Күздің  тынық бір кешінде, сол бір сәт есіңе түскенде жымиғаныңды ешкімге көрсетпе. Бұл тек екеумізге тиесілі, Құдайға ғана мәлім құпиямыз. Арманға толы, әр сөзі қолмен жазылып, жүрекке таңбадай басылған, хаттардан құралған әлемімізде тек біз ғана қалайық. Қай әлем туралы айтып отырмын? Отқа оранып, күлге айналғалы қашан, бәрінің. Ол жақта бұрынғы «біз» бармыз, оның өзі күмәнді. Соңғы сөйлемді аяқтамастан, соңғы хатымды жыртып кеткен өзім емес пе? Саған бақыт тілеген де мен. Сен үшін бақытты екенімді де айтқан өзім. Сені ғана сүйетінімді, осы ширек ғасыр өмірімде сенен басқа ешкімді сүймегенімді, бәлкім сүйе алмайтынымды айтпаған өзім болатынмын…

Өкінішке орын жоқ. Махаббат, тағдыр деген нәрселер кейде параллель өмір сүре береді. Мүмкін сен оны сүйіп те қалған шығарсың. Сүймесең де адам ретінде жақсы көруге міндеттісің ғой. Оғанда орын жоқ мұнда…

Дәл бір жыл бұрын өзіңді тауып, жаның тыныш болсын деген хатыңды оқығаннан кейін ештеңе өзгерген жоқ. Өлген соң да бұл жанның тыншымайтынын білесің. Қала  көшелерін жалғыз кезіп, қарауытқан кафеде жалғыз кофе ішетін қыз бар кезде қолымнан келмейтін іс жоқтай көрінетін маған. Сол кезде жаным да тыныш еді. Кешір. Айтқан өтінішіңнің біреуін де орындамадым. Орындаларына да сенбеймін.

Дәл бір жыл бұрын соңғы хатыңды оқыған соң мен тіпті бірдеңе ойлауға да қауқарсыз болдым. Санамда тек ысқырған жел, жан дүнием түнімен ішілген шараптың шөлмегіндей қаңырап қалды. Менің бар білгенім, Құдайдан қызғанып сақтаған жан сырым тек өзіңмен байланысты екенін сонда білдім.

Дәл бір жыл бұрын сенің соңғы хатың келді. Күздің лебі сезіліп, кештер салқындай бастаған кез. Күздің әр күні сол 2016 жылдың, 26 қазанына ұқсайды. Менің жалғыз арманым – күз. Сол мезгілде өмір сүріп, сол кезде өмірімді аяқтасам арманым жоқ. Күздің сұрғылт көшесінде кетіп бара жатқанда, қолтығымнан демеп, сен қасымда жүргендей сезіледі. Күз сенің екінші бейнең. Сағыныш сенің екінші есімің…

Көп нүктелер тым көбейіп кетті. Бұрынғы хаттарымда саған тіпті «сау бол» деп те жазбайтынмын. Ақыры қорқынышты түсім өңіме айналды. Енді «қош» десем де сен қол бұлғамайсың, қиылып қарамайсың да. Ешқашан.

Ешқашан. Енді бұл сөзді өзім  ғана қолданамын. Ешқашан «біз» деген ұғым болмайды. Ешқашан ештеңе де бұрынғыдай болмайды. Ең сорақысы… мен сені ұмытпаймын… ешқашан

Саған арналған хаттар, 2018. Алматы


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here