Мақұлбай

 

Мақұлбай сөйлеп кетсе анау-мынауға сөзден дес бермейді. Сенікі мақұл деп құтылмасаң ілінісе кетіп сөз таластырса жеңбей қоймайды. Қуалағаны сөз болған соң ауыл әңгімесінің Мақұлбайға мәлім болмайтыны жоқ. Сөзге ілінгендер өзінің мәлім боп қалғанын алдымен Мақұлбайдан көреді. Шимай жіпті тарқатқан тәрізді  мінімді таратып жібереді-ау дегендер алдымен содан қауіптенеді. Кейде даукестер дауласып жеңіп жатады. Мақұлбаймен дауласса ажуамен тойтарып жүре беретіндер оны мойындамайды. Оны мойындаса сөз аңдығыш, пәле қуған, уақытын өлтірумен жүргендер мойындап, қолдағансып көтермелейді. Мақұлбайға көпшік тастап, әңгімесіне тұздық сеуін, ащы жерін қазбалап, пәле шығар тұсты көсеп қояды. Өздері іштеріне түйіп үндемей төмен қарап жымыңдап отырады. Бұл адамнан өздерін артық санаған соң оның әр жерде бірдеңе айтып былықтыра бергені оларға қызық.

Дау болса оған ара түсіп, жөн айтып, татуластыру үшін осындай жөні түзу адамның болғаны дұрыс. Оларға өздерін жөндем адам сезіну үшін ақыл айтады. Мұның қате сөздерін ілгіштеп, мүйіздеп жатса да шегініп келіп, қызарақтап, артынан бәрібір әлгі әңгімені дұрыстыққа әкелуге Мақұлбай құмар. Көпе көрнеу жеңіліп, өтірігі әшкере болып кеткенде мұндайдың куәгері болуды ұнататындар Мақұлбайдың қасына жинала қалады. Енді не болады екен. Бұл Мақұлбайдың тоқырап біткені шығар деп не айтатынын, түскен шұңқырынан қалай шығатынын аңдиды. Жиылып қартаны сылтауратып Мақұлбайдың үйіне келеді. Қатыны салақ. Өзінен бетер сөзшең. Оның да өзінше қулығы мығым. –Немене мыналарды ертіп келдің, үйлері жоқ па бұлардың. Өңшең қаңғырғанның бәрін қонақ қып,–дейді. Мақұлбай,

–Әй, қатын жөн сөйлесеңші, қаңғырғаның не өзіңнің. Көп-көрім ауыл азаматтарын сөйтіп сөгуге бола ма? Кіріңдер, төрге шығыңдар–деп өбектеп қояды. Бұлар төрге шығып, Ләтипаға жалтақтап аяқтарын шешкені шешіп, аяқ киімі жамандары ыңғайсыз көріп тұрғанда екі беті дуылдай қалған көкбет әйел шындап бақыра бастайды.

–Әкем бе менің бұлар, шешем бе? Былшылдап өңшең ішкішті әкелесің де отырасың?–деп тоқтау орнына Ләтипа мыналарды үйден қумай тынбауға бекінеді. Ащы тілді безеп алғанда отырғандар төмен қараған күйі кетпесе болмас дегендей үйдің райынан сескене бастайды. Темекіні сылтауратып біреулері ақырын сытылып, құтылғанына қуанғандай далаға шығады. Даладан өзімсініп келген қонағын отырғызбаған соң қызарақтаған Мақұлбай қатынның да жазасын береді тілмен.

–Жаман қатынның тілі ащы, –деп келгеннен тіліңді безедің. Бір ұятың жоқ милау қатынсың. Келе тисетіндей не ырысыңды ішті. Сенің мына үйіңе кім келеді. Аяқ-табағыңды жумай істеген жуындыңды дәрі деп жүрмісің жармес қатын, одан да барқылдамай жұмысыңды істемеймісің.

Ұрыс басталған екен Ләтипа шапшаң арада қайтпайды. Барқылдап салғыласа кетеді де аяғында таяқ жеп барып үні өшеді. –Үйге кетем,– деп жылап жүріп ағасын ертіп әкелді. Қарындасының көңіліне бола жұмысын тастап үйге дейін ілесіп келгені болмаса ол мұны намыс көрмейді. Күнде көріп жүрген соң бірер рет Мақұлбаймен ренжісіп қалып, кейін татуласқан. Әр кез қарындасының көңіліне бола келуін келсе де, екеуінің шарқылдасып ұрысқанына біраз қарап дау басылғанша үнсіз отырады. Екеуі де шаршаған кезде кетуге жиналған қайнағасына кінәлі жүзбен қарап қойып, Мақұлбай,

–Қайтесің енді осындай боп тұрады,–деді момақан бейбіт жүзбен.

–Иә отбасы болған соң болып тұрады. Ештеңе етпес. Кешірер. Қайда барар дейсің.

