Менің Музам

Өртеніп…
Күн батты,
Ғасырдан ұзағы-ай.
Ол келіп үн қатты,
О, менің Музам-ай.

Гүл салған құмыра,
Сәуледен тұнып тұр.
Жұтайын сіміре,
Құмардан шығып бір.

Жоқ айқай,
Жоқ дыбыс,
Қонып бір,
Бір ұштық.
Болмайды соқтығыс,
Торып тұр,
Тыныштық.

Көзімде тұман бар,
Тосын күш тербейді.
Негіз жоқ алаңдар,
Адамдар,
Білмейді.

Көрінген тосыннан,
Құбылыс осында.
Жарқ етіп қосылған,
Сымдардың ұшында.

Түнде ол ұғады,
Жай ғана қалыпта,
Көрініп тұрады,
Жанбайтын жарықта.

Созылған түн емес,
Күтуі пенденің.
Кезеді бір елес,
Ішінде бөлменің.

Ол үнсіз жылатты…
Білдірмей келгенін.
Алыстан үн қатты,
Музам ғой –
Бұл менің!

Ай пана
Жердің бетін айнала,
Күн аяқтап жорықты…
Кірпік іліп жай ғана,
Теңіз жаққа қоныпты,
Қалың тұман сай-сала,
Ай пана.
Ай жаққанда шырағын,
Күндізден де түн аппақ.
Сәуленің іш шарабын,
Жалғыздықты құшақтап.
Құшақ жайған айқара,
Бәрімізге Ай пана.
Жалқы жүріс,
Ой тоба,
Бір күрсініс…
Ой дара,
Жалғыздықты қой сана…
Түннің әнін ішейік,
Тұнып тұрған,
Шайқама!
Тағыды да бір қайтара,
Ай әуенін қайтала
Әй, Пана!..

Н нүктесі

Жар басында бір түп емен…
Кім жоқ дейсің үркітпеген?!
Жел де талай сілкіп көрген…
Көктем келсе,
Бір нүктеден,
Бәрібір ол-
Бүршіктеген.
Күн шығады тәртіппенен,
Таң атқанда ұяң ғана.
Күнді өзім ертіп келем,
Қанат қаққан,
Қиял дара…
Жалғыздықты жалғыз көрем,
Н-нүктеден.
Мені күтіп алаңдама,
Мені күткен…
Аялдама!

Натюрморттан кету

Суретші,
Бір жарға шегелеп…
Тіріні қойғандай,
(Иисус емес ол,
Ол емес – көбелек.)
Жаны бар сугірет,
Кенепке түсірген
Қаламның ұшымен.
Түсінген,
Адамға керемет!
Қиялдың отырмын ұшырып,
Құсын мен.
Жертөле,
Шынжыр бос,
Иті жоқ,
Итаяқ –
Тостаған.
Тұрғандай күй тарап.
Кім екен астына төңкеріп,
Бір дәнді тастаған…
Құп-құрттай жүрекпен,
Ең соңғы нүктеден,
Тіршілік бастаған!
Құрсаулы түнектен,
Қос қолың секілді,
Жапырақ жаяды.
Тосын сый күтпеген,
Ешкім де тоспаған,
Өмірге құштар ән!

Аяқталмаған сурет

Бұлттары бүршік ед…
Жаңбыр тұр сіркіреп.
Жыр оқыр күбірлеп,
Жерге де жыр керек.

Көк аспан күркіреп,
Жер бетін сілкілеп…
Тап-таза, мөп-мөлдір,
Әр тамшы- бір жүрек!

Бірі ақ,
Бірі көк,
Бояудың түрі көп…
Аспан нән палатно,
Сыймаған сүгірет!

Аспада бір елек,
Бұлтарды жүр елеп.
Шашылған құдірет –
Алланың нұры деп!

ххх

Кейде мен…
Бір жұмбақ күйге енем,
Жолдармен жүремін,
Ешкім де жүрмеген…
Түнге де сыр айтам мүлгіген,
От тасып,
Шоқ басып,
Елестер билеген.
Басқа жол бұл деген,
Бір жанның табаны тимеген.
Сәулелер тазартқан,
Жолымды кірлеген.
Ол жолдар барады,
Бір биік, бір төмен.
Қиыршық тасы жоқ,
Ақ нұрға илеген.
Ағыс боп ағады,
Шамшырақ жер беті –
“Мыңбіртүн” деген…
Еріні кебірсіп тұрады,
Ешкімді сүймеген.
Уақыттың жүрегін қозғаған,
Арбакеш мен шығар,
Сол жолмен,
Өлеңін сүйреген.

