Сөз зергері

            Қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі, көркемсөз зергері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов жайлы сөз қозғамас бұрын  әңгімені әріден қозғауды  жөн көріп отырмын.

          Тұнық бастауын «Қыз Жібек»  , «Ер Тарғын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қобыланды батыр», «Көрғұлы», «Сал-сал» ,«Зарқұм», «Шәкір-Шәкірат» сынды  інжу-маржан жырларды тыңдай отырып  бойына дарытқан Ғабең бала кезінен өнер-білімге құштар, зерек болып өсті.

          Табиғаты сұлу Қызылжар өңіріндегі Жамбыл ауданына қарасты «Жаңажол»  аулында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген болашақ жазушы  бала кезінде ауыл молдасынан дәріс алады. Ғабит Мүсірепов өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» Ботбай деген ағасын жылы еске алады. Ботбай қобызшы, домбырашы, әнші, аңшы, бір сөзбен айтқанда серілеу адам болған екен. Ботбайдың ән-жырға құмарлығы, қисса-дастандарды жатқа айтатындығы жас баланың көкірегін оятып, сыршыл суреткер ретінде қалыптасуына ерекше әсер етеді.

          Кейін Қостанай уезінің  Обаған болысындағы екі сыныпты  мектепте сол  өңірге белгілі ұстаз әрі ақын Бекет Өтетілеуовтен дәріс алып, әдеби шығармаларды сүйіп оқиды. Бекет бір жетіге «Шахмаран» қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде жатқа айтып беруін өтінеді. Ұлағатты ұстаз баланың бойындағы  жылт еткен ұшқынды байқап, осылайша әдебиетке баули береді.

          Осыдан соң Пресногорьковтегі жоғары  бастауыш училищеге түсіп, жеті сыныптық білім алады. 

          1923 жылы  Ғабит Махмұтұлы  Орынбор қаласындағы жұмысшы факультетіне оқуға түсіп, орыс және әлем әдебиетінің жауҺарларын,  ұлттық саз өнерінің үлгілерін құмарта оқиды. Жазушы «Автобиографиялық әңгімесінде» былай дейді: «Мен орыс классиктерін рабфакта жүргенде ұғынып шықтым. Әсіресе Горький, Гоголь, Чехов сынды жазушылардың бағыты ойыма қона беруші еді. Рабфакты бітірген соң  жазу талабы мені де оята бастады» деп еді.

          Ғабит Махмұтұлының тікелей әдебиетпен шұғылдануына тікелей ықпал еткен адам – өз жерлесі сәбит Мұқанов еді. Өмірде де, әдебиет әлемінде де үзеңгілес болған алыптар тобының көрнекті тұлғалары өмір бойы достық, туыстық қарым-қатынаста болды. Сәбең Ғабеңе  «жазуға кіріс» деп әрджайым мазалайтын. Ал осы жазушылық жолына түсуіне алғашқылардың бірі болып ықпал еткен  Бейімбет Майлинның ықпалы ерекше еді.

          1926 жылы  Ғабит Мүсірепов Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқыды. Ал 1928-1938 жылдары баспасөз саласында әртүрлі жауапты орындарда қызмет етті.

          1938-1955 жылдары бірыңғай әдебиетпен айналысты.

          1956-1966 жылдары «Ара-Шмель» сатиралық журналының Бас редакторы,  Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарып, 1966 жылдан бастап тек жазумен айналысты.

          Қаламгердің қаламынан шыққан «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Ақансері-Ақтоқты», «Амангелді» пьесаларымен  «Қазақ солдаты», екі томдық  «Оянған өлке», «Ұлпан», «Жат қолында» романдары, «Кездеспей кеткен бейне» поэмасы  келер ұрпаққа рухани азық екені сөзсіз.Осы орайда Ғабит Мүсіреповтың  көркем әдебиетке берген бағасы жайлы не айтқанын ортаға салсақ деймін.

          Қадірлі қаламдастар! Қай халықтың болсын көркем әдебиеті мен көркем өнерін тексерсеңіз де, қай заманда болса да  сол халықтң қадір-қасиетін, сырын ашып, рухани бейнесін жасағанын көреміз. Дүниежүзілік толқыныстарға, аумалы-ауыспалы өзгерістерге  бұрын сол халық қандай  дәрежеде қатынаса алған, қазір қандай еңбегімен ортақ саналады, осындай әлеуметтік оқиғалардың іздері көбінесе толығырақ әдебиетте қалмақ. Бұрын Абайы, Шоқаны, Ыбырай, Махамбеті болса  бүгін  Абайы, Шоқаны, Ыбырай,Махамбеттері барларын көркем әдебиет пен көркем өнер көрсете алады. Әсіресе көркем әдебиет өз халқының рухани аттестациясы саналады.  Жазушылар одағы ғылым ордаларымен тең дәрежеде ұстап, ғылым негізінде материалдық өндірістің әрекетінде болса, ақын-жазушылардың еңбектері сана-сезім, жан-жүрек толғаныстарымен кіндігі бір адам рухының салқын самалы, жылы жаңбыры, шуақ күні…

