөлмеде ешбір адам жоқ, екеуі оңаша. Дереу Әриякүлді өзіне тартып, құшақтап құмарлана сүйіп алады. Ол болса:

– Біреу кіріп келсе, ұят болады, – деп қашқалақтайды.

Амантұр мұндай сылтауға көнсін бе?! Қыз оны сүйгенше жібермеді. Орнынан тұрып, сағатқа қараса, 12 болып қалған екен. Тез арада киініп, жуынып-шайынып ауылына қайтуға жиналады. Әриякүл мұны автобус аялдамасына шейін шығарып салып, жұмысына кетеді.

Амантұр үйіне түс ауа келсе, пеш өшіп қалған, іші суық. Апасы екі көрпені қабаттап жамылып, төсекте ауырып жатыр.

– Апа, қай жерің ауырып жатыр?

– Басым. Келінді қашан әкелесің? – дейді, бастапқы әңгімені қозғап. 

От жағып, үйді жылытып, шай қайнатып, апасын сергітіп алып:

– Келініңді қаңтар өткен соң әкелемін, – деп, қуантып қояды.

Апасы біраз төсек тартып жатады. Ол кісіні жалғыз тастап, Әриякүлге бара алмайды. Амалы таусылғаннан, Әриякүлді пошта арқылы телефон байланысына шақырып, сөйлесіп, жағдайын түсіндіріп, айтады.

Апасы басын көтеріп, төсектен тұрған соң, тез арада қалайша  Гиоргиевкаға жеткенін өзі де сезбей қалады. Ұшып келгендей болып, дереу Әриякүлді жұмыс орнынан тауып алып, қуанышы қойныма сыймай, құшақтап көтеріп алады. Ол да мұны құшақтап, апасының жағдайын сұрайды. Қаңтар, ақпан айлары өтіп, наурыз келіп, табиғат оянып, жаңарып, жасара бастаған кез. Уақыт зымырап қалай тез өткені сезілмей де қалған.

Әриякүл Амантұрға қарап:

– Енді үйленуге болады. Бірақ сен менің шешемнің 80-ге келген жалғыз бауыры бар. Соның алдынан өтуге тиіссің. Оған барып: «Мен Амантұр деген баламын» десең өзі біледі. Батасын ал, – дейді.

Амантұр мақұл көріп, сол күннің ертесінде Әриякүлмен бірге ақсақалдың үйі орналасқан көшеге дейін қол ұстасып келеді. Ол кісінің үйін сыртынан көрсететкеннен кейін Әриякүл кері қайтады. Ол басқа көшенің қиылысына барып, тосып тұрып, не айтқанын естімекші болады. Дарбазасынан кіре бергенде, үлкен қабаған ит шығып үріп, шынжырды үзіп кететіндей жұлқынады. Бір кезде үйден 14-15-тер шамасындағы бала шығып:      

– Сізге кім керек? – дейді.

– Атаға келіп едім, ол кісі үйде ме?

– Үйде, кіріңіз, – деп итті күркесіне кіргізіп, аузын жауып қояды. Амантұр үйге кірсе, ұзын сақалды, үстіне ою-өрнекті шапан киген, басында сеңсең бөркі бар қара торы шал жалғыз отыр екен.

– Ассалаумағалейкум, – деп, қолынан алып амандасып, жанына малдас құрып отыра кетеді.

– Сен кімнің баласысың? Кімсің? Жөніңді айт! – дейді.

– Мен Амантұр деген баламын, Аңырақай станциясынан келдім, – дейді.

Ақсақал біраз ойланып отырып, тесірейе Амантұрға қарап:

  – Жас бала екенсің. Жасың қаншада? Қай ел боласың? Әке-шешең бар ма? Қанша туыстарың бар? Қанша ағайындысың? Өз ел-жұртың қай жерден? – деген бірнеше сұрақты бірден жаудырып қояды.

– Жасым жиырмада. Алматыдағы Байланыс училищесін бітіргенмін. Жолдамамен Аңырақай станциясына қызметке тұрғанмын. Елім – жалайыр, оның ішінде – Күшік, одан – Сары, одан – Қалыбай деген елмін. Әкем алты жасымда өліп қалыпты. Шешем бар. Аты – Құтбала. Қолымда тұрады. Әкемнің ағасы – Көнешекбай деген шал бар. Шеше жағынан нағашы ағаларым – Сыдық, Әубәкір, Ыбрайым және Жұмағұл, сіңлісі – Айтбала деген кісілер бар. Мен жалғыз баламын. Біздің ата-бабамыздың ата қонысы Алматы облысы Балқаш аудандағы Бақ-бақты деген жерде.

