ШЕБЕРБЕКТІҢ ШЕБЕР ҚОЛЫ

                             Авторы-Зейнел-Ғаби Иманбаев

Жаңа жыл кеші. Шыршаны айнала балалар ән салып, би билеп жүр. 

-Аяз ата келді! — деді бір бала аптығып. Сақалы аппақ қардай, денесі аяз құрсанған, мұрны қып-қызыл Аяз ата кірді.

-Сендер ескі жылда жақсы оқып, үлгілі, тәртіпті болған екенсіңдер, -деді ол балаларға. – Көп-көп рақымет! Енді аталарыңның сыйлықтарын алыңдар!

Осыны айтып, Аяз ата қыраулы қоржынына қол салды.

-Мынау ерекше сыйлық; ең ұқыпты, ең зерек, ең тәртіпті оқушыға! Үздік оқыған қайсысың?

Балалар бір-біріне қарады.

-Мынау Шебербек үздік оқушы, суретті де жақсы сала алады, – деп, шу ете түсті сәлден соң.

-Бәрекелде, маған сондай бала керек. Міне, саған ерекше сыйлық. Бұл сурет салатын кәдімгі майлы бояу. Бояу болғанда қасиетті бояу, — деп, Аяз ата бір қалбырды Шебербектің қолына ұстатты. — Мұнымен салған суретің бейне кәдімгідей қажетке жарайтын дүние болып шығады. Мысалы, машинаның суретін салсаң, мінесің де, жүргізіп кете барасың. Үй салсаң, ішіне кіріп, жайғаса бер.

-Керемет! Тамаша! Ата, бізге де беріңізші! — деп шуласты балалар.

-Әлгінде келістік қой. Бір ғана балаға, — деді Аяз ата.

Үйіне келісімен Шебербек отыра қалып, асығыс сурет сала бастады. Алдымен әкесіне жеңіл машина, өзіне деп жүрдек шана жасады. Мамасына шешек атқан раушан гүлін, інісіне үш доңғалақты вело­сипед, биік үйлер, сәулетті мектептер су­реті қағаз бетіне сызыла берді. Сурет қызығымен отырып, түннің қалай өтіп кеткенін де аңғармапты. Бір дәптер толыпты. Бірақ суреттерінің бәрі нашар. Машинаның доңғалақтары сопақ, қиқы-жиқы. Гүлдер қурап тұр. Велосипед тұтқасыз, тепкіншексіз, үйлері қисық.

Шебербек оған қынжылмады. Суреттерді үсті-үстіне сала берді.

Келер жаңа жылда Аяз атаға алып келді. Аяз ата суреттерді көріп:

-Ой-бо-ой, балам-ау, суреттерді қалай олақ салғансың?! — деді қынжылып.

-Атай, мен қасиетті бояумен салдым ғой, жаман болуға тиісті емес, — деді бала.

-Жоқ, бала, мұның жарамапты. Енді мына жәй бояуды ал, — деді Аяз ата.

Шебербек сурет салуға қайта кірісті. Айлар бойы, жылдар бойы салумен болды. Сөйтіп жүріп, бала ержетті. Одан қартайды. Бірақ, салған суреттері мәңгі жас, мәңгі тірі қалпында қалды. Кейін көрмеге қойылған суреттері жұрттың бәрін қызықтырды. Үйлердің, мектептердің төрінде ілулі. Шебербектің суреті бойынша жақсы үйлер, мектептер, сәнді сарайлар тұр- ғызылды.

Сөйтіп, адамға керегі қасиетті бояу емес, іскер қол мен талмас талап екен.

Суретін салған А. ОСТРОВСКИЙ

«Балдырған» журналы №1,1971жыл.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here