Бақриденов Кәрім Қазақ Радиосының Ардагері

Ол 1975 жылы КазМУ- дың Журналистика факультетін бітірісімен Гурьев Облтелерадиокомитетінде Редактор болып төрт жыл жұмыс жасаған. 1979 жылдың сәуір айынан 1999 жылдың мамыр айына дейін Қазақ Радиосының Атырау облысындағы меншікті тілші болып жұмыс жасады. Қазақ Радиосында жұмыс жасаған жылдары Атырау облысының барлық тыныс тіршілігін яғни экономикасы мен өндірісін, мұнайы мен геология саласын, балық өнеркәсібі мен құрылыс, ауыл шаруашылығы мен мұнай айыру және химия саласы мен әлеуметтік, мәдени өмірін тіпті партия, совет құрлысы, кәсіподақ, комсомол, пионер, мектеп, бала бақша барлық-барлық саланы үнемі жазып, яғни эфир арқылы Атыраудың бар тыныс-тіршілігін Қазақстанның шартарабына жедел де жан-жақты бір өзі таратып отырды. Бір өзі деуіміздің сыры- өзге облыстарда екіден, үштен яғни орыс, қазақ, неміс, кәріс, ұйғыр т.б тілшілері болса, Атырауда К.Бақриденов бір өзі 20 жыл бойы екі тілде жазып үлгеріп тұрды. Сөйте тұра өзі тілші, өзі жүргізуші, өзі монтаждаушы-оператор жұмыстарын да жетік меңгеріп, бір өзі мінсіз атқарып отырды.

Әсіресе оның жарқыраған жаңалықтарымен Қазақ Радиосының тыңдармандарына ерекше көрінген сәті, бұл Атырау облысында жаңа алып мұнай кен орны “Теңіз кеніші” ашыла бастаған кезі еді, ол сол жылдары Қазақ Радиосына күн сайын, тіпті күніне бірнеше рет хабар беріп, осы кеніштің тыныс-тіршілігін жатпай-тұрмай жазды. Қазақ Радиосының барлық бөлімдерінің яғни өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, партия, совет құрылысы, комсомол, музыка, әдебиет пен мәдениет, спорт, мектеп, бала бақша бөлімдерінен, «Ұшқын», «Ауыл өмірі», «Шалқар» және «Соңғы хабар» редакцияларынан бөлек-бөлек, үсті-үстіне беріліп жататын арнайы тапсырмаларды түгелдей дерлік әртүрлі жанрдағы материалдармен беріп, олардың барлық талабына сай екі тілде жедел хабар ұйымдастырып үлгеріп тұрды. Қазақ Радиосы тәулік бойы сөйлейтіндіктен ол жұмысты мінсіз атқару оңай шаруа емес-ті.

Оның Қазақ Радиосына жолдаған материалдары өзінің өзектілігі және өткір сындарымен, жеделдігімен әркез ерекшеленетін, сондықтан да ол жіберген хабарлар редакцияларда жатып қалмайтын. Облысқа аяқ басқан әрбір Одақтық және Республикалық Министрлердің барлығы да оның микрафоны алдында Қазақ Радиосына сұхбат беретін. Кезінде ол Д. Қонаев пен Б. Әшімовтың, онан соң Атырау облысына әрбір барған сайын, Ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың үнемі жанында жүріп, Қазақ Радиосының тапсырмасымен арнайы материал жазған, осылайша ол Президент Н.Ә. Назарбаев 1991-1999 жылдары Атырауға бірнеше рет барғанда, үнемі қасында жүріп, Елбасынан 7 рет жеке сұхбат алып, эфирден жариялады. Оның бұл хабарларын Қазақ Радиосының басшылары кезінде арнайы атап айтқан да болатын.

Карим Бақриденов Қазақ Радиосының сол кездегі ұжымы мен басшылары тарапынан улкен бедел мен сенімге ие болды. 1985 жылы Қазақ Радиосының Құрмет Грамотасымен марапатталды. 1986 жылы жемісті еңбегі үшін ЦК КПСС-тің Мәскеудегі демалыс үйіне тегін жолдамасын сыйға алды. 1998 жылы Атырау облысы Әкімінің Құрмет Грамотасын алса, 2001 жылы облыста алғашқылардың бірі болып ҚР Президенті Н. Назарбаевтың “Алғыс хаты” және “Алтын Ел таңба”төсбелгісімен марапатталды. 2011 жылы “ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл” мерекелік медалін кеудесіне тақты.

1999-2007 жылдары ол облыстың басты өндірісі саналатын Балық, Мұнай, Геология, «ОблТрансГаз» мекемелерінде прессекретарь, аудармашы, кадр бөлімдерінде жұмыс жасады. Ал 2007-2010 жылдары Облыстық Әкімшіліктің Төтенше жағдайлар Басқармасында кадр бөлімін басқарды. Ал 2010-2017 жылдары республикалық «Қазақстан-Заман», «Сақшы»газеттерінің Атыраудағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.