          Әдебиеттің рухани маңызын осылайша жеткізе білген  қаламгердің отызыншы жылдары алғаш баспасөз беттерінде жарияланған «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Алғашқы адымдар» сынды әңгімелері  сол замандағы әлеуметтік тартыс, еңбекші халықтың сана-сезімінің өзгеруін байқатады. Ал Ғабит Мүсіреповтың азаматтық және қаламгерлік қасиетін айқындай түсетін  «Талпақ танау» мен «Шұғыла» әңгімелері  сол кездегі айтулы  шығармалардың қатарынан орын алған тың дүниелер.

          1934 жылы халықтық жырдың негізінде әуелі музыкалық драма деген атпен туып, кейін опера либереттосына айналған  «Қыз Жібек» пьесасы  сауықшыл елді дүр сілкіндіріп тастаған соны жаңалығымен ерекше еді. Осы жайлы Қазақ радиосының алтын қорында сақталған Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітовтың естелігіне кезек берсек:

          Бір күні Темірбек Жүргенов мені шақырып алды.

          -Әй, бала, осы «қыз Жібекті» неге қоймаймыз?  «Қыз Жібекті» білмейтін қазақ жоқ, қазақ та, қырғыз да, түрікмен де біледі. Осыны жаздырайық. Кімге жаздырамыз?  Осы Ғабитке жаздырсақ қайтеді?-деп сөйдеді. Сосын хат жазып беріп:

          – Осыны Ғабитке апарып бер, бірер айдың ішінде сөзін жазсын!-деді. Ғабитке алып келдім. Ол:

          – Тым асығыстау ғой, мынауың, бір айдың ішінде қалай жазам? Жарайды, ақылдасармыз, сен де керек боласың,-деді. Мен:

          – Керек болсам келермін,- дедім.

          Сонымен Ғабит жаза бастады, арасында ақылдасып тұрдық. Біріншісін бітіріп берді. Оқып қабылдадық. Енді музыкасын кімге жаздырамыз?-деген мәселе тұрды. Коцыктың композиторлығы онша емес, одан да музыкалық училищеге сабақ беріп жүрген Евгений Брусиловскийге жаздырсақ дұрыс болар, ол Ленинград консерваториясын бітірген, қазақ музыкасымен шұғылданып жүрген адам, соны көрсек қайтеді? -дедім. Темірбек:-  Ендеше, шақырып кел!»- деді. Брусиловскийді алып келдім. Темірбек:

  • Не жазғаның бар?-деді. Брусиловский:
  • Күйлерді нотаға түсіріп жүрмін,-деді.
  • Онда ойнап берші, бір-екеуін,-деді Темірбек.

Брусиловский күйсандықта  «Жігер» деген күйді ойнап берді, сондай ұнады бізге. Тағы да бір-екі күйді ойнап еді;

  • Мынауың мықты ғой, музыкасын жазуды осыған берейік,-деді.
  • Қазақтың атақты «Қыз Жібек» пьесасын операға айналдырғымыз келеді, соған қалайсың?-деп Жүргенов сұрап еді:
  • Жәрдем берсеңдер қолға алайық,-деді.
  • Қандай жәрдем керек?
  • Маған Қанабек, Құрманбек, Жұмат керек, осылар музыканы таңдауға мүмкіндік берсе жазайын,-деді.

           Сонымен Жүргенов бәрімізді жинап алып Қыз Жібек қандай ән айту керек, Төлеген, Шеге, Бекежан  қандай ән айту керек? Сендер Затаевич жинаған халықтың 1500 әні бар, соның ішінен таңдаңдар!-деді. Сонымен бір айда негізгі желісін құрдық…

                    Ғабит Мүсірепов шығармаларындағы фольклор жазушының көркемдік әлемінің біртұтас жүйесі. Өз халқының тарихы мен фольклорын жақсы білетін  суреткер халық шығармашылығының бай поэтикалық ауқымынан бөліне алмаған. Жазушы «Кездеспей кеткен бейне» поэмасын қара сөзбен жазды. Бұл әдіспен кезінде Жүсіпбек Аймауытов та шығармаларын мөлдірете жаза білген еді.