Шал төмен қарап отырып:

– Дұрыс, шалғай елден жалғызбын де, сұрауың жоқ, тұрағың жоқ адасып жүрген баламын де. Түбін Құдай білсін, менің жиенім Әриякүл өскен-өнген елден, осы Қордай – біздің ежелгі тұрағымыз. Екеуің бір-біріңді ұнатып қалыпсыңдар. Түбі не болар екен? Қайдан іздер екенбіз. Құдай оңдасын, жасың ұзақ болсын балам. Атыңды да Құдайдан сұрап, аман болсын деп қойған көрінеді. Аман бол! – деп шығарып салады.

Ол үйден шыққан бойда, Әриякүлді көшедегі елге қарамай, бас салып құшақтап, аузынан, бетінен сүйіп, жылап жіберіп, нағашы атасының бата бермегеніне риза емес екенін айтып, қандай халде екенін сездіреді. Әриякүл нағашы атасына ренжіп:

 – Сол алжыған шалды қойшы, мамам барып батасын алыңдар, деген соң… – деп күмбірлеп кешірім сұрағандай болып, Амантұрды қысып құшақтап, сүйе бастайды.

Бұл кезде ұмытылмаған реніш қайда ұмытылсын. Амантұр қуанып қалады.

Әриякүл:

– Ал, енді жүр кеттік. Арыз жазып, жұмыстан шығайын, есеп-қисабымды алып кетуге дайындалайын. Аңырақай болса, өте суық, аңыраған бораны бар. Қыста – қарын, жазда – қиыршық тасын ұшырып тұратын бораны бар емес пе өзің айтқан. Соған дайындалайын, біраз жылы киім алайын. Сен бүгін-ертең маған келуші болма. Керек болса, қонақ үйден сені өзім табамын. Сен екі күн жатып, демала бер. Ештеңені ойлама. Бүрсігүні – сәрсенбі. Құдай қолдаса, сәрсенбінің сәтті күні жолға шығамыз. Сенің ертіп келген жолдасың (күйеу жолдас) жоқ, мен бір подругамды ертіп алайын – деп жүріп кетеді.

Амантұр қонақ үйге келіп, нешетүрлі ойға батып, ұйқысы әбден қашады. Сондағы жатып алып басына келген ойлары – Әриякүлді келін етіп үйге апарғанда, жалғыз анамнан басқа туысым жоқ, ешқандай дайындығым жоқ. Алатын жалақым – бар-жоғы 52 сом. Ағайын-туғандар болса, Бақ-Бақтыда. Оларға әлі хабар берген жоқпын. Қалтамда бар болғаны 15 сом ақшам бар. Қонақ үйге – күніне 50 тиыннан 1 сом, тамаққа – бір сом, қалатыны – 13 сом. Үш адамға жолақы Аңырақайға дейін 5 сом. Сонда өзімде 8 сом қалады. Масқара, сонда мен 8 соммен әйел алатын болып отырмын. Егер, Әриякүл жалғыз өзі болса, бір сәрі, жанында подругасы бар. Оны кері қайтару керек, – деп, осының бәрін ойлап, басы қатып, жалғыздық ойға түседі. – «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас», демекші, бөтен жерде жүріп, төңірекпен әлі таныса да қойған жоқпын. Бар болғаны, танитыным көршілерден 4-орыс үйі, деген сұрақтар маза бермейді. Не де болса, тәуекелге бел байлайды. Ұйқы қашып, таң атпай қояды. Сөйтіп, екі күнді қиналумен зорға өткізеді.

Үшінші күні зорға дегенде, күткен Әриякүлі подругасы Маржан деген қызбен күн батардың алдында кешкі сағат 5-6 шамасында келеді. Тәуекелге бел байлап, автотұраққа барса, Отар станциясына дейін жүретін автобус жоқ. Біраз тұрып, машина күтеді. Ол да болмайды. Көп таксилердің бірін жалдайын десе, олар 25 сом сұрап, Амантұрды әбден тығырыққа тірейді. Сонымен жол тоса, күн батуға айналады.

Әриякүл болса, жағдайды қайдан білсін, такси жалдамадың деп, Амантұрға өкпелеп:

– Келген өз аяғым, кететін де өз аяғым, – деп Маржанға да қарамай, кетіп қалады.

Не істерін білмей, Отарда тұратын бір орыс жолдасынан қарыз алармын деп, такси жалдап, Әриякүлді артынан қуып барса да, Маржан қыз үгіттесе де, ол көнбей кетіп қалады. Сонда тұрып есіне мына бір сөздер келеді: «Өмір келме-кезек, терме тезек», деген осы екен ғой деп, қатты өкінеді. Шаруанға істегенім, өз алдыма келді. Келме-кезек, терме тезек, өзіме де сол керек, деп қолын бір сілтеп кетіп қалады.

«Парасат» журналы, №9, №10, 2012 жыл.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here