Қазір ол Құрметті еңбек демалысында болса да Облыстық ауруханасында тіл маманы болып еңбек етуде. Жұбайы журналист Майра Жикебаева екеуі 5 бала 15 немере-жиен, 1 шөбере тәрбиелеп өсіріп отырған ұлағатты отбасы. 2018 жылы Карим Бақриденовтың отбасы әуелі қалалық сайыста, сосын Облыстық «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсында Жеңімпаз атанып, Бас жүлдені жеңіп алды сөйтіп Республикалық байқауға жолдама алды. 2018 жылы Облыс журналистерінің арасындағы беделі ескеріліп ол «Қазақ журналистикасының қайраткері» төс белгісімен, ал 2019 жылы Облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру жұмысына белсенді қатысқаны үшін, Республикалық Ардагерлер ұйымы оны «Құрмет Белгісі» медалімен марапаттады.

                                      Теңіз төріндегі бір суреттің сыры

       Қазақ радиосының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып 20 жыл жұмыс жасаған екенмін. Бұл 1979-1999 жылдар аралығы еді. Сол жылдар ішінде Қазақ Радиосының беделі арқасында, Атырау өңіріне арнайы ат басын тіреген талай құрметті де жайсаң жандардың жанында болып, еліміздің, жеріміздің эканомикасымен танысу мақсатында, олар облысымызды аралағанда үнемі қастарында жүріп, қандайма болмасын жылт еткен жаңалықты жеделдете жазып, жолдап, сол сәтінде республика эфиріне жария еткенім елдің көңілінен шығып, көпке мәлім болып жататын. Әр келген қонақтың не мақсатпен келгенін, ал аттанар алдында, олардың аяулы Атырауымда болған уақытындағы қалыптасқан өз ойларын білгім келіп, айтар аз ғана болса да ой-пікірлерін жазып алып қалуға тырысып, бір-ер минөт уақыттарын бөлуін сұрай жүріп, Қазақ Радиосының микрафонын ұсынып, өлкеміз жайында айтқан ақжарма сөздерін үнемі таспаға түсіріп алып қалатынмын.

      Сол жылдары күн санап өркендеп, өсіп, жедел дамып жатқан Атырау эканомикасы мен өнеркәсібіне, құрылысы мен ауылшаруашылығына, әлеуметтік және мәдени саласына қол ұшын беріп, облысымызға келу сапарлары арқылы көп мәселелерді шешіп, өлкеміздің өркендеуіне елеулі үлестерін қосқан құрметті жандардың біразымен емен-жарқын жүздесіп, талай-талай сұқбаттасқан толқулы сәттерім тап бүгінгідей әлі де есімде, әсте естен кетпек те емес.

Олардың сапында Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев, Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов, басқа да бірнеше министрлер, СССР Министрлер Кабинетінің Төрағасы Н.Рыжков, СССР Денсаулық сақтау Министрі Д.Чазов, СССР Мұнай Өнеркәсібі Министрі, Геология, Құрылыс, Ауылшаруашылығы және Балық өнеркәсібі министрлері (аты-жөндері есімде сақталмапты) Ұшқыш-космонавтар Леонов, Руковишников, Т.Әубәкіров, Т.Мусабаев Совет Одағының батырлары Т.Бигелдинов, Қ.Смағұлов, Ф.Канцев т.б.  және Қазақстан Республикасының Мәдениет Министрі Е.Рақмадиев, компазиторлар Ғ.Жұбанова, Н.Тлендиев, И.Жақанов, Е.Хасанғалиев Қазақстан Теле Радио Корпорациясының әр кезеңдегі Төрағалары Х.Хасенов, К.Смаилов, Ғ.Шалахметов, Ш.Мұртаза, С.Әшімбаев, Қазақстанның халық жазушылары Ә.Сәрсенбаев, Ә.Нұрпеисов, Ә.Кекілбаев, халық ақындары Х.Ерғалиев, К.Салықов, Қ. Бакқожин, Ф.Оңғарсынова және тағы басқа да көптеген белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері А.Тоқпанов,Ә.Мәмбетов, Ш.Қажығалиев, А.Әшімов, Е.Серкебаев,  Қ.Тастанбеков, М.Өтекешева т.б. бар.