                    Ғабең асқан новеллист, әңгіме жанрының теңдесі жоқ шебері, сұңғыла суреткер,  роман-эпопеяның авторы, тұңғыш киносценарист, терең эстет. Осы орайда академик Мырзатай Жолдасбековтың  жазушы еңбегін талдай отырып айтқан нағыз бағасын білсек:

                    Ғабең ол өзін де, өзгені де қайталамаған жазушы. Әрбір шығармасы әдебиетіміздің асу-асу белдерін, шоқтықты кезеңдерін айқындап отырған жазушы. Мүсіреповтың қай туындысы да қазақ әдебиетінің  мерейін асқақтатып, мәртебесін ылғи көтеріп отырды. Ғабит Мүсіреповтың азаматтық бейнесі де  сан ұрпаққа үлгі боларлық тұлға еді. Шығармаларындағы  кіршіксіз тазалық  ол кісінің өз бойына да тән болатын. Сонау бір ел ағасыз, тон жағасыз қалып жатқан зар заманда да Мүсірепов арын аттамаған, ұлттың тағдыры, ұлттың намысы үшін басын бәйгеге тіккен азамат екенін жұртшылық жақсы біледі. Осының бәрін оймен таразылаған сәтте Мүсірепов тұлғасының одан сайын сомдала, күрделене түсетінін аңғарамыз. Соңғы кезде алыптар тобы деген тіркесті жиі-жиі қолданып жүрміз. Осы тіркесті алғаш рет қолданған әрі ойлап тапқан Ғабит Мүсірепов екенін  екінің бірі біле бермейді-ау деп ойлаймын.  Ғабең ол кезде алыптар тобына Сәкен мен Бейімбетті, Ілияс пен Мұхтарды, Сәбитті қосқан болатын. Ал кейінгі жылдары бұл тізімге Жүсіпбек, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Ахмет секілді аяулы ағаларымыз келіп қосылды. Сөз жоқ осынау алыптардың бел ортасында Ғабеңнің өзі тұр. Әрі сол топтағы Ғабеңнің орны халыққа да, елге де ерекше.Шоқтығы биігі, сәулесі жарығы деп білеміз. Заманынан озып туған Ғабит Мүсірепов қазақтың қара сөзінен мәңгі өлмейтін ескерткіш орнатып кетті. Сондықтан да ол бүкіл әлемдегі цивилизацияны көркейтуші ретінде туған халқымен мәңгі жасай бермек…

                    Ғабит әділет үшін күрес білді. Ел басына күн туып, етігімен су кешіп, жазықсыз жапа шеккен 32-інші жылдың қилы заманында бес азаматтың атынан қылышы қан тамған жоғары орынға ақберен болып хат жазған, ел үшін еңіреген азамат –Ғабит Мүсірепов еді.  Қаламдас ағасы Бейімбет Майлинге жазықсыз жала жабылғанда да қатерге басын тігіп «Биағаң халық жауы болса мен де жауымын» деп  адам таңғаларлық қайсарлық көрсеткен Ғабең болатын.

                    Ғабит Мүсірепов ақиқатты бетке айтып, әділетсіздікке қарсы шыққан, азаматтық қалпынан айнымаған аса әділ жан болған.

          Кешегі Биағаңдар мен Сәкендерді еске ала отырып  сөз қозғаған Сафуан Шәймерденовтың алтын қорымызда сақталған мына үнінде өкініш басым тәрізді:

                    Егер Бейімбет тірі болса  қандай дүниелерді қалдырған болар еді деп ойлар едім. Өйткені Бейімбет қырық төрт жасында дүниеден өтіп кеткен.

          Сәкен Сейфуллин  тірі болса  қандай дүниелерді қалдырған болар еді? Кешегі Жүсіпбек аймауытов, Мағжан Жұмабаев сол қырыққа жетер-жетпесте  дүниеден өтіп кетті. Өкініштісі, сол ұлы адамдар өз жасын жасаса одан да керемет құнды дүниелер қалдырған болар еді.

            Ғабең деген бақытты адам болған. Бақыттылығы  бойындағы бүкіл дарыны, жазам дегенін сарқып жазып, халқына қалдырып кетті. Ал ол кісінің бақытсыздығын айтайын, сонау отызыншы жылдан бастап өкіметтің де, басқаның да тепкісін көрген адам. Әділдікті жақтаған, аясатқа мойын бұра бермеген. Отызыншы жылы «Бесеудің хаты» үшін айдалып Обаған ауданына келіп алты ай жатып «Шұғыла» деген повесін жазып кеткен…

                    Ағынға қарсы  жүзіп, шындық үшін шырқыраған Ғабең  ешкімге бас имеген, өз мақсаты, алған бағытымен қарапайымдылықтан еш танбаған адам.