Теңіздегі бір тамшы

Екумізге уақыт берген,
Біргеміз,
Сізде – көктем,
Бізде – күз…
Біз жүретін жол қалай?..
Шыққан із жоқ,
Кірген із.
Шындық осы,
Ол солай…
Өтірік жол,
Жұртты алдау…
Сенбеңіз!
Оған мән де бермеңіз…
Барлығы да топырақтан жаралған,
Түптің-түбі,
Кетеміз ғой… жерге біз!..
Кім болғанбыз сонда біз?
Сондықтан да,
О басында біргеміз,
Жаратқанда бірге болған,
Жер,Теңіз.
Кірген із,
Жоқ,
Көрінбейді шыққан із,
Тек алданып жүрмеңіз!
Жол солай!..

Оралу

Арқалыққа,
Бармағалы қырық жыл…
Жүрегінде,
Жастық шақтың жыры жүр.
Біз қыдырған,
«Берекелі» көшеңнің,
Бірі бұрым, бірі нұр.

Арқалыққа,
Бармағалы қырық жыл…
Жүрктегі,
Ақиқатты сырым бұл.
Біз бұрылған,
Мерекелі көшеңде,
Айтылмаған бір үн жүр…

Торғай жаққа…
Бармағалы қырық жыл,
Көз алдында,
Көрінесің бұлыңғыр…
Арқалықтың,
Көшесінде алғашқы,
Туып еді құлын жыр.

Арқалыққы,
Бармағалы қырық жыл,
Еске салды,
Қайдағыны түнің бір…
Алғаш рет,
Танысқанда бір қызбен
Туып еді шырын жыр.

Арқалаған,
Мақсаты мен мұратын,
Арманшылдау,
Бір жас жігіт болатын.
Торғай құстың іліп алып,
Қанатын,
Жүріп еді бұл ақын…

Гитарамен жолдас болған,
Болатын,
Северный мен
Нахалькіде тұратын…
Кетіп еді…
Ортанбай да бола алмай,
Атағы жоқ ,
Бір ақын.

Арқа бетке,
Бармағалы қырық жыл,
Жылайыншы,
Көз жасымды сығып бір…
Кірпігімде,
Мөлдіреген тамшылар,
Гитара емес,
Жан пернесін ұрып тұр!..
Аяқталмаған сурет

Параллель өмір

Жүрген бірге көлеңкедей,
… серік көп,
Тірі-тірі,
Өлгендерді өлік деп…
Қараңғымен бөлінбейді,
Жарық Күн,
Айырады кететін жер,
Келіп тек…
Басқа… өмір,
Басқа үн,
Сәттер шығар біз білмейтін,
Қас қағым.
Қырық бір болып,
Құмалақтар сөйлейді,
Естілмейді…
Еститінің шашқанын.
Жүріс басқа,
Басқамыз…
Сықырлайды,
Әр қадамың,
Басқан із.
Кітаптағы,
Ауадағы жазулар,
Оқылады бетін ғана ашсаңыз….
Басқа өмір…
Құбылыстар…
Сырың жат,
Бір ұғынса,
Жаның оны ұғынбақ.
Қараңғыда көрінбейтін жазулар,
Параллелді өмірден тұр,
Сыбырлап!

Уақытқа ену

Уақыт дегенде…
Бақытты айтам,
Жын шығар жүрген секіріп.
Тосыннан келген бақытты қайтем?..
Апырай,
Шын шығар білкім, өтірік.

Алысты жақын,
Жақынды уақыт алыс қып,
Бір күдік… болса сол еді,
Үмітті жүрген өлтіріп.
Қараңғы біткен,
Көбелек сынды өледі,
Жарыққа қарай ұмтылып!

Бәрі де өтер,
Уақыттың біздер жүрегі!
Бәрі де бекер,
Не үшін?..
Десем де,
Жадымда күндер түнеді?!.
Осы мезгілдің ішінде жүрсем де,
Бақытқа ажал күледі!..


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here