       Ал Республикамыз Тәуелсіздігін алып, аспан көгінде көк байрағын желбіреткен жылдан бастап, Атырауымызға жыл сайын немесе жыл аралатып келіп тұратын, келген сайын Атыраудың сәніне сән, эканомикасына аса жоғары үлес қосатын, алып құрылыстар мен зауыт-фабрикалардың тұсауын кесетін Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен әр келген сайынғы кездесуімнің әсері, әсте естен кетер ме? Ондай кездесулердің әрқайсысын бір әңгіме етіп жазуға тұрарлық. Олай дейтінім,  ондай кездесу сәттерімде мен микрафонымды ұсынып, өзімді Қазақ Радиосының Атыраудағы меншікті тілшісі екенімді, мен арқылы Президент мырзаның осы іс-сапары Республикалық эфирден Еліміздің түкпір-түкпіріне жедел жария болатынын айтсам болды, Президент мырза, еш қарсылықсыз менің микрафоным алдында сөйлеп беретіні жадымда мәңгі сақталып қалды. Кейде өзіме тіпті әзіл айтып, бір өзіне ғана тән әрі жарасып тұратын табиғи күлкісімен, өзім қай жағынан шығып қаламын деп қысылып, жүрексініп тұрғанда, жылы жүзімен жәймен жымыиып, жаныңды жадырата түсетіндігін қалай ұмытарсың?

       Осындай сәттерде ол кісінің соншалықты қарапайымдылығын, жанының жайсаңдығы мен жүрегінің жылуын жанындағы жүздескен жанға, күн сәулесінің шырайындай шапағатын шашып тұратындығын әлденеше рет сезіндім. Әр кездесіп жүздескен сайын соны сезінсімен-ақ, көптен бергі танысымдай еркін сөйлесіп, көкейімдегі көп сұрақтарымды беруге кірісетінмін. Әрине жеке сөйлесіп тұрған сәттерімді бейнелеген дәлелді суреттерім болмаса да, Президенттің әрбір іргелі кәсіпорындарда болғанында ылғый да қасында яғни микрафоным жететін жерге таяп, іс басындағы адамдармен сөйлескенін жазып тұрған суреттерім баршылық. Енді өзім сақтап жүрген осы бір сарғайған суреттің сырын айтуды жөн санадым.

         Бұл сурет 1993 жылдың ақпан айында Теңіз кенішінде түсірілген еді. Таңертең ертемен барып әуежайдан Президентті күтіп, әртүрлі баспасөз ақпарат құралдарының тілшілері жиналып тұрдық. Президент ұшағы қонуға таяғанда біраздан бері сарылып тұрған бізді яғни көп тілшінің тек бірен-саранына ғана Президент ұшағына таяп баруға рұқсат етті. Соның бірі мен болдым. Ұшақ тоқтасымен есігі айқара ашылған сәтте Қазақстанның тұңғыш Президенті әуелі оң қолын көтеріп күтушілерге амандасты да түсуге ыңғайлана бастады. Бұл Ел басшысын жақын келіп алғышқы көруім еді. Ұшақ баспалдағынан түссімен Президент ұшақ баспалдағына таяу қатар түзеп тұрған облыс басшыларымен, құрметті ақсақалдармен емен-жарқын қол беріп амандаса бастады. Соларга таяп тұрған мен, қош келдіңіз айтып, Атырау жеріне келген осы сапарыңыздың мақсаты жайында бір-ер ауыз сөз айтсаңыз- дегелі оқталып, тықыршып тұрған маған да, Президент жалт бұрылып қолын созып амандасты. Күтпеген жай. Алақаным әлде бір аса бағалы ыссы алтынды ұстағандай болып, өнбойыма қызу қан жүгіріп, денем ерекше қуат алғандай болып қызынып жүре берді. Ерекше бір көтеріңкі сезімде қалдым. Әлгі сауалымды қоюға он ойланып, мың толғанып тұрсам да Елбасы тым жақын келіп, алақанымды қысқанда, ештеңе айта алмай қалдым. Ол жерде Президентті тоқтатып, сауал қоюдың өзі мүмкін емес еді. Өйткені Елбасы ұшақ маыңына жете алмай ентелеп тұрған көп тілшіге және басқа көпшілікке қолын көтере амандасып, біреулеріне бас изеп жағалап өте берді.