                    Ғабит Мүсіреповтың өн бойындағы асыл қасиеттерінің бірі – ән –жырға әуестігі десек, серілер салған соқпақ жол оған жат емес-тін. Ғабеңнің шығармаларының бастауы қайдан?-деген сұраққа Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев былай деген екен:

          Менің айтайын дегенім кешегі Қанафия –Сегізсері, кешегі Біржан, кешегі Ақан – солар бастаған сал-серілердің көшінің  ең соңғы түйесін жетектеп кеткен сері мен сал сол –Ғабең. Ғабеңді бойына қаоап емес, ойына қарап өлшеу керек еді.  Ғабеңді түріне қарап емес, ақылына қарап білу керек еді. Ғабең көп сөйлемейтін еді, көп айтпайтын еді, айналып кетейін деп үзілмейтін еді. Не болмаса әй кәпір деп тарылмайтын еді. Орташа, қоңыр жүріп пайғамбар көрінетін еді.                             Бірауыз айтқан ақылымен, бірауыз көрсеткен өнерімен Ғабит бәрімізден асып туған пенде. Ол солай боп туған тұлға, солай болып жаратылып, солай боп кетті. Рухы халқымен бірге қалды. Ұлы жазушы ретінде, ұлы ғалым ретінде. Ал енді шынтуайтқа келгенде қазақтың өмірбақи таусылмайтын, сарқылмайтын ұлы көшінің басында кетіп бара жатқан ұлы тұлғалардың бірі Ғабит дегім келеді… 

                    Еркеғали Рахмадиев көп жыл Ғабеңмен сырлас, дос  болған жан. Жазушының қарапайым болмысын, тұлға ретіндегі қалыптасқандағы ешкімге ұқсамайтын мінез ерекшелігін баса айтқан  өнер иесінің сөзінің жаны бар. Әркез бірқалыптылықтан айнымайтын  байсалды да сырбаз жанның көкірегі толған жауҺар сөз еді-ау…

                    Ана тақырыбына ерекше мән беріп, Максим Горькийдің ізімен Ғабең бұл тақырыпқа да көбірек тоқталып, қазақ әйелінің қайсарлығы мен өршіл мінезін, өміршең тірлігін шығармаға арқау еткен. «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашашысы», «Ер ана», «Ақлима» шығармалары  ананың балаға деген махаббатына негізделген. Бұл тақырып кейінірек «Ұлпан» романында кеңірек, көсіле жазылды. Ана тақырыбының қадір-қасиетін ашты. Жазушының ана тақырыбының жиынтығы ретінде «Ұлпан» романы өмірге келді. Бұл шығарма тарихи, ел шежіресінің мазмұнында жазылған құнды дүние.  Ұлпанның ақылгөй болуы дана әйелдерге ғана тән қасиет. Жазушының сомдаған Ұлпан бейнесі  ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы қоғам қайраткері. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тарихы, жер дауы, жесір дауы деген толып жатқан оқиғалар, әдет-ғұрыптар толық қамтылады.

          Жазушы Ғабит Мүсіреповтың  «Оянған өлке», «Жат қолында» романдары  Қарағанды көмір өндірісі желісінде зерттеліп жазылған тарихи дүниелер десек, қара сөзбен жазылған «Жапон балладасы» адамзат тарихында тұңғыш қолданған атом бомбасының зардабы жайлы сыр шертеді.

                    Ұлы Отан соғысының жеңісі кезінде дүниеге келген «Қазақ солдаты» романы өзінің көркемдік деңгейімен, тарихи маңызымен оқырмандарын тарта білді.

          Жазушының публицистикалық, әдеби-сын сипатындағы  «Суреткер парызы», «Заман мен әдебиет» атты жинақтары  жас жазушыларға таптырмайтын құрал.

                    Алыстаған сайын асылға айналған заңғар жазушының  адами болмысы, қайраткерлік қасиеті, қаламы шыңдалған сөз шеберлігі, өнер мен әдебиетке, кино мен драматургия саласына қосқан өлшеусіз мол. Асқан парасат пен адамгершілік иесі Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Социалистік Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің көрнекті жазушысы, Қазақ Ұлттық Академиясының академигі  Ғабит Мүсіреповтың  қалдырған мол мұрасы ұлтымыздың баға жетпес байлығы деп білемін.   

                    Кеңестер одағы және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі аяулы әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жазушы болып қалыптасуына аса қамқорлық жасаған ағаларының бірі әрі бірегейі Ғабит Мүсірепов еді. Маған жазу-сызуға бағыт-бағдар беріп, әлі күнде рухымен қолдап жүрген осы ағамыз. Мен осы  мақалаға қосып, Ғабеңмен бірге түскен суретімді ұсынып отырмын.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ҚР Мәдениет қайраткері

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Қазақ радиосының ардагері          Алтын Иманбаева  

 

                                                                                                                         


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here