БӘКЕҢ МЕН ШӘКЕҢ

 

Бәкең бір құшақ буды үйге ертіп ала кірді. Шәкең етпеттеп газет оқып жатқан.

– Бәрекелді, жақсы келдің! – деп, басын көтеріп алды.

Екі қарт таңертең суат басында кездесіп, біраз жерге барысып қайтқан. Сөйте тұра, бір жыл көріспегендей шұрқыраса кетті. Шәкең төр алдына көрпе тастатып еді. Бәкең кебісін шешпей төменірек отырды да мұжық саусақтарымен насыбайды шымшып алып, тілінің астына тастап жіберді. Шәкең де сөйтті. Кішкене бурыл сақалын сипай күлімсіреген Шәкең сөз бастады.

-Кеше өзіміз Отан соғысында жаумен шайқасқанда, – деді ол. (Осылай деу сөзінің шарты) – бірнеше күн ұйқы көрмей әбден қажыған кездеріміз болды. Келе жатып көзіміз ілініп кетсе ауыл түсімізге кіреді. Оянсаң, көңілденіп, қайраттана түсесің. Аяғыңды нық тастап, алға ұмтыласың.

Бірде қалғып кетіп, қараңғыда саптан қалып қойсам керек, біреу жағама жармаса түскені. Қарасам, теке сасыған фашист екен, айқаса кеттік. Бірде ол, бірде мен дендеймін. Итжығысқа түсіп, бірде мен, бірде ол аударып тастайды. Тірлік қымбат оған да, маған да. Әбден қалжыраған кезімде бар қайратымды жұмсап: уа, қасиетті Соналым, сен үшін! — деген кезімде, Қобыландының күші бітті ме деймін, фашисті алқымынан бір-ақ сықтым.

– Садағаң кетейін, Соналы, – деді,

Бәкең қызыл көздері жасаурап. -Қасиетіңе шек келтірмеймін. Калинин майданында жүргенде мен де ылғи аңсаумен болдым. Жау шабуыл жасап келеді. Беті қатты. Окоп қазып алып, бауырымызды төсеп, атқылап жатырмыз. Жер барда, біз мықтымыз. Фашистерді баудай түсіріп, беттетпей қойдық. Бір кезде алыстан соғатын зеңбіректің ауыр снаряды ысқырып келе жатты. Мұндайда тыңдай қаласың. Қай тұсқа түсетінін шамалайсың. Байқаймын, қақ төбемізде. Жерге жабыса түстім. Айтқандай, снаряд қақ жанымнан гүрс етті. Мені аспанға ұшырып жіберді, үйдің шатырындай көтерілдім-ау деймін. Есім дұрыс сияқты. Қол-аяқтарымды қозғадым, сап-сау. Бірақ менде күш қалмапты. Құлашымды жазып дереу жерге ұмтылдым. Жерге бауырым тиген соң, қаһарға міндім де жауды отай бастадым. Пулеметтің оқпаны қып-қызыл болып балқып кетті. Толассыз атқылап жатырмын.

Бір кезде «Максим» мелшиді де қалды. Оқ бітіпті.

Оқ! – деп айқайлап едім, ешкім үн қатпады. Фашистер граната лақтырды. Қағып алып, өзіне жібердім. Сөйтіп, өз гранатасымен жаудың өзін жайпап салдым. Туған жерге бауырымды төсеп мықты жатырмын. Ондайда саған өлім жоқ.

Бәкеңнің әңгімесі Шәкеңді де қатты толқытты:

-Шіркін, туған жердің несін айтасың! — деді құшырлана.

Авторы- Зейнел-Ғаби Иманбаев

«Балдырған» журналы, №8, 1973 жыл.


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here