        Өзін ұшақ жанында күтіп алушылармен амандасып болып, Елбасы әуежай алаңында қолдарына көгілдір жалаушалар ұстап, жиналып тұрған қала жұртшылығына қарай беттеді. Көппен бірге мен де үнтаспамды қосып, Елбасының артынан ере бердім. Президент жиналған жұртшылықпен жайдары да жарқын амандасып, елдің тұрмыс-жағдайын сұрап, жағалай сөйлесіп келеді. Олармен сөйлескендерін артжағында жүріп, ұзаратын микрафонымды созу арқылы жазып келемін. Бір сәт ортаға тоқтап, қазіргі кезеңдегі қиындықтардың барлығы да өтпелі екенін, жақында төл теңгеміз айналымға енгелі жатқанын, соған байланысты енді жағдайдың жақсаратынын, көптен берілмей жатқан айлық ақылар мен зейнетақылардың енді уақтылы берілетінін, Ел дамуына басты серпін беретін осы өңірдегі мұнай өндірісін күрт арттыруға күш салатынын, -осы сапарының басты мақсаты да сол екенін, Шетелге ұзақ мерзімге жалға берілуіне байланысты жағдайы толық шешіле қоймаған Теңіз кеніші туралы да бір-ер сөз айтып, халықпен қоштасты. Осынау әуежай алаңында жиналғандарға айтылған аз ғана әңгіме Қазақ радиосының толқындары арқылы Алматыдан бүкіл Қазақстанға сол сәтінде тарап, сағат 12 00 дегі түскі жаңалықтардың басты арқауы болды. Кешкі жаңалықтарға дейін осы хабар тағы бірнеше рет қайталанып берілді.

         Түстен кейін Атырау әуежайынан екі тікұшақ көтеріліп, сол кездегі атышулы Теңіз кенішіне бет алды. Оның бірінде Президент болса, екіншісінде Алматыдан келген және орталық баспасөз құралдарының Атыраудағы меншікті тілшілері болған едік. Теңіз алаңындағы алып құрылыстың қызыл бұрышында Президентпен болған кездесу үш сағатқа созылды. Көп нәрселердің басы ашылып, Теңіз мұнайы Қазақстан халқының игілігіне жарайтын күннің жақындағаны мәлім болды. Орыс тілінде жүрген жиналыстан орысша хабар бергеннен көрі, Қазақ радиосы арқылы ақжарма жаңалықты жан-жақты желпіне-желдірте жариялауды мақұл көріп, Президент құрылысты аралап өтіп келе жатқанда оңтайлы сәтті пайдаланып, Қазақ радиосына қазақша бір-екі ауыз сөз айтуын өтіндім. Осы жерде Президент сәл бөгеліп, қазақша да орысша да бүгінгі сапарының бар жаңалығын айтып берді. Міне сол сәтте түсірілген осы суретті мен ертесіне Республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен және көптеген өзге облыстардың газеттерінен көріп, қиып алып сақтап қойған едім.

        Бұл күндері Аса құрметті тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне арналған «Тұңғыш Президент күні» алдында, өзім бір кездері Қазақ радиосының Атырау облысындағы меншікті тілшісі болып жұмыс жасап жүрген уақытымда, Елбасының Атырауымызға жеті рет келіп, соның жетеуінде де жанына жақын тұрып сұқбаттасқанымды мақтан тұтамын. Сол сәттерде Президенттің өте қарапайымдылығын, қандай адамның да сөзіне құлақ асатын елгезектігін, асқар таудай биік тұлға болса да әр адамды өзіне тең санайтындығын, аузын ашса көмекейі көрінетін таза ауыл адамына тән қасиеттерінің әлі де бойында сақталып қалғанын өзім көріп, біліп, әбден көз жеткізгенімді айту азаматтық парызым деп санадым. Еліміздің бағы мен бақытына жаралған жанның алдағы уақытта да денсаулығы мықты болып, әлі де ұзақ жылдар жемісті жұмыс жасауына, елімізді бұдан да биіктерге бастап, сау-саламат жүруіне мен  шын көңіліммен тілекшімін. Елбасымен жақын тұрып, 7 рет сұқбат алған тілші-өзге өңірлерде бар-жоғын қайдам, ондай Атыраулық тілші жоқ екенін білемін, мен өзімді сол үшін де бақытты сезініп, өзіме мақтан тұтамын.

       Қазіргі жетпістен асқан шағымда өткен өміріме көз жүгіртсем, барлық саналы өмірім Радиодан сөйлеумен өткен екен. Еңбек жолымды әуелі облыстық радиода редактор болып бастап, онда 4 жыл, республикалық Қазақ радиосында меншікті тілші болып 20 жыл, дүниежүзілік «Азаттық» радиосында Қазақстанның батыс аймағындағы меншікті тілшісі болып 11 жыл, барлығы 35 жыл бойы Радио тілшісі болып еңбек еткен екенмін. Осы жылдарда облысымның өркендеп өсуіне, эканомикасының нығая түсуіне бір адамдай үлес қоса жүріп, 2001 жылы облыста алғашқылардың бірі болып Президенттің «Алғыс хатына» ие болсам, 2002 жылы Президенттің «Алтын Елтаңба» төсбелгісімен марапатталғанымды мақтанышпен айтамын.  Алла нәсіп етсе қара шаңырақ Қазақ Радиосының 100 жылдық ғасыр тойына шақырылып, бұрынғы, қазіргі еңбектестеріммен жүздесіп, үлкен тойды тойласақ деп отырмын.                                  

                                                                          Кәрім Бақриденов


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here