–Ой ұрды дейтіндей дәнеңе болған да жоқ. Қолым байқамай тиіп кетіп еді. Бәлеқор неме бірдеңесі опырылып қалғандай.

–Әйелге тиме,–дегенді бекер айтпаған ғой.

–Қалай тимейсің, сөзі өтіп тұрса.

–Бұл мені адам ғұрлы көрмейді. Күндегісі осы балағаттап сөгеді.

–Онда сен шаруаңды түзе.

–Неңді түземеппін. Тамағың жасаулы, төсегің салулы, отың жағулы.–Бұл сөзді сайрап айтса да істеген ісінің бірінде береке жоғын өзі де біледі Ләтипа. Оны ағасы да, әке-шешесі, туыстары да біледі. Кезек келіп осының қылығын жасырып жаба алмай жүргендері. Мақұлбайда жасырын сыр бар ма мына ұрыс әлгінде-ақ көршілерге жетіп, арысы өсекші қатындардың жемі болып ауыл қыдырып кетті. Сөзге шебер Мақұлбай қатынын жеңбек болды. Бірақ Ләтипа айлаға салды.

–Ақша таппайды, арақ ішеді. Түнімен ауыл қыдырып қарта ойнайды,–мұны айта жүріп, өзінің осынша азапқа төзіп жүргені шыдамдылық  екенін Мақұлбай қалай дәлелдесе, бұл да солай дәлелдеді. Бірақ Мақұлбайдың жұдырығын ала жүгіргені-ақ жанына батты. Бар таяқты тілі мен салақ, жаман әдетінен тапқанын білсе де оны қояйын, өзгертейін демеді Ләтипа. Ойы байды үнсіз қалдыру. Мақұлбайға қатын болғанына он бес жыл. Тағы жатыр әне пеш түбінде бүк түсіп. Ағасы кетіп қалған. Үйде от жоқ. Ойын балалары таңертеңнен нәр сызған жоқ. Ас бөлмеге кіріп, нан кесіп алып, қалтаға салып, қайта ойынға кетті. Мақұлбай ауылдың сиырын бағады. Сиыршы екеу еді. Бүгін дем алатын күн болған соң көшеге шығып, жүріп қайтпақ болған. Біреулер карта ойнап, пәленше жерде жүр десе соған баратын әдеті. Ойыншылар орын іздеп, қайда баруды ойлап тұр еді, Мақұлбай кезіге кетті. Тұрғандар оның әңгімесін біраз тыңдап,

–Әй, Мақұбай сөзге шеберсің-ау,–деп мәзденді. Бұл мақтанға Мақұлбай көсіліп түсті. Жұртты шұбыртып үйге әкелгенде естіген сөзі әлгі. Қатын жатыр таяқ жедім деп.

–Сорлы-ау тұрсаңшы. Бұл таяқ емес қой. Ана Тұрғараның қатыны сияқты көзіңді ағызып жіберсе болар еді,–деп ызасын кімнен аларын білмей кіжінді. Ләтипа жамылып жатқан жұқа пәлтесін лақтырып жіберді.

–Құмарың қанбай қалған екен. Кел ұр ал. Ұршы ал, көзіңе көк шыбын үймелетейін. Ай, Қармақжан. Шақыр ойбай, Үмітті.–Осы жерге келгенде Ләтипа бақыра жылап жіберіп, баласын апайының үйіне жұмсады. –Жездеме айт, ушасковыйды ертіп келсін. Мелисаға берем.

Мақұлбай –Әй, балам бармай-ақ қой,–деп айтқанша Қармақжан көшеге шығып жүгіре жөнелді.

–Осы баланың тіпті шапшаңы-ай,–деді таңырқап. –Бірдеңе істе десең  қашқалақтап жүріп алады. Ал, даукес істегенге жөнеле кетеді. Әй, құрсыншы бәрі. –Мақұлбай қолын бір сілтеп манағы жігіттерді іздеп еді, олар ендігі ауыл шетіндегі ескі үйдің маңында қоралай отырып қарта ойнауға кіріскен екен.

–Ой, Мақұлбай кел, кел,–десті. Мына отырған адамдарға өзі біртүрлі қарыздар сияқты көрініп, Мақұлбай қалтасынан қатыннан тығып жүрген ақшасын шығарып жастау біреуді араққа жұмсады.

 

                                             ***

 

Мақұлбай кешке жақын үйге қызу келді. Есік алдында балдызы Қайрақтың мәшинесі тұр. Үйдегі пешті қызуын келтіре жағып қойған екен. Күннің салқынына тоңғанын ұмытып үйге кірді. Босағада тұрып болатын айғай-шуға дайындалды. Жауаптар әзірледі. Ләтипаға қайтарады сөйлесе. Ұятты болып қалмай дәл айту керек деп ойлады.

