Фарихан Атханова- Қазақ радиосының режиссеры
Мағыналы жылдар
Бір жай еске түседі. Ертеректе осы радиода менің тәтем, яғни нағашым, Қазақстанның халық әртісі Серғали Әбжановтың жұбайы Қатира Әзімбаева диктор болып қызмет ететін. Ол кезде мен кішкентаймын. Бізің Матай станциясының көшесінде үлкен бір қара радио болатын. Қатира тәтем радиодан сөйлегенде, «Шіркін, мен де радиода істесем ғой» деп армандаушы едім. Құдайға шүкір, сол асыл арманым орындалғанына дән ризамын. Мен Алматыға келіп, Қазақтың мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы Академиялық драма театрының жанынан құрылған екі жылдық студияны бітірген соң 1970 жылы Қазақ радиосына жұмысқа орналастым. Біртіндеп режиссерлық жұмысты қолға алдым. Көп жыл бойы Қазақ радиосының Музыка Бас редакциясының редакциясының режиссеры болдым. Көмекшім, марқұм Гүлбақыт Қайсенова екеуміз көптеген музыкалық-танымдық хабарлар жасадық. Арасында тікелей эфирде, «Жастар және балалар редакциясында» режиссерлық еттім.
Бір қызығы, телеарнада сөйлеп отырған адамның түрін көріп отырады ғой, радиодағы адамдарды көру арман. Бірде «Сәлеметсіз бе, замандас» хабарына деп хат келді. Онда хат иесі біздің суретімізді салып жіберуімізді өтініпті. Бас редактор Қасымхан Ерсарин, редакторлар Иманбай Жұбаев, Әлімжан Исабаев, Кенжебай Жармұхамбетов, режиссер Әбдіхалық Досмағамбетов және оператор Тоқтихан Тайырованың және менің суретімді әдейі фотоательеге түсіп, хатпен сол кісіге салып жібердік. Ұзамай тыңдаушы қызымыздан рахмет айтқан хат келді. Онда «Мен сіздердің суреттеріңізді бойтұмардай сақтап, көңілім жабырқаған кезде сіздерге қарап, өзімді-өзім жұбатамын» делінген екен. Сондай да қызық болған. Қазір алтын қорда сақталған ондаған хабарларымыз бар. Біз үлкеннен үйренсек, кішіге білгенімізді үйретіп, бір үйдің баласындай қоян-қолтық жұмыс істедік. Аға буын Таңат Доспаев, Көкенай Камалиев, Құмарбек Сыдықов, Тоқтарбек Қамшыбай, Бибінұр Қайрақбаева, Қымбат Сағынова, Шәмсия Тайырова сынды аға, апаларымыздан ғибрат алдық, ол кісілердің шарапатын көрдік.
Базаркүл Балмағамбетова, Ақбол Үдербаева сынды замандастарымызбен тәжірибе алмасып, бірігіп жұмыс жасадық.
Ал 2006-2008 жылдар аралығында алтын қорды басқардым. Өміріміз, еткен ісіміз мағыналы да маңызды болғанына шүкіршілік етемін.
Отбасында жолдасым Марат екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Бүгінде шөберенің алақанынан май жаладық. Бәріне тәубе деймін.

Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here