ЕРКЕБАЙ ТРАКТ0РШЫ

Еркебай сырма шапанын киіп, белін буды, жақында ғана тіккізген кішкене былғары етігін аяғына киді. Құлақшынының бауын жоғары көтеріп байлап алды. Ол енді өз әкесіне көбірек ұқсап кетті. Осынша жылы киімдерді тек әкесіне ұқсай түсу үшін ғана киген еді. Ондайда кәрі әжесі:

-Еркебай әкесінен аумайды, ол киімдерін әкесінше киіп жүреді,—деп қуанып қалады.

-Несі бар, киімдерімді киіп жүремін, мен әкем сияқтымын,— деп ол ойыншық тракторының кішкене орындығына отырып алып қопаңдап қойды.

Бұл тракторды Рысжан ұстаның көмегімен қаңылтыр қорапшадан өзі жасап, шестернядан доңғалақ орнатқан, түтін шығатын кішкене мұржасы бар.

 Еркебай тракторын итеріп тысқа шықты, шеті ирек-ирек доңғалақтары айналған сайын қаңылтырға тиіп тыр-тыр етеді. Тракторы кешегіден бүгін қызық болып көрінді. Әкесінің тракторындай дырылдайды, жеңіл жүреді. Бір айырмасы — өз бе­тімен емес, итермелесе ғана жүреді.

Еркебай тракторын сүйреп ауыл шетіндегі дөңеске шығып аз қарап тұрды. Күн көзі тас төбеде. Жаңа көктей бастаған жазықта сағым ойнайды. Сол тұста тракторлар жер жыртып жүр. Оны жүргізіп жүрген Еркебайдық әкесі.

Еркебайдың алдында да сонау көгілдір бұлаққа қарай көлбеген ылди бар. Өткен қыс осы жерде шанамен сырғанақ тепкенін есіне алды.Еркебай байқаусызда тракторын аяғымен қозғап қалғанда төмен қарай зырлай жөнелді. Дырылдап барады, жеткізер емес. Сасқалақтаған Еркебай артынан зорға жетіп асыла кетті. Сол кеткеннен ұшыртып отырып, ойдағы бұлақтың ернеуіне барып бір-ақ тоқтады.

— Алақай, қызық болды,— деп айқайлап жіберді. Ол енді тракторды жетектеп тағы дөңге көтерілді, тағы дырылдатып тө­мен қарай жүгіртті. Енді өзін нағыз тракторшыдай сезінді. Қішкене тұтқаларды кезек жұлқып оңға-солға бұрды, артқа қарап қойды. Қырлы доңғалақтың іздері түсіп қалып жатыр. Еркебай жер жыртып жүр, әкесіндей тракторшы жігіт болып шықты. Жүгіріп қаспақ мұрын Қалқабай келді. Ол бұдан бір жасы кіші, бесте болатын. Күліп қуанып тұр, қызығып тұр. Басқа балалар да келіп тамашалай қарасты.

Еркебай тракторына отырып Қалқабайды жанына шақырды:

-Кел, сен тіркеуші боласың, мен тракторшымын.

Қалқабай мұрынын жеңімен сүртіп тартынып еді, жанындағы балалар итермелеп зорға көндірді. Қалқабайды артына мінгестіріп, төмен қарай құлдырай жөнелді. Қалқабай алғаш қорықса да үйреніп алды. Енді жүре бергісі келді. Балалардың барлығы да «тіркеуші» болып төмен қарай құлдырауға құмартты.

-Еркебай, біз де тіркеуші боламыз, біз де! — деп шуласты олар. «Балдырған» журналы №7, 1960 жыл


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here