–О, Мақұлбай да келді міне, Қармақжанның әкесі. Кел тоңған шығарсың тамақ дайын. Келе салып, аяқ-табаққа араласып жатырмыз. Ләтипа үлкен табағыңды әкел,–деп қояды әйелінің апайы түк болмағандай. Стол басында бажасы Саяхмет отыр, тымпиып ештеңе білмейтін баланың пошымымен,

–Ой бажеке, күтіп қалдық қой өзіңді қайда жүрсің. Бәле, бала-шағамен қарта ойнап жүрмісің. Ай, балалығың қалмаған-ау.

–Мұның өзі де сол. Бала-шаға,–деді Ләтипа.

–Әй,Ләтипа сен тыйыл енді. Қоздырма әңгімені. Адам тыныштықпен тамақ ішсін. Балалар тамақтансын. Өзің тұтанып алсаң бір қоймайды екенсің.

–Бұл, сүйтеді,–деді Мақұлбай.

–Сенсің мені осындай дәрежеге жеткізген.

–Иә,–деді Саяхмет– осы балалар бар, бірталай дәрежеге жеткізді ғой Мақұлбай сені,–деп келе жатыр еді.

–Жезде мен оны айтпаймын. Жаман дәрежеге түсірді ғой мені,–деді Ләтипа жыламсырап.

–Қой балдыз,–деді Сейдахмет үй-жайларың, жұмыс, бала-шаға бар. Орнығып, үйренісіп қалдыңдар. Енді-бір-бірлеріңді қазбай қайта ашық тұрған жерді жауып, қорғаштап жүріңдер. Бізді, бір-біріңді, әлгінде келіп кеткен ағаңды, ешкімді тыңдамасаң кім боласыңдар. Ертең мына балалар да бір-бір азамат болады. Екі-үш жылда үйленем дейді. Сонда қайтесіңдер. Екі жақта жүресіңдер ме бастарың сыймай. Әй, бажа-ай балдызымды ренжітіп тастапсың, оның жігітшілік болмаған. Әйел адамды еркелетіп ақылмен ұстау керек қой. Естіп отырып сендердің араларыңда болған жағдайға сенер-сенбесімізді білмей қалдық. Бұларға не болған деп мен шынымды айтсам әлі сенбей отырмын. Бажа былай қарасам ақылды-ақ жігітсің, осы ақ көңіл кішкене келіншегіңді алдап-сулап-ақ тілін тауып өмір сүре берсең етті. Жетпеген нәрсені жетпеді десең ерегес деген шыға береді. Одан да ертеңді барлап, татулықты ойлаңдар,–деп тоқтады.

Мақұлбайдың шешендігі ұстап кетіп– Өзім де бағанадан соны ойлап, осы жанжал деген қайдан шыға береді дегенді іздеп таппадым. Ай соның қуаттаушы күш беретін шайтаны бар деуші еді. Бізді де сол түртті-ау. Қой дегенге қоя қоятын әйел бар ма осы күні. Кілең еркек.

Осы жерге келгенде Ләтипа өзінің қатты күлкісімен аха-халап күле жөнеліп еді, апайы одан сайын күліп, өздері бір-біріне қарап тоқтай алмай біраз күлісіп отырды. Күліп болған соң Ләтипа,

–Басың істемейді сенің Мақұлбай,–деді. Басың істесе тамам еркектің көзінше маған қол жұмсаймысың.

–Сенің басың істемейді керісінше. Басың істесе, тамам еркектің көзінше мені жерге қаратамысың. Ақылың жоқ.

–Жоқ өйтпеңдер. Екеуің де ақылдысың. Ағат кеткен тұсты айтудың өзі ақыл ғой. Ақылдысыңдар. Соны орнымен қолданыңдар,–деді араға Сейдахмет түсіп. –Ай, екі ақылды бір жерге сыймайды деуші еді. Піспей қалған ғой бастарың, болады ондай. Менің балдызымның басы толған ми. Ал, бажа дегенге адам жетпейді. Дәл қазір үйге жүріңдер. Ең жақсы киім киіп, балаларды алыңдар. Мен машина жіберейін. Сендерді алып келсін. Тез жиналыңдар,–деді. Онымен бірге әйелі де жиналып, балалар қонаққа бармақшы болып, үй-іші абыр-сабыр болуға айналды. Мұны күтпеген Ләтипа қуанғаны, ренжігені белгісіз,

–Ұят болды. Төбелесіп жүріп, ақыры қонаққа шақырылып қалдық қой,–деді.

–Сен емес пе,–деді Мақұлбай ренішті пішінмен.–таяқ жегеніңді жұртқа жария етіп.

–Сен кінәлі,– деді әйелі – бір мезет әйелді де тыңдау керек.

Үй ішінде біртүрлі тосын үнсіздік маған енді ешкім бөгет жасамаса екен дегендей уақытша орнап тұрды.

                                                                                                      18.11.2016

 

 

 

                                                  

 

Notice: compact(): Undefined variable: context in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: file in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: post_mime_type in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: ID in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390

Notice: compact(): Undefined variable: filter in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/post.php on line 3390


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here