Зейнел-Ғаби Иманбаев

АҢШЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Жасынан аң қуған мылтықшы ағайым Жылқыбай бізге мынандай бір қызық әңгіме айтып берді. Ағай мұндай кеңес айтарда жып-жылтыр төбесін сипап қоятын, күлімсірейтін. Бұл жолы да сонысын істеді. Жаңадан қойған сары мұрты сонша әсем болса да, тосын көрген бізге ерсілеу сияқты еді. Біз құлақ түріп ентелей түстік. Ол сөз бастады.

  • Аңшы аяққа шаңғы іліп, таң атпай кетеді де, қалың орманды, сай-саланы қуалап, ауылға қараңғы түскесін бір-ақ оралады. Түлкі мен қасқыр қайда, қоян мен еліктер не тіршілік етіп жүр, құр мен кекілік бар ма, жоқ па бұл өңірде, міне, осының барлығын да зерттей жүресің. Қардағы іздерді айырасың, осы өңірде түнде қандай аң жүрді, олар немен айналысады, қар бетіндегі кітапта бәрі жазулы болады. Тек тани біл, айыра біл оларды. Бәрінен қоян мен ақтаңдақ елікке іштарта қарайсың. Себебі бұлар шырпы мен шөптен басқаға зияны жоқ, сужүрек, момын аңдар ғой. Оларға қайтсе де өз жауынан қорғану керек. Бір жыртқыштың аузына түсіп кетпей, жарық дүниеге өмір сүру үшін бар өнерін жұмсайды. Олар талтүсте  ешқайсысына алдырмайды. Суықта қардың астына кіріп түнеп жатқанда түлкі мен басқа бір аңның аузына қапылыста түседі.

Бірде ертемен аңға шығып, Есілдің кең алқасын өрлеп салт келе жаттым. Күн сонар еді. Сайға түсе беріп, ойнақтап тұрған  сұр атым құлағын  қайшылап, алдыңғы жаққа үрке қарады. Дала әлі қаракөлеңке болатын. Кең әлем жаңа көгеріп келе жатқан. Атты тебіне түсіп ұмтылсам, атым алға басар емес. Сайда әлдеқандай аң тұрып-жығылып жүр екен. Жақындап барып анықтап  қарасам, ақ қоянның алқымына жабысып алған сары күзенді көрдім.

Күзен қоян бейшараның күре тамырын қиып, жығуға айналдырыпты. Күзенді ұрып алуға ат жоламайды. Иттерді қосуға болмайды. Өте шақар жыртқыш итті тістеп, бетін  қайтаруы мүмкін. Сөйткенше қоян жығылды, қозғалуға дәрмені жоқ.  Көздері қанталаған күзен үстіне шығып алып, артқы аяқтарымен тік тұрып, маған шақ-шақ етеді. Үні  тым қорқынышты еді. Менің ызам қайнап кетті де, мылтығымды ала салып басып салдым. Жауыз күзен шалқасынан түсті. Бұл асығыстығымнан қоянды адал бауыздап алдым. Оның есесіне қымбат бағалы күзен терісін оқ тесіп, бүлдіріп кетіпті.

  • Аға, күзен өзінен үлкен қоянды қалай өлтіреді? – деп кішкене Сапия таңырқай сұрады. Жылқыбай күлді де:
  • Ол кішкене болса да қанқұмар жауыз ғой. Күзен осылай қасқырды да өлтіреді дегенді естідім, өзім көргем жоқ. Қасқыр қалай, қоян қалай, шамалап көрші… Бірақ қоян қорқақ болғанмен ақымақ емес. Ол да қулық ойлайды, өз жауының аузына оңайлықпен түспеуге тырысып бағады.

Биыл қыс басында алғашқы ұлпа қар жауған күні қырдағы орманға шаңғымен шықтым. Күн жылы, бұлтты болатын. Таң атқаннан күн батқанға дейін бір қара құр мен екі шіл атып алдым. Басқа аң кездеспеді. Мұндайда адам тез шаршағыш келетіні қандай…  Аспанмен таласқан ақ қайыңның арасынан ілбіп жүріп келем. Орман арасы тыныш.  Әр жерден қызыл тоқылдақтар кездесіп қалады. Олар молтақ ағашқа құйрығымен жабысып алып, біздей тұмсығымен дамылсыз шұқылайды.

Уақыт кешке айналса керек, ағаш арасы күңгірт тартты. Ақ қардың бетінен жаңа жүріп өткен қоян ізі кездесе кетті. Өзі менің жөніме қарай кетіпті. Соңына түсе қалдым. Көп ұзамай  шағын алаңшаға шықтым. Көршісіне сүйене құлаған қайыңның жанына келгенімде із жоқ болып кетті. Айнала қараймын,  жоқ. Тығылып  қалды дерлік қар да қалың емес, мен не көріп тұрмын, әлгі ізім қайда? –  деймін таңырқап. Дал болып біраз тұрдым да жоғары қарасам, құлаған ағаш сүйенген жуан қайыңның басында үлкен ұя бар екен. Жоғалтқан қояным соның ішінде отыр. Құлағын қайшылап алған. «Жаным-ау, бұл қалай шықты?» – деп таң-тамаша болам.

– Бәрекелді, бадырағым, сен менің даяр олжам болдың, – деп күлдім. Мен  мылтығымды ыңғайлағанша  құлаған ағаштың бойымен қоян жүгіре  жерге түсті де, орман арасына жоқ болды. Бадырақтың мұндай айлакерлігін кім білген, шындығымды айтсам, қоянды атып алмағаныма онша өкінгем жоқ. Осындай ақылды қоянның барлығына қуандым.

 


Notice: compact(): Undefined variable: limits in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

Notice: compact(): Undefined variable: groupby in /var/www/vhosts/blog.madeniportal.kz/httpdocs/wp-includes/class-wp-comment-query.php on line 853

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here